• Спорт жұлдыздары
  • 24 Маусым, 2022

Рекорды жаңармаған қазақ қызы

«Құралайды көзге атқан қазақтың ұрпағымыз» деп мақтанатын елдің спортшылары әлемдік ареналарда атой салмағанына да біраз болды. Олимпиада, әлем чемпионаттарында мергендігімізді мойындата алмай келеміз. Дегенмен кейіпкеріміз Гүлшат Майлыбаева – қазақтың мергендігін жарты әлемге мойындатып кеткен тұлға. Өкініштісі, қырағы мергендігімен талайды таңғалдырған Гүлшат Ахметқызы туралы БАҚ беттерінде жазылған дүние жоқтың қасы. Тіпті, бұл кісінің есімі қазақ жұртшылығы арасында да онша таныс емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, жанкүйерлер мен жас оқырмандарымыз біле жүрсін деген ниетте қазақтан шыққан тұңғыш мерген туралы жазуды жөн көрдік.

Гүлшат Ахметқызы алғашқы жарысында-ақ мүлт кетпес мергендігімен көзге түсе бастайды. Оның бала күнінен меңгерген мергендік машықтары кәдеге жарап, бір жылдың ішінде спорт шебері атағына қол жеткізеді.  Орта  мектепті тәмамдағаннан кейін, 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Гүлшат Майлыбаева оқуда озат бола жүріп, мылтық ату спортымен де айналысады. Мергендіктің қыр-сырын жан-жақты, толық меңгерген кейіпкеріміз 1952 жылы Қазақстан құрама командасы сапына қабылданады. Сөйтіп, небәрі екі жылдың ішінде бірінші рет Украинаның Львов қаласында өткен Одақ біріншілігіне қатысып, бағын сынайды. Бірақ жолы болмай, жүлдегерлер қатарынан көріне алмайды.

Дегенмен қаруды серік еткен сұрмерген қыз 1953 жылы Мәскеуде өткен Одақ біріншілігінде қалың жұртты елең еткізді. Ол кіші калибрлі винтовкамен «МВ-Б» жаттығуын орындау барысында алуға тиіс 600 мүмкіндіктен 549 ұпай жинап, ерекше нәтиже көрсетті. Осылайша, Гүлшат Ахметқызы бір жылдың ішінде КСРО спорт шебері нормативін орындап, нысана көздеуден қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері атағына қол жеткізеді.

Бұдан кейін де Гүлшат Ахметқызы үздіксіз тер төгіп, аянбай еңбек етті. Арада екі жыл өткен соң, яғни 1955 жылы жоғарыдағы ұпай санын 569-ға жеткізеді. Бұл көрсеткіш сол кезде Қазақстанның жаңа рекорды ретінде тіркеліп, кейіпкеріміз тарихқа енді. Расында, кейіпкеріміз қолмерген екенін де, көзмерген екенін де көрсеткен айтулы спортшы еді. Ол 1956 жылы өткен КСРО Халықтарының І спартакиадасында қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ерлер сапында өнер көрсетті. Сөйтіп, нысана көздеуден 600 мүмкіндіктен 587 ұпай жинап, өзінің бұрынғы рекордын жаңартты. Сонымен қатар 1957 жылы Одесса қаласында өткен КСРО чемпионатында 600 мүмкіндіктен 594 ұпай жинап, үздік үштіктен көрінді. Одан бөлек, жатып көздеуден 200 мүмкіндіктен 200 ұпай жинап, еліміздің рекордын тағы жаңартты.

Бір таңғаларлығы, кейіпкеріміздің бұл рекордын әлі күнге дейін ешкім жаңартқан жоқ. Сондай-ақ Гүлшат Майлыбаева спорттық мансабында КСРО және Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы құрамасының сапында да өнер көрсеткен. Ол 1959 жылдан бастап төрешілік қызмет атқарып көп турнирге қазылық етті. Әсіресе, республика және КСРО жарыстарында үзбей осы міндетті атқарды. Атадан балаға мирас болып қалған жауынгерлік төл спортымыздың дамуына ат салысқан жанның бірі һәм бірегейі.

Гүлшат Ахметқызы 1931 жылы Алматы қаласында дүниеге келіп, жастық шағы осы шаһарда өткен. Ол – қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің түлегі. Сонымен қатар 1961 жылы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін тәмамдап, жоғары оқу орындарында дәріс оқыған. Білім беру саласында педагогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған. Оның 1968 жылы жарық көрген «Әйел еңбегінің әлеуметтік-экономикалық маңызы» атты кітабы да бар. Кітапта автор соғыс уақытынан кейінгі әйелдердің еңбекке араласуының экономикаға қаншалық пайдалы болғаны туралы жазған. Кейіпкеріміз «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. Өкінішке қарай, Гүлшат Ахметқызының туыстарынан сұқбат алу мақсатында арнайы іздестіріп, таба алмадық.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы