• Ержеттім, бойжеттім
  • 21 Сәуір, 2022

«Сәлем, сәлем, сәлем хат...»

«Сәлем, сәлем, сәлем хат,
Сағындырған осы хат.
Сағынбайын десең де,
Сағындырған махаббат».

Бұл әлеуметтік желі өмірімізге енбей тұрғанда жігіттердің қыздарға сезімін білдіру үшін жазатын ең танымал «тақпағы» болатын. Жігіт осы бір «тақпақты» жаздыру үшін жазуы әдемі достарына өтініш айтатын. Тіпті жазуы тым жақсы деген жігіттің «қызметі» тәуір жүріп, барлық қызға бір қолтаңбамен хаттар жөнеліп жататын.

Егер жігіт қызға ұнап жатса, «иә» деген бірауыз сөз жазып жібереді немесе құрбылары арқылы «иә» дейтін. Ал жігіт ұнамай жатса, қызыл қаламмен қатесін түзеп, қайтарып беретін. Осыдан-ақ қыздың жігітке ықыласы жоқ екені түсінікті болатын. Жалпы қыз-жігіт болып жүру-жүрмеуді тек хат қана шешетін. Егер қыз хатқа «жоқ» деп жауап жазса, жігіт артық мазаламайтын. «Неге «жоқ» деп жаздың? Мен саған сонда ұнамаймын ба?» деп артық сөйлеп жатпайтын. Ең қызығы, сезімді лақ еткізіп бетке айта салу жоқ еді. «Сен маған ұнайсың» деген сөзді естіген қыз қатты ыңғайсызданып, ол жігітпен мүлде сөйлеспей кететін. 

Иә, бұл интернет дамымай, әлеуметтік желінің көлеңкесі де жоқ кезде болатын ностальгияға толы жайттар еді. Қазіргілердің ностальгиясы бөлек болатын сияқты. Өйткені бұрынғыдай хаттар жазылмайды, жазуы әдемі балаға сұраныс та жоқ... Сезім білдірудің формасы да өзгерген. «Ақ желкеннің» Инстаграмдағы парақшасына «Сезім білдірудің қандай тәсілін құп көресіз?» деген сауал тастадық. Сонымен...

«Сезімді күнделікті іс-әрекетпен нәзік еткізіп жеткізген дұрыс. Өйткені бірден айта салғаннан қыз шошып кетеді. Басында ұнатпай, кейін ұнатады-ау деген үміт мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан жайлап, шамамен екі ай дегенде сөзбен нақты білдіруге болады. Меніңше, сонда қызда сенім пайда болады» деп жазыпты бір оқырман. «Мен, мысалы, ұнатқан қызыма өлең арнаймын, – дейді тағы бір оқырман жігіт.

– Өлеңмен астарлап жеткізіп бастаймын. Бір сұлулыққа теңеп, ол сұлулық маған ұнайтынын айтамын». Тағы бір жігіт сезімін өлең жолдарымен білдіргенді құп көреді екен. «Нәтиже болды ма?» деген сұрағымызға «Әрине!» деп сенімді жауап берді. Ал қыздар не дейді? Қыздар сезім мәселесіне өте жауапты қарайтын болып шықты. Оқушы бойжеткендеріміз былай дейді:

«Кейбір адамдар өз сезімін мүлде көрсетпей, содан өздері зардап шегіп, мұңайып жүреді. Ал қыздарға қарағанда жігіттер сезімін көрсетуден қорықпайды. Жігіттің бірінші болып қадам жасағаны қыздарға ұнайды. Әсіресе жігіт қызға сезімін білдіретін түрлі нәрселер – тәтті сатып әперу, сыйлық беру қатты ұнайды. Күні бойы шын өмірде немесе әлеуметтік желіде сөйлесу күшті болатын еді. Бірақ сезімін көрсету – қыздың жынына тию емес».

«Менің ойымша, жігіт өз махаббатын әлеуметтік желіде емес, шын өмірде білдіру керек. Және жай ғана «мен сені сүйемін» деп емес, «мен сені ерекше сүйемін» деп айтсын. Бір кафеде барлық адамның көзінше сезімін білдірсін. Сонда ол қыз «жоқ» деп айта алмайтын болады».

«Жігіттің көзіме қарап тұрып сезімін айтқанын ұнатамын. Егер олар Уотсап арқылы сезімін айтса, өмірде қорқады деп ойлаймын. Шын өмірде сыйлық беріп, әдемі сөздерімен қуантса әлдеқайда сүйкімді болар еді».

«Меніңше, сезімді шын өмірде білдірген дұрыс. Қазір жігіттер қыздарға сезімін әлеуметтік желі арқылы білдіреді. Себебі, оларға өмірде сезімін білдіру қорқынышты көрінеді. Ал бетпе-бет тұрып сезімін айту – батылдық».

«Қыз да, ұл да сезімін білдірген дұрыс деп ойлаймын. Қыздар неге сезімін жасырып ұстауы керек? Ол да адам баласы емес пе? Бір жағынан, қыз сезімін білдіріп жатса, жігітке де ұнайды деп ойлаймын».

Қыздарда сезім білдірудің тағы бір заманауи түрі бар екен. Ол – жігіттің Инстаграм аккаунтынан «стористарын» үзбей қарап отыру, лайк басып, достық жіберу. Сол арқылы ұлдар бірден түсінеді. Егер ол да қызды ұнатқан болса, бірінші болып СМС жазады. Мұны да бойжеткен оқушы қыздар айтып отыр.

Заманға сай сезім білдірудің тәсілі де өзгерген. Бірақ сезім – өте нәзік процесс. Ол үп еткен самалға да жалп етіп сөне қалуы мүмкін. Сонысына қарамай қай тараптан болса да батылдықты талап етеді. Сондықтан сезім білдірер кезде «ішімдегіні тап» деп қарап отырмай, батыл болған жөн. Егер қыз бен жігіттің арасында сезім болып, бірақ оны аялай білмесе, арты екі ғашықтың ұзақ уақыт сөйлеспей кетуіне себеп болады. Алайда батылдық екінің бірінде бола бермейді. Бозбала мен бойжеткен бір-біріне ұнап қалғанын қалай білуге болады? 

Психологияда «тәннің тілі» деген термин бар. Яғни дененің әртүрлі бөліктері арқылы ойлар, сезімдер мен эмоциялар саналы немесе бейсаналы түрде беріледі. Мысалы, қыз жігітті ұнататын болса, онымен бетпе-бет келуге тырысады. Сыртынан қарайды, жігіт оған да қарағанда көзін тайдырып әкетеді. Ұнатқан жігіттің іс-әрекетін қайталауы мүмкін, жігіт айтқан әзіл сөздерге жиі күліп, жігітті көрген бойда құрбыларымен сыбырласып, жігіт жаққа қарағыштай береді. Ал ұл балалар барынша сезімін жасырып бағады екен. Қызға байқатпай қарау, кез келген себеппен және ешқандай себепсіз, қыздың көзіне түсіп қалуға тырысу, әр нәрсені сылтауратып сөйлескісі келу, қыздың назарын аударту үшін орынсыз сөздер айту, әдейі қызға немқұрайды, суық көзқараспен қарау да сезім ұшқыны бар екенін білдіреді. Өйткені мұндайда ол өз сезімімен әлек болып жүреді. «Тәннің тілі» осылай дейді. Ал жүректің тілі не дейді? Оны өзің байқарсың...

Дайындаған 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2022

1393 рет

көрсетілді

255

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы