• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Маусым, 2022

Кітап кесірлікті жояды, рухты шыңдайды және мұратқа жеткізеді

«Балаларға қалай кітап оқытамыз?» Бұл ХХІ ғасырдағы негізгі сұрақтардың бірі десек, артық айтқандық емес. Қазір «кітап – білім бұлағы» емес, білім бұлағын әлеуметтік желі жасап жіберуге шақ тұрмыз. Ал оның арты неге апарып соғарын тіпті болжай алмаймыз. Алайда арамызда кітаптың жанкүйерлері аз емес. Іздеп жүріп, сұрап жүріп оқитындар бар. Кітап жанашыры әрі жазушы Айгүл Кемелбаеваға балаларға қалай кітап оқытамыз деген сұрақ қойдық. Жауабын сұқбаттан оқисыздар.

– Қазір балаларға кітап оқудың қандай тәсілдерін қолдану керек? 

– Балжан, өзің де жақсы білесің, қазіргі заманда үдемелі ақпараттар тасқынынан бос кеңістік қалмай барады. Оның бәрі пайдалы деп кім айтты?! Жер бетінің табиғи балансын индустрияның өсе беруі, капиталистік пайда табу қарқыны өрескел бұзып жатқаны сияқты. Адам баласының рухани толысуының ырғағына, кемелденуіне соншалық нұқсан келіп жатқанының ақырын ешкім болжап білмейді. Мұның түбі үлкен апат болуы мүмкін. Адамдар кісілік қасиетін, болмыс-қалыбын жоғалтып алса, азғындықтан жыртқыш аңға айналар еді. Адам сүтқоректі, аң мен құсқа тән тіршілік механизмдері адам бойында да бар. Ғұлама Аристотель «адам – әлеуметтік жануар» деп анықтама берген. 

Гаджет, планшет, мобильді телефон, Тик-Ток, ролик, блогерлер  – интернет алаңы толас таппайтын, барған сайын ұлғайып өсе беретін құбылыс. Кейбір блогер өзін осы заманның жазушысымыз деп жариялап та қойды. Болмаса солай санайды. Шынында түк те олай емес. Не істеу керек?!Интернет пен кітап оқудың арасы жер мен көктей, айырмасы тілмен айтқысыз зор. Ғаламтор, әрине, біздің өмірімізге жаңа реңк берді, цивилизациялық жылдамдық дарытты. Сонымен қатар санасын тұтас жаулап алса, адами қатынастарды шектеп, жалған виртуал әлемге жетектеп енгізіп жіберетін, сөйтіп, алдайтын, жалғыздыққа қамап тастайтын теріс әсері бар екені енді білінді. Порнография көруге бейім жандардың түбінде денсаулығына зақым келіп, психикасына ауыр  тиеді. «Сары басылым» деген атауды иеленген өсек-аяң, бықсық, ұсақ-түйек, әншейін бос мылжың, арандатушы хабарлар адамның миын қоқыс шелек сияқты пайдаланады.  Адамның рухы, жүрегі ластана береді.

Балалар әріп тани сала кітап оқуға дағдыланса, өмірлік мақсатын адаспай табады. Жақсы мен жаманды оңай ажыратады. Мақсатсыз адам қанатсыз құспен тең. Меніңше, кітап сүйіп оқуда ерекше бір мистикалық құбылыс бар. Кітап оқыған кез келген баланы Құдай сүйеді. Көркем әдебиеттің былайғы жұрт біле қоймайтын керемет қасиеті осында. Бір қарапайым бала өсіп келе жатыр делік. Ол мына біздің әрқайсымыз ғой. Ес білген соң ол армандай бастайды. Егер ол ізденіп әрі қызыға кітап оқымаса, арман-мұратына жетпейді. Жетсе де ол аласа, кішкентай ғана мүмкіндіктер болып шығады да қояды.

Мен өз балаларыма қалай кітап оқытқанымды айтайын. Ең әуелі олардың 1-2 жасынан бастап, балаларға арналған иллюстрациясы көздің жауын алатын ертегілер, өлең кітапшаларды есепсіз сатып ала беретін едім. Мысалы, бір ертегіні әртүрлі баспа әртүрлі дизайнмен шығарса, шетінен аламыз. Суреттері әртүрлі болғандықтан, өте тартымды. Әріп танымай тұрып-ақ қыздарым әлгі кітапшалардың мазмұнын жатқа білетін. Маған ертегілерді қайталап айтқызып, бір жерінен сәл мүдіріп, өзгешелеу айтып жіберсем, дереу сондай маңғаз кейіппен түзей қойғанды жақсы көретін. Яғни балақай кішкентайынан өзін тұлға тәрізді сезінуі осындай құпия мезеттен туады. Оның үстіне мен екеуіне «вундеркинд» деген мадақ сөзді жиі айтатын едім. Құрттай кезінен солай сезініп өскен бала кейінірек өзі-ақ талпына бастайды. Ал енді қыздарым 3-4 сыныпқа келгенде балалар әдебиетінің тамаша туындыларын оқығаны үшін ақша төлей бастадым. «Егер мына кітапты оқысаңдар, мынанша ақша төлеймін» деймін. Келіседі. Қазақ ертегілерінің 6 томын солай оқыттым. Қымбатырақ қалта телефонын сұрағанда да сөйтіп саудаластым. Бірнеше кітаптың тізімін бердім.

– Балаға кітап оқығаны үшін ақша төлеу қаншалық дұрыс? 

– Бұл – кәдімгі қулық. Сол ақшаны мен оларға былай да беремін ғой. Әрине, басында олар ақша үшін амалсыз оқиды. Келе-келе кітаптың қасиетін түсінеді. Қызыға бастайды. Өз қатарластарымен салыстырғанда ақырындап рухани білімге тартыла бастайды. Мектеп бітіргенде мұның пайдасы зор. Балаларының болашағына ата-анасы салатын инвестиция деп ұғу керек! Рухани магнетизмі күшті адамдар өмірде жолы болады, қай жағынан болса да табысты болып, озады, дәулетті болады. Қазіргі жұрттың харизма, жұлдызды жан деп аузының суы құрып жүргендері осы құбылыс.  

«Ақ желкен» журналын үзбей оқитын оқушылардың ата-аналары осы сұқбатты оқи қалса, менің тәсілімді айна-қатесіз қабылдап алса екен. Балаларым, әрине, көркем әдебиетті дәл өзім сияқты пір тұтпайды, бірақ әдебиеттен мүлде қара жаяу емес. Екеуін білетін кісілер «тілі бай, ескілікті сөздерді қайдан біледі, өздері тұрғылас жастармен салыстырғанда білімді екен» деп таңданып, сүйініп жатады. Назерке университеттің V курсында жеке көрмесі өткен суретші, қазір Ыстамбұлда магистратурада оқиды. Балнұр кинорежиссерлікті бітірді, қысқаметрлі фильмдер түсірді. Маған олардың шығармашылығы ұнайды. 

– Өзіңіз неше жасыңыздан бастап кітап оқисыз? 

– Мен 2-сыныптан бастап кітаптың не екенін біле бастадым. Енді ойласам, жер бетінде кітаптан асқан құндылық жоқ. Иен дәулет деген сол. Қалай құнығып кеткенім есімде жоқ. 4-5 сыныпты 400-500 бет қалың кітаптарды 2 күнде оқып бітіретін болдым. Классиктерді, атақты деген шығармаларды іздеп жүретін болдым. Кітапқұмарлық әбден буыныма түсті. Кейде тапжылмай, тырп етпестен кітапқа тесіліп отыра беретін кездерім ойымда. Қас қарайса орнымнан тұрып жарық жағуға мұрша таппағандай өліп-талып, бас алмай оқимын. Мамам – мектепте алгебра, геометриядан мұғалім. Жұмыстан шаршап келіп, сағат 10-нан соң бір мызғып алады. Түн ауғанша оқығанымды көріп, түнгі 12-лерде оянып, ертеңгі оқу жоспарын жазатын, сызу сызатын мамам маған: «Көзіңе біреу тіреу қойды ма, ертең күн жарықта оқы», – дейді. Осы сөзді жиі айтатын. Оған қызық кітаптағы әр тарау жетектеп, арбап бара жатады.

– Балаларға қазақ жазушыларының қандай кітаптарын оқуды ұсынасыз? 

– Бала кезімде Қасым Қайсеновтың «Партизан соқпақтары» деген кітабын қайталап оқитынмын. Батыр ағамыз балалық шағын суреттейді, өте қызық оқиғаларға толы, тентек баланың сотқарлық қылғаны қызық. Ең кереметі, сол уақыттағы елдің жайы, қазақ тұрмысының суреттері айқын, психологиясы дәл берілген. Ішінде киноға сұранып тұрған шытырман әрі шындықтан аумаған сюжеттер бар. Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» деген кітабын қызығып оқығанмын. Әлем халықтарының ертегі-аңыздарын оқысын. Нұрқасым Қазыбеков деген жазушының тілі, оқиғалары ұнаған. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» деген повесі тамаша. Қадыр Мырза Әлидің балаларға арналған «Жүз жұрттың жұмбағы» деген керемет кітабы бар. Ал ұлттық қасиеттерді білгісі келетін, тұлға болуға талпынған, өз тамырын терең білуге ынтызар, ересектеу, ойлы балаларға Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» атты сұқбат кітабын айтар едім. Оқулыққа енген Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері маған классикалық әдебиет болып көрінеді. Тілі қандай көркем, артық сөз жоқ, идеялық арқауы қандай биік! Сапарғали Бегалиннің «Бала Шоқан» атты шығармасы өте ұнайды. Қазіргі прозада Толымбек Әбдірайым балаларға арнап жақсы жазып жүр. Шынымды айтсам, кейінгі онжылдықта балаларға арналған әдебиеттен қол үзіп кетіппін. Мұны түзеу керегін енді ұқтым. 

– Кітапты барынша пайдалы ақпарат алу үшін қалай оқу керек?

– Нағыз жазушыны оқи бастаған бала сол кітаптың алғысөзі болса, соны да қалт жібермей оқу керек. Сол арқылы ол өзіне оқитын жасандылығы жоқ шынайы, дарынды авторлар тауып алады. Аттары аталған мықты жазушылар туралы дерек алады. Өйткені ол алғысөзге әдебиеттің кілең мықты өкілдері енеді. Кітапты оқығанда оның ұсақ-түйек бөлшектеріне мән беру керек. Мысалы, оқиға қайда өтеді, бас кейіпкердің портреті қандай, киген киіміне дейін суреттейді ғой, бұл қай дәуірде, қай мекенде болып жатқан оқиға? Әдебиетші болуға талпынған бала болса, блокнотқа алғашқы әсерін, қай күні, қай ай, қай жыл екенін жазып отырсын, негізгі кейіпкерлер несімен есінде қалды, сюжетті қысқаша жазып қойсын. Бұл өзі үшін дайындалған білім кені болып шығады. Өзіне ерекше ұнаған авторлар туралы көбірек мәлімет алуға мән берсін. Оның шығармасында суреттелген жайттарды тереңірек қабылдауға мұның да оң әсері болады. Қазақ балалары болашаққа білім нұрымен жетсе, біз ұлт ретінде күшейе түсеміз. Ал онсыз мынау алмағайып, шым-шытырық әлемде өмір сүру оңай емес. Кітап шын мағынасында құлдықты, кесірлікті жояды, рухты шыңдайды және мұратқа жеткізеді. Кітаптың құдіреті түкке тұрмайтын біреу болудан сақтайды. Құдайдың адам баласына кітапты дарытуының жұмбақ сыры да сонда. 

– Сұқбатыңызға рақмет! 

Сұқбаттасқан 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

346 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы