• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Маусым, 2022

КВН және Жайдарман: патриоттықтан үгіт-насихатқа дейін

Еліміздегі КВН ойындарының бастауы менің балалық шағыма тура келді. 2004-2005 жылдар бұл. Қалаға барған бала міндетті түрде КВН дискісін сатып әкелетін. Оны сыныптастары, көршілері, тіпті бүкіл ауыл жастары сұрап көреді. Кейде сол дискінің соңында кешке дейін жүретін кездер болатын. Есімде, 2006 жылғы Жоғарғы лига финалының дискісін іздеп екі күн жүргенмін. Көрші жігіт досына бере тұрғанын айтты. Оның үйіне бардым. Ол басқаға жұмсады. Басқасы – тағы біреуге. Барлығы үйінде бола салса жақсы ғой. Күтіп қаласың кейде. Келеді. Әңгіме айтып тұрады аз уақыт. Содан дискіні «пәленшеге» бергенін айтады. Оған кетесің. Сонымен солай, екі күн жүріп тапқан диск сызылып кеткен, дұрыс оқылмай күйдіреді. Үйдегі дәрі-дәрмек салынған қорапты тауып алып, спирт іздейсің. Болмаса арақ табылады. 2000 жылдары кез келген үйден ащы су табылатын еді ғой. Сонымен, спиртпен сүртіліп, бетіндегі майы мен шаңы кеткен диск оқылып кетеді. Бір қызығы, екі күн жүргенде ол ойындарда айтылған бүкіл әзілді жаттап аласың. Әрбір диск сұрап барған бала 4-5 әзілден айтады емес пе?! 

КВН ойындары деп отырмын. Солай аталатын. Бірақ қазақша КВН атауы «Жайдарман» болып құрылды. КВН-щик емес – Жайдарманшы. Бірақ бұл ұлттық атаулар әлі бұқаралық сипатта қолданылмайды. Өйткені елімізде көп көрілетін Ресей КВН лигасы бар. Оған және Қазақстан командасы да қатысады. Яғни біздің Ұлттық Жайдарман лигасы өзге елдің әзіл индустриясын әлі толық ысырып шығара алмады. Жә, бұл туралы соңыра сөйлесерміз. Негізгі тақырып Ресейдің Жоғары лигасында ойнайтын Қазақ командаларының әзіліндегі ұлттық рух немесе қарапайым патриотизм туралы болмақ. 

Бұл туралы жазуға мені итермелеген Ютуб желісіндегі «Қазақтар» командасының ойынына жазылған пікір болды. Пікір иесінің аты есімде жоқ. Бірақ біздің команданың ескі ойындарының бірі болатын. «Байқасам, Қазақтар командасы бұрынырақта өте патриот болыпты ғой» деп жазылған еді онда. Осылай біздің команданың Astana.kz болып орыс сахнасына алғаш шыққан кезін бастап ойындарын зерттей бастадым. Көзім жете түскендей... Astana.kz КВН командасы 2002 жылы Ресейдің Жоғары лигасында «Сәлемдесу» сайысын: «Бізді дала генералдары деп атайды. Біздің ошақ та, жеріміз де осында. Қазақ – от. 

Қазақ қорқуды білмейді» деген мәтіндегі әнмен аяқтайды. Ән басталғаннан жүрегің шымырлап сала береді. Сөз де, музыка да әсер ететінін айта кеткен абзал. «Құм жағалауының генералдары» фильміне саундтрек болған Доривалу Каимидің атақты әні бұл. 2002 жылы Тұрсынбек Қабатов алғаш орыс сахнасына шықты. «Сәлемдесу» сайысын бастап берген Тұрсынбек сахнаға шапанмен шығып, екі микрофонның алдына келеді. Біреуіне орысша, екіншісіне қазақша сөйлеп болып:

– Қазақ микрофонының дауысын қаттырақ шығарыңызшы, – дейді музыкантқа қарата. Бірақ ол музыкантқа емес, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне айтылғандай көрінеді. Тіл туралы заңға өзгеріс енгізіп, орыс тілін мүлде алып тастау туралы талаптардың сол заманда-ақ болғанын осы әзілден анық аңғарамыз. 2004 жылғы КВН жоғары лигасының жартылай финалында Сәлемдесу әні «Қазақстан Ресеймен дос» деп басталады. Сөзінде ештеңе жоқ. Бірақ осы бір сөзден кейін команда ойыншысы Ярослав Мелехин сарказммен күліп жібереді. Бұл тегін күлкі емес екені анық. Ән бітісімен сахнаға шыққан Нұрлан Қоянбаев: «Бұл не деген қазақы агрессия, жігіттер?» – деп бастайды сөзін. Мұны жәй әзіл емес, мемлекеттік деңгейдегі теңдік деп тануға болады.

2005 жылдың 1/8 финалына Astana.kz командасы мынадай әзілдермен шыққан болатын. Нұрлан сөйлеп тұр: 

«Мәскеу командасы. 16 миллион халық бар. Соның ішінен 7 әзілкеш табу қиын емес. Ал Беларусьтен келген команда ше? Оларға әзіл ойлап табудың қажеті жоқ. Өйткені оларда Лукашенко бар. Біз қорқамыз... Саранск қаласы командасы үшін қорқамыз. Жоқ... 

Жо-о-оқ! Қазақтар сіздердің алдарыңызда интеллектісімен мақтанып, сіздерді жаныштағысы келіп тұрған жоқ. Болады ғой... Болады-болады», – деп күліп жібереді. Осылай біздің команда Ресей сахнасында қазақты интеллигент ретінде таныта білді. 

Осы ойында президенттік нөмір көрсетіледі. Екі президент үнсіз қымбат киім, бұйымдарымен мақтанып отырады. Үнсіздікті Ресей президенті бұзады: 

Путин: Айтпақшы, Жириновский Алматыда туған ғой?

Назарбаев: Алдыңғы кездесуде кешірім сұрадым ғой.

Осы миниатюрадан екі елдің расында тең дәрежелі тәуелсіз мемлекеттер екені байқалады. Жалпы президенттік нөмірлердің 2011-2012 жылдарға дейінгі миниатюраларының көбінде екі президент бір-бірімен тең отыратынын аңғарасыз. Осы ойын соңында Нұрлан: «Біз бұл ойында амбициямызды тым қатты көрсетіп алдық», – деп репликасын тоқтатқанда Нұртас Адамбай: «Ешқандай амбиция болған жоқ. Қазақтар», – деп айқалап тұрады. Фронтменнің әрбір сөзінен кейін «Қазақтар бәрін басқарады, қазақтар мықты» деген секілді амбициялық сөздерді ұрандап тұрды. 

2005 жылы Astana.kz командасы ¼ финалға шықты. Оларға қарсы «Төрт татар», «ЧП», «СПб» (Санкт-Петербруг), «Владивосток құрамасы» командалары ойнап жатыр. Осы командалардың әрқайсысына Нұрлан сипаттама бере келіп, «Төрт татар» командасы туралы: «Татарлар Ресейді 300 жыл биледі. Бүгін – нағыз өш алатын күндеріңіз» дейтін. Оның татарлар деп отырғаны Алтын Орда ғой, яғни түркілер. Ал орыс тарихшылары бұл үш жүз жылды мойындағанымен, моңғол-татар шапқыншылығы деп сипап өте шығады. Біздің жігіттер осы тарихтың көмескі бетін бір желпіп өткендей. «СПб» командасына келгенде: «Ал Санкт-Петербург... Олар алдағы 300 жыл билейтін болады сіздерді», – дейді. Ресей президентінің және оның айналасындағы көп саясаткер, бизнесмендердің Санкт-Петербургтен екенін ескерсек, өте терең әзіл екенін байқаймыз. Ал бүгін ол тіпті көзге ұрады.

2006 жылғы 1/8 финалда фронтмен Нұрлан: «Сахнаның ортасына бармаймыз. Мәскеудің орталығында жер қымбат. Мәскеуліктер былай тұрсын, қазақтар үшін қымбат», – дейді. Осылай біздің команда Ресей көрермені алдында қазақ халқын бай, бақуатты етіп көрсете білді. Яғни Қазақстан КВН құрамасы орыс көрерменіне қазақтарды интеллигент, бақуатты және, ең бастысы, әнші халық ретінде осылай таныстырды. Жалпы өзі тұстастардан балағат сөзді ең аз, тіпті мүлде қолданбайтын команда ретінде халық есінде берік сақталды. Astana.kz деген атауды кейіннен тіпті «Қазақтар» деп ауыстырды. Осы кезеңдердегі Youtube желісінде біздің командаға жазылған пікірлердің ішінен «Қазақтар тым ұлтшыл» деген секілді сөздерді кездестіресіз. Рас, әрбір сайысты өз халқын мақтаудан бастап, әрқашан ұлт атын қайта-қайта қайталап отыратын. Бірақ 2010 жылдардан бастап президенттік миниатюралар өзгере бастады. Бұрын президенттер дос болып көрінсе, соңыра аға-іні қарым-қатынасындай күй кештіретін нөмірлер көрсетіліп жүрді. Қытығыңа тиеді. Десек те геосаяси тұрғыда солай болдық. Оның үстіне сол жылдардан бастап КВН-ге қаржы мемлекеттен көп бөлініп, мемлекеттің үгіт-насихаттың құралына айнала бастады. Әлі де сол қалыптан шыға алған жоқ. Шынында да Ресей президенті бұл ойында шектен тыс насихатталды және әлі де насихатталып жүр.

«Қазақтар» КВН командасы әзілдерінің сапасы жыл сайын өспесе, әлсіреген жоқ. 16 жыл қатысып, 2017 жылы Тұңғыш рет Астанада өткен финалда чемпион атанған еді. Белгілі бір есептен, өте өкінішті. Қазылар алқасы тарапынан өте бағаланбаған, бірақ көрермен көзайымына айналған команда. Ешбір фриксіз, бір адам сөйлеп, өзгелері массовка болып тұратын емес, фронтмендері, капитандары ауысып тұратын демократиялық команда болды. «Алаң иелерінің» агрессиясы күшейген сайын, патриоттық әзілдер азайып кеткендей болған. Бірақ «Қазақтар» командасының ізін жалғап, «Спарта Астана» КВН командасы жоғары лигаға шықты. 2018 жылғы ойында Еркебұлан: «Сіздер қазақтар орыс тіліндегі ең қиын иірімдерді қалай біледі деп таңғалатын шығарсыздар. Айтайық. Өйткені орыс тілінің сөздік қоры тұтастай дерлік түркі сөздерінен тұрады. Әнімізді қабыл алыңыздар. Әні –орыстікі, сөзі – түрікше», – деп «Широка река» әнінің әуеніне салып орыс тіліндегі бүкіл түркілік сөздерді тізіп шығады. 
Әрине, мұндай сәттердің біздің көзімізге жас үйіруі, жүрегімізге әсер етуі «кіші халық», аз халық болғанымыздың комплексі шығар. Дегенмен біз комплексімізді осылай өзімізді көрсетіп, дәлелдеп қана жеңе аламыз. 

Бұл орыс КВН лигасы мықты, Ұлттық Жайдарман лигасы нашар деген сөз емес. Екеуін тіпті салыстырып та отырғанымыз жоқ. Бірақ салыстыратындар бар. Сондықтан  «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен ағамен сөйлесіп көрдік. Көкейдегі сұрақтарымызды қойдық. 

– КВН деп емес, бұл ойынды «Жайдарман» деп аштыңыз. Атауы өте сәтті. Идея қайдан шықты?

– «Жайдарман» деп атау менің идеям емес. 1999 жылы шымкенттік жігіттер қазақша КВН ұйымдастырған еді. Ол кезде мен қазылар алқасының құрамында отырдым. Ең бірінші рет осы ойынға «Жайдарман» деген атауды бекіткен сол кездегі облыс әкімінің орынбасары болған, қазіргі Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай ағамыз еді. Кейін республикалық орталыққа бағынғаннан кейін «Қазақша КВН» атаған едік. Алайда 2011 жылы КВН деген атауға авторлық құқық бойынша шағым түсіп, «Жайдарман» атына қайта оралдық. Кейінгі 11 жыл ішінде бұл атау жұртшылыққа етене жақын болып, сіңісіп кетті. 

– Қазақ Жайдарман лигасының ең үлкен жетістігі деп нені айта аласыз? Ол қоғамдық резонанс тудыра алды ма?

– Жайдарманның ең үлкен жетістігі деп сонау 2005 жылы құрылғаннан бері жоғары рейтингте тұрақты, көпшіліктің көзайымына айналған жоба болғаны дер едім. Сондай-ақ жастардың өз еркімен келетін, шығармашылығын және тұлғалық қабілетін дамытып, трамплин бола білгені, еліміздің барлық аймағында филиалы бар орта болып қалыптасқаны аз жетістік емес. Жалпы еліміздегі КВН ойындарының бәрін халық «Жайдарман» деп түсінеді. Дегенмен бұл бағытта жұмыс істеген, істеп жатқан бірнеше лига бар. Бәрібір тарихы бай, мектебі қалыптасқан, бірегей жоба – Жайдарман екені даусыз. Өйткені барлық лигадағы қатысушылардың түгелге жуығы – Жайдарманның тәлімін көргендер. Тіпті еліміздегі шоу-бизнес, кино, телевидение саласында жайдарманшылардың көп болуының өзі қаншалықты жетістік екенін көзқарақты көрермен түсінеді деп ойлаймын. Ал резонансқа келсек, біздің мақсатымыз – дүмпу тудырып, қоғамдық пікір қалыптастыру емес, жастардың шығармашылығының дамуына үлес қосу. Ал Жайдарман түлектерінің арасынан қоғамдық пікір иелерінің, жастар көшбасшыларының көп шыққанын мақтанышпен айта аламын. Яғни резонансты Жайдарман емес, түлектері туғыза алған шығар.

– Елімізде Жайдарман ойындарына цензура бар ма? Саяси әзілдерге байланысты? («Мына нәрселер туралы әзілдеуге болмайды» деген секілді).

– Негізі нақты шектеу қойып, қадағалап отырады деп айта алмаймын. Бірақ телеарна тарапының өз талаптары бар. Солардың үдесінен шығуға тырысамыз. Жалпы қоғамда жұртшылық алдында не айтылып, не айтылмау керектігі бәріне мәлім ғой. Дегенмен саяси әзілдер айтылмайды деген сөз емес. Айтылады, көрсетіледі, тіпті кейбір тіке айтылған кездері де жоқ емес. Бастысы, этика мәселесі белден басылмауы тиіс.

– Сіздің ойыңызша, қазақ жайдарманшыларына не жетіспейді?

– Жалпы жайдарманшылар – қоғамнан тыс жандар емес, осы біздің қоғамның мүшесі, жастар. Демек жайдарманшылардағы кемшіліктер, жетіспейтін қабілеттер мен білім болса, ол еліміздегі кемшіліктер деп түсінуге болады. Біздің қоғамда не жетіспейді, соның барлығы да жайдарманшылардан табылатыны анық.

– «Интеллектуал әзіл» деген түсінік бар. Жайдарманды орыс КВН-імен салыстырып көретіндер біздің әзілге осы интеллект жетіспейді деп жатады. Осыған қалай қарайсыз?

– «Интеллектуал әзіл» Жайдарманда бар, болған, бола беретініне сенімдімін. Оны тұрақты көрермендер жақсы біледі. Жарты минуттық әзілде қоғамдағы ауыр, қиын проблемаларды әзілмен жеткізе алатын топтар өте көп. Алайда бұлар небәрі жиырманың ар жақ-бер жағындағы жастар болғандықтан, әртүрлі стильде ойнауы мүмкін. Бәріне интеллектуал болыңдар деп талап қою тағы мүмкін емес. Ал оның бәрі интеллектуал әзіл ойнайтын деңгейде болса, Қазақстан дамыған елдердің санатында болар еді. Ал Ресейлік КВН-мен салыстырып қарауды өз басым түсінбеймін. Тіпті жалпы осы саладан хабары бар адамдар салыстырмайтыны анық. Себебі ме? Себебі сан түрлі.

Біріншіден, сіздер салыстырып жүрген ойын – халықаралық КВН одағының Жоғары лигасы. Ал Жайдарман – республикалық ойын. Бәлкім, олардың премьер-лигасын салыстырып көрсеңіз, ойыңызды өзгертерсіз. Өйткені халықаралық ойынға көрсетілетін қаржылық-материалдық қолдауды, оған деген көзқарасты, бірнеше мемлекеттің үздіктері қатысатынын ескеріңіз.

Екіншіден, жаңа айтып өткендей, Жайдарман да – қоғам айнасы. Айналаңызға қараңызшы, Ресейден қандай бағыт бойынша озып тұрмыз? Шоу-бизнес те, телевизия саласы, жалпы журналистикадан ресейліктерден озықпыз деп айта аласыз ба? Әрине, жоқ деп жауап беруге мәжбүрсіз. Соны көре тұра, Жайдарманды қалай ресейлік баламасымен салыстыруға болады?! Дегенмен қазірдің өзінде мәдениет саласындағы барлық жерде жайдарманшылар бар. Бізде әлеует аз, шоу-бизнес индустриясы да аса дамымаған. Сондықтан кеңінен көсілуге әлі ерте деп есептеймін.

– Ресей лигасында ойнап жүрген қазақ командасы туралы пікіріңіз қандай?

– Ресейде өте керемет өнер көрсеткен «Қазақтар» – қазақша КВН-нің түлектері. Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қабатов, Нұрдәулет Шертім қазақы қалжыңнан нәр алған десек артық айтқандық емес. Ал «Спарта» командасы – Жайдарман ойнап, түрлі жобаларда жеңімпаз атанған жігіттер. Жоғары лига чемпиондары атанды. Бұл екі команда қазақы қалжыңның уытын Ресейге ғана емес, ТМД-ға танытты. Осы жігіттердің арқасында орыс шоу-бизнес индустриясында қазақтардың легі көбейді десем, артық айтқандық болмас. Бұлардан басқа бірнеше команда түрлі лигаларда ойнап жүрді. Дегенмен ол үлкен қолдауды, толассыз еңбекті қажет ететіндіктен, бағы жанбай жүрген шығар, бірақ бабы қапысыз деп айтар едім. Қазір Ресейдің Украинаға жасап отырған әрекетінің кесірінен КВН де жұмысын тоқтатты. Сондықтан соңғы кезде ол жаққа көп назар аудармаппын.

– КВН отанында бұл ойын үгіт-насихатқа айналып бара жатыр. Әсіресе президентінің есімі өте пафоспен аталады. Біздің Жайдарманға мұндай қауіп жоқ па жақын арада? 

– Жақын арада да, алыс болашақта да жоқ деп айта алар едім. Әрине, асыра айтқан шығармын. Бірақ басқа нұсқаны көріп тұрған жоқпын. Өйткені Жайдарманға мемлекет қаржысы тұрақты құйылып тұрған жоқ. Белгілі бір деңгейдегі конкурстарға түсеміз, әртүрлі тапсырыс ойындар болады. Бірақ ресейліктер секілді қолдау болған жоқ. Оның үстіне Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, президент билігін азайтып, барынша демократияға бет бұрып жатырмыз деп жүрміз ғой. Демек, Ресейдегідей үгіт-насихаттың қолшоқпары болуға мүмкіндік те жоқ тәрізді. Біздің ел өзін держава санамайды, ондай қанқұйлы үгіт-насихатқа бет бұратынына да сенбеймін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

* * *
Белгілі бір өнер саласы өзі туған қоғамнан оза шауып, жеке-дара шырқап кете алмасы анық. Әсіресе медиаөнер. Жоғарыдағы қазақ әзіл индустриясының орыс тілді индустрияны ығыстырып шығара алмағанын сөз еттік. Бірақ талпыныстар бар және өте көп. Дегенмен біздің бір ғана әзіл емес, жан-жақты ұтылып отырған жайымыз бар. Әсіресе халық саны жағынан. Саннан сапа шығады. Сондықтан аз халық ретінде ол индустрияны ығыстырып шығара алмауымыз ықтимал, бірақ бағындыра алатынымызға көзіміз әбден жетті. Оған «Қазақтар» және «Спарта Астана» КВН командалары, Димаш, Е.Мақсым, Скриптонит, Б.Шүкенов секілді әншілеріміз және отандас тағы бірнеше өнерпазымыз дәлел. Бүгінгі таңда орыс шоу-бизнесінде «Қазақ феноменінің» қалыптасқанын біз түгіл, тұтас ТМД елдері мойындайды. Сондықтан саны көп халықтың өнерін өзімізден ығыстырып шығарғаннан гөрі, ол өнерді бағындырып, оның даму бағыттарына әсер ете алу жеңіл көрінеді. Және бұл біздің қолымыздан келері сөзсіз.

P.S. Расы керек, 300 жыл бойы аңдысқан ел бізге жау бола алмас. Әскери агрессия тұрғысынан емес, рухани тұрғыда сөйлеп отырмын. Ол біздің Жайдарман сияқты дүниелерді «шыбын шаққан құрлы көрмейтін үлкен ел» дейтіндер табылар. Бірақ державалық көңілмен өрекпіген, өкпесі қызған елге тамшы су бүркілсе де «быж» ете қаларын білеміз ғой. Осы тұстан біздің «Қазақтар» КВН командасының 16 жылға жуық чемпион бола алмағанын, болдырмағанын түсінуімізге болады. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

434 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы