• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Маусым, 2022

Жанат ЕРНИЯЗОВА, «Болашақ» бағдарламасының түлегі: Білімді қайда алғаның емес, оны қалай қолданғаның маңызды

Жанат Ерниязова – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Дәлірек айтқанда, Лондонның қалалық университетін (City University of London) тәмамдаған, Экономикадағы ғылым магистрі. Қазір Ақтөбе қаласындағы Баишев Университетінің халықаралық байланыстар департаментінде жұмыс істейді. Ол бізге шетелде білім алуға байланысты тиімді оқу бағдарламалары, онлайн оқудың артықшылығы мен кем тұстарын айтып берді.

– Білім десе, батысқа мойын бұрып қарайтынымыз анық. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» білім беру бағдарламасы қайта бағдарланатынын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар жастарды  Ресейге оқуға жіберу мәселесін көтерді. Бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?

– Президенттің жастарды Ресейге жіберу арқылы білім саласын қайта бағдарлауға қатысты ұсынысы көпшілік арасында, әсіресе «болашақтықтардың» арасында қызу талқыланды. Әрине, бұл жерде мынадай мәселені қарастыру қажет. Бұған дейін де «Болашақ» бағдарламасы аясында техникалық мамандықтар бойынша студенттер әлемнің мықты деген техникалық университеттерінде білім алып келді. Бұған «Болашақ» бағдарламасының статистикасына жүгіне отырып, болашақтықтардың қайда қызмет етіп жатқаны, олардың елдің дамуына қосқан үлесі бойынша талдау жасап, нақты көрсеткішін көруге болатын шығар деп ойлаймын.

Ескере кетуге тиіс нәрсе – білімнің қайда алынғаны емес, оның қалай қолданылғаны маңызды. Елге оралған түлектердің қызметінен қандай да бір пайда келуі керек. Ол үшін сол техникалық мамандық бойынша білім алған мамандарға жұмыс істейтін база болуға тиіс және алған білімі мен біліктілігін қолдануға мүмкіндік жасалуы қажет. Техникалық мамандықтарды дайындауда мықты университет болса, оның қай елде орналасқаны аса маңызды емес. Дегенмен қазіргі уақытта көп салада жасалып жатқан жаңалықтар орыс тілінде емес, ағылшын тілінде шығады. Бұл жерде белгілі бір баланс сақталуы керек. Толығымен бір елге қарай бағыт алудың қажеті жоқ.

– Ел ішінде «Болашақ» бағдарламасына қатысты түрлі пікір бар. Кейбіреулер оны қол жетпейтін, кез келген адам түсе алмайтын нәрседей көретіні жасырын емес. Сіз «Болашаққа» қалай оқуға түстіңіз? Неліктен таңдауыңыз Ұлыбритания болды?

– Алдымен «Болашақ» бағдарламасы шетелде білім алған қазақстандық жастарды бейнелейтін отандық бренд десе де болады. «Болашақты» қол жетпейтін арман ретінде қарастыру қате. Өйткені «Болашаққа» түсу оңай болмағанымен, бағдарламаның барлық қазақстандық үшін жасына, жынысына, ұлтына, қызметіне, тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді екенін ескеру қажет. Оның басты талаптарын түсініп, сол талаптарға сай дайындалып, керек құжаттарды әзірлеу басты нәрсе. «Болашақ» бағдарламасы жөнінде, ұмытпасам, мектепте жүрген кезімде естігенмін. Ол бағдарламаның енді ғана жүзеге асырыла бастаған кезі еді. Мектеп қабырғасында «Болашақ» бойынша оқу мақсатым деп шығарма жаздым. Ұлыбританияны таңдауым да – балалық арманым, сондай-ақ бұл ел білім сапасы жоғары елдердің қатарында. «Болашаққа» құжат қабылданып жатқаны жайлы жергілікті жоғары оқу орнында жұмыс істеп жүріп естідім. Мен де көпшілік сияқты «Болашақпен» оқуға түсіп, стипендиат атанатыныма күмәндандым. Алайда, құжат тапсырған соң, жоғарыда айтқандай талапқа сай дайындық болса, бәрі де мүмкін. Осы бағдарлама бойынша ғылыми тағылымдамаға, тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыру мақсатында ғалымдар тобын жіберуді ұсынар едім. Сонда шалғайда жүрген ғалымдардың алдымен нақты мақсаты болады, ол ортақ мүддеге айналады.

– Бізде шетелде білім алу десе, бірден «Болашақ» бағдарламасы еске түседі. Одан басқа қандай тиімді оқу бағдарламалары мен гранттары бар?

– «Болашақ» бағдарламасы – әзірге теңдесі жоқ, бірегей бағдарлама. Алайда жақсылап іздесеңіз, басқа да тиімді бағдарламалар бар. Тиімді оқу бағдарламалары дегенде, алдымен көп елдің үкіметтік шәкіртақыларын айтар едім. Көп елдің үкіметі шетелдің білім мен ғылымға құштар, талантты жастарына, студенттерге шәкіртақылар тағайындайды. Үкіметтік шәкіртақы тағайындау талантты жастарды қаржылық қолдауды, елдер арасындағы байланыстың дамуына ықпал етуді, сондай-ақ адам ресурстарын дамытуды көздейді. Үкіметтік шәкіртақы бағдарламаларын қарастыру барысында қаншалықты ол бағдарлама талаптарына сай келетініңізді, соның ішінде eligibility – жарамдылық мәртебесін, яғни сіздің Қазақстанның азаматы ретінде осы шәкіртақы бағдарламасына қатыса алатыныңызды тексеру керек. Үкіметтік шәкіратықаларға Венгрияның – «Stipendium Hungaricum», Ұлыбританияның – «Chevening», Түркияның «Turkiye Burslari» т.с.с. бағдарламаларды жатқызуға болады.

Шетелде білім алудың тағы бір мүмкіндігі – үкіметаралық гранттар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқа елдердің үкіметімен жасаған келісімдері негізінде қазақстандықтарға шетелде білім алуға мүмкіндік беретін шәкіртақылар түрлері бар. Бүгінде онға жуық ел, оның ішінде Польша, Венгрия, ҚХР, Словакия сияқты елдер қазақстандықтарға шәкіртақы ұсынады. Іріктеу Халықаралық бағдарламалар орталығының қолдауымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, шетелде білім алуға университеттердің шәкіртақылары мен белгілі бір қорлардың гранттары мүмкіндік береді. Алайда бұл жерде Ұлыбритания, АҚШ сынды елдердің университеттері шәкіртақыны толық немесе белгілі бір пайыз түрінде ұсынады. Шәкіртақы оқу ақысын (Tuition fee) толықтай немесе оның белгілі бір бөлігін ғана жабуы мүмкін. Оқу барысында туындайтын басқа шығындарды студент өзі жабуға дайын болуы керек.

– Шетелде білім алғысы келетін жастың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұған қатысты үлкендер тарапынан қорқыныш та жоқ емес сияқты. Жастардың жаппай шетелде білім алуға ұмтылуының себеп-салдарын қалай түсіндірген болар едіңіз?

– Шетелде білім алуға деген құлшыныстың себептерін былай жіктеуге болады. Алдымен, білім сапасы. Өкінішке қарай, екі мыңыншы жылдары білім сапасы төмендеп кетті. Оған себеп, білім саласының бизнеске айналуы, кең етек жайған жемқорлықтың салқыны отандық жоғары оқу орындарына да тиді. Екіншіден, жастардың алған білімін көрсете алмауы дер едім. Қазір жастардың көбі мамандық бойынша жұмыс істей бермейді. Себебі, жұмысқа орналасу оңай емес, ал жұмысқа тұрған күннің өзінде өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік аз немесе алған білімі еңбек нарығына сәйкес келмей жатады. Үшіншіден, шетелде білім алып, шетелде қалып жұмыс істегісі, жоғары жалақы алғысы және мансап құрғысы келетіндер бар. Тағы бір ескере кететін фактор – жастарға берілетін еркіндік, яғни олар өзін елдегі қалыптасқан кейбір стереотиптерден еркін сезінгісі келетін болуы керек.

– Қазір онлайн білім алу да үлкен маңызға ие болды. Әлемнің кез келген нүктесінде отырып-ақ Гарвардтың, Оксфордтың онлайн курстарын оқу қолжетімді. Сол жаққа барып оқу мен онлайн оқудың айырмашылығы қандай деп ойлайсыз? Бұл тұста талапкер неден ұтады, неден ұтылады?

– Онлайн оқу мен оффлайн оқудың өзіндік айырмашылықтары бар және олар бір-бірінің орнын толтыра алмайды. Екеуінің де артықшылығы мен кемшілігі де жоқ емес. Онлайн оқудың басты артықшылығы шын мәнінде білім алуды көздейтіндерді анықтайды. Бұған пандемия кезіндегі онлайн оқу процесі мысал бола алады. Оқытушылар тарапынан бақылаудың күші төмендейді. Барлық жауапкершілік білім алушының өзіне жүктеледі. Бұл жерде тәртіп пен өз-өзіңді ынталандыра алудың маңызы зор. Екіншіден, ол қаржылық шығынның төмендігі, білім алушылардың оқу ақысынан басқа шығындары болмайды. Тағы бір артықшылық – ол оқу кестесінің икемділігі. Білім алушы өз ыңғайына қарай оқу кестесін жоспарлай алады. Тұрақты жұмысы бар жандар үшін жұмыстан үзіліс алу қажеттігінің болмауы және алған білімді өндірісте жүріп қолдану мүмкіндігі. Оқудың жаңа технологиялары мен платформаларын игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, талапкер қалаған курсты (пәнді) таңдап, белгілі бір саладағы сарапшының дәрісін тыңдай алады. Онлайн білім алудың басты кемшілігі – шетелге барып оқу барысында талапкерге қажет нетуоркиңнің, өзге елдің мәдениетін тану мүмкіндігінің болмауы. Қоғамда араласып өмір сүріп үйренгендіктен адам үшін тактильді байланыстың маңызы зор, әріптестерімен пікір алмасып, оқытушылардан кері байланыстың болуы да үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, білім алушылар үшін белгілі бір сыртқы бақылаудың болғаны маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазып алған 
Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

1174 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы