• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Шілде, 2022

Егер маса жоғалса...

Жаз басталды. Барша адамның асыға күтетін мезгілі шығар бұл. Көбіміз кезекті демалыс аламыз. Ауылға, көл жағасына, ақшасы барлар шетелдерге демалысқа асығады. Бірақ қай-қай демалыс орнында да қинайтын бір нәрсе бар. Ол – маса. Ызыңдап мазаны алып, шағып, шаққан жері жанға тыныштық бермейді. Ойлап көріңізші, осы маса жоғалып кетсе не болар еді?

Жылына жер бетінде 2 млн адам масаның кесірінен қаза табады. Өйткені масалар көп ауру тасымалдаушы жәндік саналады. Жалпы айтқанда, маса қан арқылы таралатын аурулардың барлығының дерлік таратушысына айналуы ықтимал. Әлемде және Қазақстан аумағында масалардың ең көп тарататын ауруы – безгек. Яғни бұл аурулардың таралуы азаяды. Сонымен қатар, әлем елдері осы зиянкеспен күресу үшін бөлінетін қаражатты басқа салаларға жұмсау арқылы, өзге де мәселелердің жауаптарын табуы ықтимал. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде масалармен күресуге миллиондаған сомадағы ақша және жүздеген жұмысшы тартылады. Ең бастысы, масалардың жойылуымен біздің жылы мезгілдеріміз өте тыныш өтеді. Десек те бәрі осылай жақсы боларына кім кепіл? Өйткені экожүйенің бір бөлігінің бұзылуы тұтас жүйенің күйреуіне әкеліп соғады емес пе?

Расы солай. Масалардың жойылуы бірінші кезекте балықтар мен судағы өсімдіктердің азюына, кейбір түрлерінің мүлде жойылып кетуіне әкеп соғады. Өйткені бұл өсімдіктерді тозаңдандыратын – масалар. Сонымен бірге, бұл жәндік өз ұрығын суға салады. Ал олармен балықтар қоректенеді. Кейбір балық түрлері уылдырығын масаның ұрықтары арасына шашады. Міне, осы балық түрлерінің масалармен бірге жойылып кету қаупі жоғары.

Масалардың бір сәтте жойылып кетуінен құстар да зардап шегері сөзсіз. Олай деуге көп құстың осы жәндікпен қоректенетіні себеп. Есесіне, солтүстікте өмір сүретін бұғылардың саны күрт артады. Өйткені оларға жылы жаққа көшуге масалар мүмкіндік бермейді. Бірақ бұғылардың өзінің көбеюі қауіп туғызуы ықтимал. Өйткені олар көбейе келе, жолындағының бәрін жапыра жеп, ауыл шаруашылығына да орасан зиян келтіреді.

Африка мен Азия ормандары әлемдік «планета өкпесінің» жартысына жуығын алып жатыр. Оған себеп – масалар. Бұл ну орманның ішінде масаның көптігі сонша, адамға аяқ бастырмайды. Яғни масалардың жойылуымен жер бетіндегі ормандар да біртіндеп жойыла бермек. Масалардың жойылып кетуі мүмкін еместей көрінеді. Дегенмен бұл процестің жүріп жатқаны белгілі. Британия ғалымдары сары безгек таратушы масалардың генін өзгерту арқылы олардың таралуын азайтып отыр. Олардың айтуынша, бұл жасанды өзгеріс масалардың өзге түрлеріне әсер етпейді екен. Дегенмен адам араласқан жерде қате кетпеуі мүмкін емес. Егер бұл эксперименттік мутация адам бақылауынан шығып кетер болса, біздің әлемді жаңа коллапс күтеді. Сондықтан, мойыныңызға қонған масаны «сарт» еткізер алдында масалардың біздің өміріміздегі осындай маңызын ойлап қойыңыз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2022

253 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы