• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Тамыз, 2022

Қала баласы ат құлағында ойнаған бір жыл

Фейсбук әлеуметтік желісінде Ақмоншақ Мақсотқызы есімді әріптесімнің жазбаларын жиі бақылаймын. Себебі ол балалар туралы жазады. Бала болғанда да, ат мініп, көкпар тартатын, теңге ілетін балалар. Ондай бала бар ма дерсіз. Жұбайы Ақылбек Ишанов екеуі сонау Орал қаласында мектеп жасындағы балаларды ат спорты өнеріне баулыды. Бір жыл бойы балаларды үздіксіз дайындап келген олар жуырда бұл жұмысты аяқтағанын жазды. Көңілімізге кірбің түскендей боп, Ақмоншақ әріптесімізбен осы жайлы әңгімелесіп, бір жылдық жұмыстың нәтижесімен таныстық. Ары қарай әріптесіміз әңгімелейді.

ӘКІМШІЛІК ҚОЛДАУЫНА ҰЛАСҚАН ЛАГЕРЬ

2020 жылы желтоқсанда «Азамат» ұлттық-танымдық лагерін аштық. Қыс мезгілі болған соң лагеріміз бес күндік, он күндік боп құрылды. Балалар күніне 2-3 сағаттан қатысып жүрді. Тек ұлдарды ғана қабылдадық. Оларға қазақ өміріндегі ер баланың рөлін, жүріс-тұрысын, тіршілігін, сонымен қатар ат үстіндегі өнерді үйреттік. Бағдарламамызға сәйкес танымдық бағытты да қамтыдық. Яғни бата, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш жаттатып, салт-дәстүрмен таныстырдық. Жолдасым Ақылбек бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Өзім тіл маманымын. Сондықтан бұл бізге қиындық тудырған жоқ. Лагеріміз ата-аналар тарапынан да, балалар тарапынан да жақсы қолдауға ие болды. Балалар айтарлықтай қызықты. Бұл жұмысымызды 2021 жылдың көктеміне дейін атқардық.

Сөйтіп жүргенде қала әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытжан Қаперұлы әлеуметтік желідегі парақшамнан осы істерімізді көріп, қабылдауына шақырды. Мұны кең ауқымда жасау жөнінде ұсыныс білдірді. Содан біздің идеямызбен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Орал спорт клубының» жанынан Ат спорты бөлімін ашатын боп шешілді. Содан бастап қазірге дейін жеке шаруашылық базамызда қала балалары ат спортына жаттығуға мүмкіндік алды. Қатарымызға 10 жастан жоғары балаларды алдық. Себебі, бұл жастағы бала өзіне жауапкершілік ала бастайды, іс-қимылға ширақ болады деп бағаладық. Қыздарды да алдық. Оларды жамбы атуға баулыдық. Ал ер балаларды ат спортының барлық түріне – теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жамбы атуға баулыдық.

АУЫЛ БАЛАЛАРЫ ҚАЛА БАЛАЛАРЫНЫҢ ӨНЕРІНЕ СҮЙСІНІП ҚАЙТТЫ

Баланың бойындағы барлық өзгеріс біздің көз алдымызда болды дей аламын. Мысал ретінде айтсам, 100 бала келсе, соның 20-сы бұрын атқа мініп көрген, ауылға барып тұратын, қазақша айтқанда, «аттан қорықпайтын» балалар болды. Ал қалған 80-і атқа алғаш рет мінді. Тіпті жылқы атаулыны өмірінде тұңғыш рет көрген балалар болды. Жаттықтырушылардың арқасында олар жылқымен кәдімгідей дос боп кетті. Ата-аналары таңғалып қалған жағдайлар көп болды. Ата-аналардың тағы бір риза болғаны – балалары көпшілікпен жұмыс істеуді үйренді, момын, томаға-тұйық балалар ашылды, жарыс кезінде намысты қолдан бермеуді үйренді.

Жарысты жиі ұйымдастырып тұрдық. Ондай кезде балалар шабыттана түседі. Өзі жеңіліп қап, жанындағы досы жеңсе, оған да қуанатын еді. Іс-шаралардың форматын өзгертіп тұрдық. Облыстық чемпионат өткіздік. Сонда біздің балаларымыз аударыспақтан бірнеше дәреже бойынша жеңімпаз болды, көкпардан жеңімпаз болды. Аудандарда бізден бұрын ашылып, бізден бұрын үйренген балалар бар. Әр ауданда спорт клубы жанында ұлттық спорт бөлімдері бар. Содан шыққан ауыл балаларына біздің балалар, яғни қала балалары шеберлік сағатын көрсеткендей болды. Ауыл балалары қала баласының шеберлігіне сүйсініп қайтты. Себебі, біздің балалардың кәсіпқойлығы көрініп тұрды. Біздің мақсатымыз да сол болатын. Керемет өнер көрсетпесе де, дәстүрді білсе екен деген ниет болды. Бірақ балаларымыз біз күткен нәтижеден де жоғары өнер көрсетті. Теңге ілуді, ат үстінде серке тартуды өз жастарына сай шебер үйреніпті.

Қала баласы десек те, жаңа заман баласы десек те, оларды атқа үйрету соншалықты қиын болған жоқ. Балалар келе сала телефондарын ұмытатын. Келетін де, өз беттерінше қораға кіріп, «аударысайық, көкпар тартайық» деп іле кететін. Сабағымыз таңғы сағат 10.30-да басталады десек, олар 9.00-де кеп алатын. Сенбі-жексенбі күндері үйлеріне қайтпай жүріп алатын. «Апай, осында жүре берейікші» деп қора тазалап, атқа жем-шөп салып дегендей, жүре беретін. Атқа міну үшін қандай ауыр жұмыс болса да істегісі кеп тұратын. Қалада балаларды жылқыға үйрететін орталық жалғыз бізде ғана болды.

ЕЛДЕ БОЛМАҒАН КӨКПАР

Біздің түйсінгеніміз – өзіңнің жетік білетін салаңда бір дүниені қолға алсаң, ол жүзеге аспай қалмайды. Бір жыл бұрын біз мұндай нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаған жоқпыз. Ал бір жылда ат десе елең ететін, тіпті аттың құлағында ойнайтын бір шоғыр бала қалыптасты. Атпен бірге олардың мінезі де ширады. Себебі , атпен бірге өскен бала ешкімге есесін жібермейді, намысты болады. Біз бұл жұмыстың нәтижесін алдағы уақытта да көреміз деп ойлаймыз. Яғни оларда өмірлік мінез, ұлтжандылық қалыптасты деуге болады. Бір жылдың ішінде 100-ден аса бала тәрбиелеппіз.

Ең ерекше шарамыз – 9-13 жастағы балалардың көкпар тартуы. Мұндайды бұрын естімеппіз де, көрмеппіз де. Ел көлемінде бар-жоғын айта алмаймын. Себебі , бізге Алматы жақтан Ертілеу Сатыбалды деген белгілі атбегі келді. Көп жылдан бері осы салада жүр. Сол кісі біздің балаларды көріп: «Қазақстанның қанша жерін араладым, бірақ мынадай кішкентай балалардың ат үстінде аударысып, көкпар тартқанын көрген емеспін», – деді. Мұны кең көлемде дамытуды көздеп кетті. Жалпы кез келген бастаманы қанша ұлтжанды болса да, бір ғана адам атқара алмайды. Оған көп қаржы салу керек, үлкен қолдау керек. Мемлекет тарапынан қолдау қажет. Бірнеше адам біріксе де, пайдасы зор болмақ. Ат спортын үйретуді мектеп бағдарламасына енгізсе дейміз. Себебі, бұл біздің төл өнеріміз. Бізге келген балалар теңге ілуді, аударыспақтың не екенін білмейтін. Қазақ баласы ат үстінде керемет өнер көрсетіп кетпесе де, ұлттық өнерді, ұлттық ойынды біліп өсу керек.

Тағы бір ұйымдастырған ерекше шарамыз – әке мен баланың басын қосып, шара өткіздік. Яғни әкелі-балалы жұптар садақ атып, аударысып, серке іліп, викториналық сұрақтарға жауап беріп, спорттық жарысқа түсті. Сол кезде әкелер баласы үшін шын қуанғанын байқадық. Балалар да әкесі алдында жақсы жағынан көрінуге тырысты. Біз қай кезде баланың психологиялық жай-күйін назарда ұстап отырдық. Баланың атқа мінгеніне ғана мәз болмай, оларды жеке-жеке бақылауда ұстадық. Аптаның әр күнінде баланың дұрыс жетілуін ойластырып, сол бағытта жұмыс істедік. Баланың ешқайсысын алаламай, бәрінің бір деңгейде болуына назар аудардық.

АТ СПОРТЫН ДАМЫТУДЫ ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ

Сөйтіп, балаларды ат спортына баулу бойынша бір жылдан аса жұмыс істедік. Идеяларымыз әкімшілік тарапынан қолдауға ие болды. Біз ол қолдауды сезіндік. Артқан сенімді ақтауға тырыстық. Атты алғаш көріп тұрған балаға жал-құйрығын сипатқаннан бастап, ерттеп мінуді, көкпар тартуды, теңге ілуді – бәрін үйрететін жүйе жасақталды. Біздің ойымызша, бұл шаруа ары қарай да жалғасады. Жалғасуға тиіс. Себебі, мұндай іспен айналысатын азаматтар аз емес. Сол кісілер ары қарай іліп әкетеді деп ойлаймыз. Ата-аналар да, балалар да оның жалғасуын сұрайды. Бастысы, бір жүйеге түскен, бағдарламасы бар, нәтижесі бар жұмыс. Ал біздің мұны тоқтатқан себебіміз – аумағы шағын жерде жеке шаруашылығымызға жүктемесі көп боп кетті. Мүмкіндігіміз жеткенше істедік. Дегенмен алдағы уақытта ат спорты саласында жүреміз. Жолдасым атбегі болғандықтан, қазір бәйге аттарын баптайды. Шабандоз балаларды да дайындап жүр. Осы бағытта біраз еңбектенеміз деген жоспар бар. Сонымен бірге алдағы уақытта жазғы лагерь, ат спортын үйрету курстарын жүргіземіз. Балалармен қатар ересектерді де қамтысақ дейміз. Қазірше саумал мен қымыз өндіруге баса мән беріп отырмыз. Алдағы уақытта осындай бағытта жұмыс істегісі келетін азаматтарға тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз.

Жазып алған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы