• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Сәуір, 2022

«Темада» болайық па?

– 72-дегі Леха «жынды» машина алыпты, – дегеніме атам көзінен жас шыққанша күлгені есімде. Оның екі түрлі себебі бар еді. Біріншіден 72-дегі Леха – әкемнің құрдасы. Екіншіден, «жынды» деген темірге емес, жанды нәрсеге қолданылатын сөз. Бірінші себепті атам түсініп күлсе, екінші сөзді түсінбей күлген шығар. Алғаш шаш өсіріп, көшенің жігіттеріне еліктеп жүрген кезім ғой. Атамның күлкісінен соң, әлгі мәшинені мақтай түсу үшін «тема» деген сөзді тағы қостым. Бірақ атам күлмеді. Мәнін сұраған. Шыны керек екеуінің де мағынасын былай білгеніммен, неге дәл солай қолданылатынынан хабарсыз едім. Қазір зерттеп отырсам, жастар сленгінде тема – «назар аударуға тұрарлық» деген мағына береді екен. Дәл осындай оқиға жақында тағы қайталанды. Бірақ соңғы оқиға кезінде мен атамның орнында болдым. Бірінші курсқа түскен студенттермен жолығып отырып, топтағы бір жігіт жөнінде әңгіме болып кеткенде, қыздар бірауыздан: 

– Ағай, ол «краш» қой, – деп қалды. 

Расы керек, не күле алмай, не басқа нәрсе істей алмай ұзақ ойланып қалдым. Маған мүлде түсініксіз сөз еді. Адамның әдеті емес пе, бір түсініксіз сөзге мән берсе, сол тектес сөздер құлағына шалына бермек. Сонымен кетті... Чеек, инсайд, месседж, трэш, стайл, зашквар... Мына сөздердің арасында мен өзімнен 7-8 жас кіші студенттермен емес, 50 жас үлкен атаммен жақсы түсінісердей көріндім. Не жастар сленгі тым жылдам дамып жатыр, не мен заманымнан қалып қойдым. Әйтпесе, қартаю былай тұрсын, орта жасқа әлі 10-15 жыл бар. Сонымен, мен студенттерім арқылы бүгінгі жастар сленгіне мән бере зерттей бастадым.

Сленг пе, жаргон ба?

Бала кезімізде «жаргон» деген сөзді естігенбіз. Француз тілінен аударғанда «бұзылған тіл» деген мағына береді. Ал сленг сөзінің этимологиясы турасында талас көп. 1756 жылдардағы жазба ескерткіштерде аталған сөз «ұрылар мен қаңғыбастардың сөзі» деген мағынада қолданылған. Одан бергі жазбаларда да мағынасы өзгергені шамалы. Сондықтан «сленг» ағылшын тіліндегі жаргон сөзінің синонимі деуге болады. Кейбір лингвист ғалымдар бұл екі сөзді бір термин ретінде қараса, кейбір ғалымдар екіге бөледі. Бөле қарасақ.

Жаргон – тілдің әлеуметтік алуандығы. Көбіне аясы тар ортада қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері. Ол сөздерді сол ортаны көрмегендер қолдануы көргенсіздік саналады. Яғни түрме, лагерь, интернат, жетімдер үйі секілді жазылмаған заңдары бар жерлердің лексикалық мағынасы өзгерген немесе мүлде жаңа сөздерін жаргон дейді. Табиғатында бұл сөздер жалпы тілден бөлінген, тұйық сөздер саналады. 

Сленг – жаргон сөздердің жиынтығы мен сөздердің мағынасының өзгерісінен немесе өзге тілден енген сөздер негізінде пайда болатын сөздер мен сөз тіркестері. Ешбір талабы жоқ, ашық қолданыста. Бұл сөздерді қолдану үшін адамның әлеуметтік мансабы, жасы, мамандығы шектеу бола алмайды.

Бөле қарап анықтама берсек те, сленг пен жаргон сөздерді синоним деп қарап, мұнан әрі тек сленг деп қолдануды жөн санап отырмыз.

Сленг түрлері

* Жастар сленгі (көбіне оқушылар, студенттер, белгілі бір субмәдениет өкілдері, т.б. жастар бас құраған жерде қолданатын сөздер).
* Кәсіби сленг (дәрігер, жүргізуші, ұшқыш, т.б. мамандық иелері арасында қолданылады)
* лагерлік немесе ұрылар сленгі.

Жастар сленгі – табиға-тында өте құбылмалы. Онда әрқашан жаңа сөздер пайда болып, көп сөздер қолданыстан шығып қалып жатады. Мектеп оқушылары, студенттер, субмәдениет өкілдері негізгі қолданушылары саналады. Бірнеше мысал келтіре кетейін. Краш (ғашығым немесе құпия махаббат), вайб (көңіл күй, бір ортаның көңіл күйі), хейтер (аяқтан шалушы немесе көре алмаушы), зашквар (жағымсыз, ұятты). Бұл сленгтегі сөздер заманауи эстрадаға сіңіп кетті. Ninety one, ИК, Argonya секілді жас өнерпаздардың әндерінде көптеп кездеседі. 

Кәсіби сленг – белгілі бір мамандық иелері қолданатын сөздер. Мысалы IT саласының мамандары өзара клава (клавиатура), баг (программадағы қателік), линг (гиперсілтеме) секілді сөздерді қолданады. 

Лагерлік немесе ұрылар сленгі – аясы тар сленг түрі. Жоғарыдағы «жаргон» сөзінің анықтамасына сәйкес келеді. Мысалы, зек (түрмеде отырған адам), арбаға салу (өзге түзету колониясына ауыстыру). 

Негізінен сленгтердің тақырыптық және қолданылу аясына қарай осындай үш түрін шартты бөлуге болады. Ендігі мәселе, сленг сөздері қалай пайда болады деген сауалға жауап іздеу.

Сленг қалай пайда болады?

Қазақ қоғамында қолданылатын сленг сөздердің пайда болуының үш түрлі жолы бар.

1. Әзіл-ысқақ театрлары мен «Жайдарман» ойындары қалыптастырған тіркестер. Жастар арасында «уақыт жоқ қой» деген сөз қолданылып жүр. Бұл сөз көбіне біреудің таңданысынан кейін айтылады. Мысалы:

– Досым, көлік алыпсың ғой?
– Уақыт жоқ қой, бауырым!

Мағынасына үңілер болсаңыз, әлі талай дүние істей аламын деген сөзге ұқсайды. Кейде бұл сөз кекету, мұқату үшін қолданылып жатады. «Жайдарманшылар» адамның материалдық жағдайына байланысты «төртбұрыш», «домалақ», «доп» деген сөздерді қолданып жүр. Мысалы: 

«Е, оның жағдайы төрт бұрыш қой!» (материалдық жағдайы жақсы).

«Жағдайы доп-домалақ» (материалдық жағдайы өте жақсы)

«Жағдайы доп қой» (жағдайы айтып жеткізгісіз жақсы).

«Жағдайы айналып кеткен» деген де тіркес бар. Бұл сөздердің қайдан шыққаны белгісіз. Бірақ жағдай жақсара түскен сайын домалаққа жақындай береді.

2. Орыс тілінен енген сленгтер біздің қоғамның сленг кеңістігін кеңейтуде. Тек орыс тілінен емес, ағылшын, француз тілдерінен де енген сленгтер бар. Десек те олардың бәрі бізге орыс қоғамы арқылы келеді. Мысалы, инсайт (жаңа ақпарат немесе бір нәрсені табан астында ұғыну), месседж (мән, маңыз, идея), топ (таңдаулы). 

3. Бұрыннан қалыптасқан сленг сөздердің өзгерісі немесе тар аясының кеңеюі арқылы жасалатын сөздер. Мысалы, тартыл сөзі «кел» деген мағына береді. Мұның орысша нұсқасы қылмыскерлерді түзету мекемелерінде қолданылып, кейіннен жалпыланған.

Сленг және тіл тазалығы

Расы керек, сленг сөздердің көбеюі тіл тазалығына орасан зор нұқсан келтіреді. Өйткені жастардың әніне кіріккен сөздер жастар әдебиетіне араласпауы мүмкін емес. Ал бірнеше әдеби шығармада қолданылған сөздің ертең нормаға айналып кетпеуіне кім кепіл? Әсіресе, орыстан, ағылшыннан келетін сленгтердің қаупі жоғары секілді. Өйткені ол сөздер тілімізді тіпті шұбарлап жібереді.

Дегенмен жастарды сленгтен бас тартқыза алмаймыз. Олардың тілінен бұл сөздерді айырып алу қиынға соғып тұр. Оның үстіне сленг олардың бір-бірін танудағы коды секілді. Яки сленгтері ортақ топтардың араласуы да тығыз болмақ. Ал қазақтың жастары, жаңа ұрпақ бір-біріне тығыз байланыста болсын десек және олар қазақы танымға жақын өссін десек, сленгтерді де қазақшалауымыз керек. Осы тұрғыда жас өнерпаздардың маңызы арта түспек. Сонымен бірге әзіл-оспақ театрлары мен «Жайдарман» ойындарының да маңызы ерекше. Мысалы, «Шаншар» театры қалыптастырған сленгті бүкіл халық қолданады десек болады. «Өзіңе көп алма», «орнына қою» секілді тіркестерді алғаш рет осы театрдан естідік. Ал «картопты жарма», «миды тақтай қылма», «жарылып қалу» секілді қазақша сленгтерді «жайдарманшылар» көп қолданып, айналымға енгізді. 

Сленг жай сөз ғана емес, ол кейде образ. Әсіресе қазақ тілінде образды сленгтер өте көп. Қалай болғанда да, тілдің шұбарлануы дұрыс емес. Бірақ жастардың басын бұл дүрмектен арашалап ала алмайтынымыз анық. Біздің қолымыздан сленг сөздерді дұрысынан, образды түрде қазақшалаудан өзге ештеңе келмейді.

Сленг және жастар табиғаты

Жаргон, сленг сөздердің шығу төркінін құпиялықпен көп байланыстырады. Мысалы, лауазымды қызметтегілердің өз сленгі бар. Ұрылардікі бөлек. Түзету колонияларындағы және жетімдер үйіндегі сленгтер тағы бар. Бұл топтағылардың барлығы дерлік – бір нәрсені жасыратын адамдар. Ал жалпылама жастар неге сленгке немесе жаңа сөздерге өте әуес келеді деп ойлайсыз? Меніңше, кез келген балаға есейе келе өзін ешкім түсінбейтіндей, жанын ұқпайтындай көрінеді де тұрады. Сонымен бірге оларға өз-өзінен жұмбақ жасаған ұнайды. Ортадан тысқары қалып, оларға өзін дәлелдеу секілді мотивациялар – кез келген жастың өтпелі кезеңінде болатын жағдай. Міне, осындай көңіл күйдегі жастар сөзін де жұмбақтап, жасырып сөйлеуге талпынады. Осы негізде жастар сленгке сонша әуес. 

Қорыта келгенде, сленг – ешбір қоғам қашып құтыла алмайтын, таным мен тілге икемделуі қиын сөздер. Сөз болғанда да, жастардың бір-бірін танып, етене араласуына көп септігін тигізетін код.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

936 рет

көрсетілді

250

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы