• Мәртебелі поэзия
  • 21 Маусым, 2022

Марлен ҒИЛЫМХАН: «Бір-ақ таңдау екен ғой тағдыр деген...»

Марлен ҒИЛЫМХАН – 1998 жылы 4 наурызда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Республикалық мүшәйралардың жеңімпазы.

ТҰҢҒЫШЫМ

Сен өмірге келгенде құбылды аспан,
Басқа арнаға бұрылды ғұмыр-дастан.
Өзің жаққа жаңбырмен жағаласып,
Елеңдедім ештеңе ұғынбастан.

Шаттық отын жаққанда жел адасқан,
Cүйіншілей жөнелді жер, ағаш, таң...
Тас үйдегі тағдырлар арасында,
Бақытты адам болмады менен асқан.

Енді мүлде құламас құздан арым,
Жарқыраған жүзіңе жүз қарадым.
(...Кеудеңдегі кесек ет шаншып кетер,
Есейгенін көргенде қыз баланың.)

Ұмыттым да өмірдің қарсылығын,
Көңілімнің құрадым сан сынығын. 
...Мәңгі сәби қалпыңда қалшы, Гүлім!
Мәңгі сәби қалпыңда қалшы, Күнім!

ОҢАШАЛЫҚ

Таусылады тағат түбі,
Сағат безек қағады.
Жан көлінің сан аққуы,
Бұлтқа батып барады.

Көп кірбіңді көңілдегі,
Өшіретін келер ме ай?
Күн өтуде өмір мені,
Мен өмірді жеңе алмай!

Бұл ғұмырды бір адаспай,
Кешер дейсің бірақ кім?
Кей сөзіне құлақ аспай,
Жүректі де жылаттым.

Өзімді-өзім мазаладым,
Өзімді-өзім күттірдім.
Өзімді-өзім жазаладым,
Өзіме-өзім тұтқынмын!

Санадағы қара бұлттан,
Қайда алыстап кетер күн?
…Ой астында алабұртқан
Оңашалық екенмін.

ЖОЛ ІЗДЕГЕН

Көнген көңіл толқиды семгенде іңір,
Көкжиектен көшеді керуен, дүбір.
Қирап біткен үйіктен көз алмады, 
Жер жасырған ғасырға сенген ғұмыр.

Қиялында қалқиды құрыған бақ,
Тыныштығын тонаған ұры қаңбақ.
Шау тартыпты жоғалған жолды ойлаумен,
Құба шөлдің жөңкілген құмына аунап.

Бал сезімнің кеудеде жанған бұрын,
Санасына тасиды таң барлығын.
Желге бетін сипатқан күйші ұғынған,
Мұнараның басында қалған мұңын.

Жапыраққа көмгенде әр үйді өңір,
Жұмыр етін неліктен қариды өмір?
Айғыздаған секілді нұрлы жүзін,
Шыңырауда тыншыған сәби көңіл.

Осы да естен кетпейтін жайтқа айналған,
Алдан ненің күтерін айтпайды арман.
Патша сынды ғаламды дүрліктірген,
Адам аз ба сапардан қайтпай қалған?!

Жанына не батты екен, тәніне не?
Дүниемен келе алмай мәмілеге,
Ақыр соңы тұйыққа тіреледі,
Жоқ іздеген тағдырдың бәрі неге?!

МАҒЫНАCЫЗДЫҚ

Күрсіністі талай күн ғұмыр сүрген кеудемде,
Таң шуағын шашқанда еске сала берген не? 

Олқылыққа бойдағы оңашада ой домбығар,
Махаббат жоқ жүректе... үңірейген орны бар.

Кім екенім беймәлім. 
Не тындырдым?
Атым кім?
Кей сұлбаны санаға неге сызып жатырмын?

Ескі сәтке ілесіп ұмытылды жан даусым,
(Ет жақыным жаншыған Сезім – 
менде қалған шың.)

Бір әке мен анадан жаратылған жандар да,
Түсіне алмай бір-бірін жүреді екен жалғанда!

Барлығына айыпты дүние еді мына тар,
Жолыққаным – қателік,
Жолыққандар – күнәһар!

Толғаныспен жарысқан 
жүйрік уақыт сырғыды-ай,
Шеберлікпен бейнелер әр суретін бір Құдай.

Жиі суық желімен кері итеріп күз бағы,
Үйге сүйреп келеді түннің қара ызғары.

УАҚЫТ

Уақытты тыңда, 
Уақыттан есті барлығын.

Күз бенен жазды,
Жаныңа тыныштық іздеген жазды,

Өзенге неге баратыныңды,
Ұмытқың келген кезеңді неге
есіңе жиі алатыныңды,

Қиялмен қырдан асатыныңды,
Өткен өмірдің елестерінен
Түсіңде неге қашатыныңды,

Олардың қашан жоғалатынын,
Олардың қашан оралатынын,

Уақыт айтады;

Жалғыздық жыры оқылатынын,
Қасыңда кімнің отыратынын,

Ашынғаныңды,
Кеудеңе нені жасырғаныңды,

Жүректің қашан тоқтайтынын да,
Біреудің қатты жоқтайтынын да,

Біреуді қатты аңсайтыныңды,
шаршайтыныңды,

Тұншығатыныңды,
Түнектен шығып кетуге құлшынатыныңды –

Уақыт айтады;

P.S. Сұрағын пенде қайталап өлер,
Сәттері жауап қайтара берер.

Сен неге кері қайтпайсың, Уақыт,
Сен не нәрсені айтпайсың, Уақыт?!

ЖАН ГҮЛДЕГЕН

Ықшам аудaн сұрықcыз. Қap кiрлеген,
Жaз кeлмеске кеткендей жaн гүлдеген.
...Жылап қалмау екен ғoй сынaқ мәні,
Бір-ақ таңдaу екен ғoй Тaғдыp деген.

Oйлар ғажaп кезеңге бет түзедi,
Жолдар қарa түнекке ертті мені.
Жүрек – пендe бiткеннің аяулысы,
Жүрек – пендe бiткеннің деpтті жерi.

Cенім күмән жiбіне байлaнды да,
Cәтсіздіктеpді әкeлдi қaйғы алдыма.
Жабықтым ба жалaңаш тал астында,
Жалғыздықтa тұнығым лайланды ма?!

Не cебепті кeлгенмін өмipге мен?!
Көп ауыртқaн,
ескірген,
төгілмегeн,
Құпияның ып-ыстық құшaғында
әлденеге құмартқан көңiл көрeм.

Кеуде тұсымды өpтеген дoс қайда екен,
Мөлдiреген жанаpда жас қайда екен?
Кейде Жылдаp,
Адамдаp,
Cәттеp,
Cөздеp,
Жүpегiңді жыpтқылап тастайды екен.

Ықшам аудан cұpықсыз. Қаp кiрлеген,
Жаз келмеске кеткендей жан гүлдеген.
...Жылап қалмау екен ғой сынақ мәнi,
Бір-ақ таңдау екен ғой Тағдыp деген.

БОДАУ

Залымдар шайқасуға қабілетті,
Дәуірге зұлымдықтың дәнін екті. 
Қаңтарда қаңтарылған қарт мертігіп,
Қапыда шабуылды жау үдетті.

Үзгенде қылша мойнын талша абыздың,
Жыландар жанын жұтты қанша аңыздың?
Қаншама ұл қыршынынан қиылды екен,
Жарасы жазылмады қанша күздің?!    

Пірі өлген жұрт құлаған туды аяпты,
Біреулер жалғыз ұшқан қуды аяпты.
Дүниеде қанша жанның мерейі өсті,
Қаншама жанның қаны судай ақты?!

Қанша қыз қанша кесте тоқыды екен,
Қанша жыл қанша кітапты оқыды екен?
...Жас жігіт назын үшбу хатқа жазып,
Несіне бөлмесінде отыр екен?!

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

497 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы