• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Мамыр, 2022

Аполлон ғибадатханасынан Айтматов мүсініне дейін

Сыныпқа жас мұғалім кіріп келгенде қыздар жағы жымыңдай күлісіп, жігіттер жағы олардың назарын қызғанғандай сынай қарап үнсіз қалды. Қоңыр портфелін үстеліне қойып, жас мұғалім студенттерге қарап ұзақ отырған. Аудиториядағы алғашқы сабағы еді. Сондықтан алай да дүлей толқып отыр. Әлден уақта өзін қолға алып, әр студенттен жеке-жеке сұрай бастады:

– Не оқисыз?..

Тосын сұраққа біразы тосылып қалып, естерін жия жауап беріп жатқан. Соңғы партадағы сәнді киімді жігітке кезек жеткенде, мотивациялық, бизнеске бағыт беретін кітаптарды саналамай жөнелді. 

– Кешіріңіз, – деген жас мұғалімнің дауысы құмығып шықты. – Сіз филология факультетінің мемлекеттік грантының иегерісіз. Бизнес мектебі емес бұл жер. Көркем шығарма сұрап отырмын сізден.

– Ондайды оқымаймын, ағай. Менің жеке тұлға ретінде дамуыма әсер етпейтін кітапты оқығым келмейді. 

– Сіздіңше әдебиет адамды дамытпайды ғой?

– Әрине. Маған мүлде таныс емес кейіпкерлердің жан қиналысы мен өмірлік философиясы немесе олардың ғашықтығы мен дұшпандығының маған келіп кетері жоқ. 

– Онда неге біз сізбен филология факультетінде жүздесіп отырмыз?

– Осы мамандыққа түсу оңай болды және ...ну, мен... Жақсы сөйлей аламын. Дебаттарға қатысамын...

– Дәл осындай пікірдегі барлық студенттің шығып кетуіне рұқсат, – деп жас ұстаз есікті нұсқады. 

«Өнер – адамзат ақыл-ойы мен сезімінің жетістігі. Егер мотивациялық кітаптар адамға жалған һәм уақытша стимул берер болса, өнер туындысы адамның ішкі өзегін қалыптастырады. Ал адамның берік өзегі – мәңгілік мотивация генераторы» деп айтқысы келіп, студенттерге бұрылған. Олардың көзінен алғысы келетін бағаға деген құлшыныстан өзге ештеңе көре алмады. Үнсіздік.

***
Әдебиетке деген көзқарастың ауаны осы болғанда, өзге өнер салалары не болды сонда? Әдебиеттен хабары жоқ адам кескіндемені, музыканы, сәулет өнерін қалай түсінбек? Жазушының орнын блогер басып, кескіндеме орнын мемдік картиналар басқан қоғамның басты стимулы – байлық, ұраны – өзіңді таны. Қай-қай блогер психологтың, тіпті инфоблогердің де айтары осы сөз. Бірақ олар бұл сөз гректің Аполлон деп аталатын «өнер құдайының» ғибадатханасында біздің заманымызға дейін жазылып қойғанын білер ме екен? «Өнер құдайының» ғибадатханасында жазылды деген сөз «антика дәуірі адамның өзін тануына апарар жолды өнер деп көрсетті» деуімізге негіз болады. 

Иә, ежелгі гректердің философиямен әуестеніп, поэзияға бас ұрып, мәрмәрден сұлу мүсін қашауының астарында адамның өзін тануына деген талпыныс жатыр еді. Әрине, олар өз мәдениетіне сай адамның дене тұрқына аса мән берді және өнерді өмірден бөле қарады. Ал шығыстың кескіндемесі мен мүсін өнері өмірмен астасып кеткен болатын. Басты ескеретін тағы бір жайт бар. Ол – шығыстың сыртқы тұлғаға емес, рухқа үңілуі.

***
Біршама уақыт бұрын әлеуметтік желілерде қырғыз мүсіншісі Тамила Маматованың мүсіні көп талқыға түсті. Ол жазушы Шыңғыс Айтматовқа арналған мүсін еді. Кейіннен білдік, ескерткіш мемлекеттік тапсырыс емес, жай ғана Тамила ханымның дипломдық жұмысы екен. Осылай біз адамның өзін тануына мүсін өнері арқылы жол іздеп көргіміз келді. Тамила ханымға бірнеше сұрақ жолдап едік. Кешікпей жауап алдық.

– Орта Азияның скульптурасы жайлы не айта аласыз? Қай ғасырдан бастап дамыды және оның әлемдік скульптурадағы орны қандай?

– Нақты айту мүмкін емес. Бірақ Орта Азиядан табылған петроглифтердің ең көнесі біздің жыл санауымызға дейін V-ІІІ мыңжылдыққа тән деп көрсетеді ғалымдар. Яғни осыдан 7-5 мың жыл бұрын біздің бабаларымыз үңгір қабырғаларына суреттер сыза бастаған. Ал сурет болған жерде скульптура өнері де қатар жүрері сөзсіз. Ал әлемдік өнердегі орнына келер болса... Біздің елдерде мүсін өнерінің реалистік мектебі, бағыты жақсы дамып келе жатыр. Абстракцияның ауылы алыстау дегенмен, Қазақстанда мүсін өнерінің бұл мектебі қалыптасып келе жатқанын аңғауға болады. Десек те әлем скульптурасы реалистік бағытқа қайта оралып жатыр. Сондықтан Орта Азияның бүгінгі бағыттағы мүсін өнері әлемде жоғары бағаға ие. 

–  Мүсін өнеріндегі ұлттық колорит жайлы ойыңызды білгім келеді. Мысалы, әдебиет, кино, музыка секілді өнер салаларынан ұлттық колоритті анық аңғаруға болады. Ал мүсін өнерінде осы колорит қалай көрініс табады?

– Мен мүсіндерге қарап отырып, оның қай елдің мүсіншісі жасағанын ажырата аламын. Бәлкім, бүкіл өнер түсінер адамдарда бар қасиет шығар. Ал ұлттық колоритті мүсінде беру үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Белгілі бір ұлттың өкілі және сол ұлтты шын сүйетін мүсінші болсаң жетіп жатыр. Арғы жағын сенің саусақтарың өзі жасап шығады. Сен қанша қашсаң да, сол өзіңнің ұлттық бояуыңа барып ұрына бересің. Әсіресе Ресейде оқып жүріп, шетелдерде симпозиумдарда жүріп жасаған мүсіндерімнен қырғыз халқына тән бояуды анық әрі көп байқаймын. Соған қарағанда, мүсінге ұлттық бояу үстеу үшін сағыныштың да орны ерекше болса керек. 

– Өзіңіз жасаған мүсіндерден өзіңізді көре аласыз ба?

– Әрбір мүсін астарында, оның бір иірімдерінде немесе мүлде көзге елеусіз бір деталінде мүсінші өмір сүреді. Энергиясы сіңеді. Яғни әрбір мүсінде мүсіншінің деталі болса, кейде нақ өзіңді суреттеуге тырысатын мүсіндер болады. Менің «Атты қыз» атты туындым бар. Сондағы ат үстінде отырған қыз өзім едім. Түрімді анық ұқсатпауым мүмкін. Бірақ ол – мен. Тағы бір «Виолончельші» атты еңбегім болды. Аспабын құшақтап, шаршап отырған музыкант суреттеледі ол жұмыста. Әрине, ол музыкадан емес, мына күйбең тіршіліктен шаршап отыр. Бәлкім, ол осы тіршіліктен қашып, аспабын қайта-қайта тартатын шығар. Бірақ сол мүсін менің нағыз сол шақтағы хәлім болатын. Оқудан, шулы қаладан шаршаған мүсінші қыздың музыкант бейнесі.

–  Материалдар ішінде мәрмәрді жақсы көреді екенсіз. Бұл материал сізге несімен жақын? Мүмкін, ол сіздің табиғатыңызға ұқсайтын шығар?

– Ұнатпайтын материал еді алғашында. Физикалық жұмысы өте ауыр, шаң және көп жарақат аласың. Кейіннен жұмыс істей келе, мен оны ұната бастадым. Табиғатыма ұқсайды деп айта алмаймын. Бірақ жұмысты аяқтаған кездегі мәрмәрдің жалтырауы және оның мәңгілік мызғымас материал екенін ойлағанда рухтанып, осы бір әппақ тасты өзіңіз қалай сүйіп қалғаныңызды байқамайсыз. 

– Мәрмәр демекші... Біз сонша тамсанып жүрген антикалық немесе орта ғасырлық мәрмәр мүсіндердің көбі құйма, яғни құйма мәрмерден (исскуственный мрамор) жасалған дейді. Сіз осы болжамға сенесіз бе? Құйма мәрмермен жұмыс істеп көрдіңіз бе?

– Расында, сол мүсіндердің көбі құйма мәрмәрден жасалған деп ойлаймын. Өйткені оншалық дәлдік пен нәзіктікті нағыз мәрмәрден қашап беру мүмкін емес. Қатты дегенмен мәрмәр өте морт сынатын материал екенін естен шығармаңыз. Жасанды мәрмәрді нағыз мәрмәрден ажырату өте қиын. Ал антика дәуірінің мүсіншілері тіпті құпия рецепт білгендей көрінеді. Өйткені мен де жасанды мәрмәрмен жұмыс істеп көрдім. Ол нағыз мәрмәрдей эффект бере алмайды. Ал антика мүсіндері таза мәрмәр секілді.

 

– Мүсіндеріңіздің прототиптерімен метафизикалық байланысқа түсе аласыз ба? Мысалы, сіз Айтматовпен сөйлестіңіз бе? Немесе Абайға сұрақ қоя алдыңыз ба?

– Әрине, әрбір өнер адамы өз кейіпкерімен сөйлесе алады ғой. Мен де ойша Айтматовпен әңгіме айтып, Абайға сұрақ қойдым. Кейде мүсінді жасап жүріп, кейде жұмыстан кейін, кейде қолың жүрмей ашуланып отырып... Кез келген уақытта оған тіл қатуға болады. Ал жауапты бәрібір өзіңнен табасың...

–  Әрбір өнер саласының адамы әртүрлі түс көреді екен. Мысалы, жазушы түсі сюжетті келсе, суретші түсі бейнелі келеді деген секілді. Мүсіншілер қандай түс көреді? 

– Мүсін прототиптерін, расында, түсімде көп көремін. Әсіресе үлкен, іргелі жұмыс істеп жатқанда көп кіреді түсеме. Мысалы, Айтматов мүсінін жасап жатқанда жазушыны түсімде бірнеше рет көрдім. Расында, ол маған мүсінді қалай жасауыма көмектескендей көрінеді. Бұдан бір мифологиялық астар іздеудің қажеті жоқ шығар. Жай ғана ол адам жайлы көп ойланасың. Ал ойлар түске айналып кетеді. 

– Тарихи тұлғалардың мүсінін жасаудағы басты қиындық қандай?

– Басты қиындық – оны зерттеу. Зерттей жүріп, өзің сол адамға айналу. Сол адам секілді ойлану, сол адамның көзқарасымен әлемге назар салу. Егер мүсініңнің прототипі ретінде ойлана алмасаң, оның өмір сүрген кезеңін, сол кезеңге деген көзқарасын сол заман тұрғысынан зерделей алмасаң, жұмысың өнбейді. Тіпті оны жасап шыққан күннің өзінде ол өмірдегі мүсін прототипіне мүлде ұқсамай тұрады. Яғни сен оның сыртқы мүсінін бергеніңмен, жанын бере алмайсың. Мүсін прототипі болып күн кешу, ойлану, әлемге қарау – міне, ең қиыны осы. 

– Өзгелердің жұмысына сын айтудан неге тартынасыз?

– Өйткені мүсінші ретінде әрбір жұмыстың қаншалықты қиындықпен жасалғанын көріп тұрамын. Асығыс жұмыстар болады немесе өте ұзақ, алғашқы сезімді жоғалтып алып жасалған жұмыстар болады. Ол мүсінші көзіне анық байқалады. Сонымен бірге әрбір мүсін оның авторының шеберлігінен хабар береді. Соныдықтан болар, әріптестерімнің жұмысын сынып-мінеуге құлшынысым жоқ. 

– М.Әуезовтің мүсінін жасауға тапсырыс алды деп естідім...

– Біздің еліміздегі М.Әуезов музейінің алдына қойылатын бюстін жасап шықтым. Қоладан құйылды. Жазушының кітаптарын оқып, суреттерін және видеоархивтерін көп ақтардым. Маусым айында ашылу салтанаты өтеді. Мүсін көңілімнен шықты. 

–  Сіз сүйетін үш мүсінші және үш мүсіншіні атаңызшы.

– Орыс скульпторы Вера Мухинаны сүйемін. Әсіресе оның «Жұмысшы және колхозшы әйел» монументі таңғалдырады. Орыс мүсіншілерінен Юлия Сегальды да ұнатамын. Огюст Роден – менің өмірімде кездестірген ғажайып мүсіншілерімнің бірі. Ал скульптуралардың ішінде жоғарыда айтқан «Жұмысшы мен колхозшы әйел», Микеланжелоның «Дәуіт» мүсінін, Марк Антокольскийдің «Шаруа» атты жұмыстарын атар едім. 

– Елестетіңізші, сізге тарихи тұлғалардың бірімен әңгімелесуге мүмкіндік берілсе, кімді таңдар едіңіз? Және оған қоятын басты сауалыңызды айта аласыз ба?

– Мүсіншілерден Вера Мухина, Марк Антокольскиймен және өзім ұнататын барлық мүсіншілермен сөйлесер едім. Музыканттардан Паганини мен Моцартқа сұрақтарым бар. Жазушылардан, әрине, Айтматов және Әуезов. Басты сұрағым: «Кемеңгерліктің сыры неде?» Бірақ одан бөлек те сұрақтарым өте көп. 

– Заманауи мүсін өнері жайында ойыңызды білгім келеді.

– Әр елдің мүсін өнері табиғатына қарай дамиды. Мысалы, менің елімде тастан қашалған өнер мүсіндер көп. Өйткені біз таулы аймақтың тұрғындарымыз. Ал Ресейде қола мүсіндер көп. Өйткені ол далалы жер. Металл қазба байлығы көп. Қазір заманның кеңіп, елдер арасындағы қатынастың күшеюінен әртүрлі эксперименттер жүріп жатыр. Ресейде тастан қашалған скульптура дамуы байқалса, біздің елде қоладан құю етек алып келеді. Посткеңестік елдерде абстракция мектептері қалыптасып келе жатса, Еуропа реализмге қайта бет бұрды. Гиперреализм жанры да дамып келе жатыр. Әлемдегі скульптура өнеріндегі негізгі тенденциялар осындай. 

– Қырғызстанда тұрасыз. Бір сұқбатыңызда шетелден шақыртулар көп деген екенсіз. Егер шетелге көшер болсаңыз, материалдық жағынан жағдайым жоғары болады деп ойламайсыз ба?

– Расында, шетелде тұрып жұмыс істесем, миллионер болып кетпесем де, бақуатты тұратынымды білемін. Бірақ мен шетелде 2-3 айдан артық жүре алмаймын. Елді сағынам. Қырғызстанның өзіне тән ауасы, бояуы, сұлулығы бар. Оның үстіне мұнда менің туыстарым, жақындарым өмір сүреді. Оларды қиып кете алмаймын. 

– Ғалымдар мен қаламгерлер Нобель сыйлығына ұмтылады. Ал мүсіншілердің Нобель тектес сыйлығы бар ма?

– Біздің елде «Халық суретшісі» атағына ұмтылады көбі. Өте жоғары сыйлық саналады. Ал халықаралық деңгейде әркімнің өз арнасы бар шығар. Бірақ мен Британия королі медалін алып, офицерлік шен иеленсем деймін. Ол Британияда жеке көрмесін өткізген жас мүсіншілерге беріледі. Өмірлік мақсатым дей алмаймын. Бірақ ұмтылыстарымның бірі – осы. 

– Әңгімеңізге рақмет!

***
Кескіндеме пен мүсін өнері бейнелеу өнерінің екі діңгегі секілді. Оның қыр-сырын көпшілік түсіне бермес. Тіпті жалпы «өнер атаулы адамзатқа не үшін қажет?» деген қарапайым сұраққа жауап беру өте қиын. Расында, жоғарыда айтып өткен біреудің жан қиналысы мен философиясы екінші адамға не керек? Жалпы философияда бір парадокс бар. «Адам философияны оқымайды. Ғылым ретінде тарихын немесе өзге философтардың еңбектерін оқуы мүмкін. Негізінен адам өз философиясын қалыптастыруы керек». Яғни философтардың еңбектері мен ойлары мақсат емес, жол ғана. Адамның өзінің философиясын қалыптастыруға апаратын жол. Сонымен бірге пәлсапаның негізгі міндеті – сұрақ қоюға тәрбиелеу. Яки дұрыс сұрақ қоя білуге үйрету. Өнер де философияның осы қырын қамтитын құбылыс. Ол адамды өз-өзіне дұрыс сұрақ қоюға үйретеді. Ал дұрыс сұрақ – жарты жауап. 
Ал мүсін өнері қандай жол? Ол нендей сұрақ қояды? Жауабы қандай?

Біріншіден, мүсін өнері – адам рухының визуализацияланған көрінісі. Бәлкім, тұтас халық рухының көрінісі шығар. Яки халықты тану үшін оның мүсіндеріне, ескерткіштеріне назар аудару маңызды. Адам сол халықтың бөлшегі болса, ол монументтерден өзін таба алады. Мысалы, 2015 жылы Қаратаудың теріскейінен балбал тастар табылды. Өте керемет ойылған, қолдарына көзе көтерген қос балбалтас. Қасіреті сол, екеуінің де басы жоқ. Шабылып тасталғаны анық байқалады. Мен жоғарыда жас мұғалімнің өзім екенін айта отырып, осы мақаланы жазып отырған автор ретінде және қазақ деп аталатын халықтың өкілі ретінде, бәлки, жай ғана адам ретінде сол балбал тастардан өзімді көремін. Бассыз балбалдар – МЕН. Ал мен – Қазақпын!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

484 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Danae

17 Мамыр, 2022

PG SLOT เว็บตรง ไม่มีขั้นต่ำ สล็อตเว็บตรง ไม่ผ่านเอเย่นต์ SLOT PG เว็บใหม่ 2021 เว็บสล็อต pg แตกง่าย

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы