• Бүгінгі проза
  • 21 Наурыз, 2022

Гүлден ЖЫЛКЕЛДИЕВА. «Үміт жолында» (әңгіме)

Гүлден Жылкелдиеваның «Үміт жолындағы» әңгімесі «Жусан иісі» әдеби байқауында арнайы жүлде алған. «Үміт жолында» автордың алғашқы туындысы деуге болады. Бақытсыз балалық шақ, мылқау әйел мен мылқау баланың тағдыры... «Ақ желкеннің» оқырманы үшін таңсық тақырыптар емес. Гүлденге шығармашылық табыс тілейміз.

Таныстық

Терезеге телміріп ойға батып кетсем керек, сырғымалы есіктің шырт етіп ашылғанынан селт ете қалдым. Ішке бала жетектеген келіншек кірді. Жасы отыз бен отыз бестердің арасы сияқты деп топшылаған болдым. Жаздың ортасы болса да, дала салқындау еді. Сондықтан ашқан тереземді қайта итере жаптым да, орындарына жайғасып жүрген екеуіне еріксіз көзім түсті. Әйел баласы осынша сұлу болар ма? Негізі, адамның сұлулығы жанарында дегенді көп естуші едім. Соған көзім жетіп тұрғаны дәл қазір шығар. Аппақ келбет, шашы жаңа үлгіде қиылған,  көздері қабақ астына шұңқыр жасап, соған жиналған көлдей болып орналасқан қап-қара, дөп-дөңгелек мөлдіреп тұр.  Мұрны қыр мұрын болмаса да, кішігірім денесіне әдемі үйлеседі. Табиғи сұлулық. Оның жанында мен кірпік жалғап, қасымды бояп, ернімді жасанды ісіртіп алғанмын. Сонда да әдемі болып тұрғаным шамалы сияқты. «Мен, әйел баласы бола тұра осылай таңғалсам, ер адамдар қайтер екен?» деп қоямын ішімнен. Орта бойлы, нәзік, тал бойында бір мін жоқ деп осындайларды айтса керек.

Кім мылқау?

О, тоба, кіргендеріне жарты сағаттан асты. Неге бір үн шықпайды? Бала болып жылап, ана болып сөйлеп, еркелетіп, өзара шүйіркелеспеуші ме еді? Бір кезде, қолдарын шошайтып, саусақтарын қимылдатып мылқаулар тілінде сөйлесіп жатқанын көрдім. Кім мылқау? Анасы ма, баласы ма? Анасы баласына қарап:

– Мәскеуге барамыз. Ол жерден ағаң бізді күтіп алады. Сені мықты дәрігерлерге көрсетеміз, – деп айтты. Иә, маған түсінікті тіл. Жоғары оқу орнында дефектология бөлімінде оқып жүрген кезімде ІІ курстан бастап таңдау бойынша сурдоаудармашылықты да үйреткен. Кейіннен 6 ай Алматыдағы есту қабілеті мен сөйлеу қабілеті жоқ балаларға арналған мектеп-интернатында арнайы машықтан да өтіп, біраз үйренгеніміз бар. Сондықтан мылқаулар тілін түсіне аламын. Анасы тым тез көрсетті, қолдары да беттегі эмоциясы да тым жылдам қозғалды, соған қарағанда, екеуі де сөйлей алмайтын сияқты. Ары қарай тыныш отыра алмасымды біліп, солардың тілінше кіші саусағымды көрсетіп, бас бармағымды сәл бүгіп:

 – Балаңыз сүйкімді екен! – дедім.  Бетіме тесіле қараған келіншек қатты таңданысын жасыра алмады. Бірақ үндемеді.

Қайта кішкентай бала рақметін айтып, «сіздің бізді түсінетініңіз керемет» деп түсіндіріп жатыр. Шынашақтай бүлдіршін үшін біздің қоғам қаншалықты қиын болып жүргенін осы бір ауыз сөзінен-ақ аңғаруға болады. Жасы бесте екенін де айтып өтті. Есімі де ерекше екен – Егемен.

Талай үнсіздерді көрдім. Бірақ жол бойы сапарлас болатын аналы-балалы екі жанның мына күйі жаныма қатты батты. Аяп кеткенімді қалай да білдірмей, эмоциямды тізгіндеп ұстай алуым керек. Сонда ғана олар өздерін жайлы сезіне алады. Шай ішуді ұсындым. Екі-үш минуттың ішінде үнсіздер купесіне басқаша күй орнап, үшеуміз көңілді болып шыға келдік.

Нұрдария

– Есімім – Нұрдария. Қара кемпірдің қолында өскен құлағы тас керең, тілі жоқ, бірақ оқыған, отыздың бесеуіне жеткен кәрі қызбын десем де болады. Солай болып қалатын да шығар, – деді. Мен оның сөзін еш бөлгім келмеді. Байқағаным, Нұрдарияның іші әбден толып қалған. Алдынан өзін дәл өзіндей ұғынысатын адам да күнде кезікпейді ғой.

– Ата-анамнан ерте айырылып, апамның тәрбиесінде болдым. Әке-шешемді сағынып, қайғырып жыламаппын да. Өйткені олар көлік апатынан қайтыс болып, мәңгілікке кеткен кезде небәрі екі жаста болыппын. Сол үшін апам мен үшін бүкіл әлем болды. Біз ұзақ әңгімеге кіріскен кезде Егемен телефон көріп жатып ұйықтап кеткен болатын.

– Біздің бағымыз ба, сорымыз ба, өте беделді, бай әулеттің көршісі болдық. Сәрсенбай ағалар ғой. Ол шаңырақтан қонақ үзілмейтін. Мал жиі сойылып, қазан көп көтерілетін. Сондықтан апама да жұмыс табылатын. Ханымша тәте үлгере алмағандықтан, ылғи шақырып алатын. Біз қуана-қуана барушы едік. Бес бөлмелі үйде кемпір мен мылқау қыз болып көңілсіз күнелткенше, мол дастарқаннан дәм татып, елмен бірге отырғанға не жетсін? Мені қойшы, сөйлемеймін, естімеймін. Апама обал ғой. Кейде апам да мен сияқты болып қалмаса екен деп қорқатынмын. Балалық қой!

Ол үйдің ұлдардан кейінгі кенжесі Сәуле екеуміздің балалық шағымыз бірге өтті. Онымен ойнап жүргенде өзімнің мына күйімді ұмытып кететінмін. Дәл сіздей барлық сөзімді, ойымды түсініп тұратын. Ол кезде әлі мектеп-интернатқа оқуға бармаған кезім, өзіндік тіл жасап алғанбыз. Мен ешқашан оқымайтын шығармын деп ойлайтынмын. Мылқауға оқу не керек? Ешқашан сөйлеп кетпейтінімді бала болсам да сезетінмін. Бір күні Сәрсенбай аға үйге ашулы келді. Әдеттегідей Сәулені мектептен күтіп алып, соның бөлмесінде отырғанбыз. Ағаның даусы шықты ма, құрбым атып тұрып, ас үй жаққа беттеді. Артынан бардым.

– Қызым, жиналысыңда болдым. Мұғалімің саған риза емес. Сен не, сөйлей алмайсың ба? Ей, біз бір орысы жоқ ауылда тұрады емеспіз бе? Оқығанын жеткізе алмау деген не? Ешқашан менің жүзімді жерге қаратушы болма! – деп даусын көтере айқайлады. Ол кісі – иықты, бойшаң, ашуланғанда бүкіл ауыл адамдары аяғынан тік тұратындай мінездің иесі. Ары қарай бұрылып, терезе алдында тұрған гүлдердің шіріген жапырағын тазалап,  біраз нәрселер айтты. Бірақ мен ол жағын білмеймін. Сөйлеген адамды ұғуым үшін ерніне көз алмай қарап тұруым керек. Тек солай әр әріпті ажыратамын. Бір кезде, кілт тоқтап маған қарап: «Барлығы – сенің кесірің!» – демесі бар ма? Түсінікті. Мылқаумен ойнауға болмайды, ол жұғуы мүмкін екен. Дәл сол күні өмірді сүргім келмей кетті. Он жастағы қыз үшін тым ерте есейгенім ғой. Сол күннен кейін Сәуле екеуміз жатқа айналдық. Апам да ренжігенін білдіріп, ол үйге қарай аяқ баспайтын болды. Басында қиын болғанымен, оған да үйренісіп кеттік.

Бәле мылқау

Айтқанынан қайтпайтын қара кемпірім, апам ғой, ақыры мені Алматы қаласындағы есту қабілеті мен сөйлеу қабілеті жоқ балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырды. Дәл өзім сияқты балалар арасына топ ете қаламын, әлдеқайда оңай болады деген ойларым біраз үйлеспей қалды. Құлағы тас керең, тілі жоқ, сонымен қатар ақылында да ақаулық бар балалар біраз мазамды алды. Қош. Шыдадық оған да. Бізде басқа амал  бар ма? Дәл сол мектептен өзімнің бәле мылқау екенімді біліп шықтым. Дыбыстардың барлығын қолға салып, дұрыс сөйлеуді үйрендім. Оған дейін менің тілім өтірік тіл болып жүрген екен. Апам екеуміздің ойлап тапқанымыз ғой. Оған қоса қазақ және орыс тілдерінде сөйлеп тұрған адамды ерніне қарап түсіне аламын. Ал ол көп мылқауға беріле бермейтін күш екен. Сонымен қатар, дәл сау адамдай жаза және іштей оқи аламын. Ал қатарластарым сөйлесудің тек бір түрімен шектелетін. Сондықтан болар, мені көру үшін шет елден біраз ғалымдар келді. Оларды қызықтырғаны: барлық саусақпен сөйлесетіндерді осындай дәрежеде үйрете аламыз ба, жоқ па? Бұл қыз қалай үйренді? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеп келген оқымыстылар біраз ой түйіп кеткен сияқты. Бірақ «Бәле мылқау» деген лақап атым елге тарап, ауылға аңыз болып жеткен еді. Құлағым естімегендіктен, өз атымның қандай үнмен шығатынын білмесем де, біреу атыммен атаса, ерніне қарап-ақ ұғар едім. Мені сондай қарапайым дүниелер бақытты ете салады. Нұрдария! Нұрдария!

Ауылға оралу

– Сіз білетін шығарсыз иә?

– Нені?

– Ол кезде елімізде мылқауларды оқытатын мектеп-интернатты бітірген соң, ары қарай оқытатын жоғары оқу орны жоқ болатын. Яғни ол жағы қарастырылмаған-ды. Мылқауларға орта білім де жетеді деген болар. Кім білсін?

– Иә, бірақ соңғы жылдары жоғары болмаса да арнайы кәсіптік білім беретін оқу орындары ашылып жатыр дегенді естігенім бар.

– Е, жақсы болған екен. Біздің уақытта болмады. Сол үшін мектеп аяқталған соң, мен елге оралдым. Әрине, шет елге шығуға болар еді. Ұстаздарым да көмек қолын созуға даяр болды. Бірақ шалғайда қалған апатайымды кімге қалдырамын? Соңғы кезде аяқтан қалып әрең жүргенін көргенмін. Сондықтан ауылға оралдым.

Жақсы болсаң  – Сәулемсің!
Жаман болсаң – әуремсің!

Барлығы қаз қалпында екен. Бұған дейін де ай сайын келіп жүрдім ғой. Тек соңғы алты ай келмегенмін. Осы жолы көрші үйге сәлем беріп кіргенде, Ханымша тәтейдің жылап отырғанын көрдім. Дыбыссыз кіргеннен кейін бе, тәтей байқамай да қалды. Бірақ мені көріп, құшақтай сала одан да қатты тоқтамай жылады. Зарлана жылағаны соншалық, жанының қиналып кеткені байқалып тұр. Сеземін... Қыздың дерті сияқты. Үйде Сәулені әкесі қатал ұстап, Алматыға оқуға қоя бергенде өз басын алып жүре алмаған құрбым ауылдағы анасына бас қайғы болғанына үш-төрт жылдың жүзі болды.

Оқуға бармау, қарызға кіріп кету, ұрлық жасау сияқты мәселелер Сәуле үшін күн тәртібіне айналған. Малдың күшімен бір бөлмелі пәтер де алып берген ата-анасының қадірін ол түсінбей-ақ өтетін шығар. Сол былықтарының бірін де Сәрсенбай аға білмейді. Білсе, барлығын асады екен. Ханымша тәте осының бәрін ашынып жылап отырып айтып берді. Неге солай екен? Бала деген әке мен шешеге ортақ емес пе? Онда оның былығы да, тәрбиесі де, қылығы да ортақ болмай ма? Әйтеуір бізде солай. Қыз жаман болса, шешесі ғана кінәлі, дұрыс тәрбиелемеген болып шыға келеді.

– Иә, дұрыс айтасыз. Дәл солай. Қоғамда бар мәселе. Сәрсенбай аға тұрмақ, менің жап-жас әкем де солай ойлайды.

– Сонда ата-анаң қай жылғы?

– 1970 және 1971 жылғылар.

– Ммм, жас екен.

Ол кезде Сәуленің әкесі сексеннің сеңгіріне келсе де, әлі тың еді. Ауылдың жартысы сол кісінің  жеке шаруа қожалығында жұмыс жасайтын. Ханымша тәтенің қорқатыны да бар. Ашуы жаман екенін ауладағы итке дейін білетін. Іштей тынған Ханымша ай-күннің аманында азып, ішқұса болып жүргенде мен келсем керек. Енді күндегі әңгімеміз Сәуленің бүлдірген істері болды. Сонда бар ғой, Сәулеміз беті бүлк етпей ауылға үлгілі студенттей келіп, шешесін қанап кететін. Ақшаны қайда құртып, не үшін қарызға кіріп кететінін бәле мылқау болсам да, түсіне алмай-ақ қойдым. Анасының әкесінен сұрап бір алып, сұрамай бір алып жүргені таусылып, ендігі кезек өмір бақи таққан алтындарына келген еді.

– Ай сайын сол. Банк немесе пайызға ақша берушілер тәтейге шығатын. Тілі бар адамдар психологиясын маған түсіну қиын болды ма? Білмеймін. Бірақ өз анамдай болып кеткен Ханымша тәтенің бұл әрекетін миыма сыйдыра алмадым. Соңғы үш жыл бойы қызының артын жабу деген үш жыл бойы қан жұту деген сөз ғой. Сәуле не ойлап жүр? Соңғы сөйлескен кезде байқағаным: біртүрлі адамға айналған. Мың қырық өтірігін айтып анасын алдар, бірақ мені ол қақпанға түсіре алмайтынын білді ме, тек жылай берді. Сорлы болдым, есалаң болдым, шалыс кеттім, желілік бизнеске алданып қалып, миллиондап қарызға батып кеттім дегеннен басқа ештеңе ашып айтпады.

Сезім

Көрші үйді қоя тұршы. Сол жылы қыста Сәулемен бірге оқыған Сәбит ауылға учаскелік милиция болып келген. Қыз-қырқынның аузында сол. Оны көрмегелі бес-алты жылдай уақыт зымырап өте шығыпты. «Шынымен, қандай болып кетті екен?» деген ойдың жетегінде болдым. Ол кезде қазіргіден жастаумын. Түрімнің бар екенін, кез келген жігітті өзіме қарата алатынымды білетінмін. Бірақ қаратқанмен не пайда? Мылқау екенімді білген адам теріс айналып қашпай ма?! Сондықтан жігіт-мігіт деген тақырыпты ойлауға қашқақтайтынмын. Толассыз ойдың үстінде келе жатқанымда, алдымнан форма киген, иегінде қалы бар Сәбиттің атып шыққаны. Іштей солай болғанын қалағаным да рас. Үйден ең әдемі көйлегімді сол үшін де киіп шыққан болатынмын. Ашық күлгін, жібек матадан тігілген өзіме құйып қойғандай жараса кететін. Мен таныдым. Ол танымады. Соған қарағанда, мен де қатты өзгергенмін. Иә, жігіт қызға сүйсініп қарағандай ол да маған қиыла қарады. Ұялып кеткенім соншалық, қызып кеткендеймін. Мүмкін, сол кезде екі бетім қызарып кеткен болар. Оны енді Сәбит қана біледі. Біраз минут үнсіздік... 

«Нұрдария» деді. Ерні солай қимылдады. Құдайым-ай, танып тұр екен! Мылқау Нұрдария екенімді білсе де, маған әлі де сол күлімдеген көздерімен қарап тұрды. Көрші ауылдан келе жатқан Ханымша тәте мені ыңғайсыз жағдайдан құтқарды-ау! Сәбит тәтеге жылы амандасты. Сәулені сұрады. Үйдегілердің барлығын сұрап шықты. «Аман-сау, жақсы» дегеннен басқа жауап естімеді. Тәтемнің асығыс екенін Сәбит те аңғарды. Кетіп бара жатып, артыма ақырын бұрылғаным сол еді, Сәбиттің әлі де бізге көз алмай қарап тұрғанын көрдім. Ұят-ай! Ханымша тәте қызының тағы бір қарызын жауып келгенін айтты. Бұл жолы барлық алтынынан жұрдай болыпты. Не құлақта, не қолда самсып тұратын көзді-көзсіз сонау кеңестік кезеңнен бар қомақты алтындарының барлығы ломбардқа кетіпті.

«Қатын-ай, жарық күнімді қараңғы қылған іштен шыққан шұбар жылан-ай!» деп тығыла бір жылап алды. Аулада келіннің жүргенін көріп сап тыйылды. Бұл кісі де Сәуленің арқасында әртіске айналғалы қашан? Талай алтынын қайда қойып қойғанын білмей қалады. Әп-сәтте ақша жоғалтып алады. Қайтсін енді, жалғыз қызының артына кір келтіргісі жоқ. Маған барлық аналар сөйтетін сияқты. Кім өз қызын жамандыққа қияды? Үйдегілер әзірге білмейді. Ал енді сапсиып тұрған құлағын көріп, келін-баласы сұрамайды деймісің? Оның үстіне үлкен ай сырға болғандықтан, жоқтығы бірден байқалады. Оған да бір сылтауды тәтеміздің тауып алатынына кәміл сенемін.

Мылқаудың махаббаты

Ал мен түнімен Сәбитті ойлап шықтым. Өзіме ештеңе істей алмадым. Ойлама! Қиялдама! Сезімге ырық берме! Осы бұйрықтардың барлығын орындауға қауқарсыз болдым. Ол – сап-сау жігіт. Ешқашан сен сияқты тілсізді жақсы көре алмайды деп миды нандырсам да, жүрек құрғыр бағынар емес. Есіме сонау балалық шақтағы кездерім түсіп кетті. Біз тұрған жер сулы болғандықтан, егістікке су байлайтын жердің жан-жағы қамыс болатын. Жаз ортасынан кейін сол қамыстар басындағы қоғалар қоп-қоңыр болып пісетін. Ылғал болғандықтан, кешқұрым маса көп болады. Солардан қорғану үшін қоғаны жинап, кептіріп кешке тұтататынбыз. Ұстап отырсаң, қою түтінінен маса жоламайтын. Ол қоғаны кіші балаларға беруге болмайтын. Ол тәртіп бұзылып, Оспан, Ақтай аталардың күзге жинаған шөптері жанған кездері болған. Сол үшін қоға жағу үшін ауылдан сәл ұзайтынбыз. Ұлдардың да сәл есейген кезі, 9-10-сыныпта оқитын. Қоғаны жағып темекі сияқты сабын соратын. Мен де байқап көргенмін. Бірақ дәмін түк сезбедім. Есесіне қақалып, жөтеліп тоқтай алмай кеткенде, қолындағы сусынын берген осы Сәбит болатын. «Енді қоғамен ойнама» деген болатын күліп. Ол кезде мектеп интернаттың 8-сынып оқушысымын. Өсіп қалған кезіміз. Барлық жігіт атаулы Сәулеге ғашық болатын. Ал ол болса, «ауылдағының аузы сасық» дегендей, бірін жақтырмайтын. Маған Сәбит те Сәулеге ғашық болып көрінетін. Келмеске кеткен балалығымыз-ай! Сәбит сондай көрікті болып, Сәуле осындай күйге түседі деп кім ойлаған?

Ханымша

Кейде титр арқылы берілген киноларды сүйсіне көретінім бар. Ондай кинолар аз. Жаңалық тыңдағанда да қалаған арнамды емес, сурдоаудармашылары барын көруге тура келеді. Маған қызықтысы әлеуметтік желілер болды. Сол арқылы көптеген жігіттермен де сөйлесіп көрдім. Әрине, кездесу туралы келіссөз бастала қалса, бас тартып шыға келетінмін. Қорқыныштысы да сол, желінің арғы жағында кім отырғанын білмейсің. Бірақ ауылға келгелі ғаламторға кіруді доғарғанмын. Уақытымды қалай қысқартсам  деп қиналып отырғанда апам теледидарды өшіре салды. Соңғы уақытта аяғына көз жара шығып, сонымен алысып жүргелі бір айдай  болып қалды. Жақпаған дәріміз, бармаған жеріміз жоқ. Ақыры, емін орыс кемпірлер біледі деген соң, көрші ауылдағы Маруся апаға да барып қайттық. Дәрісін алдық. Шынымен беті бері қараған сияқты. Осылай кешті батырып, кешкі тамақты ішер уақытта үйге Ханымша тәте келді. Тағы да бір жағдайдың болғаны белгілі. Бірақ бұл жолы тым ушыққан сияқты. Сәуленің анасының түрі маған солай көрінді. Үрей де бар. Құдай тілді, құлақты біздерге бермегенмен, сезгіштік қасиетімізді қарапайым адамдарға қарағанда артығырақ берген ғой. Тыныштыққа тұнып тұрған үй іші лезде үшеудің сыбырына ұласты. Ханымша: «Жекен апа, сұмдық болды, сұмдық! Қалай айтайын? Неден бастайын? Ақымақ қызым бала туды. Бала...» – деді. Апам: «Е, не сұмдығы бар екен! Құтты болсын, немерелі болыпсың!» – деді. Қара кемпір не көрмеген? Сондықтан бір қыздың ойнап жүріп от басуын өмірдің бір сынағына сілтей салды. Тәте екеумізде үн жоқ. Өмір болған соң, бәрі болады емес пе?! Менің апам дәл осылай айтқысы келген сияқты. Сәуле ауыр аяқ екенін тым кеш білген екен. Жасаған ылаңдарын реттеймін деп есі кетіп жүргенде, біраз айлар өтіп кетіп, баладан құтыла алмаған. Ауылға келгенде ішін байлап, кең етек киіп жасырынып жүрген екен. Толғағы келгенде, шешесіне хабарласқан көрінеді. Ауылдан алқам-салқам жетіп барған тәте қызын өзі тудырып алады. Баланы қалдыруға болмайтынын шешесі мен қызы бір-біріне айтпай-ақ біледі. Дегенмен өмір көрген Ханымша баланы орап алып, келген көлігімен кері қайтады. Бала біраз қиындық көріп жарық дүниеге келгендіктен бе, бір жыламайды. Жолда ешкім көрмейтін жерге қалдырып кетуді ойластырады. Бірақ ондай қылмыс жасауға ар соты жібермейді. 

– Ойбай, бала қайда? Бала? – Осыны апам айқайлап сұрады. 

Ханымша тәте бөпені құшақтап солқылдап жылаған күйі ауылға жетеді. Қолындағы сәбимен далада боздап бір сағаттай жүреді. Қайда барады? Үйге барса, не демек? Қаладағы қансырап қалған қызын да арасында ойлап қояды. Қайтсін енді? Құндақталған сәбиді учаскелік милиция табалдырығының алдына қоя сала, бізге келген беті екен. Сағат қанша болғанын білмедім, аяғыма даладағы бірдеңені іле сала жүгіргенім есімде. Ойым – баланы ел көрмей тұрып алып кету. Көзімнен аққан жас бетімді жуып жатты. Қарсы алдымнан соққан жел жастың да ізін қалдырмай, сап-салқын қылып кептіріп бара жатты. Туа сала қорлықты көрген нәрестенің күйі қатты алаңдатты. Өмірде сәбиден асқан пәк жан жоқ емес пе? Бір рет те жыламады деді ме? Өліп қалмады ма? Осы ойлар миымда арпалысып межеге жетіп те қалыппын. Өзімнің қалай жер басып  келгенімді білмеймін.

Алдымнан қараңдаған біреу көрінді. Сәбит сияқты. Иә, дәл өзі. Қолында көкшіл жаялыққа құндақтала оралған бала. Түннің жарымында қарсы алдынан шыққаныма таңғалып тұрып, бірден балаға қарады. Соған келгенімді ұққандай. Шошыта қоймадым. Қолынан жетектеп барлығын шамам келгенше айтқанмен, ол мені түсінбеді. Ауыл адамдарынан ешкім көріп қоймасын деген оймен үйге алып келдім. Апам бірден баланы алып аластап, тамақтандыру жолын іздеп кетті. Ханымша тәте Сәбитпен қонақ бөлмесінде біраз уақыт сөйлесті. Не айтты? Не деді?  Мен үшін аса қызық болған жоқ. Мен баланың тағдырына алаңдадым. Ертеңін болжай алмадым.

Жазықсыз сәби

Түнделетіп жүріп, дүниеге келгелі нәр татпаған бөпе байқұсты тамақтандырдық. Ханымша тәте мүлде баланың бетіне қарағысы келмеді. Қызы үшін көрген қорлығына осы бала кінәлі іспеттес көрінді ме екен? Әлде бауыр басудан қорықты ма? Дегенмен қорғансыз сәбиді қоғамның тағы бір қорғансыз мүшесіне әкеліп беруі қалай болды десеңізші... 

Керек-жарақты да Сәбит көлігімен әкеліп берді. Жылы жерге келгенін сезді ме, сәби пысылдап ұйықтап кетті. Жыламады. Неге? Әлде тағдырының сол кезде қиын болатынын біліп, дүниеге келгеніне өкініп, көзінен жас шықпады ма? Ол жағы беймәлім. Ауылдан не жасыра алғандаймыз? Барлығы да менің бір түнде балалы болып шыға келгенімді айтысып жатты. Аяғандары да бар екен. Кімнің аузына қақпақ болайын? Ал Ханымша тәтенің ішінде не болып жатқанын білмеймін. Сырттан бақылаушы болып қала берді. Өз немересін қаңқу сөзден қорқып, жаман атақтан ұялып, қызының болашағына алаңдап, мен сияқты мылқауға бере салды. Құжаттардың да қалай дайын болғанын білмеймін. Шынымен кішкентай ғана ұлдың анасы болып шыға келдім. Сәбит, мен, апам, Ханымша үлкен қателіктің алдын алғандай сезімде жүрдік. Негізінде, Сәбит ауыл тыныштығын ойлады ма, Сәрсенбай ағаны сыйлағандықтан ба, Ханымшаның аналық қасіретін түсінгендіктен бе, «бұл сыр менімен кетеді» деді. Ал апам екеуміздің ермегіміз Егемен болды. Өзім қойдым есімін. 

– Әдемі, иә? – деп маған қараған Нұрдария жанында жатқан баласын құшырлана басынан сүйді. 

– Иә, ғашық болатындай азамат екен, – деп әңгіме ауанын ғашығына бұрып, Сәбит туралы ойланып отырғанымнан хабардар еттім. Шыдамай:

– Сіздер біргесіздер ме? – дедім.

– Жоқ, жоқ, ол сөйлей алатын әйел алуға тиіс. Қанша жерден жақсы көрсем де, арамызда көлденеңнен жол жатқанын білесің ғой! Оның мылқау әйелмен бас қосуына жол бермеймін.

– Ол қалай ойлайды?

– Милиция қызметін тастап, қазір күзет қызметімен айналысатын агенттік ашып, Алматыда жүр. Мен де апам дүние салған соң, ауылдағы үйді сатып, мемлекеттен алған пәтерімдемін. Екеуміз де бір Алматыдамыз. Ол әлі үйленбеді. «Сені аламын түбі» деп айтқан сайын жүрегім ауырады. Егеменге бауыр басқаны соншалық, демалыс күндерін бірге өткізеді. Егеменнің аман қалуына бар күшін салған сол. Сау әйелден туса да, мылқау болып қалғаны іште жатып талай қысымды көргеннен екен. Әжептәуір өскен баланы елден ішін жасырмақ болған Сәуле қатты тартып байлаған. Сондықтан бала туғанда оттегінің жетіспеуінен, сырттан физикалық қысым салдарынан миына зақым келген.

– Сонда Мәскеуге Егемен үшін бара жатырсыздар ма?

– Иә, Сәбит сонда. Бір апта бұрын кеткен. Кіл мықтылар жиналатын жиналысқа атақты Антон Гусев қатысады деген соң келе жатырмыз. Кездесу ретін де тауып қойыпты.

– Сіз білетін шығарсыз оны? 

– Иә, сол кісінің кітаптарын 3-4 курста әбден мүжігенбіз. Мықты маман.

Мен дәлізге шығып жол- серіктерден түсіп қалатын бекетке дейін қанша уақыт қалғанын біліп келгенше, үндемес сапарластарым құшақтасқан күйде ұйықтап қалған екен. Оятып жібермейін деген оймен ақырын қозғалып жүріп, олардың түк естімейтін әлемде өмір сүріп жүргенін ұмытып кетіппін...

Баратын жерім Қызылордаға жетер-жетпес жердегі шағын бекет болғандықтан, жүрдек пойыздың көп тұрмайтыны белгілі. Сондықтан тез-тез қимылдап түсіп қалдым. Алқына дем алған отарба бір ышқынып алып орнынан қозғалды. Дала тастай қараңғы екен. Бекет шамдары қараңғылықпен күресуден шаршағандай әлсіз сығыраяды. Көңілге болар-болмас үміт сыйлайды. Үнсіздік әлемінің екі мүшесімен қоса олардың үміт арманын арқалаған пойыз да демде қою қараңғылыққа сіңіп кетті.

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2022

1336 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы