• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Тамыз, 2022

Тихоненконы қайта тану

Бұл оқиғаны белгілі отандық комментатор Сергей Райлян айтып берді.

«Ұлым Андрейді кішкентай кезінде түрлі жарыстарға бірге ертіп барып жүрдім. Кейін секцияға беру үшін оған қандай спорт түрі ұнайтынын көргім келді. Ұлымды түрлі жарыстарға – хоккейге, футболға, баскетболға, тіпті өрт сөндіру спортына да апардым.

Бір күні Алматыға «Астана» баскетбол клубы келді. Әрине, ұлым екеуміз залдан табылдық. Мен осы клубтың басшыларының бірі, Сеул олимпиадасының чемпионы Валерий Тихоненкомен аздап таныспын. Сондықтан мүмкіндік туа қалғанда Андрейді баскетбол аңызымен таныстырып, суретке түсіріп алдым. Ол кезде ұлымның бойы Валерий Алексейұлының белінен төмен еді. Шынын айтқанда, Андрей ол кезде олимпиаданы жеңіп алған аңыз адамның қасында тұрғанын сезінген жоқ, тым кішкентай еді.

Уақыт өтті. Андрей баскетболға ден қоя бастады, осы спортқа қатты қызықты. Тихоненконың кім екенін жақсы біліп алды, оның тамаша ойынының ескі жазбаларын тамашалады.

Өткен жылы «Астана» тағы да Алматыға келді. Тағы да Андрей екеуміз залға асықтық. Мен ұлыма кішкентай кезінде оны Тихоненкомен бірге суретке түсіріп алғанымды айтқан жоқпын. Валерий Алексейұлымен аз-кем сөйлесіп, әңгіме соңында ұлыммен суретке түсуін өтіндім. Екеуін дәл бұрынғыдай таспаға таңбалап алдым. Үйге келіп, бұрынғы суретін көрсеткенімде, Андрей  қатты таңғалды. Мұндай тамаша жәдігер барын тіпті білмепті. Қазір осы суреттерін сақтап жүр.

Андрей бүгінде Алматының АДК командасының 2006 жылғылар құрамында ойнайды. Ол кәсіпқой баскетболшы болар я болмас, бірақ Тихоненко сияқты олимпиада чемпионын жете тану оның өміріне қосымша серпін болатыны анық».

Біз Сергейден осы екі суретті аттай қалап сұрап алдық. Салыстырып көріңіздер!

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы