• Ата-ана бұрышы
  • 23 Наурыз, 2022

«Маған ата-анам ұнамайды». Не істеу керек?

«Маған ата-анам ұнамайды» деген сөз – қазақ отбасында табу секілді. Өйткені қазақы менталитетте ата-ананы құрметтеу, сыйлау, парызын өтеу, қарыздар болу деген түсінік басым. 11-сынып оқушысы киімі шаң-шаң болып, мейрамханада есіктің алдын сыпырушы болып істейтін әкесінен ұялатынын айтты. «Папамның түрі жаман, бізбен бірге тойға бармай-ақ қойсыншы», – деп қабағын тыржитты. «Мама, сен барлық жағынан әдемісің, тек дауысың «кемпірлерский» дейді қызым. Шынымен менің дауысым сондай ма?» – дейді құрбымыз.  

Үстін май басқан шетелдік азамат жанталасып жаттығу жасап, арықтауға бар күшін салып жатыр. Оның арықтауына себеп болған нәрсе денсаулығы емес, баласының көзқарасы екен. «Семіздігім үшін балам менімен араласпай кетті», – дейді. Бірақ соған ренжімей-ақ, жаттығуын жасап жүр. Арықтап, жіптіктей болған соң баласымен кездесіп, бақытқа кенелген видеосын көріп, ойға қалдық. Ата-анасы қандай болса да, баласы оны қабылдау керек деп ойлаймыз. Әрине, әке-шеше-баланың арасында шексіз махаббат, шартсыз түсіністік болуы тиіс. Оған еш шәк келтірмейміз. Бірақ уақытша болатын түсініспеушілік жүрекке жара салатын жағдайларға дейін жетіп жатады. «Ата-анам мені түсінбейді», «олар мені жақсы көрмейді» деп ойлайды бала. «Балам мені жақтырмайды, мен оны бақтым-қақтым. Неге?» деп қиналады ата-ана. Мұндай мәселенің бар екені рас қой? Ендеше, бұл қиындықты қалай шешуге болады? Әрине, мамандардың көмегіне жүгінеміз.

«...Бізге шын мәнінде күйзеліп, емшілерге барып, барлық тәсілді қолданғаннан кейін ғана  келеді. Былайша айтқанда, «аурудың асқынған» кезіне жеткенде келеді», – дейді балалар мен жасөспірімдер психологы Гүлжан Амангелдинова.

– Баласы ата-анасын ұнатпай жүргенін қалай білуге болады?

– Адамды өмір бақи жақсы көру мүмкін емес. Сондықтан баланың ата-анасын ұнатпауы заңды. Неге? Мысалы, кішкентай нәресте қажеттілігіне қол жеткізе алмаған кезде анасына ашуланып жылайды. Үш жастағы баланың өзі «мен өзім, тиіспе» деп ашуланады. Бұл жағдайда ата-анасын ұнатпауы мүмкін. Мектепке барған кезде «жақсы оқы» деп ұрсады. Бұл да балаға ұнамайды. Ал жасөспірім шақта «мен кіммін» деген сұраққа жауап іздеген кезінде ішкі күйзелістерін ата-ана түсінбей жатса, оларды жек көруі мүмкін. Көрдіңіз бе, жеккөрушілік қайдан туындайды? Мұның барлығы заңдылық. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар «балам мені жақсы көрмейді екен» деп күйзеліске түсіп, «мен саған өмірімді арнадым, сені бақтым» деп баланың бойында «өзін кінәлау» сезімін тудырады, «ұят» сезімін баланың ішкі жан дүниесіне қондыра бастайды. Бұл – баланың өсе келе әр нәрсеге өзін кінәлі санап, біреумен сөйлесейін десе ұялып, өзін төмен санауына алып келеді. «Біреуден бір нәрсе сұрасам, ұят», «өз-өзімді көрсете алмаймын, өйткені ұят» деген сияқты кінәлі сезімдер маза бермейді. «Ана кісі былай қарады, соған қарағанда дұрыс сөйлемедім-ау» деген ой тұрады басында. Біреу ауырып қалса да, біреу жұмысқа тұрмай қалса да өзінің қатысы бар сияқты кінәлі сезіне бастайды. Осындай кезде адамдар ата-анасына өкпесін айтады. Оны дұрыс түсінген жөн. Әрине, ашуы басылған бала ата-анасын қайтадан жақсы көре бастайды. Жек көру, ашу, өкпе, ыза – қас қағым сәтте пайда болатын сезімдер. Әрбір баланың «істегім келмейді, мен сені жақсы көрмеймін» деуі, балалармен төбелесуі, ата-анасына ауыр сөз айтуы, айтқан нәрсені бірден істемеуі ата-анаға байланысты. Өйткені бала көзін ашып көргені де, есін жиып, танығаны да – ата-анасы. Уақыттың көбін ата-анасымен өткізеді, бірге тұрады. Әрине, баланың танымы ата-анасы арқылы қалыптасады. Сондықтан «мен ешкімге керек емеспін» деген ой жасөспірімдердің басына келмес үшін ата-анасы әрдайым мұқият болу керек.

– Бала мен ата-ана арасындағы түсініспеу-шілікке қалай тоқтам салуға болады? Әлде бұл уақыт өте келе өздігінен бір арнаға түсетін процесс пе?

– Психолог ретінде айтарым, әрбір ата-ана өзін тәрибелеу және жан дүниесіндегі құбылыстарды түсінуі керек. Бала ата-ананың болмай қалған немесе іске аспаған қиыншылықтарын көрсетіп тұратын айна іспетті. Ата-ана қандай болса, баласына сондай тәрбие береді. Ішкі жан дүниесіндегі өзгерісін баласына енгізетін де – ата-ана. Адамдар үйленбес бұрын, ішкі жан дүниесін реттеп, өзін дамытып, өмірге деген құштарлығын ашып, ашу-ызасын түсінген жөн. Өкінішке қарай, ата-аналар балалы болуға дайын болмай жатып үйлене салады. Соның салдарынан «баламды түзеп беріңіздерші» деп ертіп келеді. Біз оған көмектескенімізбен, отбасындағы жүйе түзелмесе, бала бұрынғы қалпына қайта түседі. Біз баланың ата-анасына деген ашуын, ішкі сезімдерін түсіну, әке-шешесін қабылдау арқылы азайтуға тырысамыз. Егер ата-анасы «сен топассың, қолыңнан түк келмейді» деп жатса, біз оған «сені жақсы болсын деп жатқаны ғой» деу арқылы, баланың әлсіз немесе күшті жақтары арқылы көмек беруге тырысамыз. Бірақ ол үйіне қайтып барған кезде әке-шешесінен: «Сені психологқа апардық, қанша ақша төледік, сенен түк шықпайды екен, топас екенсің», – деген сөз еститін болса, еңбектің бәрі далаға кетті деген сөз. 

–  Сізге көбіне қандай балалар келеді?

–  Жалпы бүгін ұрсысып, ертеңіне күліп-ойнайтын адамдар біздің көмегімізге жүгінбейді. Бізге жаны күйзеліп, ауырған, әке-шешесіне деген өкпесі қара қазандай болған жандар ғана келеді. Әсіресе агрессиясы басым, ата-анасына сөз қайтарып, боқтайтын бала көп. Біз оларға өзара диалог құрып, тең дәрежеде сөйлесіп, баланың наразылығын, өкінішін ашық айтуға үйрету арқылы отбасындағы қарым-қатынасты түзеуге көмектесеміз. Бірақ кейде бала жұмыс істеуге дайын тұрғанымен, ата-анасы дайын емес болып шығады. Ондай кезде процесс ұзақ болуы мүмкін, кейде нәтиже шықпайды. «Бала түсінбейді, әлі кішкентай, ол ерке» деген ойды тыйып, әркім баласымен тең дәрежеде сөйлессе, қиындықтарға тап болмас едік. Ол шынайы-лықты, жалғанды тез ажырататын қабілетке ие. Балада қандай да бір сұрақ туды ма, оны талқылап, отырып сөйлесу керек. «Баламның темекі тартқанын көріп қойдым, әкесіне айтсам, жанын шығарады» демей-ақ, не үшін темекі шегетінінің астарына үңілген жөн. Жеке басында күйзеліс болып жатқандықтан, бала темекі шегу арқылы рақат, тыныштық іздеп жатқан шығар бәлкім. 

–  Ата-анасын жек көріп қалған бала не істеу керек? 

–  Әрине, бұл жерде жауапкершілік ата-ана-сында. Баласын кінәлап, айғай-шу шығармас бұрын, оның ішінде не болып жатқанын жасқанбай айтуына мүмкіндік берген дұрыс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі негізгі әдісі осы. Ал жасөспірім шағында «мені психологқа апарыңыздар», «достарыммен кездестіріңіздер», «аға-көкелеріммен сөйлескім келеді» деген сұраныстарын ескерген абзал. Алайда қанша әдіс-амал тапсақ та, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасқа тоқталамыз. 

–  Кейбір балалар ата-анасының сыртқы келбетін сынап, жақтырмай жатады. Бұл кезде қандай амалдар қолданғаны жөн?

– Егер бала кішкентай кезінен ата-анасы сынау арқылы сезімдерін білдіретін болса, отбасы жүйесінде қай жерде қателік кеткенін қарау керек. Мүмкін, әкесі шешесін, шешесі өз-өзін сынайтын шығар. Бәлкім «мен толып кеттім», «қартайып кеттім» деген сөздер айтатын шығар. Немесе әке-шешесі отырып алып басқа біреулерді сынайтын болса, бала өзіне сабақ алады. «Онда мен де басқаларды сынап, жамандай аламын» деп ойлайды. Әрбір кейстің түп-тамырына үңілуге болады. Баланың ата-анасы психологиялық түрде сауатты болса, дені-жаны сау болса, онда мұндай ата-аналар сау баланы тәрбиелейді. Ондай балалар «мама, мына көйлегің ұнамай тұр. Бұдан да әдемі қылатын киіміңді киші» деу арқылы не істеу керек екенін бірге ойласатын болады. 

–  Сұқбатыңызға рақмет!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2022

1197 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы