• Бүгінгі проза
  • 16 Мамыр, 2022

Әйгерім ИЕБЕКОВА. Шырмауық (әңгіме)

Жас қаламгер Әйгерім Иебекованың «Шырмауық» әңгімесі жасөспірімнің екі әлемді – ескінің өнегесі мен жаңаның жаңалығын қабыстыруға тырысқан сәтсіз де дәрменсіз әрекетін орнықты сипаттайды. Кейіпкер екі әлемге де ортақ, бірақ бүгінгі жақсылықтың бәріне қолы жете бермейді. Әңгіме финалы ауыр болғанмен, жас оқырмандарды өмір мәнін сезінуге итермелейді деп сенеміз.

Тілсіз тажал өзінің күнәсін ешбір жанға тіс жармай жасырып қалғысы келетін сияқты, су шетіндегі жақпар тастың үстін қайта-қайта шайып кетеді. Қайта-қайта шайып кетеді. Өзен жағасындағы қиыршық тастардың үстінде  «ал менің қандай кінәм бар?  Бар кінә мына адамдардың өзінде, мен жай ғана себепшімін!»  деп бір-ақ қарыс қу темір жатыр. Жалтыраған іші қуыс темір күн нұрына шағылысып,  «мені көрдіңдер ме?», «ием жоқ менің», «тауып алыңдар мені!» дегендей жылт-жылт етеді.
Әні, өзенге шомылуға асыққан бір топ қара сирақ балалар жүгіріп келеді.
 – Мен аламын!
 – Мен таптым! Менікі!
 – Монопод!
 – Монопод!

***
Арқа төсінен Алатауға бет түзеген Астана – Алматы жолаушылар пойызы Алматы-2 вокзалына келіп тоқтады. Жыландай ысылдап тоқтап тұрған ұзынсонар пойыздың ең соңғы вагонынан шыққан жолсеріктің: «Ата-анаң келмейінше алысқа кетпе! Осында күт!» – деген сөзін қаперіне де алмай жан-жағына тосырқай қарап, жалтақ-жалтақ көз тастап, он бір-он екі жас шамасындағы, өзі нәзік бітімді көрінгенімен бойшаң келген, қыр мұрынды, ақсары реңді, өспірім ентелеп алға ұмтыла берді. Кенет кілт тоқтады да, айналасына қайта зер сала қарады. Перрон толы күтіп алып, шығарып салып, саудаласып, уда-шу, азан-қазан болып жатқан қарақұрым халық. Осы бір иін тірескен ығы-жығы көп арасынан оның көзілдірік астындағы тұнығы лайланбаған мөп-мөлдір, теңіздей көппеңбек бота көздері жәудіреп біреуді іздегендей. Бойында сенімсіздік пен үрей де жоқ емес. Әке-шеше, жақындарынан ажырап, жалғыз өзі алысқа аттап басып көрмеген баланың біраз сасып, қипақтап тұрғаны сырт көзге оңай байқалатын еді. Ішінде бірлігі жоқ ұялы телефонын қолына алып қайта-қайта қарап қояды. Сосын «қой, былай тұра бергенім жарамас» дегендей көппен жарыса қайта ілгері адымдайды. 
Сол сәтте ту сыртынан «Қалтай!» деп шаңқ етіп шыққан жіңішке әрі қатқыл дауыс оны селт еткізді. Таныс дауыс! Таныс үн! Сондай жылы әрі сондай сұрықсыз үн! Сондай мейірімді әрі сондай мейірімсіз үн! Жүзіне жылы шырай үйірілмейтін, қашан көрсең де қабағы қатулы, тұңғышым деп тұла бойы елжіреп, өмірі емірене иіскеп, маңдайынан сүйіп көрмеген анасының дауысы еді бұл.Қалтай артына бұрылып қарады. Қаздың балапандарындай қаз-қатар тізіліп өзінен кейінгі үш інісі және анасы тұр. Мына бір жылы көрініске жүрегі тулап сала берді. Көзіндегі қуаныш жасымен қоса бірден екі езуіне күлкі үйірілді. Жүгіріп келіп үшеуінің бетінен шөп-шөп еткізіп қайта-қайта сүйе берді. Сосын жүрелеп отырды да, үш жасар інісі Ардақты бауырына басып қатты құшақтады.  «Ботақаным менің, қоңыр қозым менің, мен саған шоколад алып келдім». Өзі бала бола тұра ет бауыры елжіреп, осылай үлкендерше еміреніп, еркелете сөйлеуді үйдегі атасынан үйренген-тін. Арқасында асынған сөмкесінде тамыз айының соңғы күндеріңдегі аптап ыстықта, ауасы жоқ қапырық вагонда езіліп, көк тудың суреті бейнеленген тыс қағазы майланып кеткен бір жапырақ «Қазақстан» шоколады бар еді. Өзі жегісі келсе де інілеріне сақтап келген. Биылғы үш айлық жаздық демалысының соңғы бір айын Елорда жақтағы нағашыларының ауылында өткізіп қайтқан ол артынан ерген осы үш сотқарды жанындай жақсы көретінін, қатты сағынғанын енді ұққандай. Демалыс болғанда, осы жазда нағашы атасы қайтып, анасы Алмагүл әкесінің қырқы өткесін қарт шешесі мен ауру бауырына аз да болса ес болсын, отын-суын тасып қолғабыс етсін деп қалдырып кеткен болатын. Енді, міне, күзге салым әскерден кіші інісі де келіп қалар, жаңа оқу жылы да басталғалы тұр, сол себепті үйге қайтуға тура келген.  Бір ай көрмеген ұлының бетінен анасы бұл жолы салқын ғана өпті. Құшағына алған жоқ. «Қалай жеттің?» деп сұраған да жоқ. Оның есесіне: «Неге алыстап кеткенсің! Мен саған айттым емес пе  вагонның жанында біз жеткенше  күт деп!  Жоқ, шиеттей бала-шағамен жүгірттің де қойдың!» – деп дүрсе қоя берді. 
– Жүр енді тезірек, сызылмай!  Такси ұстайық! Ұста ана баланы қолынан! Тездетіңдер енді!  Әкелерің жұмысынан келген  шығар, кешкі асты да әзірлеп кетпеп едім, – деп онсыз да ию-қию болып жатқан  вокзал жұртымен жағаласып сампылдап сөйлеп  келеді. Анасының осы бір жауыр сөздерінен мезі болды ма, тез-тез басып анадайға озып кеткен ол вокзал маңындағы шағын базардың ішіне кіріп кетті. Базар сөрелерінің бірінен монопод көріп қалып, інісін сүйрелете жанына жетіп барды. Өзінің көптен бері іздегені де осы еді. Бірден сатып алғысы келді. Қалтасында атасы берген ақшасы да жоқ емес еді. Алайда артынан желе-жортып жеткен анасы әудем жерден  ақырып қалды.
–  Жын қаққан адам құсап, алақ-жұлақ етіп неғып тұрсыңдар? 
Апа, бұл монопод қой!
– Болса қайтейін! Өй, сен де бір, қайдағы жоқ темірге телміріп, сондайдың үйде жүзі жатыр емес пе?! Жүріңдер, мұнда таксист күтіп тұрғой. Болсаңшы енді!
Мынандай көліктері сапырылысқан, кептелектен көз ашпайтын үлкен қалада кеш батпай тұрып үйлеріне жетіп алуды ойлаған анасының сөзін бірден ұққан Қалтай бәрін қойып, өзін күтіп тұрған қызыл «Маздаға» інісін қолына алып жүгіре жөнелді. Өйткені үйлері орталықта емес, қалаға іргелес жатқан ауылда тұрады. Кеш кірсе, көлік тауып міну Құдайдың бәлесі. Сосын аш қасқырша жан-жағынан анталаған тұрақты көлік жүргізушілері жеті атасының құнын сұрайды. Мәшине салонына жайғасқаннан кейін қыңыр мінезді, адуынды анасынан: «Апа, атам қалай? – деп әрең сұрады.
– Жақсы! –  деп қысқа ғана жауап қатқан шешесінің бет-жүзі шаршаңқы, ажары сынық, көңіл күйі мәз емес. Шүңірек көк көз, бүркіт тұмсық Алмагүл жіңішке еріндерін бүріп, одан сайын жымқырайтып алыпты. Жұлып тастап орнын жіп-жіңішке, біп-бірдей етіп қоңыр қаламмен сызып қойған қастары онсыз да кісі тіксініп қарайтын сұсты жүзін одан бетер сұрықсыз етіп көрсетеді. Одан әрі ләм деуге жүрегі дауаламаған Қалтай көзін терезе жаққа бұрып әкетті де, ойға шомды.


Қалтайдың атасы Қартай ақсақал – шөкімдей ғана, қалбалақтаған қара шал. Бір кіндіктен жалғыз баласы Алтайының тұңғышы Қалтай десе   қарияның шығарға жаны бөлек.  Бұл Қалтай бала болып назын айтып,  еркелеген болса, тек осы атасына ғана еркінситін. Иә, Қалтай атасының баласы. Бірақ басқа балалар сияқты атасы мен апасының ғана айтқанына көнетін еркетотай, шолжаң бала емес. Әкесі алыс сапарға жүк таситын көлік жүргізушісі болып істейтін, үйдің бетін апталап көрмейтін бұлардың отбасында бәрі басқаша. Десе де Қалтай осы атасына қатты еркелеп,  әмірін жүргізіп, дегенін істете алады. Былтыр төртіншіні үздік бітірген соң, атасына «маған смартфон алып бересің» деп қиғылық салған болатын. Немересінен несін аясын атасы:«Телефон керек болса берейін, құлыным, мына менікін-ақ ұстай ғой», – деген өзінің кішкентай қара «Нокиасын» ұсынып жатып. «Жоқ, ата, ондай емес! Маған көп функциялы, ғаламторға тез кіретін, суретке әдемі, тұп-тұнық етіп түсіретін, ішіне бәрін сақтай алатын, жады көп, ойын ойнайтын, кино көретін, музыка тыңдайтын, қысқасы, бесаспап смартфон керек. Арзанын ұстамаймын, балалар күледі! Сыныпта менен басқа бәрінде бар! Уотсапп арқылы үй тапсырмасын алмасамыз, ғаламтордан реферат іздеймін, кітап оқимын, ол болмаса білім алу мүмкін емес», – деген немере назына мақұл демеске амалы қалмады. Содан не керек, атасына зейнетақы  түскен күннің таңы қылаң бере сала тұрып алып, қара шалды жетектеп отырып, екеуі орталықтағы телефон сататын әмбебап дүкеннен бір-ақ шыққан болатын. Қарияның зейнетақы карточкасындағы барлық ақшасын суырып алған кассадағы қыз: «Рақмет! Келіп тұрыңыздар», – деп жылы жымиып шығарып салған. 
Сол кездегі Қалтайдың қуанышын айтып тауысу мүмкін емес еді. Ат басындай үлкен, су жаңа  смартфонын қайта-қайта қолына алып шұқшиюмен болды, селфи жасады, қайта-қайта балмұздақ жеді. Немересін күнұзақ қыдыртқан атасының аяғы біраз талыңқырап, екеуі 28 панфиловшылар саябағына қарай аяндап, бос орындардың біріне келіп жайғасты. Қалтай: «Ата, осы менің атымды Қалтай деп неге қойдыңыз? Мектепте апайым: «Қартай Қалтай Алтайұлы! Осы сенің аты-жөнін жаңылтпаш сияқты», – дейді. Атыңды атаң, әкең мен өзіне ұқсастырып қойған-ау, жоқ, мұның басқа себебі бар ма?» – деп сұрап қояды. Осы біздің апай қызық  адам, бар ғой, кейде сабақтан тыс болмайтын нәрсені сұрап қуып кетеді», – деді. Ара-тұра осылай мұғалімдерін мазақ ете, кекесінмен сөйлейтін немересінің мына тұрпайы сөзі атасының көңіліне жақпаса да, бұл жолы тәйт демеді. Қартай ақсақал «келінімнің мірдің оғындай, өңменіңнен өтіп кететін сөздерінің бірі ғой, балада не жазық бар, естігенін айтады да» деп долбарлады.  Сосын аз ойланып отырып сөзін жалғады.
– Балам-ау, сен дүниеге келгенде мына шілпиген арық шалдың төбесі көкке жетуге бір-ақ елі қалып еді ғой. «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» демей ме? Өзіңді алғаш қолыма алған сәттегі сезімімді айтуға тілімнің құдіреті жетер емес. Әжең жарықтық Гүлбадан ең құрыса мына тұңғыш немересін бір иіскей алмай кетті-ау... Сол әжең ауылда мал сойғанда асықты «Әтөгімнің баласына» деп жинап қоюшы еді. 
Атасының сөзін аяқтатпастан: 
– Ол асықтар қайда, ата? –  деді Қалтай жұлып алғандай.
– Кейін әжеңнің көзі кеткесін, ауылдағы барлық малды сатып, Алматыға көшіп келген жылдары анаң үйдегі артық заттармен қоса бір дорба асықты лақтырып тастаған екен. Содан... – Қария аз кідірді де, сөзін жалғады. –  Шала туған сені  адам болмай шетініп кете ме деп қорықтық. Оның үстіне жалғыз ұлдан туған алғашқы немерем болғасын, тіл мен көз тие ме деп қатты уайымдадым. Содан ат қоюға келгенде аса ойланып жатпадық, «атта тұрған не бар, тәйірі, адам болып ер жетіп,  кісі қатарына қосылса болды емес пе?» деп, желкеңнің оң жақ тұсындағы қалды көргенде «Қалтай» деген ойыма келген бірінші есімді қоя салдым. Оң құлағыңа азан айтып, пайғамбарымыздан келе жатқан сүннет амалын да өзім жасадым. Бірақ әке-шешеңе бұл ныспы ұнамады, білем. Келесі үш ұлдың аттарын Айдос, Жандос, Ардақ деп өздері қойды. Ал мұғаліміңнің сөзі орынды, сен олай кейіме, балам... 
Сөзін сабақтай түскен атасы үлкеннің сөзіне күле қарау әдепсіздік екенін түсіндірді. «Бәлкім, сен мұны қазір балалықпен түсінбейтін шығарсың, алайда үлкендер айтқан сөз парқына уақыт өте келе жетесің. Апайың дұрыс айтады, драматург-жазушы Қалтай Мұхамеджанов атаңның есімін естімеген қазақ кемде-кем, сенің де ол жайлы біле жүргенін орынды» деп бар білгенін немересіне түсіндірді. Сол сәт саябақ ішіндегі сәкіде өткен күндерден сыр шертісіп отырған аталы-немерелі екеуге қызыға қарап, алтын тостағандай жарқырап, жып-жылы, жап-жарық нұрын шашып тұрған күн ұясына еңкейіп барып батты да, артынша аспаннан жаңбыр себелеп, мөп-мөлдір тамшылар жерге құлап, сіңіп жатты.  Алматы үшін үйреншікті еді бұл тамшы, әдеттегідей жаздың жаңбырлы кеші. Ал Қалтай үшін жадында мәңгі жаттаулы күн болып қалып қойды. 
Атасының зейнетақы алатын күні үнемі көңілді жүретін Алмагүл ымырт үйіріліп, қас қарайған шақта үсті-бастары малмандай су болып үйлеріне әзер  жеткен атасы мен тұла бойы тұңғышына жүгіріп шығып дарбаза есігін ашып жатып:  «Ата-ау,  кештеттіңіздер ғой, ас ішпей сіздерді күтіп отырмыз. Ой-бу, су-су болып... тезірек мына киімдеріңізді ауыстырып, тамаққа келіңіздер», – деп елпілдеп құрақ ұшып, бәйек болып жатыр. 
– Өй, мына жүгірмек  «ата, ата»  деп атасын алдап-сулап, ЦУМ-нан бірақ шыққан жоқпыз ба? 
Бір айлық зейнетақысының барлығын сүйікті немересінің қуанышына құрбан еткеніне атасы еш өкініп тұрған жоқ  еді, қайта дауысы көңілді шыққан. Істің мән-жайына қанық болған келіні баламенен бірге балаша мәз болып тұрған атасының бұл ісін ақымақтыққа балап, күйіп кетті. Түсіне алар емес. Үп-үлкен, дап-дардай басымен, қудай шашымен  баланың айтқанына көніп, айдауына жүретін не желік екен? Ертеңін ойласа нетті? Бұрқылдап төргі бөлмеде сөйлеп жүр. Тоқтар емес. «Алжыған шал неме! Саудың тамағын ішіп, аурудың ісін істейді бұл енді өстіп! Әдейі жасап отыр бәрін, осы шал құдай біледі! Сұмпайы! Сұмырай!» деп бұлқан-талқан болды.
Қартай ақсақал алдына әкеліп дүңк еткізіп қоя салған астан да ала алмай: «Не бүлдіріп қойдым ақымақ басым, нем бар еді есіріп? Алдымен келінімнен «азық-түлікке тиын-тебен берейін бе, балаларға ондық-мұндық қажет емес пе?» деп  неге сұрап алмадым екен, ә...» – деп жас балаша басын сұлқ түсіріп, ой үстінде отыр. Үн жоқ! Бұл үнсіздігі өзінің дәрменсіз мына халін мойындап:  «Кешірші, шырақ, кешір, бар кінә мына менен!»  – дегендей еді. Күні бойы нәр татпаған аш қарынға «әлемдегі ең дәмді тамақ Алмашымдікі» деп мақтайтын келінінің асы батар емес. Қарын аш, тәбет жоқ! Атам қазақтың «тамақ – арсыз» деген сөзі бекер екен, асқазан құрғыр шырылдап қоймаса да, қолы асқа бара алмады. Таңдайы құрғап, кенезесі кеуіп тұрса да шайдан ұрттамады. Күні бойы жаяу жүріп белі шойырылған қарт тезірек өз бөлмесіне барып, бел жазып жантая кетуді ойлап отырды. Мынандай үнсіздікке шыдай алмаған Алмагүл одан бетер шамданып, шаптыға түсті. Төрт ұлын алдына салып қойдай үйіріп алатын әдетіне басып:
– Бар, шығыңдар үйден! Кетіңдер далаға! Енді Алтай келгенше жейтін азық алмай, осы телефонның бетіне қарап отырайық бәріміз! – деп атасы екеуін қуып шығып, үйдің есігін тарс жауып, ілгегін салып, шамын сөңдіріп тастаған-ды.
Сағат тілі түнгі он бірден асып кеткен уақыт.  Жаз болса да жаңбырдан кейінгі түн суық әрі қараңғы еді. Қалтай төбесі шатырланған жаздық қазан-ошақтың түбінде бір уыс болып отырған атасының қойнына бүрсеңдеп тығыла түсті. 
Ата-ау тоңдым, тоңып барам!
Сәл шыда, батыр, – деп тамырлары шодырайып тұрған тарамыс қолымен  немересінің басынан сипап  жұбатқан қарияның өне бойы дір-дір етеді.Үйге жеткенше шұқшия қараған қара смартфон жайына қалды. 
Сол сәт бала Қалтайдың жан-дүниесі астаң-кестең, бейкүнә  жүрегі тілім-тілім, көзінің жасы тарам-тарам болды. Анасының бұл қылығын кешірілмес күнәға балады. Атасын қапсыра құшақтаған ол мына қатігез жалғанды жек көрді, «балалық деген – бақытсыздық» деп түсінді. Шүйкедей шалға жаны қатты ашып, тезірек есеюді арман етті. «Ертең өскенде үлкен үй саламын. Ол үйде атам екеуміз тұрамыз. Бізді ол жерден  жеті түнде жаңбырдың астына ешкім қуа алмайды. Ешкім!»
– Балам, анаңның мінезін білесің ғой, сен оған ренжіп, кек сақтама, қазір-ақ  басылар. «Жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше» деген.  Анаңның реніші орынды. Кекшілдік, өшпенділік жақсы емес, барынша сабырлы болуға тырыс. Кез келген қиындықтан шығатын бір жол бар, ол – сабыр. Өз бойындағы ашуды жеңе білу, сабырлылық таныту сияқты қарапайым ғана адами қағидаларды бәрі біледі, алайда ол кез келгеннің  қолынан келмейді. Тек рухы биік, батыл жандар ғана ашуға бой алдырмайды. 
Ата  дауысы дірілдеп шықты.
Айқұш-ұйқыш терең әжімдер шимайлап тастаған атасының бетіне өзінің жұп-жұмсақ, балғын бетін тақай берген ол қалың сақалдан сусыған бір нәрсені аңғарды. Қалтай басын көтерместен, оның мұңлы жүзіне көз қиығын жүгіртті. Байқаса, атасы жылап отыр екен. «Жігіт адам жыламайды!» деп  қашанда ұлының жігерін қайрайтын, Қалтай үшін әлемдегі ең мықты,  ең қайраты күшті атасының  көзінен жас тамшылары домалап түсіп жатыр. 
Иә-иә, кәдімгі ып-ыстық, ап-ащы жас...

***
Жаңа оқу жылы басталды.  Қазақ әдебиеті сабағы. Раушан Әнуарбекқызы бастауышпен қоштасып, үлкен сыныпқа көшкен жаңа шәкірттері арасынан  әдебиет пәніне кімнің қаншалықты жақын екенін ажыратып алғысы келді ме, алғашқы сабағын «Туған елім» деген тақырыпта шығарма жазудан бастады. 
     «Керіліп жатқан кең далаға кербез өң беріп, аспанмен таласқан заңғар тұлғаң мына менің де мерейімді өсіріп, рухымды жігерлендіріп,  шабытымды шыңға шығарғандай болды. Ұшар басыңды мәңгілік ақ қар мен көк мұз басыпты. Тәкаппар тұлғалы қарт Алатау!..» Туып-өскен Жетісу өлкесінің  әсем табиғатын суреттеуден басталатын Қалтайдың шығармасы еді бұл. 5 сынып оқушысының  тілдік қорының осынша молдығына, арман-қиялының ұшқырлығына, ой-өрісінің жылдамдығына тәнті болған ұстаз: «Қалтайжан, айта қойшы, сенің арманың қандай?» – деп сұрады. Қалтай мұғалім сауалына жауап бермей біраз үнсіз тұрды. Өз ойын, өз арманын ашық айтқысы келді. Бірақ... «Өй, сен де оттайды екенсің атаңа ұқсап, қиялдап! Қайдағы жазушылық саған!» деп анасы Алмагүл секілді жекіп тастайтындай қаймығып, іркіліп қалды. Иә, дәл солай дейді, сосын сыныптастары «қияли» деп мазақтайды емес пе? «Білмеймін» деп иығын қиқаң еткізді де, орнына сұлқ отыра кетті.
 Мен сенің шығармаңа қарап, жаңа ғасырдың Әуезовын көргендеймін. Әрине, ол үшін саған көп оқу керек, – деді ұстаз. – Жай ғана оқу аз, іздену керек. Қазақ әдебиетімен қоса әлем әдебиетіне де ден қою керек.
Еламан мен Қалтайға ортақ нәрсе өте көп. Екеуі де қағылез, оқу озаттары. Екеуі бір партада отырады. Екеуі де көзілдірік тағады.  Екеуі көрші. Бала кезден дос. Екеуі де компьютер клубында барып тапжылмай отырып ойын ойнағанды ұнатады. Иә, оқу озаттары болғанымен, екеуі де ғаламторға тәуелді. Алайда ата-анасы Оңтүстік Қазақстан өңірінен көшіп келген Еламан – айылын жимайтын өжет бала. Сыныпта кім жаңа смартфон әкелсе, жанына жетіп барып:  «Ей, чувак, чо там, телефон алғансың ба, әкелсей, көрейік!» – деп дүбәра тілмен шүлдірлеп, сұрақтың астына алады.  Содан соң:  «Ө-өй, мынауың «Самсунг» па, беспонтовый телефон ғой, жады аз, тез толып кетеді», – деп жақтырмаған кейіп танытып бұрылып кете барады. Смартфон, планшет, компьютерге келгенде өзінен артық  білетін адам жоқ деп ойлайтын ол «сенікі дұрыс емес» деген біреу табыла қалса,  қызылкеңірдек болып бәс тігуге дайын тұрады. «Айфон  ұзақ зарядталады, Самсунг жылдам зарядталады, бірақ суретке тарту жағынан келгенде Самсунгтың фотоаппараты мықты. Самсунгтың батарейкасы ұзаққа жетеді, ал  Айфонның динамикасы таза. Андроид анадай, айос мынандай» деп білгішсініп зырлай жөнеледі. Міне, бүгін де сол Еламанмен сабақтан шыққасын компьютер клубында ойнап, кеш бата үйге келген Қалтай есік алдындағы аулада інілерін ойнатып жүрген анасының: «Келдің бе, әйтеуір? Қас қарайғанша қайда жүрсің? Бар, тамағыңды жылытып іш те, далаға шығып балаларға қара!» – деген сөзіне мән бермей тез басып, үйге кіріп кетті.
 Жатын бөлмеге кірсе атасы шам намазын оқып жатыр екен.
– Ассалаумағалейкум уа уа рахматтулах!
Ассалаумағалейкум рахматуллах! –деп екі иығына кезек қарап сәлем салды да сосын қос алақанын жайып аузын жыбырлатып: 
 Я, Раббым! Шаңырағыма береке, елімізге бүтіндік пен бірлік бер! Ұлтымның қырықпышақ болуынан, ағайынның алагөздігінен сақта! Бүтін жатқан ел іргесі сөгілмесін! Істеген әр ісімізге береке бер! Не берсең де қайырлысын бер! Әумин! – деп бетін сипап бата жасады. 
 – Ата-оу, мен келдім!
–  Ә-ә, балам келдің бе? – деді мойнын созып атасы.
– Намазыңызды оқып болсаңыз, менімен бірге тамақтаныңызшы, ата, –  деп Қалтай ас үйдің ыдыс-аяғын салдырлата тіл қатты.
– Қазір-қазір... міне... – атасы бастырмай тұрған тізесін әрең жазып қалбалақтап тұрды да, жайнамазын бүктеп, сырты зерленген сандықтың үстіне қойып, мәсісін шешпестен ас үйге қарай өтті. Қартай қария немересі құйып берген қаймақ қосылған күрең шайды сораптап  ішіп отыр. Бусанып жіпси шыққан маңдайындағы шып-шып терін сүртіп, «ой рахат-ай» деп қояды.
– Ата!
– Ау, құлыным, айта ғой!
– Монопод сатып алуым керек!
– Не дейді, «манапот» дей ме, ол не қылған бәле тағы?
Жасы жетпістің жетеуіне келсе де құлағының мүкісі жоқ Қартай ақсақал өмірі естімеген сөзін шалыс естідім бе дегендей қайта сұрады.
«Селфиді» білмейтін атасына моноподты түсіндіру оңайға соқпасын білді де, немересі: «Ол мынандай ұзы-ы-ын темір, – деді. – Оны ұзартып-қысқартуға болады, ұшына телефонды орнатып суретке түсіреді. Бізге сабаққа монопод керек. Шығармамыздың тұсына сурет жапсырамыз. Портфолио жасаймыз». Қажет дүниесінің бәрін сабаққа әкеп тірейтін  ол аузын бұртитты.
– Е-е, ол қанша тұрады екен сонда?
– Қымбат емес, ата, мың-мың жарым теңгеден басталады.
– Жөн екен, аса кажетті дүние болса, ал!Ала ғой! Сенен  аяғанымды... – деп жанқалтасынан былғары әмиянын шығарып, ішінен  жап-жаңа, жап-жасыл  екі мың теңгені суырып алды да, дастарқан шетіне қоя салды. Қалтай анасы көріп қоятындай, ақшаны жалма-жан лып еткізіп алды да, төрт бүктеп өз қалтасына сүңгітіп жіберді.

***
Мамыражай мамыр айы. Биылғы оқу жылын Қалтай «өте жақсы» деген бағамен аяқтады. Алайда бүгінгі салтанатты сәтте оның көңіл қошы жоқ. Осы көктемде қатты науқастанған атасы аяқ асты төсек тартып жатып қалған еді. Қашанда жұмысынан қолы босамайтын әкесінің соңғы қоңырау мерекесіне келе алмағанына ол еш ренжіген жоқ. Бесінші құрсақтан қызды боламын ба деп үміттенген анасы болса перзентханада жатыр. Жүздеріне шаттық үйірілген, қолдарында гүл шоқтары бар, бірыңғай мектеп формасын киген бақытты сыныптастары мәз-мейрам, мәре-сәре  болып «селфи» жасап жатыр. Қалтай сыныптастарына қосылған жоқ,  бір жапырақ  мақтау қағазын қолына қысып ұстаған күйі үйіне қарай тартты. Келе сала тар төсекте танылып жатқан атасына: «Ата, мені көп күтіп қалған жоқсыз ба? Айттым ғой, барамын да марапат қағазысмды алып келемін деп. Шай ішесіз бе, шай демдейін бе? – деп шешінбестен шай қойды.
– Апаң қыз босанды! Қарындасың дүниеге келді, – деді атасы ақырын ғана езу тартып.  Өңі қуарып, боп-боз болып кеткен қария  содан соң:
Е-е, Құдай енді алсаң жанымды, арманым жоқ, жалғыз тұяғымның бар қуанышын көріп келемін. Баламның өміріңдегі ең үлкен арманы бар еді. Ол да, міне, бүгін орындалғандай,  – деп өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп жатты.  
28 мамыр күні Қалтайдың әке-шешесі Асылым есімді сәбиді алып келіп, ұлан-асыр шілдехана тойын жасады. Бұл тойда бой жазып көңілді отырған Қартай қария дәл осы қуанышты күнді күтіп жүргендей, ертеңінде мәңгілік сапарға аттанып кете барды.
Атасынан айырылғаны Қалтайдың жанына қатты батты. Атасына ғана еркелеп, атасымен ғана шүйіркелесетін, атасына ғана өктемсіп бұйрығын жүргізетін ол жалғыздықтан ішқұса болды.  Көңілі құлазыған сәтте өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, жан қайғысын, бар мұңы мен сырын атасымен бөлісуді ойлады. Бірақ ол келмеске кеткен атасына күнделік емес, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хат жазып, жазбаларын сонда қалдырып отырды. Сөйтіп жүдеу көңіліне медеу тапқандай болды.
«Ата-ау, мен сізді қатты сағындым, білесіз бе? Сіз менің түсіме соңғы кездері жиі кіріп жүрсіз. Бірақ неге менен  алыста жүресіз, қасыңызға жетіп барып, жылы құшағыңызға енейін десем ғайып болып кетесіз... Енді құшақтайын десем оянып кетем. Ата, өтінемін, ең болмаса түсімде бір армансыз  құшағыңызға енейінші.  Жоқ болып кетпеші, ата-ау! Аташым! Айтпақшы, ата, сіздің айтқаныңыз рас болып шықты, Асылым қарындасым дүниеге келгелі анамның мінезі сәл де болса жұмсарған. Сізді «қол-аяғын жылы суға малып, дұрыстап күткенде, әлі де болса арамызда жүрер ме еді?» деп жиі айтып отырады. Қатты өкінетін сияқты. Бірақ, ата, сіз анама өкпелі емессіз ғой, иә? Өзіңіз айтушы едіңіз ғой, өшпенділік, өкпе-наз деген жақсы адамға жат қылық деп. Сіздің айтқан осы бір сөздеріңіз менің жадымнан кетер емес.  Жанымда мәңгі жүрмейтініңізді, сізбен енді қайтып  тілдесе алмайтынымды білгенде, әрбір сөзіңізді қалт жібермей, мұқият тыңдап  қағаз бетіне түсірер едім ғой деп өкініштен өзегім өртеніп, бармақ тістеп жүрмін, ата.
Асылым дүниеге келгелі Ардақ та біраз есейе түсіп, еркеліктен арылған.  Ал мен биыл жазда ешқайда барған жоқпын. Асылымды қарап, анама сеп болып жүрмін. Асылым сүп-сүйкімді қуыршақ сияқты, көздері доп-домалақ, жып-жылтыр, құдды бір қарақат па дерсің. Екі айлық қана болса да қимылдары ширақ, аяқ-қолын тыпырлатып, шиқылдап күледі. Айтпақшы, оның да оң жақ желкесінің тұсында қалы бар екен...»
«Қалтай, әй, Қалтай, телефонда басың қалғыр, әлі шұқшиып отырсың ба интернетте? Бар, Асылды далаға шығарып қайт, менің шаруам бастан асады!»  
Қалтайдың атасымен сұқбатын анасының осы сөзі бұзды. 
Алмагүл ұлдарына Құдайдан сұрап алған жалғыз қызының бетінен сүйгізбейді, ширағанша көз тиеді деп қорқа ма, суретке түсіруге рұқсат етпейді, оны ғаламторға да салдырмайды. Осыны білетін Қалтай қарындасын алысыраққа алып кетіп, бетінен сүйіп-сүйіп алады. Ешкімге көрсетпей «селфи» жасайды.  Қанша дегенмен шикі өкпе, ойын баласы емес пе, кейде қарындасынарбасына жатқызып қояды да, ұмытып өзі ойнап кетеді.
Шіліңгір шілдені артта қалдырып, тамылжыған тамыз да келіп жеткен. Жайдары жаздың ми қайнатар, аптап ыстық күндерінің бірі. Сәске түс. Екі айдан асқан Асылым қолға ұстауға жарап, біраз ширап қалған, қалбалақтап ұшып-қонып тұр. Қалтай күндегі әдетінше қарындасын арбасына салып алып серуенге шықты. Мына күннің шыжыған ыстығына қарамастан өзен жағасына бет алды, ондағы ойы – Асылыммен суретке түсіп, ғаламторға қоймақ. Әлеуметтік желі арқылы жаңалығын айдай әлеммен бөлісуге асығып, сол қолына жеп-жеңіл баланы ұстады да, оң қолына моноподты алып су шетіндегі жақпар тастың үстіне шығып фотоға тартты. Бір сәтке де тыныштық таппайтын Асылым қайта-қайта қозғалып кетіп, түсірген фотосы бұлдыр, бұлыңғыр болып әбігерге түсті. Жоқ, болмайды қайта түсіру керек. Қалтай қайта түсіруге әрекет жасады. Бұғанасы қатпаған жас нәрестенің есі шықты. Моноподтағы смартфонын өзіне қарай еңкейте қондырды да, қайта селфилеткен ол бәрін ұмытып,  шындап кірісіп кетті.  Дұрыс қондырылмады ма, не керек, оң қолындағы моноподта қыстырылып тұрған телефон суға қарай құлап бара жатқанын көрген Қалтайдың жүрегі тас төбесіне тығылып, зырқ ете түсті. Тынысы тарылып, демі жиілеп сала берді. Анасы айтқандай, шашы шақ келмейтін мұндай  қымбат дүниеден айырылып қалса, біткені. Қалтай үшін өлім! 
Енді не істемек? Жан-жағындағы дүниенің бәрін ұмытып, бос қалған моноподын артқа қарай лақтырып жіберді де, ұшып бара жатқан смартфонға жармаса берді. Дәл осы бірер секундтық арпалыс кезінде есінен шын адасты, тек сол бір сәт шар ете қалған сәби дауысынан есін жиды. Қараса, Асылым ағып барады... Айнала жым-жырт, құлаққа ұрған танадай, көмекке келетін тірі жан баласы жоқ. Қалтай артынша тұра ұмтылды. Суға қойып кетіп, басынан асатын терең тұсына келгенде ғана өзінің жүзе алмайтыны есіне түсті, бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Төңкеріліп қалған құрлықтың тасбақасындай аяқ-қолын ербең-ербең еткізіп, жандәрмен жан ұшырды. Су бетіне бір шығып, бір батады. Арыны қатты асау өзен жұлқынып бой берер емес. «Ал батыр, шайқасайық, көрейін күштілігіңді!» дегендей толқындарымен қойып-қойып кеп қалады.Қалтай әлсіреді. Көзінің алды қарауытып қап-қара түнек болды. Жағалауға жете алар емес. Бұл өзеннің бұрындары сыртынан қарағанда ағысы баяу болып көрінгенімен, дәл қазіргі күші бойына сыймай-ақ тұр. Жағалауға жеткісі келіп, бала әлі арпалысып жатыр. Ол енді қара смартфонды да, қарындасын да, бәрін ұмытты,  тек өз өмірі үшін жанталасып жатты. 
Түпсіз терең иірімге тап келген ол өзен тұңғиығына ұршықша иіріліп кете барды. Су түбіне жетіп, ұйқы құшағына кетті... 
Көзін ашса, түсі екен. Манағы уайым-қайғы, қорқыныш, үрей сейілген. Бәрі керемет! Әне,  жағалауда жүзі нұрға малынып атасы күтіп тұр.
– Е-е, сағынған екенсің ғой, балам, келдің бе? – дейді.
– Сағындым, ата.ЦЦЦЦ
– Келе ғой, қарғам, келе ғой! – Атасы қос қолын жайып құшағын аша түсті. Сол кезде қарындасы есіне түскен Қалтай: «Ата, Асылым қайда?» – деді.
 – Ол періште ғой, аспанға ұшып кетті – деді атасы.

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

1367 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы