• Спорт жұлдыздары
  • 18 Сәуір, 2022

Ағайындылардың асқақ арманы

Елімізде таеквондо спортын серік еткен жас өрендеріміз жетерлік. Солардың бірі – ағайынды Әділовтер. Бес жасынан таеквондомен шұғылданған Диас пен Мирас талай додаларда топ жарып, еліміздің үздік таеквондошыларының көшін бастап тұр. Қайсарлығы қанында ойнаған, тектілігі тамырында тулаған, намысты қолдан бермейтін жас өрендердің жаттығуын арнайы барып көріп, аз-кем әңгімелесіп қайттық.

Әу баста каратэге қатысқан ағайынды Әділовтерді спорттың бұл түрі аса қызықтыра алмаса керек. Екеуі де бір-ақ күн қатысып, ертеңіне  таеквондо үйірмесіне жазылады. Таеквондоға деген қызығушылығы алғашқы жаттығудан бастап артқан ағайындылардың қабілетін бапкер де бірден байқаған.

– Негізі әкеміз каратэші болған соң, өзі айналысқан спорт түрін серік етуімізді қалап, каратэнің «шотокан» түріне апарды. Бірақ каратэ маған да, Мирасқа да ұнамады. Соны түсінген әкеміз де қинап апарғысы келмеді. Есесіне, таеквондо бірден ұнап, шығыс жекпе-жек өнерінің ерекшелігі айрықша әсер етті. Бапкеріміз Арслан Ордабаев та әртүрлі әдіс-тәсілдерді көрсетіп, қызығушылығымызды арттырды. Алты айдан кейін алғашқы жарысыма барып, 18 келі салмақта жеңімпаз атандым. Ал Мирастың жасы толмағандықтан, тек көрермен ретінде барды. Дегенмен қолдау көрсетіп, жеңіске жетуіме себепкер болды, – дейді Диас.

Диас пен Мирастың таеквондомен айналысқанына жеті жылдай болды. Осы уақытқа дейін олар көптеген республикалық, халықаралық додаларда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген. Тіпті, Диас Қазақстан чемпионатын екі мәрте жеңіп алса, Мирас бір рет ел біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген. Дегенмен төрешілер тарапынан әділетсіздікке де ұшыраған.

– 2019 жылғы Қазақстан чемпионатында қарсыласымды жеңіп тұрсам да, жеңісті бермеді. Ұпай саны электронды протектор жүйесі арқылы есептелетін жарыста әділетсіздікке ұшырағаннан кейін көңілім босап, жыладым. Протектордың ерекшелігі – әрбір жасалған соққыдан алған ұпайды төрешінің нұсқауынсыз автоматты түрде өзі есептеуі керек. Бірақ жасаған соққыларымды маған емес, қарсыласыма жазып отырды. Сөйтіп, 15:4 есебімен ұтып тұрған жерімнен жеңіліс тауып, қола жүлдегер атандым. Ал финалға шыққан қарсыласым ақтық сында жеңіліп қалды. Былтырғы Қазақстан чемпионатында 22 келіде топ жарып, сол кеткен есемді қайтардым, – дейді Диас.

Ағайынды таеквондошылар жақында Қазақстан Республикасының «спорт шеберіне үміткері» атағын алды. Екеуі де – өз салмағында нөмірі бірінші спортшылар. Одан бөлек, Мирас бірнеше жыл қатарынан «ең үздік техника» аталымына ие болса, Диас «ең жойқын соққы» аталымын жеңіп алды. Айтпақшы, екеуі бір жарыста жартылай финалда жолығып, Мирас ағасына жол берген екен. Одан бөлек, ағайындылар таеквондомен қатар гимнастика мен жүзуге де қатысады. Жүзу спортынан да жетістіктері жаман емес.

– Аптасына алты күн жаттығамыз. Үш күн таеквондоға барсақ, қалған күндері гимнастика мен жүзу спортына барамыз. Гимнастикадан аяқ-қолы-мызды созып, ептілікке бейімделсек, жүзу спортынан тынысымыз ашылып, шаршамауды меңгереміз. Таэквондо спортымен кәсіби түрде айналысқандықтан, өміріміздің бір бөлшегі ретінде қараймыз. Мысалы, Қазақстан чемпионатына салмақ қуып, кәсіби диетолог мамандармен бірге жұмыс істеп дайындалдық. Ал жүзу спортынан болатын жарыстарға аса бір қатты дайындалмаймыз. Десек те ағам екеуміз де облыстық, қалалық жарыстарда үздіктер қатарынан көріндік. Диаспен бір ғана жарыста жолымыз түйісті. Нақты есімде жоқ, республикалық турнирлердің бірінде екеуміз жартылай финалда кездесіп, ағама жол бердім. Қазақстан чемпионатында бір қызық жағдай болды. Қарсыласымды 15:3 есебімен айқын басымдықпен ұттым. Қарсыласымның әкесі «төрешілерді сатып алды» деп жала жауып, шу шығарды. Бірақ федерация басшылары жеңіске әділ жеткенімді көріп, жала жапқан баланың командасын бір жылға жарыстардан шеттетті. Дегенмен жарыстан шеттетілгенше екеуміздің жолымыз тағы түйісті. Шымкентте өткен халықаралық турнирдің ақтық сынында кездесіп, 25:1 есебімен жеңдім. Сол жекпе-жек әлі де көз алдымда. Жала жапқаны үшін аямай ұрып, алдыңғы жарыста шынымен жеңгенімді дәлелдегім келді, – дейді Мирас.

Диас пен Мирас олимпиада, әлем чемпионы болуды көздейді. Олар 19 жасында олимпиадада атой салған өзбекстандық Ұлықбек Рашидовты, әлемнің ең үздік таеквондошысы саналатын, үш дүркін әлем чемпионы Ли Дэ Хунды үлгі тұтып, солардың жетістігіне жеткісі келеді. Сондай-ақ Руслан Жаппаров, Жансель Дениз сияқты отандастарымызды да үлгі тұтады. Диас 2028 жылғы олимпиадада өнер көрсетіп, 17 жасында спорттың ең биік шыңын бағындыруды мақсат тұтқан. Бұған Диастың өзі де, бапкері де сенеді. Ағайындыларды бес жасынан бастап тәрбиелеп, таеквондоның қыр-сырын үйреткен бапкері А.Ордабаев шәкірттерінен үлкен үміт күтеді.

– Диас пен Мирас Роналду мен Месси сияқты. Мирас – өте талантты, дарынды бала. Бәрін бірден қағып алып, кез келген әдісті, техниканы оңай меңгеріп, соларды жарыста еш нұсқаусыз жасай алады. Өзінде нағыз чемпиондарға тән мінез бар. Жекпе-жек барысында қарсыласының әлсіз тұстарын тез тауып, соған қарай жұмыс істейді. Жоқ жерден түрлі әдіс-тәсіл жасап, өзімізді таңғалдырады. Ал Диасқа Роналду сияқты әркез өзін дамытып отыру керек. Өте еңбекқор, жаттығуды жан-тәнімен беріліп жасайды. Оған үнемі ақыл-кеңес айтып, дұрыс бағдар беруге тырысамын. Жарыста да менен басқа ешкімді тыңдамай, тек айтқан әдіс-тәсілдерімді істейді. Бірақ әр әдісті бұлжытпай, айна-қатесіз орындап, қателікке бой алдырмайды. Алғашқы жаттығудан-ақ балалардың бойындағы ерекше қабілетті байқадым. Шәкірттерімнің болашағына үлкен үмітпен, сеніммен қараймын. Қазірдің өзінде екеуі барлық жарыста жеңімпаз, жүлдегер болып, Қазақстанға танымал бола бастады. Менің де танымалдығым, абыройым арта бастады. Таеквондо федерациясының басшылары да, білікті бапкерлер де Диас пен Мирасты жақсы біледі. Әрине, бұл менің ғана еңбегім емес. Шәкірттерімнің әкесі де үнемі қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Ол кісінің еңбегі де зор. Бұйыртса, екеуі де олимпиада чемпионы атанатынына кәміл сенемін. Сол жетістікке жету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Не болса да қазақ спорты тарихында аттары қалатынына сенімдімін, – дейді Арслан Ордабаев.

Ағайындылар Алматы қаласындағы №5 мектеп-гимназиясында оқиды. Екеуі де мектеп мақтанышы. Диас  өнерге де жақын. Мектепте ән айтып, сурет салудан алдына жан салмайды. Ұстаздары оның даусының әдемілігін айтып, әр мерекелік іс-шарада ән салғызады. Екеуі де бос уақытын кітап оқып, пайдалы өткізеді. Құрдастары сияқты телефонға телміріп, әлеуметтік желілерде отырмайды. Әкесі балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні көрініп тұр.

«Өзіміз де бала күнімізде каратэмен айналысып, еліміздің атын шығаратын спортшы болуды армандап өстік. Өкінішке қарай, ол кездері спорт аса дамымаған, мемлекет тарапынан қатты қолдау да болмады. Аудандық, облыстық жарыстарда көзге түсіп, одан ары аса алмадық. Өзіміз жетпеген жетістікке балаларымыздың жеткенін қалап, спортқа беруді ұйғардық. Бірақ каратэ екеуіне де ұнамай, таеквондоны таңдады. Аллаға шүкір, нәтижелері жаман емес. Жаттығуларын ылғи қадағалап, техникаларына, күш-қуатына көңіл бөліп отырамын. 2020 жылы карантин уақытында да жаттығуларын үзбей, бапкерінің үйіне арнайы барып, ауласында дайындалдық. Біздің мақсатымыз – олардың болашақта еліміздің атын шығарып, абыройын асқақтатып, мерейін үстем еткенін көру», – дейді Марат мырза.

Жаттығу барысында Диас пен Мирастың техникасын, шапшаңдығы мен шеберлігін көріп, дән риза болдық. Расында да, екеуін де болашақта үлкен белестерден көретінімізге көзіміз жетті. Лайым солай болғай!

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

1146 рет

көрсетілді

253

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы