• Спорт жұлдыздары
  • 20 Наурыз, 2022

Үздіктер тұғырының елесін ғана көрдік

Асыға күткен ақ олимпиада да аяқталды. Шыны керек, Бейжіңдегі нәтиженің дәл осылай болатыны әу баста белгілі болған еді. Десек те әлем кубоктары мен халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетіп жүрген шорт-трек пен фристайл-могул спортшыларынан үміт күттік. Коньки жарысынан да жүлдеден дәмеміз болды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы Қытайдан құралақан оралды. Ақшасы мол, нәтижесі нөл болған олимпиаданы қорытындылауды жөн көрдік.

Қытайға аттанған 34 спортшымыздың бірде-біреуі үздіктер қатарынан көріне алмады. Біраз спортшыларымыз «бастысы жеңіс емес, қатысу» қағидасын ұстанып барғандай көрінсе, кейбірі жеңіске жету үшін бар күш-жігерін, шеберлігін көрсетті. Тау шаңғысынан өткен слалом сайысында Захар Кучин бірден жарыс жолынан шығып қалды. Биатлоннан ерлер бәсекесінде бақ сынаған Александр Мухин тіпті сүреңсіз өнер көрсетті. 12,5 шақырымдық қашықтықта жүгірген ол 58 спортшының тек біреуінен ғана озып, 57-орынға жайғасты. Конькишілер сайысында өнер көрсеткен Екатерина Айдова төртінші олимпиадасында топ жармаса да үздік үштікке енсе деген үмітіміз бар еді. Жоқ дегенде, үздіктер қатарынан көрініп, жүлдегерлер сапында болатын шығар деп үміттендік. Өкінішке қарай, Ванкувер, Сочи және Пхенчханнан құралақан оралған отандасымыз сол олқылықтың орнын толтыра алмады.

Сондай-ақ қатарынан төртінші олимпиадасына қатысқан конькиші Денис Кузин де ел сенімін ақтай алмады. Әлем чемпионаттарында топ жарған санаулы спортшының бірі саналатын Денис бұл байрақты бәсекеге ерекше дайындалған болатын. Бұл 33 жастағы спортшымыздың олимпиадада атой салатын соңғы мүмкіндігі еді. Алайда отандасымызға бұл жолы да сәттілік серік болмады. 1000 метрде сынға түскен Денис мәре сызығын небәрі 23-орынмен кесіп, 1:10.077 уақыт көрсетті. Олимпиада чемпионы атанған нидерландық Томас Крол 1000 метрге жарыста 1:07.92 уақытта жетті. Бір қызығы, Денис былтыр ғана ел біріншілігінде осы қашықтықта 1.07,65 нәтижесімен Қазақстан рекордын орнатқан. 

Пхенчхан олимпиадасында жүлдесіз қалудан құтқарған Юлия Галышеваны Қытайда да сол жетістігін қайталайды деп күттік. Тіпті, олимпиада алдында әр спорт түрінен жүлдеге болжам жасайтын америкалық Gracenote cараптама орталығы «Юлия Галышева могулдан Пекин ойындарында күміс алады» деп болжаған еді. Бірақ олимпиада басталғанда орталық сарапшылары болжамдарын қайта өзгертіп, Галышеваны жүлдеге ілінетіндер қатарынан алып тастады. Расында соңғы жарыстарда бірде-бір рет жүлдегерлер қатарынан көрінбеген отандасымыз үшін Бейжіңдегі бәсеке сәтсіз болды. Жарыстың алғашқы іріктеу кезеңінен сәтті өткенімен, екінші финалдың соңғы секірісінде қателікке бой алдырып, 11-орынмен жүлдеден қағылды.

Қазақстандық шорт-трекшілердің олимпиададағы ерліктерін ерекше атап өтуге болады. Олар олимпиададағы өздерінің ең ірі табысына қол жеткізді. Бұған дейін бұл спорт түрін серік еткен отандастарымыздың ешбірі аталған додада үздік төрттікке енген емес. Сондықтан да жеңіске жету үшін жанын салып айқасқан Абзал Әжіғалиевке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бәсекелер аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп, қазақ халқын қуанту үшін барын салғанын, өкініштен өзегі өртенетінін жасырмады. Жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінген отандасымызды қолдау үшін президенттің өзі жеделхат жолдап, жігерлендірді. Үшінші олимпиадасында сәтсіздікке ұшыраған Абзал қысқы спорттағы былықтың бетін ашып,  жүлдесіз қалуының  бірнеше себептерін атады.

– 2018 жылғы олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығымда ақау болды. Осы уақытта құрамадан шеттетілдім, өз қаражатыма емделдім. Бізде жарақат алсаң, ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта, біздің спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың. Келесі олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін жарты жыл қалғанда емес, қазірден бастап қимылдау керек. Одан бөлек, шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін мұз айдынның тапшылығы жанымызға батады. Жаттығуымызға сай келетін жалғыз «Алау» мұз айдынының өзі жекеменшік. Онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік жоқ. Бізге күніне екі уақыт, екі сағаттан жаттығу керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан, барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ.», – дейді Абзал.

Қыруар қаржы қауқарсыздықтан құтқармады

Ұлттық олимпиялық комитеттің бас хатшысы Андрей Крюков Ақ олимпиадаға даярлануға әр спорт түріне қанша көлемде қаржы бөлінгенін жариялады. Биатлонға – 384 миллион, тау шаңғысына – 100 миллион, коньки спортына – 400 миллион, шаңғыға  363 миллион бөлінсе, керлингке – 200 миллион, шаңғымен трамплиннен секіруге – 198 миллион, сноубордқа – 14 миллион, мәнерлеп сырғанауға – 143 миллион, фристайл-могулға – 562 миллион, фристайл-акробатикаға – 319 миллион, шайбалы хоккейге – 259 миллион және шорт-трекке 392 миллион теңге жұмсалған. Ал тікелей олимпиада ойындарына қатысу үшін 284 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалған екен.   

Әрине, бұл аз ақша емес, спортшылардың алаңсыз даярланып, олардың барлық қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті мөлшердегі қаржы. Сөйте тұра, «спортшылардың нәтижесі неге төмен?» деген сұрақтың жауабын ешкім бермеді. Норвегия табысы Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болып жатыр. Демек, қазақ балаларын аяғын апыл-тапыл басқаннан қысқы спорт үйірмелеріне тартып, қызығушылығын ояту керек. Ол үшін ет жүрегі елім деп соғатын бапкерлердің санын арттырып, олардың білімін жетілдіру қажет. Балалар спортын басты назарға алып, спорттық үйірмелерді тегін қылу керек. Абзал сияқты әлем мықтыларымен үзеңгі қағыстырып жүрген спортшыларымыздың жетістігі кең көлемде насихатталуы тиіс. Таланттарды жастайынан баптап,  балалар мен жасөспірімдер спортын жүйелі түрде дамытқанда ғана көсегеміз көгереді.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2022

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы