• Спорт жұлдыздары
  • 21 Сәуір, 2022

Бағы мен бабы қатар шапқан Бақбергенова

Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттары сияқты дүбірлі додаларда ел абыройын лайықты қорғап, дүлдүл спортшыларымен иық тірестіріп жүрген қазақ қыздары жетерлік.  Солардың бірі – Жәмила Бақбергенова. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызының спорттағы жетістіктері ерекше. Жәмиланың жарқын жеңістері мен спорттық мансабы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

ҚАЙСАР ЕГІЗДЕР

Жәмила бала күнінен спортқа, төбелеске жақын болды. Мектепте жиі төбелесе бергендіктен, әпкесі спорт үйірмесіне беруді жөн көрді. 2-сыныптан бастап таеквондо спортына ден қойды. Екі жылдың ішінде қалалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер атанды. Бірақ 4-сыныпта бапкері ауылдан көшіп кетіп, таеквондодан қол үзді. Одан кейін каратэ, дзюдо сияқты спорт түрімен шұғылданып, ешқайсын ұнатпады. Мектепте жиі төбелесетін Жәмиланың энергиясын жақсы жаққа пайдалану үшін әпкесі тағы да күрес үйірмесіне апарды. 7-сыныптан бастап күресті серік етіп, спортты жан қалауы екенін түсінді. Алматы облысының Ұзынағаш ауылында Алик Әнуарұлынан күрестің әліппесін үйреніп, қызығушылығы одан сайын арта түсті. Бірақ ата-анасы қарсы болып, қыздарының балуан болғанын қаламайтынын ұқтырды. «Киетін киімдері ашық, әрі әйелдерге тән спорт түрі емес» деп әкесі біраз қарсы болған. Дегенмен алғашқы жетістіктен кейін-ақ олар қолдау көрсетіп, әркез тілеуін тілеуге көшті. Сөйтіп, Жәмила егізі Мәдинамен бірге 8-сыныпта Алматы қаласындағы «Шаңырақ» мектеп-интернатына оқуға түсті. «Шаңырақта» білікті бапкер Бауыржан Садықов пен Ринат Байымбетовтың қол астында жаттығып, үлкен спорттағы алғашқы жетістіктеріне жете бастады. Спорт мектебіне түскен соң, екі айдан кейін Қостанай қаласында Кеңес одағының батыры Егор Хачинді еске түсіруге арналған республикалық турнирде үздіктер қатарынан көрінді. Жәмила қола жүлдегер атанса, егізі Мәдина күміс медаль иеленді. Алғашқы жарысында-ақ жүлделі болған егіздер қатты қуанып, әкесінен сүйінші сұрап хабарласқан. Бірақ әкесі «бұл жай ғана республикалық жарыс қой, Қазақстан чемпионатын ұту керек» деп қыздарын жігерлендірді. Кейіннен Жәмила ел біріншілігінде ғана емес, Азия, әлем чемпионаттарында жүлде алып, ата-анасын талай қуантты. Жәмила үшін ең бағалы жеңіс – Аманша Ақбаевты еске алуға арналған турнирдегі жетістігі. Егізі Мәдина екеуі бір салмақта (52 келі) күресіп, екі топтан қарсыластарын ұтып, финалда кездесті. Жәмила – күміс, Мәдина алтын жүлдені мойнына тақты. Күрес өмірінің бір бөлшегіне айналса да, Жәмиланың таеквондоны сағынатын кездері болады.

ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚЫРҒЫЗДАРДАН ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Еліміздегі әйелдер күресі енді-енді дамып келе жатыр. Бірақ басқа елдердегідей қарқынды дамып жатқан жоқ. Ауылдық жерлерде бұл спорт түріне жастардың қызығушылығы төмен. Өйткені елімізде әйелдер арасында санаулы ғана турнирлер өтеді. Қазақстан чемпионатынан бөлек, Нұркен Әбдіров пен Зылиха Тамшыбаева атындағы ғана жарыстар бар. Жас балуандардың өздерін көрсетуге мүмкіндік тым аз. Мұның бәрі Жәмиланың жанына батады. Қырғыз қыздары ылғи ерлер құрамасымен бірге жаттығады. Оның нәтижесін барлығы көрді. Жәмила да ерлермен бірге жаттығып, тәжірибе алмасса, оң әсерін беретініне сенеді. Қыздармен күресу кезінде бір-бірін аяп, бар күш-жігерін салмай қимылдайды. Ал ерлер дайындық барысында қыздарға тең қарсылас ретінде қарап, оңайшылықпен ұпай бермейді. Одан бөлек, олардың жылдамдығы, күш-қуаты да мықтырақ. Сондықтан қырғыздарға қызыға қарай бермей, ерлер құрамасымен бірге дайындалған дұрыс. Жәмиланың салмағында бәсекелестік те жоқтың қасы.

ЖӘМИЛАНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

 Жәмила алғашқы жарысынан-ақ болашағынан үлкен үміт күттіретінін байқатты. Ол жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатында екі рет топ жарып, жастар арасында мықтылығын үш рет дәлелдеді. 2012 жылы Якутияда өткен Азия балаларының спорт ойындарында қарсыластарын қоғадай жапырып, чемпион атанды. Жалпы Жәмиланың ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жетерлік. Еңбекқор қыз жеткен жетістігіне масаттанбайды. Ол 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы екі бірдей үлкен жарыста үздіктер қатарынан көрінді. Монғолияда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақса, Сербиядағы әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Жәмила әр жеңісін ата-анасына арнап, әкесін қуантуды көздейді. Ол жастар сапына ауысқан жылы да екі рет Азия чемпионатының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, керемет көрсеткішке қол жеткізді. Жәмила 2017 жылы Бакуде өткен ІV Ислам ынтымақтастығы ойындарында да тамаша өнер көрсетті. Төрт жылда бір рет өтетін, 54 мемлекеттің бетке ұстар дүлдүлдері сынға түскен дүрмекте күміс жүлде иеленді. 

Ол ересектер дуына да еркін қосылып, боз кілемде білгенінен жаңылмады. 19 жасында Қазақстан чемпионы атанып, әлі де мықтылығын дәлелдеп жүр. Әрине, жеңілістің ащы дәмін татқан кездері де көп болды. Токио төрінде топ жаруды армандаған ару екі бірдей лицензиялық турнирде жеңіліс тапты. Алматыда өткен додада салмақты дұрыс қумағандықтан сәтсіздікке ұшыраса, Болгариядағы турнирде жолдаманы уысынан шығарып алды. Жартылай финалда жоқ жерден қателікке бой алдырып, қарсыласының қулығына алданып қалды. Өкініштен өзегі өртенген Жәмила көз жасына ерік берді. 

Сол жеңілістен үлкен сабақ алып, жігерін жанып, намысын қайрап, Ослодағы әлем чемпионатында топ жарамын деп өзіне уәде берді. Расында, Жәмила Ослода сол олқылықтың орнын толтырып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. Бірақ әттеген-ай дейтін тұсы да жоқ емес. Жартылай финалда байырғы қарсыласы, 4 рет жеңілген Бусе Тосунға (Түркия) қарсы белдесуде барын салып күресіп, көп күш жұмсады. Ең маңызды жарыста есе қайтаруды көздеген Жәмила діттегеніне жетті. 2018 жылы Иван Ярыгин турнирде ғана жеңген жапон қызы Масако Фуруитиге де қатты дайындалды. Өйткені жерлестерінің алдында жапон қызынан жеңілгені жадында еді. Өкінішке қарай, Жәмила ақтық сында Фуруитиге есе жіберіп, күмісті місе тұтты. Ол қорғаныста көп тұрып қалғанына, ешқандай әрекет жасамағанына әлі күнге дейін шамданады. Дегенмен «бұйырған кетпес» деген нақылды есіне алып, күміс жүлдеге де «шүкір» дейді. Өйткені ол күміс жүлденің қан мен тер арқылы келгенін түсінді.

ӘКЕ СӨЗІ СҮЙЕКТЕН ӨТТІ

Жәмила күресті егізі Мәдинамен бірге бастап, ылғи бірге жүрді. Кез келген жарыста, оқу-жаттығу жиындарында да егіздер ажырамады. Мәдина әр жарыста Жәмилаға қолдау көрсетіп, жеңісте де, жеңілісте де жанында болды. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» демекші, Мәдина 2016 жылы тұрмысқа шығып, Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударды. Жәмила сол жылдан бастап жалғызсырап, күресі де жүрмей, жолы да болмады. 2018 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатында қарсыластарына есе жіберіп, жүлдесіз қалды. 

Сол жарыстан кейін әкесінің айтқан сөздері сүйегінен өтіп, намысына тиіп, көңілі құлазыды. Егізіне жаны ашыған Мәдина төрт айлық баласын баға жүріп күресті қайта бастап, Жәмиланың жанына серік болып келді. Екеуі жаттығуды бірге жасап, бірге дайындалды. Егізінің қасында болғанына Жәмила да қуанып, көңілі жай тапты. Жәмила үшін Мәдинаның жанында болғаны аса маңызды. Егіздер әрқашан бір-біріне демеу болып, көмектесіп жүреді. Дегенмен Мәдина белдескенде Жәмила жанын қоярға жер таппай, қатты уайымдайды. Екеуінің де күресу мәнері бірдей, боз кілемде соңғы секундқа дейін белдеседі. Жәмила да, Мәдина да 2021 жылғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Жәмила 72 келіде қарсылас шақ келтірмесе, егізі 68 келіде үздік шықты. Егіздер енді Моңғолияда өтетін Азия біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінуді көздейді.

БІР СӘТКЕ АРНАЛҒАН ҒҰМЫР

Әрине, әр спортшының арманы – әлемнің ең басты спорттық додасында ел намысын абыроймен қорғап, көк туды желбірету. Жәмила да кез келген спортшы сияқты Олимп шыңын бағындыруды армандайды. Сол арманға жетер жолда жылдар бойы қажымай жаттығып, тер төгіп келеді. Олимпиадада алтын тұғырдан қол бұлғап тұру үшін бүкіл ғұмырын күреске арнады. Жылдар бойы шүмектеп төккен тердің, ерінбей еткен еңбектің жемісін көретініне де сенімді. 

Жәмила жақында Моңғолия астанасында өтетін құрлықтық сынға қатысады. Былтыр Алматыда алған күмісті алтынға алмастыруды көздейді. Басты қарсыластары ретінде жапон, қытай және моңғол балуандарын қарастырып отыр. Жақында ғана Түркияда өткен Яшор Догу турниріндегі жеңісінен кейін жаттығуға қайта кірісті. Түркиядағы жеңістің кездейсоқтық емес екенін дәлелдеп, чемпион атануды мақсат тұтты. Айтпақшы, Жәмиланың өнер көрсететін салмағы (72 келі) олимпиада бағдарламасына енбейді. Келесі олимпиадаға да аз уақыт қалғандықтан, салмақ ауыстыруды жоспарлап жүр. Бірақ нақты қай салмақта сынға түсетінін әлі шешпеген. 

P.S. Жарқын жеңіс-терімен жанкүйерлерін жадыратып жүрген Жәмиланың жұлдызы жанып, мақсат биігіне жетуін тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

2323 рет

көрсетілді

673

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы