• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Мамыр, 2022

Балалар әдебиеті: заманға сай шығармалар қажет

Балалар әдебиетінің бала болашағы үшін атқаратын рөлі зор. Егер бала күнінде қандай да бір кітап оны қызықтыра алса, ары қарай да кітаппен дос бола бермек. Сол үшін болар, әдебиеттің басқа бағытынан гөрі Балалар әдебиетінің жанры көп. Тақпақтан басталған жанр санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, метаграмма, өтірік өлеңдер, мысал өлеңдер, мазақтама боп түрлене береді.

ТЕЛЕФОН ТУРАЛЫ ТАҚПАҚ ҚАШАН ЖАЗЫЛАДЫ?

«Аю отыр партада» деген тақпақты білмейтін бала жоқ шығар. Бала біткеннің аузынан түспейтін осы тақпақтың соншалықты берер тәрбиесі жоқ. Бірақ жаттауға оңай болған соң тез-ақ таралып кетті. Ал Бердібек Соқпақбаев жазған «Пеш түбінде мысық отыр», Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Ағайынбыз бәріміз» деген тақпақтары көркемдігі жоғары, жаттауға да оңай. Әнуарбек Дүйсенбиевтің «Апаң сенің базардан...» деп басталатын тақпағының құрылымы ерекше. Яғни ойын өлеңі. Тақпақ соңында бала біткен «Рақмет айтып жеу керек» деген сөзді айтқанда, үлкен мәдениетті үйреніп тұрғанын байқамай да қалады. 
 

Ал қазір заманауи тақпақ жоқтың қасы. Мәселен, бүкіл баланың қолындағы телефон туралы не тақпақ, не жұмбақ, не жаңылтпаш жоққа тән. Самокат, героскутер, ютуб, инстаграм, тик-ток туралы шығармалар керек-ақ. Себебі олар – бүгінгі баланың өмірі. Одан бәрібір алшақтата алмаймыз. Балалар қаламгері Серікбол Хасанның пандемия басталғанда жазған «Қолыңды жу» тақпағы балаларға ерекше әсер етті. Оған ән жазылып, «Балапан» арнасынан берілгені де балаларға арналған сәтті шығарманың керегін дәлелдеді. Демек, баланың тамырын дөп басқан тақырып жерде қалмақ емес. Ал «Балдырған» журналының «Кім тез жаттап алады?» айдары ескі тақпақтарды қайта жариялауға мәжбүр. Қазіргі балалар қаламгерлері көбіне қандай жанрды қолай көретінін балалар ақыны Қуат Адистен сұрап көрдік.

Қуат АДИС, балалар қаламгері:

ЕРЖЕҢІС ҰСТАЗДЫҢ ЕСЕП-ӨЛЕҢІНІҢ ПАЙДАСЫ КӨП

– Балалар әдебиетіндегі жұмбақтар, жаңылтпаштар баланың ойын дамытса, есеп-қисапқа құрылған өлеңдер қисынды ойлауға қалыптастыратынын айтады ғой мамандар. Қазақ балалар әдебиетінде бұрыннан логикалық өлеңдер бар. Жыпырлаған сандармен немесе қара сөзбен емес, өлеңмен берілген есеп баланы қызықтырады. Балалар әдебиетінің бұл жанрын дамыту үшін алдыңғы буын ағаларымыз айтарлықтай еңбектенді. Бірақ олардың қатары көп емес... 

Қазір қызылордалық ақын Ержеңіс Тастыбайұлы балалар әдебиетінің осы жанрын жандандырып жүр. Ержеңістің өзі ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі. Сондықтан шығар, автордың сұрақ белгісімен аяқталатын қай есебі де баланы бірден елең еткізеді. Оларды өзінше ойлауға, математикалық амалдарды дұрыс орындауға үйретеді және екі немесе төрт шумақтан аспайтын тақпақ-есептер ойнақы сөздермен дәлме-дәл берілген. Өлең жеңіл әрі қызықты. Мәселен, «Жасы нешеде?» деген есепке назар аударайықшы:

Айжанның жасы он есе, 
Әкесінен кіші еді. 
Яғни оның әкесі, 
Қырықтағы кісі еді. 

Тоғыз есе Айжаннан, 
Үлкен еді анасы. 
Анасының сонымен, 
Қанша еді жас шамасы? 

Немесе «Төлдердің саны» деген өлеңде: 

Қалғандарының жартысы – 
Қошақандарым болатын. 
Одан қалғанның ширегі – 
Ботақандарым болатын. 

Одан қалғанның ширегі – 
Құлындарым жүр албарда. 
Қалғаны енді бұзаулар – 
Жайылып жүрген сол маңда. 
Төлдердің бәрі қанша екен 
Бұзаулар тоғыз болғанда? 

Автордың бұл өлеңі тек есепке ғана құрылған деуге болмайды. Байқасаңыз, екі шумақта төрт түліктің төлдері аталады. Қазір төрт түліктің өзінің де, төлінің де атауларын қала баласы түгіл, ауыл баласы да жөндеп білмейді. Одан бөлек, өлеңде балалардың көбі естімеген «албар» деген сөз жүр. Бұл автордың кішкентай оқырмандарының дүниетанымын кеңейту мақсатында қолданған тәсілі деп ойлаймын және онысы өте сәтті шыққан. Ержеңістің осындай есепке құрылған өлеңдерінің бәрінің өне бойынан ұлттық иіс шығып тұрады. Мәселен, халқымыз тұтынған көне тұрмыстық заттардың атаулары, қала атаулары, жан-жануарлар мен құстардың атаулары, жеміс-жидек атаулары, ұлттық аспаптардың атаулары, ұлттық ойындардың түрлері және заттардың түстері айтылады. Бұлардың барлығы балалар тәрбиесінде көмекші құрал қызметін атқарады деп айтуға болады...

Жас қаламгер, аудармашы Алпамыс Файзолла шетелдік қаламгерлермен жиі сұқбат жүргізеді. Біраз уақыттан бері шетелдік әріптестерінің сырына қанығып қалған Алпамыстан шетелдегі балалар әдебиетінің жай-күйін сұрап көрдік. Әлбетте, оларға да жанрдан бұрын тақырып маңызды екен.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА, аудармашы:

ШЕТЕЛДІКТЕР ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫНА МӘН БЕРЕДІ

– Венгрияның Нора Майорош деген балалар жазушысы бар. Ол «Отбасы 3*1» («Family 3*1») деген кітабында Еуропада отбасы құндылықтарының соншалықты құлдырап кеткенін жазады. Өз елінде емес, күллі Еуропаның басында бар мәселені жазған. Өйткені онда ажырасу көп. Жазушының әкесі де бірнеше рет үйленіп, ажырасқан екен. Сондықтан ол кітабында отбасы құндылығын насихаттайды. Бала жарты отбасында өссе де, өгей әке не шешемен тұрса да, ол жылылықты сезінуге тиіс деген идеяны айтады. Кітапты 9 жасар қыздың атынан баяндап жазған.

Израильдік ұстаз әрі жазушы Паулина Гейбл-Карвидің «Профессор Фроггимен бірге ұшу табақшасына мініп, бүкіл әлемді аралаймыз» («On the Plate Around the World With Professor Froggie») деген кітабы бар. Фрогги – бақа профессор. Автор ойлап тапқан кейіпкер. Кітапта баланың зейінін арттыратын сөзжұмбақтар, жұмбақтар, ребустар, өлеңдер берілген. Соларды шешкізіп, баланың өзіне өлең жазғызып, кітап жазуға тәрбиелейді. 

Елена Стельмах – беларус жазушысы. Ол жазушымен сұқбаттасқанымда, беларус балалары да қазақ балалары сияқты орысша көп сөйлейтінін айтты. Оған қарсылығын білдірді. Кез келген баланың дүниетанудағы мектебі ана тілі болу керек деді. Кез келген ұлттың болмысы ауылда жатыр деген пікірі де есімде. «Қазір жасыңыз үлкен. Кішкентай балалардың қиялына қалай ілесесіз?» деген сұрағыма: «Мектепке барып, артқы партада отырамын. Солайша балаларды зерттеймін», – деп жауап берді. Сонымен бірге ол кішкентай немерелерімен көп әңгімелесіп, кітаптарын солармен бірлесе отырып жазады екен. Осындай да тәсілі бар. 

Литвалық жазушы Яронимас Лауцистің балаларға арналған жүзден астам кітабы бар екен. Кітаптары бірнеше шет тілге аударылған, танымал жазушының бірі. Өзі балалар журналын басқарады екен. 1990 жылдары сол журналдың таралымы 80-100 мың аралығында болған. Ал қазір 100-ге де жетпейтінін айтты. Сол себепті балалар әдебиетін қойып, ересектер әдебиетіне ауысып кеткен. Неге дегенімде, «қазіргі балалардың құндылықтары өзгерді, менің оқырмандарым – ересектер» деп жауап берді. 

Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхамедов «Көше балалары», «Тастамашы, ана», «Ертегісіз өткен балалық шақ» деген кітаптар жазған. Ол кітаптарда балалар үйінде өскенін, сонда көрген қиындықтарын жазған. Әке-шешесінен ерте ажырап, жеті бауырымен бірге балалар үйінде өскен. Кітап жарық көрген соң, тексеру нәтижесінде сол балалар үйі жабылған. «Бұл тақырыпты неге жаздыңыз?» дегенімде: «Балалар ата-ананың, отбасының қадірін білу керек. Мен жазушы болам деп ойлаған жоқпын. Біз көрген қиындықты келесі ұрпақ көрмеуі керек. Осы дүниелер ішіме сыймаған соң жаздым», – деп жауап берді. 

«Балдырған» журналының архивін ақтарғанымызда, балалар поэзиясы мен балалар прозасының молдығын байқадық. Дей тұрғанмен ерекше жанрды жазылған шығарма бала түгіл ересек адамның назарын аударады. Заманға сай өмірге келген комикс, фэнтези сияқты жанрлар да өзінше соқпақ салып келеді. Балаларға арналған шығарма қай жанрда жазылса да, көркемдігі мен құндылығы басты орында болса дейміз.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2022

546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы