• Спорт жұлдыздары
  • 05 Мамыр, 2022

Біздің кейіпкерлер – чемпион

Журналымыздың кейіпкерлері күні кеше күрес түрлерінен Моңғолияда өткен Азия чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем етті. Грек-рим күресінен сынға түскен Ернұр Фидахметов 60 келіде қола жүлде жеңіп алды. Ернұр мен егізі Ернар туралы «Ақ желкеннің» биылғы №2 санында жазған болатынбыз («Балуандардың болашағына балта шабылмаса болғаны»). Ұлан-Батырдағы алғашқы белдесуінде Ернұр оңтүстіккореялық Чун Хан Жаеден басым түссе, жартылай финалда қырғыздардың бетке ұстар балуаны Жоламан Шәршенбековке есе жіберді. Белдесу барысында отандасымызға тәжірибенің жетпегенін байқадық. Бірақ қола жүлде үшін кездесуде Фидахметов тамаша өнер көрсетіп, жергілікті моңғол балуаны Ц.Балжынямды айқын басымдықпен ұтты. Әрине, чемпион атануды көздеп барған Ернұрдың қола жүлдеге көңілі толмағаны анық. Десек те сары құрлықтың ең үздік балуандары бақ сынаған додада үздіктер қатарынан көрінудің өзі оңай емес. Айтпақшы, ол Азия біріншілігінің алдында Түркияда өткен Яшор Доғу турнирінде де қола медаль иеленген болатын.

Ұлан-Батырда тамаша күрес өнерін көрсеткен кейіпкерлеріміз, егіздер Жәмила мен Мәдина Бақбергеновалар жанкүйерлерге жарқын жеңіс сыйлады. 68 келіде өнер көрсеткен Мәдина топтық кезеңде қырғыз қызы Мейірім Жұманазаровадан 0:5 есебімен ұтылды. Дегенмен екінші кездесуде Парк Су Жинді (Оңтүстік Корея) айқын басымдықпен ұтып, үшінші айналымда 2019 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Наруха Матсуюкимен (Жапония) күресті. Белдесу барысында 0:3 есебімен жеңіліп жатқан отандасымыз соңғы секундтарда әдіс жасап, жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, финалда қайтадан әлем чемпионы, олимпиаданың қола жүлдегері Жұманазаровамен қайта жолықты. Шыны керек, Мәдинаның жеңетініне сенгендер аз болды. Дегенмен Мәдина қайсарлық көрсетіп, жеңіліп жатқан жерінен жеңісті жұлып алды. Ол соңғы секундтарда әдіс жасап, төрешіден екі ұпай алды. Декреттік демалыстан енді ғана оралған Мадина алғаш рет Азия чемпионы атанып отыр.

Мәдинаның егізі Жәмила да жанкүйерлердің жадында қалатын белдесулер өткізді. Қарсыластарын қоғадай жапырған отандасымыз финалда жапон балуаны Cумире Никураның мысын басты. Жәмила Яшор Доғу турниріндегі жеңісінің кездейсоқтық емес екенін дәлелдеп, екі дүркін Азия чемпионы атағына қол жеткізді. Осылайша қазақ спорты тарихында алғаш рет егіз балуандарымыз чемпион атанды. Сондай-ақ құрама қоржынына әйелдер арасында алтын жүлдені екеуі ғана салды. Егіз балуандар туралы біз журналдың өткен нөмірінде («Бабы мен бағы қатар шапқан Бақбергенова») қалам тербеген едік.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

374 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы