• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Маусым, 2022

Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы: Алаш мәселесінде біз әлі ағартушылық деңгейде жүрміз

Елдос «Ұланмен», «Ақ желкенмен» өсті. Елгезек жас мектеп қабырғасында жүргенде балалар басылымдарымен белсене араласып, аймақтағы өкілі секілді бір жанашыры болды. Жоғары оқу орнын аяқтап, үлкен өмірге араласқанда, Елдостың Алаш қайраткерлері тақырыбын таңдап, жаңа, бұрын айтылмаған талай тарихты аршығанына куә болдық. Ол осы мақсатта түрлі экспедицияларға қатысып, архив құжаттарын молынан ақтарды. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен аты аталмай жүрген Алаш қайраткерлерінің мұрасын кітап етіп бастырды. Өзінің айтуынша, қолында әлі талай кітапқа жүк болатын дүниелер бар. Соңғы кездері Елдос әлеуметтік желілерде Алаш қайраткерлерінің өміріне қатысты тың деректерді тезис түрінде жариялап, аудиторияның тарихқа жаңаша көзқарасын қалыптастыру жолында тынбай еңбектеніп жүр. Бүгінде Анкарадағы Қажы Байрам Уәли университетінде (Түркия) әдебиет факультетінің ізденушісі болып жүрген жас ғалымды сұқбатқа тарттық.

– Елдос, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне қызығушылығың қалай басталды? Білуімізше, Арқалық университеті алғышарт жасап берген сияқты.

– Мен – «Халық жауы» ретінде қуғындалып, «байкулак» болып үлкен әкесі атылған; бала жасында шекара асып, Қытай топырағында ержетіп, Сталин өлген соң (1956 жылы), атажұртына келіп қоныстанған тағдырлы Тоқтарбай деген ақсақалдың тізесінде өскен шөбересі едім. Ата мен әженің тәрбиесін көрген, Алаш тарихының дүбірлі оқиғалары өткен Қапал-Ақсу аймағында өскен соң, ұлт асылдарының өмір жолы туралы есті сөзді ес білгеннен бері естіп, санама тоқыппын. Иә, Жетісуда туған менің бағыма тағдырым қасиетті Торғай даласында оқуды нәсіп еткен екен. Торғай – Алаш тұлғаларын тудырған киелі жер. Арқалықтағы педагогикалық оқу орнында жүргенімде ұстаздарым Алаш тақырыбын зерттеуді тапсырған-ды. Осы күні «алаштанушы» деген аты бар зерттеуші бола алсам, ең әуелі осының бәрі – сол Арқалықтағы альма-матерімнің нәтижесі, өзіңіз айтқандай, алғышарты жасалған негізім десем болар...

– Жалпы, Алаш қайраткерлеріне қатысты елімізде жабық тақырыптар бар ма? Не айтылмай жатыр, не айтылуға тиіс?

– Алаш тарихы, Алаш қайраткерлерінің ғұмыр жолына қатысты, әсіресе, репрессия, қуғын-сүргін кезеңі туралы індете зерттеуге мүмкіндік аз. Себебі, бұл тақырыпты жан-жақты зерттеуге, тұрақты насихаттауға мемлекеттік деңгейде ресми болмаса да «ауызша» бір тыйым салынған-ды. Мәселен, Алаш мемлекетінің тарихи жылы (100 жылдық мерейтойы), ұлт көсемі, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы «жетім қыздың тойындай» өтті. Бұрынғы президент тарапынан ләм-мим деген құттықтау да болмады. Тек «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл деп сол кездегі Мемлекеттік хатшы конференцияға келіп, кіріспе сөз сөйлеп кеткені ғана есте қалған. Ақиқатында, ҚР Үкіметі Алаш тұлғаларына әлі күнге дейін лайықты саяси бағасын берген жоқ. Алаш идеясы, Алаш идеологиясы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ұлттық идеологиялық ұстанымымен үйлесе алмай, күн түспейтін көлеңкеде, дұрысы, жертөледегі күресінде жатыр емес пе! Оны аршып алып, сүртіп, халыққа жоғалғанын беріп, танытуға Үкімет жүрексінеді. Алаш идеясы халықтың қалғып кеткен рухын, ұлтшылдығын оятады деп қорқады. Өйткені Алаш идеясында «Пайда ойлама, ар ойла!» деген тазалық пен имандылық, жаман қасиеттерден жирендірер рух пен намыс, ұлтшылдық белгілер бар-тын. Біздің елде мемлекеттік стратегияны жүзеге асыруға бәріне орын бар (діни секталар жұмысы, гендерлік саясат т.б.), тек Алаш идеясына ғана орын жоқ! Ендігіде Қ.Тоқаевтың «Екінші республика – Жаңа Қазақстан» бастамасынан мол үміт күтеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы жауапкершілігін қолына алғаннан бері ресми сөздерінде жиі-жиі Алаш тұлғаларының аты-жөнін, өнегесін атап, аймүйіз серкелердің қанатты сөзінен мысал келтіріп жүргені жабырқаулы көңілге сенім ұялатады. Мемлекет басшысының 2020 жылдың 24 қарашасында қабылдаған № 456 Жарлығына сәйкес 1920-1950 жылдары Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, атылған немесе қуғындалған азаматтарды толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Яғни Қазақстанда Совет одағының орнауы, алғашқы жылдарындағы жеке басқа табынушылықтың салдарын жан-жақты зерттеуге жол ашыла бастады.

– Алаштықтардың қазынасына тап болуың арнайы Ілияс Жансүгіров экспедициясында басталған сияқты. Осы мәселені ашып айтып берші.

– Алаш қозғалысын, өкілдерін, мұрасын танып, зерттеп келе жатқаныма он жылдың жүзі болған екен. Осы он жылдың ішінде алыс-жақын шет мемлекеттердің бірқатар архив, кітапханаларының сирек қорларымен жұмыс істеп, айлап жатып, мол дерек пен құжат таптым. Оның сыртында, оннан астам халықаралық ғылыми экспедицияларға мүше болып, Алашқа қатысты тарихи жерлермен жүріп өттік. Бұл ретте ұстазым, профессор Айгүл Ісімақованың қолдауын айтпай кетуге болмас. Айгүл апайым алғаш рет үлкен экспедицияға мүше қылып, ғылыми топ қатарына қосып, тұсауымды кескен-ді. Содан бері әртүрлі университет, әкімдік, зерттеу институттары тарапынан ұйымдастырылған экспедицияларға мүше болып, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан архивтеріне барып, жұмыс істеп көрдік. Осының бәрі құпия қойма көрген архивистзерттеуші болып қалыптасуыма көп пайдасын тигізді. Тәжірибе жинақтауға сеп болды.

Ілияс Жансүгірұлының 125 жылдық мерейтойы аясында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Мәскеу, Петербор архив, кітапханаларымен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Ғылыми сапар барысында ақынның 19 кітабын, ғұмырнамасына қатысты 73 құжатын тауып, ілиястануға жаңалық қосқан болатынбыз. Алла сәтін салса, болашақта Ілияс Жансүгірұлының ғұмырнамасы, шығармашылығына қатысты тың деректер негізінде көлемді еңбек жазамын деген жоспарым бар. Асылында, Құлагер ақынның ғұмырнамасына қатысты түйіні шешілмеген, құпиясы мол сырлар бар, соларға жауап беру, түйін таратуды парыз деп ұғамын.

– Алашшылар тарихы қазақ тарихына мүлде қайта қарауымыз қажет екенін байқатып жатыр. Жангелдин, Бокин, т.б. сияқты бір ғасырдан астам уақыт ардақталып келе жатқан тұлғалар туралы мұрағаттың өзің пайдаланып жүрген соңғы деректері қандай бағытқа жол ашуы мүмкін? Біз сондай тұлғаларды басқаша қабылдай аламыз ба?

– ХХ ғасырдың құпиясы уақыт өткен сайын ашыла түседі. Совет билігі сталиндік репрессия жылдарында халықтың беткеұстар азаматтарын түгелдей қырып, қазақ тарихын, тарихнамасын социалистік идеология негізінде жаздырған болатын. Қазақ-совет тарихшылары жазған «миф» тарих аясында Амангелді Иманов «Халық батыры» ретінде ұлықталып, оның атына республика деңгейінде насихатталды. Колхоз, ауыл, көше, мектеп аттарына оның есімі беріле бастаған. Орыстардың Павлик Морозовы сияқты қазақтың Болатбегі де табылды. «Батыр бала Болатбек» мектеп оқулығына еніп, қазақ жасөспірімдерінің санасына есімі мықтап орнықты. Сталиннің сенімді серігі болған, анығында аты-жөнін өзгертіп, дінін ауыстырып, шоқынған Әліби Жангелдин (Николай Степнов) революционер ретінде ұлықталды. Ал шын мәнінде осы Жангелдин қара қазақтың төбесіне әңгіртаяқ ойнатқан, өз халқын мансап үшін қойша қырған, ұлт-азаттық күресі үшін бостандық талап еткен қазақ оқығандарының үстінен арыз жазып түрмеге қаматып, итжеккенге айдатқан опасыз болатын-ды. Тоқаш Бокин, Елтай Ерназаров, Ғаббас Тоғжановтардың бәрі большевиктер еді. Олар – Алаш идеясына, көзқарасына қарсы шығып, халықты орға жығып, Голощекинмен бірігіп «Кіші Қазан» оқиғасын ұйымдастырып, қолдан ашаршылық жасап, сол нәубет жылдарында өздеріне Кремльден орден, медаль тілеген нағыз опасыздар. Архив құжаты осындай шындықтың құпиясын ашып, ұзақ уақыт культке айналған «қаһармандардың» шынайы бет-бейнесін анық көрсетіп отыр.

Менің осы сатқындық мәселесін зерттеудегі негізгі мақсатым – тарихи тұлғаларды әшкерелеп, аруақпен алысу емес, тек өткеннің тарихи қателігінен сабақ алып, жастар мен жасөспірімдерге Советтік Қазақстанның шынайы тарихын таныстыру. Қазір әлеуметтік желідегі оқырмандарым күн сайын менен шынайы тарихты айтыңыз деп сұрап, қызығушылық танытып отырады. Аллаға шүкір, жастарымыздың біразы Алашшыл. Міне, осы буынның санасы коммунистік идеологиямен уланбаған, ашық пікірлі, азат азаматтар. Өткеннің тарихынан сабақ алып, рулық, дершілдік дертті қоздырмауға бәріміз жауаптымыз. Аз ғана қазақ қырық пышақ болып, өзара қырылысып жатсақ, сыртқы жау өз мақсатына, арам ойына пайдаланып кетуі әбден мүмкін. Әліби Жангелдин, Елтай Ерназаров, Амангелді Имановтардың бәрі де – тарихи тұлғалар. Оларды ешкім төл тарихымыздан сызып, жоқ қыла алмайды.

– 1988 жылдан бері Алаш ақтаңдақтары туралы көп нәрсе айтылды, жазылды. Бірақ Байтұрсынұлынан бастап, Ермековке дейінгі тұлғалар жақсы аршылғанмен, бір ЖОО деңгейінде диссертация болып қалған, бірақ қазаққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз аяулы ерлер өте көп. Өзің де өзің сияқты жанкешті жас ғалымдармен бірге солардың бірқатарын қайта таныта бастадың. Тағы кімдер айтылмай жатыр? Қазақ жасы тағы кімнің қандай ерлігін ескерусіз қалдырмауға тиіс?

– Алаш тарихы – мұхит сияқты сарқылмайтын сөз. Рас, 1988 жылдан бері алдыңғы толқын алаштанушы ұстаздарымыз көп істі тындырды. Алаштың серкелерін жан-жақты танытты. Ал соңғы он жылдан бері біздің қатарлас әріптестеріміз Алаш қозғалысының мүшелері, Алаш әскері, Алаш меценаты сияқты келелі тақырыптардың айналасында індете зерттеп жүр. Балалар ақыны, журналист Серікбол Хасан зерттеуші Болат Мүрсәлімнің дәстүрін жалғастырып, Алаш тарихына қатысты тың фотосуреттерді тауып жүрсе, зерттеуші Заңғар Кәрімхан Тұрсын Жұртбай ұстазымыздың жолымен Абай ұрпақтарының Алаш кезеңіндегі қызметін, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жағдайын зерттеп келеді. Ал Ұшқын Сәйдірахман мен Абай Мырзағали, Алтын Ақыпбековалар Ғарифолла Әнес, Светлана Смағұловалардың ізімен Алаш баспасөзінің тарихын түгендеп, белгісіз басылым беттерін тауып, олқылықтың орнын толтырса, Еркін Ерланұлы Алаш мемлекетінің тарихын архивтік дерек негізінде жазып, академик, бас алаштанушы Мәмбет Қойгелді ұстазымыздың ұстанымына сай еңбек етіп келеді. Бүгінде отызға жуық жас алаштанушы ғалым осы тақырып аясында өнімді еңбек етіп, төл тарихымызды жаңаша зерделеп, насихаттап жүргені бар.

Өкінішке қарай, біз қазір Алаш тарихын насихаттаумен шектеліп қана қалдық. Ағартушылық кезеңде жүргендейміз бейне бір. Ал ақиқатында біздің қазір Алаш методологиясын жазып, мемлекеттік идеологияға айналдыратын шағымыз еді. Амал нешік?! Алаш қозғалысының ниеттестері мен мүшелерінің санын нақтылау қажет. Бір ғана «Қарқаралы құзырхаты» (петиция) құжатына қол қойған 12747 адамның кім болғанын, қандай азамат екенін анықтау – аса маңызды іс. Саяси талапарызға екінің бірі қол қоймаса керек. Олардың бәрі өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары болатынды. Міне, негізгі мәселе, алдымызда тұрған түйткіл – осы. Репрессияға ұшыраған 120 мың азамат, ату жазасына кесілген 25 мың азамат – бәрібәрін анықтауға тиіспіз. Қазір біз ары кетсе онға жуық Алаш тұлғасын білетін болармыз... Ал олар он ғана емес еді!

– Әлеуметтік желідегі парақшаларыңа Алаш қайраткерлерінің өмір үзіктерін нақты деректермен, қысқа да нұсқа етіп ұсынып жүрсің. Қандай дерек сені қатты таңғалдырды, қандай дерек қатты сүйсіндірді?

– Мені қызықтыратын нәрсе – Алаш тұлғаларының әлеуеті. Әлі күнге дейін олардың қабілет-қарымына, талантталабына сүйсіне, қызыға қарап, тамсанып отырамын. Бәрі шетінен сайдың тасындай іріктелген бекзадалар еді! Заман тудырған, тарих өзі саясат сахнасына шығарған, Тәңірдің миссиясын орындау үшін келген оғландар еді! Ғұламаларымыздың жан-жақты, көл-көсір білімі, 8-9 тілді еркін меңгергені, «Қазақты қайтсем көгертемін» (Сұлтанмахмұт ақынның өлеңінен) деген ойдан басқа ойға малданбай, дүние-мүлік жинамай, ұлттық мүддені бәрінен биік қойған Отаншылдық махаббаты, туған топыраққа деген зор сүйіспеншілігі, айдауда, қуғын-сүргінде жүріп, қиналмай, шығармашылықпен айналысқаны мотивация, жігер береді, жүрекке сенім ұялатады. Ұятымның бетін тырнап, түн ішінде тәубеме түсіреді.

Біртуар тұлғалардың өмір жолынан ғибратты, өнегелі деректерді жинап, балалар мен жасөспірімдерге арнап әңгіме, тарихи миниатюралық толғаныс, үзік сыр жазып жүрмін. Мұратым сол – кейінгі буынға текті бабаларымыздың бойындағы асыл қасиеттерін, уәдеге беріктігін, Отанға деген шетсіз-шексіз махаббатын, бір-біріне деген ағалықбауырлық қамқорлық сезімін, жанашырлығын, қарапайымдығын, мәдениеттілігін, парасаттылығын дәріптеу, жоғалып бара жатқан Алаш рухын, өр мінезін, мәрттігін жаңғырту. Бүгінгі қазақ қоғамы Абайын, Алашын толық танығанда ғана әлемдегі ұлттық рухы биік, мақсаты айқын нағыз мәңгілік мемлекет бола алады. Алаш – қазақтың ұлттық куәлігі мен қалыбы (идентификация) дегім келеді.

– Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қиянат жасап, өзі кейін әдебиетте тұлға атанған адамдар да бар. Жаңа буынның, кеңестік идеологияға мүлде шырмалмаған буынның өкілі ретінде оларды қалай бағалайсың? Ақтап алу, түсіну, қателігін ашып көрсету, сеніңше, қайсысы дұрыс? Әсіресе, ғылым тұрғысынан.

– Біздің елде ұлттық сана қалыптаспағандықтан, төл тарихымызды шынайы жазуға кедергі көп. Билік тарапынан болсын, я халық тарапынан болсын. Советтік замандағы қайшылығы көп тұлғаларға жаңа көзқарас тұрғысынан баға берілуі тиіс-ті. Дамитын, өсетін ұлт өткен тарихына салқынқанды қарап үйренуге міндетті. ХХ ғасыр басындағы қанды оқиғаларға тарихи тұрғыдан баға беру аздық етеді. Сондықтан бұл кезеңді зерттегенде әлеуметтік, саяси және қоғамдық тұрғыдан, сонымен қатар демография мәселесі тұрғысынан шынайы қарап, ру мен жерге, жікке бөлінбей, декоммунизация, деколонизация, десоветизация тұрғысынан жіті қарап, өткеннің ақ пен қарасын әділ ажыратуымыз керекті. Мұны біз азаттыққа қол жеткізген жылдары-ақ бастауға тиіс едік. Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік идеологияға жауапты кей азаматтар қазақтың арасына ру мәселесінің отын жағып кетті. Содан бері рулық деңгейде ойлап, рулық деңгейде түс көріп, әркім өз атасын сүйреп жүр.. Міне, соның зардабын енді тартып жатырмыз. Совет заманында НКВД-ның агенті болғандар туралы жазсаң, айтсаң, рулық сананың өкілдері балағыңа жабысып, ізіңе түседі. Өкініштісі сол – қызыл билік тұсында Алаш идеясына, Алаш оқығандарына, бүгінгі мемлекетіміздің болашағы үшін күрескен арда азаматтардың саяси қозғалысына, ұлттық мүдде жолындағы күресіне қарсы шыққан, сол уақытта мансап, қызмет үшін арын сатып, дүние-мүлікке қол жеткізіп, ұлт ұстындарын өз қолдарымен ұстатып, абақтыға жаптырып, итжеккенге айдатып, қатын-баласын зар қақсатқан «зиялылар» туралы жазу – қиынның қиыны. Соңғы үш жылда архив деректері негізінде «Алаш ақиқаты» (Қазақтың арыстарын сатқан коммунист қазақтардың қиянаты туралы тарихи шындық) деген кітап жазып, нүктесін қойдым. Әрине, қазір оны жариялауға қазақ қоғамы дайын емес, түптің түбінде қазақ қоғамының әлеуетін арттыруға, ұлттық санасын қалыптастыруға қызмет етеді деп сенемін.

– Алашшылар идеясы бәрібір 70 жыл бойы қазақ зиялысының бойында өмір сүрді. Бірақ Тәуелсіздік дәуірінде сол идея неге тұншығулы?

– Иә, рас Ленин де, Сталин де, тіпті большевиктер көсемінің маңайындағы ықпалды топ өкілдері Берия да, Голощекин де, қазақ бар ынтасымен сүйген «Мырзажаны» – Мирзоян да Алаш арыстарына қарсы еді. Олардың инерциялық қозғалысына, әлеуетіне, халық арасындағы махаббаты мен абыройына қарсы шықты. Оларды атты. Ұрпақтарын бордай тоздырды. Әйелдерін де түрмеге қамап, азапқа салды. Бірақ Алаш идеясы өлген жоқ! Алаш идеясы – имани һәм парасатты, рухани ілімге негізделген мемлекеттік даму стратегиясы. Алаш идеясы Сталин түрмесінен Ахмет Байтұрсынұлының өсиеті негізінде Әлімхан Ермекұлы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландармен аманесен шықты. Сталиндік қуғынсүргіннен аман қалған осы төрт арыс қасиетті де асыл идеяны Бейсембай Кенжебайұлы, Өтебай Тұрманжанұлы, Ермахан Бекмаханұлы, Ілияс Есенберлиндердің жүрегіне жеткізді.

Бейсембай бастаған аманатқа адал топ социалистік идеологияның қиын-қыстау уақытында рухани жол бағдар болған Алаш алауын Тұрсынбек Кәкішұлы, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Рымғали Нұрғали, Алма Қыраубаева, Қоғабай Сәрсекеев, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбайлардың қолына ұстатты емес пе! Міне, әзіз әкелерімізден қалған Алаш сөзі, Алаш ұстанымы, Алаш мұрасы ұрпақтан ұрпаққа, ұстаздан шәкіртке жетті. Біз сол аяулы Бейсембайдан – Рымғалиға, Рымғалидан – Тұрсын Жұртбайға, Айбек Қалиевке жеткен сөзді естіп, тағылымын түсініп, «Алаш» мектебінен дәріс алдық. Алаш аңсаған Тәуелсіздікке жеттік. Бірақ та ұлағаты мол идея «нұрланған» қоғамда қанатын кеңінен жая алмады. Тұғырына шықпады. Жалпыұлттық идеяға айналмады. Жөргегінен тұншыққан аманатты идея қарапайым халық жүрегінде ғана жасап келеді. «Алтын пышақ қап түбінде жатпайды» демекші, бұл идеяның да қайтадан жарқырайтын күні жақын. Ұрпақ ауысады, қоғам алмасады. Болашақтан күдер үзбейік...

– Қазір Түркияда біліміңді жалғастырып жүрсің. Елден жырақта сол тақырыпты індету, жаңа деректер табу қиын емес пе? Қай тұлғаны көбірек зерттеуге уақытың, мүмкіндігің бар?

– Алаш тұлғаларының үстінен арыз жазып, халқымыздың серкелерін ажалдың тырнағына байлап берген коммунистік жолдағы қазақ ішінен шыққан атеист сатқындар туралы ақиқатты айтқаннан бері – менің соңыма түсіп, жолымды кескендер көбейіп, ғылымизерттеу шығармашылық ісімен айналысуыма мүмкіндік бермей, докторлық диссертациямды қорғауыма қиянат жасаған рушыл, жікшіл ағайынның кесірінен соң, Қазақстаннан кетіп, бауырлас ел – Түркиядан тыныштық таптым. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың «Әр Түркістандықтың екі Отаны бар, біріншісі – Түркістан, екіншісі – Түркия» деген сөзі бар. Анадолы топырағында өзімнің туған елімде жүргендей сезінемін. Докторлық диссертациямды қорғауыма мүмкіндік туды. Аллаға шүкір, бір есік жабылғанмен, екінші даңғыл жолдың есігі айқара ашылды. Мені сотқа сүйреп, әкімшілік жазаға тартқан рушылдың ауруымен ауыратын «зиялылардың» ісіне еш өкінбеймін. Оларға бола өмірлік мұратымнан баз кешіп, тонымды отқа салмадым. Керісінше, олардың маған қарсы жасаған әрекеті, зарары – мақсатым мен мұратымды одан әрі қалыптастырып, рухымды жаныды. Бір анығы, ешкім менің қолымдағы қаламымды, жүрегімдегі Алашқа деген махаббатымды тартып ала алмайды! Түркиядан шығармашылық жаңа ғылыми орта таптым. Мықты, ойы озық, бірнеше тілді меңгерген шын зиялы ұстаздарға шәкірт болдым. Зерттеу тақырыбымның аясы да кеңейіп, Алаш тұлғаларын ғана емес, ХХ ғасыр басындағы модернизациялық қозғалыс тудырып, түркі әлеміне резонанс жасаған бүтін Түркістан (қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ұйғыр, т.б.) тұлғаларын тануға, зерделеуге белсене кірістік. Ойым да, көзқарасым да өзгерді. Түрік ағайынның баласынан ұлтшылдықты, Отанды сүюді, мемлекетке қалай қызмет ету керектігін үйрендім. Осы елден алған білімді, жинаған тәжірибені, көрген, көңілге түйген, үйренген үлгіні аман болсақ, күш-қуатымыз болса, иек астындағы келешек күндерімізде еліміздің дамуына жұмсармыз.

Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы