• Featured
  • 12 Ақпан, 2022

Өнеге болар ерлік

     Андре Моруа орыс жазушысы А. Чеховты «сөзімен танылған батыр» деп бағалаған екен. Осыған ой жібере қарасақ ісімен ғана емес, ерлігімен де емес сөзімен де батыр болуға болады екен.

       Мен де бірінші Жанғара Дәдебаев деген кісіні мақаласы арқылы таныған болатынмын. Онда әлі студент едік. Қасымдағы жігіт қайдан табатынын қайдам әдебиет туралы жаңалықтарды елден бұрын біліп, жаңа шыққан мақалалар болса оқи сала бізге солардың барлығының арасында өзі жүргендей етіп әңгімелеп беретін. Бір күні қолына қыстырып келген газет пе, жорнал ма есімде жоқ, бір мақала туралы әңгіме бастады. Одан сол жерде айтыс-тартыс басталды да кетті. Біреу ол мақаладағы ойды құптса, енді біреулер одан кемшілік табуға тырысып бағуда. Мен сол мақаланы жазған адамды жақтаушылар жағында болдым. Маған ол мақаланы жазған адамның ойын жеткізуі, дәлелдеуі ұнады. Артық ауыс ештеңе де жоқ, қарапайым ғана мақала. Бірақ сөздері салмақты, айтпақ болған пікірі жалпы оқырманға түсінікті екен.

      Ертеңіне факультетке барсақ бір ұзын бойлы, қолтығына папкасын қысқан жігіт ағасы бізге қарсы келе жатты, қасымдағы жолдасым «кешегі біз дауласқан мақаланың авторы осы кісі болады» деді де сәлемдесіп өте шықтық. Мен аты-жөнін қайталап сұрап едім - Жанғара Дәдебаев деді. Сонан бастап ол кісінің мақаласы газет беттеріне шықса қадағалып оқып жүретін болдым. Көшеде кездессе сәлем береміз. Біз сырттай қарағанда ол кісінің ылғи да езуінде күлкі жүретініне қарап мінезі жайдары адам болар деп ойлайтынбыз. Қазақ бөлімінде оқитын жігіттер мен қыздар ол кісінің лекциясының мазмұнды да мағыналы болатыны туралы айтып келетін. Әсіресе көркем  шығарманы талдаудың жолдарын жақсы түсіндіреді екен деп жүрді.

      1987 жылы араб бөлімінде оқитын елушақты студент Қостанай облысына ауылшаруашылығы жұмысына бардық. Бізді Жанғара ағай бастап баратын болды. Бізбен бірге биология факультетінің студенттері де барды. Олардың өз жетекшілері бар. Сол жылы барғаннан жауын жауып, күннің көзі бір ашылмай-ақ қойды. Картошка жинағанымыздан қамалып баракта отырғанымыз көп болды. Ондай күндері Жанғара ағай ортамызға келіп әр алуан тақырыптарда әңгіме айтып беретін. Біртіндеп ол бізге дәстүрге айналды. Егер күн жаңбырлы болса от жағып, ағайдың келуін күтіп отыратын болдық. Кей күндері бір жұмыстары болып ағай бөлмесінен шықпай қалса біз кәдімгідей оған алаңдап отыратын едік.

    Бұл біздің сексен алтының зобалаң шағынан кейін енді-енді еңсемізді көтере бастаған кезіміз болатын. Бір күні ағай:

           - Сендер білесіңдер ме, биыл Мұхтар Әуезовтің тоқсан жылдығы, 28 қыркүйекте біз осында боламыз, сондықтан оны атап өтуіміз керек, - деді. Бәріміз ойланып қалдық. Айтыс кешке жатын орнымызға барғасын одан әрмен жалғасып кетті.

       - Ағай да қызық екен, қалай атап өтпек, мына ауылда қазақ тілінде сөйлейтін бір пенде жоқ, бұлар М.Әуезовтің кім екенін де білмейтін шығар,- деген пікірлер де ортаға түсіп жатты. Енді біреулері:

       - Ағай негізі дұрыс айтады, ерегіскенде дәл осы қазағы жоқ солтүстікте М.Әуезовтің 90 жылдығын дүркіретіп атап өту керек. Танымаса танысын, білмей жатса, білетін болады, білгіземіз, - деген белсенділер де пайда болды.

   Ал Жанғара ағай болса асықпай өз жұмыстарын жасаумен болды, көрші факультеттің оқытушыларымен де жиі кездесіп, ақылдасып жататын. Бір күні «Боскөл» совхозының үлкен құлыбына ауыл адамдарының барлығы дерлік жиналды. Көбісі басқа ұлттың өкілдері. Тайлы-таяғымызбен біз де келіп жайғастық. Күмбірлеп музыка ойнап тұр, көрнекті жерлерге М.Әуезовтің суреттері,  ұлағатты сөздерінен үзінділер ілініпті. Жұрттың барлығы бір үлкен қаладағы концертке келгендей жасанып киініп келіпті.

     Бірінші М.Әуезов туралы бас баяндаманы Жәкеңнің өзі жасады. Жәкеңнің сөзі қысқа да болған жоқ, ұзақ та болмады, бірақ көпшілік сілтідей тынып, ұйып тыңдады. Алдындағы тыңдаушылардың деңгейін де ескерсе керек өте мазмұнды баяндама болып шықты. Бәріміз де Жәкеңнің әр сөзінен қанаттанып, өзгеше бір күйге түскендей болдық.  Екінші баяндаманы биология факультетінің доценті ұмытпасам Сұлтанов деген кісі жасады. Артынан ән айтылып, домбырамен күй күмбірледі. Жұрттың бәрі мәз, қол соғып әнші-күйшілерді қайта-қайта ортаға шақырып жатыр. «Боскөл» ауылы бір сәтте-ақ қазақы ауылға айналып кеткендей болды. Бәріміз де Жанғара ағамызға ерекше сүйіспеншілікпен қарап, мынадай ісіне іштей риза болып, ол кісіге деген құрметіміздің арта түскені рас еді. Кейбіреуіміз барып қолын қысып құттықтап жаттық, енді біреулеріміздің оған ұяңдығымыз жібермей іштей ғана алыстан тілегін тілеп тұрдық. Қазір ойлап тұрсақ, сол кезде Жәкең әлі қырыққа да толмаған жігіт екен-ау. Бұл біз куә болған Жанғара ағайдың сөзбен жасаған ерлігі еді.

                Жолдасбек Мәмбетов  

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф,ғ,к.,

Советхан Тілеубаев

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңаға оқытушысы, ф,ғ,к.,

Айбек Шегебаев

 әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы

179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы