• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Мамыр, 2022

Дубляжға пафос жараспайды

Журнал тілшілері «Мың ырғақ» студиясына барып, дубляждың қалай жасалатынын біліп қайтты. Дубляж актері, «Ұлттық арнаның алтын дауысы» Азамат Қанапиямен және студия басшысы Құрман Әкпарияұлымен сұқбаттасты. Ғабит Мүсірепов атындағы театр артисі, дубляж актері Дарқан Сүлейменнен дубляж жасау мен дыбыстауды үйренгісі келетіндерге кеңес жазып алды. 

Азамат Қанапия қазақ көрермені сүйіп көрген «Асау жүрек», «Көкжалдар мекені», «Көшпенділер», «Сұлтан Сүлейман», «Алғашқылар дәуірі», «Көліктер-2» және тағы басқа фильмдер мен сериалдарды, мультфильмдерді дыбыстаған, дубляж жасаған. Актер дубляж түрлері, дубляж актері қаламақысы туралы және бұл саладағы кемшіліктер жайлы айтып берді.

Әркім-ақ дубляж актері бола ала ма?

Шыны керек, дубляж жасауға көлденең көк атты кіріп кете алмайды. Бұл жерге тіл мәдениеті, тіл техникасы керек. Өнер академияларында оқыған балалардың бәрі дубляж актері болып кете алмайды. Актерлік шеберлігі болғанымен, тіл техникасын ала алмай жатады. Өйткені дубляждың өз ерекшелігі бар. Синхрон дубляждауда липсинкке түсу, яғни дубляжын жасап отырған кейіпкердей ыңырсу, күлу, бүкіл қылығын түгел жасау актерларға қиын бола қоймайды. Бұған қосымша дубляж актерінің дауысы, яғни тембрі мықты болуы қажет. Кейбір актердің тембрі мықты болғанымен, «пафоспен» сөйлеп тұрады. Бұл өте жасанды шығады. Театр сахнасында өнер көрсетіп үйреніп қалған артистер көбіне осындай дауыспен оқығысы келеді. Пафос дубляжға жараспайды. 

Кейіпкер сезімін білдіріп жатыр, «мен сені сүйем» деді делік. Бұл сөз жүректен шығып, бәсең дауыспен айтылады. Оны пафоспен, дауысты көтеріп айтса, сөздің сүйкімі қашады. Пафосты бізге Кеңес өкіметі кезінен үйретіп тастаған. Маған келетін балалардың көбі жаттанды техникамен келеді. Поэзия оқығандағы ырғағы бірдей. Бұл жерде ең бастысы сөз еді ғой, жаттанды ырғақ емес. Сен сөздің емес, сөз сенің құлың болуы керек. Сөздің құлы болдың екен, сөздің жетегінде кеттің. Ал керісінше болса, сөзді қалай пайдалансаң да өзің білесің.

Синхрон дубляж, жартылай дубляж және дыбыстау деген бар:
• Синхрон дубляжда түпнұсқа толық өшіріліп, әр дубляж актері өз кейіпкерін жазады. Сол сияқты күледі, жылайды, бақырады және т.б. 
•  Жартылай дубляжда кейіпкердің сөзіне күрсініп барып сөйлеу немесе бір күліп алып сөйлеу деген сынды кішігірім эмоциялар қосылады.
• Дыбыстауда фильм немесе сериал экранда түпнұсқада жүріп жатады. Мұнда эмоцияны оңды-солды қолдануға болмайды

Синхрон дубляж бен дыбыстаудың айырмасы қандай?

Телеарналарда жүріп жататын сериалды дубляждау синхрон дубляждан күрделірек. Себебі ол жерде тіл техникасы маңызды. Ешкім актердің бір серияны асықпай дубляждап отырғанына қарамайды. Күніне бір сериядан жаза алмаймыз. Бір серия жазғаның үшін 4-5 мың теңге төлейді делік. Сондықтан актерлар күніне 4-5 серия жазып тастауға тырысады. Олай етпесе, дубляж актері ақшалы бола алмайды. Бұл үшін тіл техникасын меңгеру керек. Тіл техникасы деп нені айтып отырмын? Жылдам оқу, мәтінге жүйрік болу, тіл тазалығы, тіл мәдениеті және т.б. Сериалға дубляж жасағанда, актердің дауыс ырғағына қарамаған күннің өзінде шапшаң болуыңыз бірінші орынға шығып кетеді. 

Сериал дыбыстағанда дауысқа эмоция беруге болмайды. Қатты эмоция қосып қойса, кейіпкердің быт-шыты шығады. Өйткені мұнда синхрон дубляждағыдай липсинкке, артикуляцияға түсіп отырған жоқ. Олай болса, кейіпкердің сезімін эмоциясыз қалай әдемі жеткіземіз? Оның ішкі жан күйзелісін эмоцияны бәсеңдетіп, іштей ойнатып, жүрегіңді қытықтап отырып жеткізу керек. Бәрін кейіпкермен бірге көру керек. Жыласа, эмоциямен емес, іштей жылаған дұрыс. Ал синхрон дубляжда эмоцияны емін-еркін қоса береміз. 

«Дубляж үшін театрды да қойдым...»

Бізде «бармақ басты, көз қысты» әрекет көп қой. Біреу дубляж жасауға танысын кіргізіп жібереді. Кинода да сол. Барсаң, өнерге қатысы жоқ адамдар түсіп жатады. Енді бұл әдісті дубляжға әкеп жатыр. Сонысы жаман. Мәселен, мен өз ісімді жақсы көремін. Осы салаға бүкіл өмірімді арнап келе жатқан адаммын. Дубляж үшін театрды да қойғам. 2001 жылдан бері  тек осы салада келе жатырмын. Дубляжды бастағанда «әй, атым әйтеуір тарихта қалатын болды-ау», «қазақ тіліне еңбегім сіңетін болды-ау» деп қуандым.

Дубляж тек шет тіліндегі фильмге жасалмайды

Дубляждың үлкен қасиеті сол, ойнай алмаған актердің қатесін түзеп жібереді, артық ойнап қойғанды кері тартып, дауысын орнына қояды. Кейбір актердің түр-сипаты рөліне сай болғанымен, дауысы шиқылдап тұруы мүмкін. Мұндай рөлді дубляж құтқарады. Әлгі актердің дауысын дубляж актері салады. 

Былтыр Қазақфильм «Мұқағали» фильмін түсірді. Мұқағали деп құр дөңкитіп, қазақшасы таза емес актерді ойнатып қойыпты. Мұқағалидың дауысын дубляж актерына жазғызып, ым-жымын білдірмеуге болады ғой. Дубляжда жиі кездесетін немесе тапшы дауыс деген болмайды. Бізде бір айда шетелден келген бес-алты фильмді синхрон дубляждау актерлердің қолынан келеді, әлеуеті де жетеді. Шетел фильмдерінің орысша нұсқасын әкеп, кинотеатрлардан береді. Сосын астына шала қазақшасын титр етіп қояды. Сонша қорлайтындай қазақ тілінің еш кінәсі жоқ қой.

Дубляж актері қанша табыс табады?

Біз 2000 жылдары бастағанда, бір серияны дыбыстағанымызға 3 500 теңге төлейтін. Қазір де осы соманың айналасы. 21 жыл өтті, қанша девальвацияны, инфляцияны бастан өткердік. Қаламақыны көтеруін сұрап қаншама актер жоғарыға хат жазды. Нәтиже болмады. Бұрын доллар арзан еді, қайта сол кезде жақсы алыппыз. Қазір дыбыстауға төленетін ақыны өнер академиясын кеше ғана бітірген жастардың өзі менсінбейді. Бұл айтып отырғаным – сериалдарды дыбыстау, синхрон дубляж емес.

Бір сериалды төрт адам, әрі кетсе, бес-алты адам дыбыстауы мүмкін. Екі-ақ адам да істей береді. 2000 жылдары сериалдарды екі адам ғана дыбыстайтынбыз: бір әйел, бір ер адам. «Асау жүрек», «Көкжалдар мекені», «Хон Гиль Дон» және тағы басқа сериалдардың бәрі екі дауыспен оқылды. Әр кейіпкердің мінезіне қарай дауысты құбылтып отырамыз. 

Ал синхрон дубляжды жазғанда әр актердің қаламақысы әртүрлі болуы мүмкін. Менің тәжірибемде бір фильмде тек бір кейіпкерді дыбыстағаным сирек. Көбіне екі-үш адамды дубляждап шығамын. Фильмнің басты кейіпкеріне дубляж жасайтын актер өз қаламақысын «маған осынша төлеңіздер» деп айта алады. Кейде 1000 доллар дейсіз, кейде 300 доллар, 500 доллар. Жас актерлер кем дегенде 300 доллар алатын шығар. Жалпы, синхрон дубляждың қаламақысы келісімге байланысты. Бір шетел фильмін немесе мультфильмін 20-30 актер дубляждауы мүмкін. Жарнаманы кезінде 100 доллардан оқитынмын. Доллар көтеріліп кеткен соң сол баяғы бағада қалып қойдық. Бір жарнаманы 18-20 мың теңгеден оқимыз.

Дубляж жасауды үйрену үшін...

Дубляж актерлері Азамат Қанапия мен Дарқан Сүлеймен дубляж жасауды үйренуге қажет әрекеттер туралы айтып берді. Дегенмен мұның бәрін арнайы маманнан үйрену керек екенін ескерте кетейік.

1. Демді дұрыс алу. Адам ұйықтағанда кеудесімен демалмайды. Болмаса, кішкентай баланы бақыласақ, ол ішімен дем алады. Ал біз кеудемен дем аламыз. Дем көкет (диафрагма) арқылы алынуы керек. Сонда дем мұрынмен алынып, ішке өтіп, арқаға тіреледі. Ішпен дем алу деген болады. Демді дұрыс пайдалансақ, тамаққа күш түсірмейміз. Тамақ бітіп қалмайды. Демі дұрыс емес актер тамағын қысып алып сөйлейді де, айғайласа, 5 минутта-ақ өшіп қалады. Дем дұрыс болса, тіл алға шығып кетпей, таңдайға жатып, әріп анық айтылады.

2. Дикция. Ауыз, тіл, жақ, ерін – дубляж жасаудағы аппарат. Аппаратты дұрыс қолдану үшін анда-санда жаттығу жасап тұру қажет. А.Қанапия арасында жақты ашып-жабады. Сосын тілді де жаттықтырып, «жазадра, жазадре, жазадро, жазадрө» деп әдейілеп сөйлейді. Демді ерінмен қалқалап шығарып, аппаратты қалыпқа демде келтіреді.

3. Ішкі икем. Синхрон дубляж жасағанда кейіпкер қалай құбылса, дубляж актері де солай құбыла білуі қажет. Кейіпкердің жай-күйін ішіне сала алуы керек. Кейбір дубляж актерінің дауысы әдемі болғанымен, кейіпкерінің ашу-ызасын жеткізе алмауы мүмкін. Эмоциясыз, күйзеліссіз, шын ашусыз қатып қалған дауыспен айқайлайды. 

4. Мәтінге жүйрік болу. Сериалды немесе фильмді дыбыстағанда (дубляж жасау емес) уақыт шектеулі болады. Бір күнде бірнеше серияны бітіру керек. Қолыңа қазір алған мәтінді бірден оқып кетесің. Қазір көріп тұрсаң да түсініп, сол мәтінде сөйлей білу керек. Бұл үлкен кәсіпқойлықты талап етеді. Бұл үшін күніне 2 сағаттан дауыстап кітап оқуға кеңес береміз.

 «Мың ырғақ» студиясының директоры Құрман Әкпарияұлы бір туындының қалай дыбысталатынын айтып берді. Студия 2015 жылдан бері дубляж саласымен айналысып келеді.

«Сериалды бастан-аяқ жасауға кемі 2-3 ай керек»

Студиямызды бұлай атағанымыз, бұл жерден мың түрлі өнер шықсын деген едік. Өзім бұрыннан ән өңдеумен (аранжировкамен) айналысамын. Ән жазатын, ән шырқайтын өнерім бар. Студия тек әуен өңдеумен шектелмей, дубляж жасау сияқты түрлі саламен айналысқанын қалаймын. 2016 жылдан бері фильмді, мульфильмді, бағдарлама анонстарын, жарнаманы дубляждап келе жатырмыз. 

Дубляж саласында қызу маусымның қашан боларын алдын ала болжай алмайсың. Бәрі жаңа фильмнің, сериалдың шығуына байланысты. Жыл бойы ештеңе дыбыстамай, желтоқсанда аса ірі тапсырыс түсуі мүмкін. Оны бастан-аяқ жасауға бір ай жетпейді, кемі 2-3 ай керек. Жақында 65 сериалы туынды алдық. Қазір қазақшаға аударылып жатыр. Аударманы телеарна редакторы үстінен қарап, түзеп шығады. Сосын сериал дубляж режиссерінің қолына өтеді. Сериал кейіпкерлерін көріп шығып, оларды дыбыстай алатын актерлерге кастинг жариялайды немесе арнайы шақырады. Дубляж актерлері толық болған соң іске кірісеміз. 

Тым болмаса, бастапқы 15 серия дайын болса, оны 3-4 күнде дыбыстап шығамыз. Ал сериал түгел дайын болса, бір күнде кемі бес серия жазып отыруға тырысамыз. Дубляж актерінің қаламақысы тапсырыс берушінің бізге төлейтін қаражатына байланысты. Өзім актерлерге барынша жақсырақ төлеуге тырысамын. Көңілі тоқ боп, риза боп жүргенін қалаймын. Басқа студиялардан көп төлеймін дей алмаймын, дегенмен әр серияға 2-3 мың теңге болсын артық төлегім келеді. Ең аз төледім деген күнде актерларға сериясына 7-8 мың теңге беретінмін. Дегенмен қазір теңге құнсызданған уақытта 6-7 мың теңге дегенді айтуға да ұяласың.

Студия дубляж жасауды да үйретеді

«Мың ырғақта» дубляж жасауды үйрететін екі айлық курс жүреді. Бағасы – айына 30 мың теңге. Бір топта 10 адамнан бар. Ең кішісі 11 жаста, үлкені 40-қа таяған. Қазір екі топпен жұмыс істейміз, бірі – күндіз, екіншісі кешке келеді. Аптасына екі рет. Негізі сабақ ұзақтығы – 2 сағат, бірақ сабақтар 3-4 сағатқа созылып кете береді. 

Сабақты Азамат пен Дарқан жүргізеді. Бірінші айда ішпен дем алуды үйретеді. Дегенмен бұл бір-екі айда үйреніп кететін нәрсе емес. Ол тәжірибемен келеді, кейде оны үйренуге жылдар кетеді. Біздің мақсат – тыныс алудың бағыт-бағдарын беру. Одан кейін поэзия, жарнама және деректі фильм оқуды үйретеміз. Курс студенттері екінші айда тек дубляж жасаумен айналысады. Бір мультфильм мен бір фильмге дубляж жасап шығады. Бірде «Алматы» телеарнасына 26 сериялық мультфильм жазып бердік. Оның дыбыстауына курсымыздағы Аяжан мен Қымбат деген қыздар қатысты. Өздеріне бөлінген қаламақысын алды. Жұмысқа жарады деген – сол.

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

Фото: Азамат ҚҰСАЙЫН

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы