• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Мамыр, 2022

«Бір қалыптан шыққандай...»

Жаңа аудан болып құрылғанына көп уақыт өтпесе де, көрегендігімен көп-көрім көсілер көрпесін көктеп алған Әкім мырза жұмысына уақытында келді. Жүрегі бір нәрсені сезгендей, кабинетіне асығыс кірді де, хатшы қызға кофе дайындату үшін телефонға ұмсына бергені сол еді, шоқ басқан баладай шар ете қалды. Облыс желісі екенін анық білді. 

– Армысыз, Әлеке?.. Иә, тыңдап тұрмын... Ы-ы-ы... Әрине, білмегенде ше? Дайықтықты бастап кеткенбіз. Есікерткіш деймісіз?.. А, иәә... Ұқтым-ұқтым... Сау... – дегенінше болмады, арғы жақтан үзік дыбыстар естілді. «Сау»-дың соңы мүлде өзге сөзбен түйінделіп, хатшы қызға мәдениет басқармасының директорын шақыртуды тапсырды. Ол да бүгін бір қарбаластың боларын сезгендей, таң атпай орнында екен.

– Әй, жоспар қайда? Облысқа таныстырған жылдық жоспар...

– Бар ғой, басеке. 

– Сол жоспарды ашып анда-санда қарап тұрсаңшы өзің. Биыл күзде ауданымыздан шыққан Берібай батырға ескертіш қоямыз, 160 жылдық мерейтойын атап өтеміз деп пе едік?

– Ә-ә, жоспарды әлгі менеджер бала жасап еді. Қазір шақырайын. Әкім мырза айқайға басудың сәл алдында тұрды да, оны облыс әкіміне өзінің таныстырғаны есіне түсіп басылып қалды. Менеджер жігіт ентіге кіріп келіп, жанын салып түсіндіре бастады. Екі бастық бәріне бас шұлғып отырып, мерейтойдың смета туралы сөзге келгенде ғана: 

– Неге сонша аз жазғансың? Кімнің ақшасын аяп қалдың? – деп шарт етті. Жоспарға солай еніп кеткеннен кейін, енді амал жоқ. 

– Ақсақалдар кеңесін шақырыңдар. Өзің білесің ғой, Берібай батырдың руының ақсақалдары жиналсын. 

Осылай жаңадан құрылған ауданда жаңа тойға дайындық басталып кетті. Мемлекеттік сатып алу сайтына Берібай батырға арналған ескерткіш лоты ілінді. Осы аудан құрылғалы мерейтойын да ұйымдастырып, жаңа ғимараттарының құрылысын да жасап жүрген бір ЖШС ұтып, келісімшарт жасасуға Әкім мырзаның жиен інісі кіріп келгеніне ол кісі таңғалмады. 

– Мүсіншің келді ме?

– Иә. Мұғалімдер күтіп жатыр. Соңынан кездесу ұйымдастырмыз дейді. 

– Жақсы. Түстен кейін ақсақалдарды жинаймын. Сонда келіп, мәліметтерін жинап кетсін. 
Сәуірдің жазға бергісіз күнінде ақ шапан, қара шапанды шал-шауқан бір-бірін сүйемелдеп әкімшілікке кіріп келе жатты. Болғалы жатқан уақиғадан хабардар қариялар сөзді мадақтан бастады: 

– Әкім бала, мына ісің өте орынды. Берібай батырдың әруағы разы болсын.

– Иә, ақсақал. Ал сіздер газ бен суды қайта-қайта сұрайсыздар...

– Сол газ бен су бүгін тартылмаса өле қалмас осы жұрт. Өлі разы болмай, тірі байымас деген. Бастамаң жақсы. Арамызда сол батырдың тікелей ұрпағы отыр. Суреті сақталмаған. Бірақ осы ұрпағының атасынан, әкесінен естігені бар ғой. Айтса, суретші жігіт салады ғой. Солай ма, балам?

– Иә, ақсақал. Жасаймыз ғой.

Осы тұста үйден әбден дайындалып келген Берібай батырдың ұрпағы сөз алды: 

– Айналайын балам, Берібай батыр деген осы аумаққа аты әйгілі, осы жерді найзасының ұшы, білегінің күшімен қорғаған батыр. Биыл міне 160 жылдығы. Ол өзі Кенесарының қолбасшыларының бірі болған. 

– Кенесарының дейсіз бе? 160 жылдығы биыл болса, Кене ханның қалай қолбасшысы болады?

Ақсақалдар алқасының басышысы суретшіні тыйып тастады. 

– Сен сөз тыңда, балам. Батырдың әруағын, ұрпағын сыйла, айналайын. 

– Содан бабамыз ханмен бірге қырғызды шабуға да барған екен. 

– Сол шайқастан аман оралды ма?

– Иә, жауды жайратып қайтқан ғой. Одан елге келгенде мына жердің бәрін Қоқан елі басып алған екен. Соларға қарсы қол жиып, осы аймақты азат етіп, өзі би, датқа болған.

– Өзбекке қарсы соғысып жүріп қалай датқа болады, ақсақал?

– Мына бала сөз түсінбейді екен-ау... Болған солай, – деп ақсақалдардың атаманы тағы басып тастады. 

– Жақсы, ақсақал. Түрі, рең-басы қандай болған?

– Е, батыр бабамыз еңселі, бойы биік, ірі денелі, күресте түйе балуандыққа шығатын жігіт болған. Әлгі «әнеу рудан» шыққан Қасқырбай батырдың талай жауырынына жер иіскеткен. Көкпарда серке емес, өгіз тартады екен. Биік қабақты, қыр мұрынды... Жүрегінің тұсында түгі болған. Жүрегінің түгі сыртына шығып кеткен дейді екен ондайды. Осындай адам болған Бөрібай батыр. Бұларға қандай батыр керек екенін анық ұққан мүсінші тек «ләппайға» көшіп, отыра берді. Сөз соңын Әкім мырза өзі алып:

– Құрметті ақсақалдар, өздеріңіз білесіз-дер. Мемлекеттен қаражат аз бөлінеді. Соған өздеріңіздің де көмектеріңіз болса. Бәріміздің бабамыз ғой. Әруағы үшін... – дегенше болмады, қариялар «береміз, жинаймыз» деп шуласып кетті. Мүсінші күзге салым дайын болады деп, келісімін алып қалаға қайтты. Ауыл ішінде гу-гу әңгіме. 

Мүсіннің бірнеше эскизін жасап, ауданның рұқсатын алысымен жаңа қалып әзірлеп, жұмыс басталып кетті. Күзге салым емес, одан ертерек біткен жұмысына қарап мүсінші тамсана алмады. Өйткені ол Бөрібай батырға емес, тұтас батырларға арналған анонимді ескерткіш секілді бола қалған. Найзасын көкке қаратып, қалқанын жоғары ұстап, ат үстінде шірене отырған батыр бейнесі өз көңілінен шыққан жоқ. Ол адам антропологиясын зерттеген бүкіл антропологтардан, өлгеннен кейін өзін достарына тәжірбие үшін қалдырып кеткен ғалымдардан, қала берді тұтас тарихшылардан іштей кешірім сұрай отырып, ауданға мүсінді артып кетіп бара жатты. 

Ашылу салтанаты пафосты сөздермен көркемделіп, мақтаулармен көмкеріліп жатты. Әлгі батырдың тікелей ұрпағы атасы тіріліп келгенде ескерткіш аттың сауырынан сипап көзіне жас алып алған да болатын. Сол лентасы қиылып жатып бір топ ақсақалдың сыбыр-сыбыр сөзін естіп қалды. Олар Бөрібайдың талай белдескен дейтін Қасқырбай батыр туралы сөйлесіп тұр еді. Нендей мәселе екенін анық аңғарған мүсінші, сол қариялардың жанына жақындап: 

– Қасқырбай батыр деймісіздер? Тарихты зерттей келе осы есімге көп тап болдым. Расында елге еңбегі сіңген батыр секілді ғой. Ол кісіге де бір ескерткіш тұрғызылар жөні бар деп ойлаймын, – деген сөздермен онсыз да ауылдарына арғы рудан шыққан батырдың ескерткіші орнатылып жатқанына қандары қарайып тұрған қарияларды одан сайын ширықтырып кетті.

Араға бір апта салып Қасқырбай батырдың руынан шыққан қариялар кәсіпкер, сөзі өтімді туыстарын ертіп әкімшілікке кіріп келе жатты. Тендерді тағы жиен ұтты. Мүсіншіге тағы тапсырыс түсті. Ол Бөрібай ескерткішінің жер тарпып тұрған оң аяғын кесті де, сол аяғымен жер тарпытты. Құйрық-жалын ұзартып, сауыт-саймандардың бедерлерін өзгертіп, биік қабағын одан сайын биіктетіп, мұрнының қырын тағы да жонып, Бөрібайдың оң қолындағы найзасын сол ауыстырып, көкке емес, жауға қарсы тұрғандай көлденең ұстатты. Осылай аз уақытта Қасқырбай батырдың ескерткіші дайын болған. Ашылу салтанатында қариялар сөйлеп жатыр: 

– Батыр бабамыз еңселі, бойы биік, ірі денелі, күресте түйе балуандыққа шығатын жігіт болған. Әлгі «арғы рудан» шыққан Бөрібай батырдың талай жауырынына жер иіскеткен. Көкпарда серке емес, өгіз тартады екен. Биік қабақты, қыр мұрынды... Жүрегінің тұсында түгі болған. Жүрегінің түгі сыртына шығып кеткен дейді екен ондайды. Осындай адам болған Бөрібай батыр. Кенесары әскерінің бір қолбасшысы болып, қырғыздарға қарсы соғысқан, би-манап болған екен...

Мүсінші осы сөздерден ары тыңдамады. Аудандық мәдениет басқармасының директоры оны таксиге отырғызып, қалаға шығарып салып жатты.

– Аздай болса көптей көріңіз, елдің жинап-тергені, – деп қалтасына салды. Мүсінші азырқанғанымен, амал қайсы?! Ауылдан ұзап кете барған. Артқы орында жас жігіт келеді екен. Көлік ауылдан шығып, бірқалыпты жүріске салғанда сөз бастады.

– Аға, мен облыстық газеттің журналисі едім. Редактор еліміздегі Ескерткішдер жайлы материал дайында деп тапсырма берген. Өзіңізбен әңгімелесіп барсақ болар ма екен?

– Иә, сұрағыңызды қоя беріңіз. 

– Еліміздегі көп ескерткіштердің бір-біріне ұқсауының себебі не?

– Бастысы, уақыттың тығыздығында. Тапсырыс берушілер ескерткіштің кімге қойылатынынан бұрын, «шұғыл» деп бастайды сөздерін. Жылық жоспар дейді. Нағыз жақсы мүсін жасауға жыл емес, жылдар керек. Содан кейін, әкімдік, мемлекеттік сатып алулар жеке тұлғалармен жұмыс істемейді. Өнерден хабары жоқ бір кәсіпкер ұтып алады да, ұтқаны үшін әкімге «қалпағын» береді. Өзінің қалтасында қалары бар. Соңында мүсіншіге материалынан артылар-артылмас ақша түседі. Сондықтан мүсінші арзан материалдармен жұмыс істейді. Зауқы болмайды. Тіпті, көп жағдайда мүсіншінің аты аталмайтынын, барлық сұрақ әлгі тендерді ұтып алғандарға қойылатынын ойлап шабытсыз қолмен ғана жасап шығады. Ескі қалыптарды пайдалануы да ғажап емес. Ізденуге уақыт аз. Шала мүсін, ұқсас мүсіндер осылай дүниеге келеді. 

– Мемлекеттік конкурспен іріктелетін эскиздер де бар ғой. 

– Бар. Сондықтан ондай мүсіндер кем дегенде антропомологиялық аспектіде дұрыс шығады. Бірақ мемлекеттік комиссия мүшелерінің ішінде 2-3 қана суретші, мүсіншілер болады. Қалғанының хабары жоқ. Сондықтан кейде сәтсіз эскиздер таңдалып жатады. 

– Мұқағали ескерткішіне байланысты дау шықты. 

– Көрдім. Былайша, мүсін жаман да емес. Бірақ біздің санамызда қалыптасқан Мұқағалидың рухын сездірмейді. Ол аласа болғанынан емес, жалпы концепциялы композицияның жоқтығында. Фариза Оңғарсынованың да ескерткіші көңілге қонымсыз. Жүзі солыңқы. Оның үстіне, «юбка киген Махамбет» деген аты болса да, сонша аяқтарын аштырып қоюға болмайды ғой. Әлгі Қонаевқа қойылған мүсін тіптен күлкілі. Антика дәірінен бері қалыптасқан адам денесінің пропорциясы бар. Сол пропорция мүлде сақталмаған. Сақталмағаны былай тұрсын, авторы ондай өлшемнің бар екенін де білмейтіндей. 

Жалпы мұның бәрі жоғарыда айтып өткен олқылықтар кесірі. Және тағы бір мәселе бар. Мүсінші тапшылығы. Оқып келіп жатқан жастар аз. Қызығушылық төмен. Бәлкім біз ескерткіштерімізге сүле-соқ қараймыз деп жүріп, болашақ мүсіншілерімізден айрылып жатқан шығармыз.

Әр ру өз батырына, ақынына ескерткіш қоя беретін заман болды. Осылай кете берсе, расында жындының сандырағы келер ме екен?! Әлгі Тұрсынбек Қабатов ЛРТ тұғырларын руларға бөліп берейік, әрқайсысы өз бабасының ескерткішін тұрғызсын демеп пе еді? Дәл сондай күн туа қалса, бас музейіміздегі қаңтар кезінде қабырға артына жасырынған ескерткіш, енді бетон еденді қақ жарып жерге кіріп кететін шығар. Деп сенейік...

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы