• Спорт жұлдыздары
  • 23 Шілде, 2022

Ауыр атлетиканың Айымы

Осыдан бір-екі жыл бұрын ауыр атлетика спортының жағдайы ауыр екенін айтқан едік. Дегенмен қазір ауыр атлеттердің арасында еліміздің намысын ешкімге оңайлықпен бермейтін үкілі үміттеріміз көп екеніне куә боп жүрміз. Илья Ильин, Жасұлан Қыдырбаев, Мая Манеза сынды үздіктердің жолын лайықты жалғастырып, толағай табыстарға кенеліп жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі – талантты спортшы Айым Есжан. Ол спортқа кеш келсе де, екі жылдың ішінде спорт шебері атағына қол жеткізген. Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшыны аз-кем әңгімеге тарттық.

 Айым 2001 жылы Алматы облысы Кеген ауданы, Кіші Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Спортпен 14 жасынан бастап қана айналысып, бірден ауыр атлетиканы серік еткен. Оның да өз себебі болса керек.

– Ата-апамның қолында өскендіктен, атам Қасымхан Есжанов ауыр атлет болғанымды қалап, осы спортқа баули бастады. Ауыр атлетикамен айналысып, биік белестерді бағындырғанымды көруді армандайтын. Екеуміз ылғи олимпиада, әлем чемпионаттарын көретінбіз. Сол кезде атам олимпиадада, әлем чемпионаттарынан көргісі келетінін айтып, кәсіби түрде айналысқанымды қалады. Өзі де спортшы, әрі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ауылда тек бокс үйірмесі болғандықтан, бұл спортқа кеш келдік. 9-сыныптан кейін Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқуға түстім.

Айым алғашқы жаттығуынан-ақ жаттықтырушылардың көзіне түсіп, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Бір жылдың ішінде аудандық жарыстарда топ жарып, ел чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.

– Ауыр атлетиканың қыр-сырын Сергей Седов пен Михаил Хамитовтан үйрендім. Екеуі техникалық, физикалық тұрғыдан әлеуетімді арттырып, жан-жақты дайындады. Бір жылдың ішінде Қазақстан чемпионатына дайындап шықты. Бірақ алғашқы ел біріншілігінде 69 келіде өнер көрсетіп, 4-орын алдым. Дегенмен содан кейінгі Қазақстан чемпионатының бәрінде жүлделі орындардан көріндім. 2017 жылы Семейде 17 жасқа дейінгілер арасында өткен ел чемпионатында күміс жүлдегер атансам, 2018 жылы ересектер арасында да күміс медаль иелендім. Ал 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан чемпионатында алғаш рет топ жарып, алтыннан алқа тақтым. Жалпы ересектер қатарында екі мәрте ел чемпионы атандым. 2021 жылы Қазақстанның V жастар ойындарында жеңімпаз атандым. 81 келі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 95 келіні, серпе көтеруде 125 келіні бағындырдым. Соңғы Қазақстан біріншілігінде 87 келі салмақта өнер көрсетіп, жеңімпаз атандым. Жұлқа көтеруде 97 келіні, серпе көтеруде 125 келіні еңсердім. Әрине, әлемдік ареналарда атой салу үшін бұл көрсеткішімді жақсартуым керек. Сол үшін тынбай еңбектеніп, тер төгіп жатырмыз. Бұдан да үлкен салмақтарды еңсере алатыныма кәміл сенемін.

Айымның салмағында бәсекелестік аса жоғары емес. Әр жарыс сайын тек бір-екі спортшының арасында ғана тартыс болады. Оның кері әсері де жоқ емес. Дегенмен сол олқылықтың орнын толтыру үшін де жұмыс істеп жатыр.

– Кез келген салада бәсекелестіктің жоғары деңгейде болғаны жақсы. Әсіресе, спортта бәсекелестік мықты болған сайын спортшылар да өседі. Өкінішке қарай, салмағымызда ауыз толтырып айтарлықтай бәсекелестік жоқ. Ел чемпионаты болсын, Қазақстан кубогы болсын, екі-үш спортшының айналасында ғана тартыс болады. Ішкі біріншіліктегі негізгі қарсыласым – Карина Құзғанбаева. Ол – Азия чемпионаттарында бірнеше рет жүлделі орындардан көрінген мықты спортшылардың бірі. Жұлқа көтеруден де, серпе көтеруден де алдына жан салмайды. Дегенмен басқа салмақта сынға түсетін мықты қыздармен жарысып, бір-бірімізді жігерлендіреміз. Мысалы, 76 келідегі Айша Омарова, 87+ келіде сынға түсетін Айзада Мүптілдә сияқты мықтылармен күш сынасып, тәжірибе алмасамыз.

Айым  ауыр атлетика спортына келгелі үлгі тұтатын, бой түзейтін, ерекше жігерлендіретін спортшылары да бар. Солардың бірі – әлем чемпионы Зүлфия Чиншанло. Қазір Зүлфиямен бірге жаттығып, алдағы жарысқа дайындалып жүр.

– Атамыз екеуміз олимпиаданы көріп отырып, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза, Илья Ильиндердің өнеріне тәнті болғанбыз. Сол кезде «мен де осылар сияқты болсам ғой» деп армандаған едім. Ауыр атлетикаға да соларға еліктеп келдік. Құдайға шүкір, қазір Зүлфиямен бірге дайындалып жүрміз. Шыны керек, оның еңбекқорлығына, табандылығына, өжеттігіне қайран қалдым. Өзін-өзі дамытудан шаршамайды, ылғи шеберлігін шыңдап жүреді. Мысалы, соңғы ел біріншілігінде 59 келіде өнер көрсетіп, 81 келідегі спортшылардың нәтижесінен де жоғары көрсеткіш көрсетті. Зүлфияны ерекше құрметтейміз, соған қарап бой түзейміз. Ол да бар білгенін бөлісіп, қате-кемшіліктерімізді түзеуге тырысады.

Айым әлі әлемдік аренада сынға түсіп көрген жоқ. Қазір Талғардағы «Ақбұлақ» олимпиялық орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Әлемдік аренада топ жарып, атой салу үшін күн-түн демей тер төкпек. Алғашқы халықаралық жарысына деген дайындығы жақсы екенін де атап өтті.

– Жаһандық доданың дәмін әлі сезбедім. Бірақ әлем алдында көк туымызды желбірету бала күнгі арманым болған. Міне, сол арманға жетуге де аз қалды. Алда үлкен жарыстар, дүбірлі додалар күтіп тұр. Бапкерлер мен еліміздің сенімін ақтау үшін барымызды саламыз. Қазір тамызда айында Түркияда өтетін Ислам ынтымақтастығы ойындарына дайындалып жатырмыз. Бұйырса, әлемдік деңгейдегі алғашқы жарысым болмақ. Содан кейін Колумбия елінде өтетін әлем чемпионаты бар. Осы жылға қойған басты мақсатымыз – осы екі дүрмекте топ жару. Қазір әлемді мойындатқан қазақ ауыр атлеттері «қаһарына» қайта міне бастады. Жақында ғана жастарымыз Мексикадағы әлем чемпионатында төрт бірдей алтын жүлде жеңіп, жанкүйерлердің жанын жадыратты. Осы үрдісті жалғастырып, еліміздің еңсесін көтеруді көздейміз.

Айым допинг дауына қалған ауыр атлеттердің жағдайын жақсы біледі. Қазіргі таңда ауыр атлеттер үшін ең өзекті мәселе осы. Дегенмен Айым да, бапкерлері де тыйым салынған препараттардан хабардар. Бұған сақтықпен қарап, қажетті дәрілерді тек дәрігерлердің нұсқауымен қабылдайды.

 – Ауыр атлетиканың дертіне айналған допингтің дауын жақсы білеміз. Дегенмен әр спортшы өзінің не ішіп, не жейтінін қадағалауы тиіс деп ойлаймын. Құраманың сапында арнайы осы мәселені қадағалайтын дәрігерлеріміз де бар.  Мысалы, ауыра қалсақ, тек дәрігердің нұсқауымен ғана дәрі ішеміз. Өз бетімізбен ешқандай дәрі, препарат қабылдамаймыз. Тіпті көзге тамызатын дәрінің өзінен допинг шығуы мүмкін. Сондықтан барынша сақтық шараларын сақтап, арнайы мамандардың кеңесіне жүгінеміз. Одан бөлек, допингке қарсы ережелер туралы мағлұматтың бәрін білеміз. Дегенмен бұл ережелер жыл сайын өзгеріп, толықтырылады. Допинг қабылдағандарды жауапкершілікке тартатын заң жобасынан да хабардармыз. Өз басым мұндай нәрселерді ешқашан пайдаланып көрген емеспін. Допингсіз де даралануға болады.

Айым ауыр атлетиканың өте ауыр спорт түрі екенін да жасырмады. Қыздарға лажы болса басқа спорт түрімен айналысқаны дұрыс екенін, өзі де бұл спортта ұзақ жүрмейтінін тілге тиек етті.

– Әрине, спорттың оңай түрі жоқ. Дегенмен ауыр атлетика, аты айтып тұрғандай, өте ауыр спорттың бір түрі. Спортта адам ағзасына орасан күш түседі. Оның салдары ағзадағы гормондық ауытқулардың, тиісінше мінездің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Кейде қиналғанымызды көріп, қыздардың осы спортты серік етпей қойғаны дұрыс шығар деген ойға келеміз. Дегенмен қазақтың қанында қайсарлық бар ғой. Бір істі бастағаннан кейін соңына дейін жеткізуіміз керек. Осы саланы таңдағаннан соң, соның ең биік шыңына шығуды көздейміз. Спорттық ғұмырдың да ұзаққа созылмайтыны анық. Бұйырса, 2024 жылғы олимпиадаға дейін өнер көрсетіп, Олимп шыңын бағындырғаннан кейін ғана мансабымызды аяқтаймыз.

Айтпақшы, Айымның жеке жаттықтырушысы Сергей Седов та шәкіртінен үлкен үміт күтетінін, олимпиада, әлем чемпионы атануға толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

– Айым – өте еңбекқор, әрі қарапайым қыз. Техникалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан әлеуеті жақсы. Дегенмен осал тұстары да жоқ емес. Зілтемірді кеудеден жоғары итеру тұрғысынан сәл ақсап тұр. Қазір сол қателіктерімен жұмыс істеп жүр. Ал физикалық тұрғыдан белдің күші әлсіздеу. Осындай олқылықтардың орнын толтырып, барлық тұрғыдан шеберлігімізді шыңдап жатырмыз. Әрине, чемпиондық жол өте қиын, әрі табандылықты қажет етеді. Дегенмен осы қалпынан таймай еңбек етсе, оған да жетуге болады.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2022

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы