• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 27 Маусым, 2022

Ара түссең балаға, ол ақылды бола ма?

Алматының сыртында ауылдық жерде тұратын туысымыздың үйіне қонаққа бара жатқанбыз. Көшеде топ бала ойнап жүр екен. Жанынан өте бергенде біз мініп келе жатқан көлікке қарай өздері ары-бері сүйреп ойнап жүрген көліктің дөңгелегін дөңгелетті де жіберді. Жүргізуші тежегішті басып үлгерді. Егер дөңгелектің артынан өздері тұра жүгірсе не болмақ? Бірақ жүгіру ойында болмаған сияқты. Тек өтіп жатқан көліктердің алдына кедергі жасап көргісі келген әуестігі ғана білініп тұр. Біз сол жерге тоқтап, баланы қолынан жетектеп, үйіне кірдік. Әке-шешесіне баланы үлкен жолдың бойына ойнатпау керек екенін, егер көлік қағып кетсе жүргізуші де, бала да оңбай қалатынын айтқымыз келген. Бірақ шешесі ештеңе айтқызбады. «Енді қайда ойнайды екен? Айналып, басқа жолмен жүріңдер! Басқа жол құрып қалды ма? Көзіңе қарап жүр», – деп өзімізді кінәлі жасай салды...

***

Қыста өзіміздің көшеге бұрылған кезде екі ит жүгіріп келе жатқанын байқадым. Тар көшеде қатты жүрмесіміз анық, баяулатып-ақ келемін. Екі ит жақындағанда байқадым, біреуіне шана жегілген екен. Оның артынан айғайлай жүгірген екі баланы көріп, кілт тоқтап, сигнал баса бердім. Ал шана жегілген ит келді де, көліктің астына кіріп кетті. Қайта шыққан кезде көліктің бамперін жұлып алды. Көршінің екі баласы үнемі кешкі апақ-сапақта ойынға шығады. Бірақ итке шана жегіп ойнап жүргенін бірінші рет көрдім. Балалар қателігін енді түсінген сияқты, итті тоқпақтап ұра бастады. Үйден адамдар шығып, балаларды ұрсып бердік. Егер шанада баланың өзі отырса ше, көліктің Көршімізге барып, мән-жайды айтқымыз келді. Сондағы естігеніміз: «Қараңғы болса, не бопты? Ертең демалыс, балалар ойнасын. Өздерің дұрыстап жүріңдер, астына кіріп кетсе, өздерің жауап бересіңдер!»

***

Көшеге кенет жүгіріп шыққан төрт жасар баланы жүргізуші қағып кете жаздады. Жолдың шетіне қиралаңдап барып тоқтаған жүргізуші баланы үйіне кіргізіп, ата-анасына табыстамақ болды. Қоңырсып иіс шығып тұрған үйде әкесі мас болып ұйықтап жатыр екен. Баласын қағып кете жаздағанын, неге көшеге жіберетінін айтып, жүргізуші ренжіп жатыр. Сондағы мас әкенің айтқаны: «Ренжімеші, бауырым. Көшеге шығып кеткен ғой. 200 теңгең болса тастап кетші...»

***

Автоматқа ақша салып ойнағанды алғашында қызық көретінмін. Бір рет ұтып алған соң, тіпті жақсы көре бастадым. Мектепке деп берген ақшаны автоматқа салып жүрдім. Бір күні оған қанағаттанбай, әке-шешемнің дүкеніндегі кассадан ақша алып, салып жүрдім. Бірде тіпті молынан алып салдым. Осы кезде әкем біліп қойып, аямады... Жаныма батқаны сонша, «бұдан кейін қайталамаймын» деп жалындым. Содан бері ойын автоматтарын көрсем, өз-өзімнен жиреніп, тіпті қасына жақындамай, алыстан ғана қараймын.

***

Үйде қалың дәптерлер көп болатын. Түпкі бөлмедегі шифонердің үстіңгі бөлігі толған қалың дәптер бітпейтіндей көрінді. Мектепке апарып, сағызға, шоколадқа айырбастадым. Арасында өзіме ұнайтын сыныптастарыма сыйға тараттым. Өстіп жүргенде қалың дәптер де бітті. Анам біліп қойып, мектебіме барды. Кейбір қалың дәптерлерді балалардан қайтарып алды. Ал мені жақсылап жазалады. Үйдегі заттар – бәрімізге ортақ, әке-шешеміздің маңдай терімен келген дүниені сыртқа таратуға еш болмайтынын түсіндім.

***

Сыныптың төр жағында тұратын шкафта мұғалімге керек заттар тұратын. Ақ қағаздар, бояулар, жаңа дәптерлер, бор... Неге екенін білмеймін, сол заттарға қызығатынмын. Бір күні сабақ арасында сыныптастармен сол шкафты ашып көрдік. Қорабымен тұрған борды тістеп, дәмді екен дестік. Сыныптастарым басқа нәрсеге айналып тұрғанда, бес-алты тал борды қалтама сала салдым... Үйге келген соң менің бор жеп жүргенімді анам көріп, «кім берді?» деп сұрады. «Тақтаның алдында тұрған бор ғой» деп өтірік айттым. Сәлден кейін анамның дауысы түпкі бөлме жақтан біртүрлі шықты. Сөйтсем, бөлмені жинап жатып, қалтамдағы борларды тауып алыпты. «Қайдан, кімнен алғаныңды айтасың. Әйтпесе, мектебіңе барамын» деді. Мен шынымды айттым... Ертеңіне борды апайға апарып беріп, кешірім сұрады. Ал жерге қарап, жер шұқып тұрған маған: «Екінші ұрлық жасағыныңды көрсем, аямаймын» деді бүкіл сыныптың көзінше. Сонда мен біреудің затын алу, қалтаға салу ұрлықтың басы екенін түсіндім.

P.S. Достарым айтқан мұндай оқиғалардың бәрін жазып шығу мүмкін емес. Бұл мысалдардан баланы аяу мен аямаудың айырмашылығы жер мен көктей екенін түсіндім. Балаларды жаман адамдардан, ауру-сырқаудан сақтаудан бөлек, болашағында өзіне кесірі тиетін жаман әдеттерінен де сақтау керек екенін ұмытпайық.  

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2022

277 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы