• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Тамыз, 2022

Үйден қашқан бала қайда барады?

Баланың үйден қашуына бірден-бір себеп болатын нәрсе – отбасындағы ішкі және сыртқы дау-дамай. «Өз отбасының шаруасы ғой, өздері шешіп алсын» деп қарап отыруға да болады. Бірақ бала – қоғамның белді әрі қорғансыз мүшесі. Оны дұрыс жолға жетелеу, проблемасын шешу – үлкендердің парызы. Сондықтан бұл мәселеге мектеп, жасөспірімдер ісімен айналысатын инспектор, тіпті журналистер де араласуға мәжбүр.

Қашып кеткен жасөспірім қайда барады? Бірі досының үйінен, екіншісі түнгі клубтан, енді бірі қаңғып жүрген жерінен табылады. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейді қазақ. Егер отбасы жайлы болса, бала неге қашады? Перзентін адам демейтін, ұрпағымды жалғайтын мұрагерім демейтін отбасыларды жоқ дей алмаймыз. Керісінше, баласын артық жүк санайтын, аяғына оралған шырмауық көретін отбасылар да аз емес.  

Жақында психологпен осы тақырыпта әңгіме қозғадық. Өзінің жұмыс барысында болған оқиғаны айтып берді. Әке-шешесі ажырасып кеткен жасөспірім бала анасымен бірге тұрады екен. Анасы тұрып жатқан пәтерін сағаттық жалға беріп, ақша табатын көрінеді. Баласын да осы жұмысқа жеккен. Пәтер саудалап тұрған бала бір-екі рет мұғалімдерінің көзіне түсіп қалыпты. Содан кейін намыстанып, анасына көмектескісі келмейді. Бірақ анасы мәжбүрлейді, ұрсады. Баланың еті тірілігінен шығар, психологқа хат жазыпты. 

«Үйден қашып кеткім келеді. Анам 3-топтағы мүгедек, әкеммен ажырасып кеткен. Әкем алимент төлемейді, қарайласпайды. Екінші әйелінен балалары бар. Сондықтан мен оған керек емеспін. Шешем менің жұмыс істеп ақша тапқанымды қалайды. Ал мен мектепте дұрыс оқып, мамандық алғым келеді. Шынын айтсам, үйден қашып кетсем деймін. Көмектесіңізші. Не істесем болады?»

Біз жасөспірімнің хатын бекер келтіріп отырған жоқпыз. Егер мұндай кейстер болмаса, баланың үйден не себепті қашатыны анықтала бермейді. Бала мұғалімінен емес, инспектордан емес, неге дәл психологтан көмек сұрап тұр? Бәлкім, ол осы проблемадан анасын да алып шыққысы келетін шығар. Егер өміріне қауіп төнген болса, мұндай ақылды бала ең бірінші инспекторға жүгінетін еді ғой. Психолог осының бәрін ой елегінен өткізіп, балаға былай деп хат жазады: 

«Саған қандай қиын екенін жақсы түсінемін. Саған қамқорлық, махаббат мен түсіністік керек, сен оны тек жақындарыңнан күтесің. Бірақ сенің қайда қашқың келетінін түсінбедім. Бұл жерде сенің мақсатың қашып кету емес, қауіпсіз әрі жайлы жерде болу сияқты. Солай емес пе? Әрине, бір өзің осындай маңызды мәселелерді шешіп, жауапкершілік алатының өте өкінішті. Бірақ осы жағдайдың арқасында  саналы адамға айналдың. Хатыңды оқып отырып, қызығатын нәрселерің бар екеніне, өзіңе не керек екенін білетін, батыл да күшті екеніңді байқадым. Өйткені  басыңдағы жағдайға көндігіп, мойынұсынып, ішкі принциптеріңді өлтіріп, байлайша айтқанда «сынып» қалуың мүмкін еді. Алайда күресіп жатырсың. Бұл өте тамаша! Мен сені мақтан тұтамын. Енді мәселеге тереңірек қарайық. «Әкем алимент төлемейді» дегенің сен оған мүлдем керек емессің деген сөз емес. Бұл жерде сенің үмітің әкеңнің мүмкіндігінен де жоғары болып тұр. Әкеңмен сөйлес. Қандай сезімде екеніңді, қандай көмек керек екенін айт. Ол қолында барын бөліседі. Ол ақшалай көмектеспесе де басқа жағынан көмек беруге тырысатын шығар. Оның қолында жоқ нәрсені сұрай бергеннен не шығады? Анаң сені қолдай алмауы мүмкін, бірақ ол сені тамақтандырып жүр ғой. Қазірше барға қанағат етіп, ары қарай дамудың жолын қарастырған жөн. Оның «қолында жоқ» нәрсе тәтеңде, көршіңде, бәлкім, мұғалімде бар шығар. Солардан да көмек сұрауды ұмытпа. Өмірде жүрегі мейірімге толы адамдар көп. Сен қолыңа қалам ал да, схема сыз. Мақсатыңды айқында. Өзіңе не керек екенін анықта. Ең бастысы, қайда бара жатқаныңды ойлан. Кейде мақсатыңды орындау үшін қателесесің. Бұл қалыпты нәрсе. Ең алдымен ата-анаңа кешіріммен қара. Эмоцияңды алып таста. Эмоция көзімізді жабады, ойланбай істейтін әрекеттерге итермелейді».

Осы хаттан соң бала «жарайды, рақмет сізге» деп жауап беріпті. Егер сен де үйден қашуды ойлап жүрсең, психологтың хаты көмектесер деген оймен жариялап отырмыз. Шын мәнісінде бұл мәселенің бер жағы ғана. Үйінен қашып шығып оралғысы келмейтін балалардың басынан қандай жағдай өткенін біле бермейміз. Ютубтан жасөспірімдердің үйден қашуы туралы видеоның астына жазылған пікірлерді оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. «Маған ешқандай махаббатың керегі жоқ, мені ұрмаса болды» деп жазыпты бір өспірім. «Біз ауылда тұрамыз. Үйден қашып шығып, ауылдың қасындағы орманға барғым келеді. Сол жерде мені қабан сүзіп, қасқыр жеп өлтірсе екен деп тілеймін» дейді бір қыз. «Мен қашуды жоспарлап, ақша жинап жүрмін. Өгей әкем «мойнымда отырсыңдар» деп айғайлап, ұрса береді, үйдегі ұрыс-керіс, төбелестен қатты шаршадым, үйден кеткім келеді».
Үлкендер баланың үйден қашуын кешірілмес күнәдей көріп, одан ары мүйіздей түскісі келеді. Өйткені «өсірдім, бақтым, сондағы маған айтқан «рақметі» осы ма?» деп ашулануы мүмкін. Баланы өсіру бір басқа, ал онымен тіл табысу бір басқа екенін еш түсінгісі келмейтіндей.

Сәлима САТЫЛҒАНОВА, психолог:

– Үйден қашатын балалар мейірімге, сүйіспеншілікке зәру. Олар үйден көрмеген жылуды даладан іздейді. Отбасындағы адамдардың бір-бірін түсінуі, әке-шешенің мейірімі мен қамқорлығы жоғары болу керек. Әке мен шеше беделін баланың алдында түсіріп алмай, керісінше, балаға жылу бергенде бала ешқашан қашпайды. Сосын баланың болмысын қабылдау керек. Талап қойған осы екен деп, оның табиғи болмысын ескермеу дұрыс емес. Бір бала баяу жұмыс істейді, бір бала шапшаң болады. Бірақ соған бола ұрып-ұрысса, кінә артса, бала қиын жағдайға түседі. Ол қандай болса да өмірде өз орны бар. Мысалы, шабан қимылдайтын адамдар тиянақты ойлайды. Кейбір балалар бас ауған жаққа кете береді. Оған өзін еш кінәлі сезінбейді. Бұған медицина психологы диагноз қойып, емдейді.

Ең жаманы, үйден қашуды әдетке айналдыру. Сөйтіп, отбасын да, полицияны да әуре-сарсаңға салып, сенделту. Тіпті кейбір ата-аналар қашып кеткен балаларын іздемейтін де көрінеді. Бүгін қашып құтылғанмен, ертең қорғансыз балаларды басқа мақсатта пайдаланатын, ниеті бұзық адамдардың қолына түсіп қалу одан да қауіпті емес пе?! Үйінен қашып, із-түссіз кетіп, түрлі жағдайларға ұшыраған балалар жетерлік. Бір қуантарлығы, қашқан балаларды полиция бір күннің ішінде тауып, ата-анасына тапсырады. Жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Ата-анасымен жұмыс басталады. Егер ол қиын отбасы болса есепке алынып, үнемі бақылауда болады. Баланың тағы да үйінен қашып кетпеу үшін алдын ала профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Бағдәулет ЖҮНІСОВ, Алматы қаласы, Медеу аудандық полиция басқармасының юневалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны:

– Медеу аудандық полиция басқармасында  кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөнінде 22 учаскелік полиция инспекторы жұмыс атқарады. Ал Медеу аудандық полиция басқармасы 13 микроучаскеден тұрады. Бір учаске бір мектепті, кейбір учаскелер 2-3 мектепті қамтиды. Бұлар кәмелет жасына толмағандарға байланысты арыз-шағымдарды қарастырады. Әр учаскелік полиция пунктте 1098 бұйрық бойынша, есепте ішімдікке әуес, нашақорлыққа салынған қолайсыз отбасылар тұрады. Солардың балаларымен жұмыс істейміз. Ауданымызда 28 мектеп, 2 балалар үйі тіркелген. Медеу ауданы үлкен. Жергілікті тұрғындардан бөлек, жан-жақтан келген халық бар. Сондықтан әртүрлі жағдай тіркеледі. Көбіне жасы 16-ға толмаған балалар әке-шешесімен ренжісіп, үйінен кетіп қалып жатады. Техника дамыған заманда, біз оларды бір тәулікке жетпей тауып аламыз. Үйінен қашқан балалар көбіне компьютер клубтарында, сауда үйлерінде жүреді. Компьютер клубтарына кәмелет жасына толмағандарды кіргізгені үшін клубтың иелеріне заңда жауапкершілік қарастырылған. Кейбіреулерін әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Сонда да жасөспірімдер клубқа кірудің жолын табады. Ал үйінен шығып, басқа қалаларға кетіп қалған жағдайлар тіркелген жоқ. Басқа қаладан қашып келіп, біздің ауданнан табылып жататын жағдайлар бар. Оларды қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығына орналастырамыз. Сол жерден ата-анасы алып кетеді. Ауданда тіркелген қолайсыз отбасылар бар. Олармен учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық жұмыс атқарып отырады. Ішімдікке, нашақорлыққа құмар адамдар балаларына қарайтын жағдайда емес. Әрине, қараусыз қалған бала ойына келгенін істейді. Жақында юневалдық сот арқылы девиантты мінезі-құлқы бар бір баланы арнайы оқыту ұйымына орналастырдық. Қазір екінші баланы орналастыру бойынша іс сотта қаралып жатыр. Өкінішке қарай, бұл балалар ешқандай профилактикалық жұмыстарға бейімделмейді, бағынғысы келмейді. Сондай-ақ Алматы қаласы полиция басқармасы тарапынан жағдайы жоқ отбасыларға қаржылай көмек көрсетіледі, мектеп формасы, оқу-құралдарын алып беріп отырамыз. Біз арқылы қолдау көрсететін акционерлік қоғамдар да бар.

Жыл басынан бері балалардың үйден қашуы бойынша 10 факт тіркелді. Ол балалар дер кезінде үйіне қайтарылды. Көбіне 14-16 жас аралығындағы ұл балалар кетіп қалады. Ал бала жоғалған жағдайда бірден дабыл қағылады. Бәрі жұмылдырылады. Алматы қаласында сегіз аудан бар. Бәрімізге ортақ чаттар арқылы хабарсыз кеткен баланы екінші ауданның инспекторлары тауып береді. Өткенде бір бала тауға шығып кеткен. Кешке қарай үйіне хабарласып: «Әке, телефоным өшейін деп жатыр. Тауда жүрмін, қаланы көріп тұрмын. Бірақ түсейін десем жол жоқ», – деп хабарласқан. Әкесі 102-ге хабар берді. Бүкіл полиция ұжымы , төтенше жағдайлар қызметі «Көкжайлауға» іздеп бардық. Негізінде бала күн батқанға дейін қалаға түскен екен. Әке-шешесін алдап, өзі қыдырып кеткен. Ал біз оны таудан іздеп жүрдік. Ертесінде үйіне келіп, шындығын айтыпты. Әкесі қатал, шындығын айтса жібермейтінін біліп, алдап кетуіне тура келген. Қазір балалар өз құқын жақсы біледі. Әке-шешесінен зорлық-зомбылық көрген балалар бірден 102-ге хабарласады. Болмаса өзінің мұғаліміне, психологына айтады. Ондай балалармен де профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Баланы үйіне қайтарғаннан кейін де ары қарай жұмыс жасаймыз. Медеу ауданы әкімдігіне қарасты кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқын қорғау жөніндегі ведомство аралық комиссия құрып, үйін тексереміз, ата-анасымен жұмыс жасаймыз. Баланың өзімен біз де, психологтар да сөйлеседі.

Әке-шешесі ішімдікке салынған балалар ғана қашады деп ойласаңыз, қателесуіңіз мүмкін. Не ішем, не кием дегізбейтін  отбасындағы балалар да үйінен кеткісі келеді. Адамға алдымен оның еркіндігі мен қауіпсіздігі қымбат. Алайда ата-ана үшін де, бала үшін де үйден қашу – шешім емес. 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы