• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Тамыз, 2022

Миф тәпсіршісі

Троя сапары

Тура қазір аттансам, таңғы тоғыздарда мен Эгей теңізінен соққан желмен тыныстап тұрар едім. Арғы бетіндегі грек жеріне қарап, Афина мен Олимп тауына жете алмасымды біліп, іштей қынжылып кері бұрылармын. Сонда мен ежелгі Троя қаласының қақпасының алдында тұрамын. «Гектар!» деп ханзаданы шақыруыма да болар еді. Бірақ бұл Ахилдің сөзі. Есіме түсіп, жағалауды жағалап барып оба жанына тоқтап, бет сипаймын. Бұл жерде сол Гекторды жеңіп, кейіннен Троя қаласының тас-талқанын шығарған Ахилл жатыр. Осыдан 20 ғасырдан астам уақыт бұрын Ескендір (Македонский) бұл қабірдің басында ас берген. Енді екеуінің де бетін топырақ басқалы қанша заман?! Бірақ осы қала мен батыр туралы аңыз әлі күнге жарқырайды. Зағип Гомер қалдырған жыр адамзат поэзиясының алтын қорында.

Троя қақпасының алдына келгенде, менің есіме Әмірхан Балқыбектің түсері хақ. Тіпті мені осында бастап келген – сол ақын. Жер бетінде Троя деген қала бар екенін, оның соғыста қирағанын, кейіннен оны Генрих Шлиман атты әуесқой археологтың қайта тапқанын «Қасқыр құдай болған кез» кітабының бірінші бөлімінен оқыдым. Осылай бейресми «Бірінші дүниежүзілік» соғыс деп аталатын Троя қырғынында менің де бабаларым, прототүркілердің соғысқанымен мақтанғым келеді. Өйткені бұл қаланың қирандысының өзі көрер көзге зор көрінер. Ежелгі Римнің іргетасын қалаған он тайпаның біреуі түркілер болғанын ойлап тағы да Эгей теңізіне қараймын. Жалпы мені осы Алдыңғы және Кіші Азия мен Ежелгі Римнің жеріне ертіп келген – Әмірхан Балқыбектің еңбектері.

20 жасымда оқыған бұл еңбектерім алғашында санама аса сыймайтын еді. Рас, мақтануға тұрады. Бірақ бүгінгі бізге, қоғамға оның керегі не? Осындай риторикалық сұрақтар арқылы Әмірхан Балқыбектің стиліне салып, мақала басында негізгі түйіндерімді айтып алайын. «Аға» жазуына бипаздап, мысалдарды оңды-солды келтіре отырып, соңыра негізгі ойды айту жат еді. Ол әр жазбасының басында: «Тосын пікір сынға ұшырайды. Тіпті жазалануы да мүмкін», – деп ойындағысын қойып қалады. Мысалы, «Атлантида – түркілер мекені» дейді. Халқы түгілі, болған-болмағаны белгісіз өркениет туралы кесімді осылай төтесінен қойып қалып, одан ары тарам-тарам түсіндірме жасайды. Әрине, менің бұл мақаламда тосын пікірлер жоқтың қасы. Мақсатым «Әмірхан Балқыбек бізге не берді?» деген сауалға жауап іздеу ғана. Сонымен, Әмірхан Балқыбектің түркітанудағы еңбектері арқылы мынадай екі тұжырым жасауға негіз бар:

1. Әмірхан Балқыбек – мифтер мен аңыздар тәпсіршісі. 
2. Халық жадына сіңген құлдық санамен күресуші интеллектуал жауынгер.

Қыраннан – қасқырға және керісінше

Әмірхан Балқыбектің зерттеу еңбектерінің хронологиялық шегін белгілеп алған жөн шығар. Біздің зерттеуімізше, ол б.з.д. 1800 жыл мен б.з. 1300 жылдары арасы. Түркітанушы Әмірхан Балқыбектің шумерлер мен Нұх пайғамбар туралы да біршама зерттеулер жасағанын алға тартуға болады. Онда бұл хронология б.з.д. ІІІ мыңжылдыққа барады. Бірақ ғалым шумер мен Нұх туралы көп жазған жоқ. Бірді-екілі мақалалармен шектелді. Ал б.з.д. 1800 жылдары өмір сүрді дейтін хетт мемлекетінен кешегі Шыңғыс қаған заманына дейінгі аралықтағы көп сұраққа жауап іздеді. Осы аралықтағы жер шарының түкпір-түкпірінде өмір сүрген халықтар арасынан түркілерді, түркілердің ізін іздеді.

Зерттеу еңбектерінің библиографиясына келер болсақ, халық мифтерінен бастап, қасиетті кітаптардың төртеуін де куәлікке тартады. Оның ішінде қасиетті Құраннан – тарих, ол тарихтан түркілерді іздеген бірден-бір ғалым десек болады. Ғылым мен дінді, академиялық тарих пен аңыз-мифологиялық тарихты салғастыра отырып, өз теорияларын жасады. Дегенмен баламасы табылмаған ғылымдағы Дарвин теориясынан гөрі, адамзаттың жаратылысы жөніндегі діни теорияға (өзіндік түзетулермен) жүгінетіні байқалады. Осы тұрғыдан келгенде Әмірхан Балқыбекті «окультист-ғалым» деп атауға болатын шығар. «Окультизм – адамның және табиғаттың тылсымдарын зерттеуші ғылым саласы». Яки Әмірхан теориясы Джеймс Черчвардтың тұжырымынан алыс кетпейді. «Адамзат өркениетін қарапайым приматтар жасауы мүмкін емес. Өйткені жабайылық деградацияның ғана жемісі бола алмақ. Яки адам жер бетіне Тәңір түсіргендей ақылды, мәдениетті қалпында түсіп, деградацияның әсерінен жабайылыққа ұрынған». Бұл теорияның жанама қолдаушысы ретінде Иммануил Великовскийді де атауымызға болады. Әмірхан Балқыбек осы автордан көп мысалдар келтіреді. Сонымен бірге, ғалым еңбектеріндегі планетааралық қақтығыстар осы Великовский теориясының жалғасы болатын. Десек те Әмірхан Балқыбек бұл автормен келісе отырып, оның хетт мемлекетін жоққа шығаруына қарсы тұрады.

Гомер шығармалары, ежелгі және орта ғасырлық жылнамалар, орта ғасырлық ақындардың жырлары секілді еңбектер де ғалымның басты назарында болған. Бұл туралы Әмірхан Балқыбек: «Мен Наполеон, Александр, Цезарь секілді жаулаушылармен кездесе қалсам еркін әңгіме айта алатындай көрінемін. Бір жағынан, олар туралы көп оқығаным бар. Екінші жағынан, мен олар оқып, тыңдап өскен туындылармен етене таныспын», – дейді. Олжас Сүлейменовтің «ақын – ғалым болуы шарт» деген сөзін ұстын етіп ұстаған ғалым тарихты әдебиетпен салғастыра, астастыра зерттейді. Осы тұрғыда оның ғылыми еңбектері тарихи тұрқынан сәл алыстап, көбіне әдебиет айналасында айтыла береді.

Сонымен, Әмірхан Балқыбек хетт жалауында күн мен қыран болғанын алға тартады. Кейіннен түркілік қасқыр тотеміне соғады. Яғни қыран тотем болған заман мен қасқыр тотем арасы. Ал, керісінше, қасқырдан қыранға оралу тарихын бәріміз білеміз. Яғни Әмірхан Балқыбек еңбектері ежелгі прототүркі хетт заманынан бүгінгі күнге дейінгі аралықты сөз етеді. Сөз етеді, бірақ соңғы 7 ғасырды тарихи тұрғыдан емес, әдеби тұрғыда көбірек зерттеді.

Тәпсір мен тәпсірші

Фольклордың көп нұсқалығын ғалымдар «ауыздан-ауызға көшіп жүріп бірнеше нұсқасы пайда болған» деп түсіндіреді. Ғылыми анықтама осылай болғанымен, фольклортанушылардың көбі «адам», анығында «ақын» факторына аса назар аудармайды. Расына келгенде, фольклордағы туындыларды өзгерткен қарапайым адам емес, ақындар болатын. Бұл фольклортануда «пәлен жыраудың жырлаған нұсқасы» деп айтылып өтсе, Әмірхан Балқыбек ол жыраудың дүниетанымына енеді. Аңыздар мен мифтердің адам танығысыз өзгеріске түсіп, тылсым дүниелердің араласуына ақындардың шабыты мен қиялын «кінәлайды». Ғалым өзі ақын болса да, сол қиял мен шабытты негізгі оқиғадан өте шебер ажыратып алып отырған. Яғни ғалым фольклористикаға «ақындық қиял» түсінігін енгізе отырып, авторы белгісіз шығармалар авторының дүниетанымына үңіледі. Бұл сөзімізге анық мысал ретінде ғалымның «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жырлаған алғашқы жырау – будда дінінің сенімінде болған» деген тосын пікірін алға тартамыз. Оған басты себеп – бұл діннің өзіне-өзі қол жұмсау мотивіне еркіндік бере алуында. Жырды еске түсіріңізші. Қозыдан айырылған Баян саналы түрде Қозы артынан кете барады. Және бұл істері үшін жырда жастарды кінәлау жоқ. Осы тұстан ары мифтер мен аңыздар тәпсіршісі деген тақырыбымызға ойысамыз. Расы керек, Әмірхан еңбектерін толысқан санамен оқығанымызда, танымал ғалым Джордж Фрезердің «Алтын бұтақ», әсіресе «Ескі жазбадағы фольклор» (Інжілдің ескі жазбалары) еңбегінің стилін аңғарғандай болдық.

Інжілдің адам тарапынан көп өзгеріс көргені мәлім ғой. Дж.Фрезер қасиетті кітаптың түпнұсқасын халықтар фольклорынан іздестіреді. Аңыз-мифтерді кәнігі археологтарша щеткамен тазартып, оның астарынан інжілдік әңгімелермен байланысын байқайды. Осылай ғалым халық санасындағы аңыздар мен Інжіл мәтінен түпнұсқаға жақын мәтін шығаруға тырысады.

Әмірхан Балқыбек Қазығұрт таулары, қасқыр мифі, Шыңғысхан және Атлантида туралы мақалаларында осы зерттеу әдісін өте шебер пайдаланады. Мысалы, түркінің қасқырдан тарайтыны туралы мифті былайша төрт бөлікке бөлген: «Бірінші үзігі – қырғынға ұшыраған халық. Екінші үзік – баланы асырап алған қаншық қасқыр. Үшінші үзік – қаншық қасқыр мен кейін ержеткен баланың некесінен дүниеге келген нәрестелер болса, төртінші – сол нәрестелердің бірінен тараған ашина түркілері. Бүгінгі адам ой-қиялы бір тараушаға бөлген аңыздардың алғашқы және соңғы үзіктерін ғана шындық ретінде қабылдай алады. ...Аңыздың тууына түрткі болған тарихи оқиға (ал мұндай оқиғаның болғанына шәк келтіруге болмайды) келе-келе оны баяндаушы жандардың ақындық қиял құдіретімен адам танығысыз метаморфозаға ұшыраған».

Ақын-ғалым осылай дей келіп, қазақтың қасқыр тотемін қасқырдың өзінен емес, оның үнінен іздейді. Жер бетіндегі осы жануардың үніне ұқсас сөздер мен олардың этимологиясына үңіле келіп, «Яхве (жебірей жалғыз құдайы) мен қасқыр мифінің астары бір» деген тұжырым жасаған. Бұл жерде ғалым тағы Великовскийдің тұжырымына жүгінеді. Яғни қасқыр мифіндегі бірінші үзік – жау әскерінің тайпаны қыруы десек, ол әлемдік апат. Бұл туралы Весловский астрономиялық еңбектерге сүйене отырып, Марс пен Шолпан арасындағы орбиталық ауытқуды алға тартады. Ол өз кезегінде жерге де әсер етіп, біздің ғаламшар да орбитасынан ауытқып, ыңырана қайта орнына түскен болса керек. Осы тұжырымнан Әмірхан Балқыбек сол сәт әлемді «аууу» деген дыбыс дүрліктіргенін алға тартады. Ғалым әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін халықтардың фольклорынан осыған ұқсас дыбыстарды кездестіргенін дәлелдейді. Және оның барлығы үлкен қырғынға қатысты сөздер болатын. Дәл осы оқиға болып жатқан сәтте Мұса ғалейссалам жебірей халқын Мысыр құлдығынан құтқарып, Синай тауына жақындаған еді. Пайғамбар осы тауда өзіне түскен он хабарды естиді. Тарихшы Диодор ол құдайды Яо немесе Яу деп атаған. «Ауу» мен «Яу» сөздерінің ұқсастығына назар аударыңыз. Яғни бұл әлемді жаңғыртқан дыбысты түркілер қасқырға теліп (қасқыр үнін есіңізге түсіріңіз), оны тотем яки туыс жануар санаса, жебірей осы үнмен құдайын атады. Яғни түркінің қасқыр тотемі мен жебірейдің жалғыз құдайын тануы бір уақыт дейді. Жебірейлердің Яхве құдайының аты «Яу» сөзінен шыққан. Осылай ғалым бір жағынан Мұса пайғамбардың теңізді таяғымен жарып өтуін де әлемдік һәм планетаралық қақтығыстармен түсіндіріп береді. Бұл тұрғыда Әмірхан Балқыбек жер бетіне жақын комета немесе астероид ағып өту ықтималдығын алға тартады. Бір қарағанда Құдайдың мұғжизасын жоққа шығарғандай көрінуі мүмкін. Бірақ мұғжизаның ғылыми астары бар екені белгілі. Яғни тәңір мұғжизаларын ғылыми тұрғыда түсіндіруге болады. Одан Тәңір ұлылығы түсіп қалмақ емес. Өйткені бұл – әлемдік матрицаның әрбір секундының Тәңір қойған дәлдікпен, адамдардың тағдырының да Құдай сызған дәлдікпен жүретінінің айғағы. Осылай қарағанда Тәңір Мұса алдынан теңізді ашып бергеннен гөрі әлдеқайда құдіретті көрінбес пе? Әмірхан Балқыбек әлемдік мифтер арқылы Тәңірлік мұғжизалардың жұмбағына да жауап беруге тырысады.

Қасқыр тотеміне қайта оралайық. Ғалым «түркілер қасқырды құдай тұтқан жоқ. Тек Тәңір үніндей көрінген «аууу» дыбысына қасқырдың тілі келетініне таңырқады. Таңырқай отырып, оны өзіне туыс жануар немесе өзінің бабасына теліп алды. Аңыздың әр тармағын қайта таратар болсақ: Әлемдік апат болып, халық қырылды. Тірі қалған баланы қасқыр емес, алтын құрсақты келіншек тауып алып асыраған. Олардан кейін ұрпақ өрбіді. Бары осылай болмақ. Ал қасқырды бұл аңызға Тәңір үніне үні сәйкес келуімен ақындар енгізді және сол құбылыспен аңыз мифке айналған».

Осы тұжырымды оқи отырып, Әмірхан Балқыбектің аңыз-мифтерді тәпсірлеуіне айран-асыр боласың. Өз ойымнан қосарым, былай: хеттер қыранды жалауына бейнелегені аса түсінікті. Өйткені Түркінің бір құдайға табынуының тамыры тереңде, әрі оны Көк Тәңірі деп атайтынын да білеміз. Тіпті биік тауын да Тәңірісінің атымен атады (Тянь-Шань). Осы тұрғыда түркілік тотемдердің көбі қанатты немесе тауда өмір сүретін жануарлар болып келетінін алға тартуымызға болады. Мысалы, Күлтегін ескерткішіндегі айдаһар, таутеке немесе арқар және Білге қаған дулығасындағы қыран – бәрі Тәңірге жақын жануарлар еді. Осылардың арасынан бөрінің тотемге айналып орын алуын, ғалым-аға айтқандай, апатпен түсіндіргеннен өзге жол көріп тұрғам жоқ. 

Өзін қасқыр кіндігінен таратқан ақын қиялына да Әмірханша ой жүгіртіп көрсек болады. Ақын шабыты Тәңірі үні бар жануардан өзін тарату арқылы, өзін тікелей Тәңірдің ұрпағы санағысы келген болар. Бұл күпірлік емес. Балшықтан жасалған адамға жанды демімен үрлеп, Құдайдың өзі берген болса, түркінің өзін Тәңір ұрпағы сезінуі әбестік пе екен?

Айқыш белгісінің де тәпсіріне тоқтала кетелік. Әмірхан Балқыбек бұл таңбаның «қасқыр» деген мағына беретінін және тәңіршілдік дінінің бас атрибуты болғанын алға тартады. Ол ол ма, бұл айқыш таңбасын ежелгі Римге ғұндар апарды дейді. Яки Аттила туында айқыш таңбасы тұрды. Аттиладан қатты қорыққан Римдіктер оның алдынан осы таңбамен күтіп алғанын, бірақ оны қасқыр таңбасы емес, Марс қылышы деп атағанын айтады. Олай атамаса, тұтас Рим өркениетін көшпенділердің аяғына жығып берер еді. Осылай ежелгі Түркідегі (түркіге бұл белгі ежелгі Мысырдан келді ме, әлде Мысырға түркіден барды ма, ол жағы бөлек әңгіме) Тәңір белгісі христиан дінінің негізгі атрибутына айналып шыға келген. Бірақ оны Марс қылышымен тағы сол «ақындар» астастырып жіберді дейді Әмірхан Балқыбек.

Бергі заманға келсек, ғалым аңыздар мен «Моңғолдың құпия шежіресі» арқылы Ұлы қағанның бейнесін ашуға тырысады. Ол «Құпия шежірені» де ақын жазған деп Л.Гумилевтің тұжырымын тереңдете түседі. Бүгінгі таңда аңыз бен мифке оранып, кім және не екені белгісіз болып бара жатқан Шыңғыс қағанның образын суық ақылмен сомдауға тырысады. Ғалым оны шапағатшыл да, жауыз да емес, адам ретінде көз алдымызға алып келеді. Бүгін бірі адай деп, бірі қоңырат деп, қазақты қойып, руға бөліп жатқан Қағанды адами келбетте суреттейді. Бірақ оны қазақ қылып алғысы келетіні де байқалған. Тек ол бұл ойын «еврей болғым келеді» деп жеткізеді. Яки Шыңғысханның шешесі – қоңырат. Ал еврейде бала анасының ұлтымен туады. Осы тұрғыдан келгенде, еврейше ойлансақ, Шыңғыстың ұлтына мүлде талас болмас еді. Жалпы тәпсір туралы түйіндей келе, ғалым-ағаның бір тақырып аясында бірнеше тарихты қозғап, суық ақылмен шешім шығаратынын баса айтқымыз келеді. Сонымен қатар ол тарихи кейіпкерлердің барлығына адам ретінде қарайды. Бұл кез келген тұлғаға берілер дұрыс баға шығар.

Адамзат тарихындағы түркілер

«Атлантида – түркілер мекені» деп тосын ой айтқан ғалым бұл өркениеттің атауын екіге жарады. «Ат» және «ланд». «Ланд» сөзі құрлық деген мағына бермек. Яғни «аттар мекені». Ал «Ат» деген қай халық? Әмірхан Балқыбек Құраннан, Тәураттан мысалдар келтіре отырып, оларды хеттер деп болжам жасайды. Өйткені мысырлықтар мен гректерге белгілі Атлантиданың екі халық ортасындағы арабтарға белгісіз болғанын алға тарта отырып, бұл елдің шамамен Кіші Азияда орналасқанын дәлелдейді. Ал кіші Азияда Атлантида туралы жазбалар кездесетін кезеңде хеттар өмір сүрген. «Ат» пен «хет» сөздерінің ұқсастығына назар аудару керек. Яғни Хеттлантида болуы ықтимал. Ал хеттардың тамыры Орта Азиядан бастау алады. Ал Орта Азия ежелден түркінің мекені екеніне дау жоқ. Әмірхан Балқыбек олардың түп атасы біздің жерді мекен еткен «массагеттер» екенін де айтып өтеді. Соңғы буындағы «гет» пен «хетт» сөзінің ұқсастығына назар аударыңыз. Осылай болғанда, Атлантида – хетт мемлекеті. Ал хеттердің түбі түркі болса, Атлантида түркілер мекені болмай ма? Бұл «үштен бес үлкен, бестен жеті үлкен, яғни жеті үштен екібастан үлкен болады» деген қағидаға саяды.

Гомердің «Илиада» жырын негізге ала отырып, ғалым сол жердегі жер-су атауларынан, батырлар мен тайпа атауларынан түркінің іздерін көреді. Сол маңдағы Кипр аралының бір заманда Алаш деп аталғанын, Троя маңында Қарқара атты шыңның кездесетінін Гомер жырынан айқын дәлелдермен көрсетеді. Троямен одақтас «Қар» тайпасы болғанын да жырдан көрсетіп, ал қарлардың Алтайдан кеткені туралы тарихшы Птолемейдің жазғанын да алға тартады. Яғни он жылға созылған Троя соғысына түркілер қатысты. Оның ар жағында Рим қаласының негізін салған Ром мен Ромулдың қасқыр емген ұрпақ екенін алға тартып, бұл аңыздың астары біздің далада жатқанын атап көрсетеді. Осылай келгенде, Римнің негізін қалаған тайпалар құрамында түркі тайпасының болғанын да дәлелдеген. Осы тұста көне гректердің «зәкірді скиф Анақарыс ойлап тауып еді» дейтін тіркесі де бұл далада біздің бабаларымыздың да үлесі барына айқын дәлел болмақ.

Ә.Балқыбек сөзіне өзім осы мақаланы жазып отырған Анкара қаласының атауы «зәкір» сөзінен шыққанын да қоса айтқым келеді. Яғни бүгінгі Анкара қаласының да негізін біздің байырғы бабаларымыздың қалауы ықтимал екенін алға тартамын. Өйткені айналасында не теңізі, кеме жүзер не көлі, өзені жоқ қаланың «Зәкір» атануын қалайша түсіндірерміз? Бәлкім, бұл қаланың іргетасын сол «зәкірді» ойлап табушылар қалаған шығар деген ой келеді еріксіз.

Әмірхан Балқыбек тағы бір мақаласында «Шыңғысхан Алпамыс батыр жырын тыңдап өскен» деген болжам жасайды. Оны дәлелдейді де. Алпамыстың қоңырат екенін білеміз. Ал Шыңғыстың анасы, апасы, әжесі де қоңырат екені тарихтан белгілі. Ал нағашылары арасында тараған жырды оның естімеуі мүмкін емес қой. Әңгіме неден басталды? Әңгіме Ескендір (Македонский) мен Наполеонның Гомер «Иллиадасын» оқып, қанып өскені турасында болған. Яғни жырдағы кейіпкерлер аталған жаулаушыларға үлгі бола білді. Ондай үлгінің Шыңғыс қағанда болмауы мүмкін емес қой.

Бүгінгі сана биігінен

Жоғарыда қойған риторикалық сауалға қайта оралайық. Мұның бәрі не үшін қажет? Жарайды, қаңғып барған бір түркінің тайпасы Рим негізін қалапты. Бірі Троя үшін соғысыпты. Ал бір түркінің батыры Шыңғысханға үлгі болыпты. Тіпті сену қиын Атлантиданы түркілер мекендепті. Бұдан бірдеңе өзгерер ме? Ештеңе өзгермейді. Бүгінгі санасы бизнес кітаптармен, мотивациялық тренингтермен, жалпы баюға ұмтылған амбициямен уланған ұрпаққа баба түркінің іздері не берер?

Осы сәтте біз құлдық сананы азат етуші интеллектуал күрескер туралы әңгімемізге келеміз. Құлдық сана қалай пайда болады – ұзақ жыл бодан болғанда. Бодандықтың екінші сатысында басқарушы халық бағынушы халықтың білімсіздігі мен мәдениетсіздігін бетіне басады. Санасына сіңіре береді. Осылай бодан халық өзінің өткенін және әлемдік өркениетке қосқан үлесін ұмыта бермек. Қазақ та өзінің адамзат тарихындағы ұлы жорықтарын, өркениетке қосқан үлесін ұмыта бастады. Яки өзін ұмытты. Сахарада күпі киіп, киіз үйде өмір сүріп, мал соңында ғана жүрген халық екенбіз деген сырттан сіңірілген сөзге мойынсұна бастады. Құлдық сана миға мейлінше орнығып, құлпы сарт етер шақта тәуелсіздік алдық. Енді әлгі комплекстерді жою керек. Осы тұрғыда Әмірхан аға қазақ санасын отарсыздандырудағы интеллектуал жауынгер болды десек қателеспейміз.

Санамызды отарлық езгіден толық азат етіп болмай жатып космополитизмге ерте бас ұрғандай, демократиялық ұғымдарды ерте сіңіріп жатқандай сезіледі маған. Біз өзімізді толық танымай, әлемдік дүрмекке ілесуіміз отарланудан да қауіптірек. Бұл ойлар Әмірхан Балқыбек санасында болған шығар. Өйткені ғалым-ақын әдеби мақалаларында біздің даланың аңыздары негіз болған әдеби шығармалардың жетістіктерін қызғана отырып жазады. Жалпы алғанда, Әмірхан Балқыбек еңбектері – халық санасын отарсыздандырудың интеллектуалдық жолы. 

Өзіңіз ойлаңызшы, әлемге аты әйгілі Троя қаласын біздің бабаларымыз қорғаған. Мәңгілік қала Римнің негізін қалауға атсалыстық. Еуропаны Рим езгісінен азат еттік. Христиан дініне басты атрибуттарының бірін сыйға тарттық. Атлантиданы мекен еттік. Шыңғыс қағанның соңынан еріп, тұтас Азия мен Шығыс Еуропаны жаулап алдық. Аты әйгілі Наполеон: «Шыңғысхандай бақытты бола алмадым», – деп еді. Міне, сол Наполеон қызғана қараған қағанға Алпамыс бабамыз үлгі болған. Зәкір мен дөңгелекті ойлап таптық. Адамзатқа атқа мінуді үйреттік. Алғаш мұхит асып, Америка құрлығын жайладық. Әлемге Достоевскийдей жазушыны сыйладық (жазушыны зерттеушілер оның түбі Алтын Ордадан кеткен төлеңгіт екенін айқын жазады). Айта берсек, көп. Міне, осының бәрін бала санасы сіңірсе, өзін осы әлемнің бұрышындағы біреу емес, дүние тарихының бағытына әсер еткен халықтың ұрпағы ретінде рухы өспей ме?

Платон қағидасы және Әмірхан Балқыбек

«Ақын, ол егер шынымен ақын болса, бәдік ақыл айтып уақыт алмай, мифтер тудыруға тиіс». Платон осылай сөйлейді. Қай-қай ұлттың ақыны да миф туғыза алды. Олардың қатарында түркінің жауынгер жүректі ақындары да бар. Әмірхан Балқыбек – сол ақындардың жасаған мифтерін  түсіндіруші, анық ізін танушы ғалым-ақын. Шыны керек, бұл жолда оған ақындығы көп себепкер болғандай. Өйткені тарихшы ақын жанын түсіне алмақ емес. Ал ақын тарихшы бола бермейді. Бұл екі қасиет Әмірхан Балқыбек бойында сәтті тоғысты.

Шлиман алтыны

Әмірхан Балқыбек Троя қаласын әуесқой археолог, егде тартса да ертегіге сенуін тоқтатпаған Генрих Шлиман тапты дейді. Расы да солай. Ол орта жастан асқанша ақша жиып, бала күнгі арманын іздеуге аттанған. Солай Гомердің жырын оқи жүріп, дәл сол мәтінде суреттелген жерді қазып, Трояны тапты. Яғни «Илиада» жыры әдеби шығарма ғана емес, тарихи құнды еңбек. Сондықтан Әмірхан Балқыбектің жырдағы жер және тайпа атауларын мысалға келтіруін жоққа шығаруға әсте болмайды. Шлиман Трояны таба сала, қала билеушісінің алтынын іздеді. Өйткені Гомер суреттеген еді. Қызығы, алтын да табылды. Бірақ ол Приамның алтыны емес, одан мыңдаған жылдар бұрынғы алтын болып шыққан. Зерттей келгенде, бүгінгі Троя қаласының астында тағы 11 қала бары анықталған болатын. Бәрінің соңы күйреумен аяқталған.

Генрих тапқан алтынын Берлин этнография музейіне сыйға тартты. Бұл 1873 жылдар болатын. Арада 70 жылдай уақыт өткенде Германия Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілді. 1945 жылы жеңіске жеткен Кеңес өкіметі ол алтындарды алып кеткен болатын. Арада 45 жыл өткенде Қызыл империя да құлап тынды. Жалпы Шлиман тапқан алтынның барған елін құлататын қарғысы бардай. Ал қазір ол алтын Ресейде...

Мен Анкарадан Трояға сапар шекпедім. Эгей теңізі жағасында таңғы тоғыздар шамасында тұрмасам да, сол уақытта Зәкір қаласында балконға шығып, даланың желіне бетімді тостым. Шлиман алтынының қазіргі мекенін ойладым да, іштей «Ауууумин» деп бетімді сипадым. Бұл үн бізге, бұл далаға, тіпті әлемге етене таныс қой...

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

369 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы