• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Тамыз, 2022

Тегін, терең білім береді

«Khan academy» әлемдік деңгейдегі сапалы, тегін білім беру жобасының қазақ тіліне аударылып, ана тілімізде қолжетімді болуына үлесін қосып, негізін қалаған Назарбаев университетінің түлегі Әсем Сарыбекова онлайн платформа жайлы толығырақ әңгімелеп берді.

– «Khan academy» – Гадвард және MIT түлегі Салман Хан негізін салған, 2008 жылдан бері жұмыс істейтін тегін онлайн білім беру платформасы. Платформаны ай сайын 27 миллион белсенді қолданушы пайдаланады және әлемнің 190 мемлекетінде қолданылады. Қазақ тілімен қосқанда 53 тілге аударылған. Платформада 100-ден астам жаттығу, 10 мыңнан аса видеосабақ қамтылған.

– Еліміздегі «Khan academy» негізін қалаушысыз. Бұл іске қалай тәуекел еттіңіз?

– «Khan academy» туралы Назарбаев зияткерлік мектебінде 10-сынып оқып жүргенде білдім. Сол кезде «Платформа қазақ тілінде болса ғой» деген арман пайда болды. Ауылдағы сыныптастарым ағылшын тілін білмейтін. Назарбаев университетіне түскеннен кейін І курстан ІІ курсқа өткен кезде құрбым Айсұлу екеуміз «Khan academy»-ге ерікті болуға өтініш бердік. Олар бізге: «Қазақстанда әлі де лицензия алынбаған, аласыңдар ма?» – деп ұсыныс білдірді. Біздің негізгі мақсатымыз бар білімімізді қолданып, ерікті болып, ағылшын тілінде оқуға мүмкіндігі жоқ, яғни қазақ тілінде білім алатын балаларға сапалы контентті кішігірім болса да қолжетімді етуге өз үлесімізді қосу еді. Алты айдан соң лицензияны алдық. 2019 жылдың мамыр айынан бастап ресми түрде Қазақстанда «Khan academy»-дің қазақ тіліне аударатын өкілі ретінде жұмыс бастадық.

– Платформа Қазақстандағы қолданылушыларын тапты ма? Жоба қандай бағыттар бойынша оқушыларды дайындайды?

– Қазір YouTube арнамызда химия, биология, физика, компьютерлік бағдарлама пәндері бойынша 700-ге жуық видеосабақ аударылған. Платформамыздың демо үлгісі бар. Әзірге қолданушымыз аз, небәрі 1300-ге жуық. Әлі де ақпараттандырумен жұмыс істеп жатырмыз.

– Қазақстанға жаңа жоба енгізерде көмек қолын созғандар болды ма?

– Exclusive Qurylys компаниясы бірінші болып қолдау көрсетті. Кейін Social Development Fund NU, USAID Eurasian Foundation қолдауымен грант алдық. Қазір бізге Орталық Азияның әлеуметтік инновациясы қолдау көрсетіп жүр.

– Бұл платформа қолданушыларға қандай мүмкіндіктер береді?

– Ең негізгі артықшылығы – ол тегін. Платформада өте үлкен философия бар. Салман Хан жобаның контентін жасаған кезде ойлау жүйесін өсуге негіздеген. Біздің ұранымыз: «Сен бәрін үйрене аласың». «Khan academy»-дің сабақтары оқушылар мен студенттерге ғана емес, әртүрлі жастағы адамдарға да арналған. Біздің сабақтарды қарап, білімін толықтыра алады. Қазір академиялық платформалардың көбі ақылы түрде жүзеге асады. «Khan academy»-дің ең үлкен артықшылығы – қолжетімділігінде. Әлемдік деңгейде дәлелденіп, 190 мемлекетте қолданылатын, тәжірибелі шетелдік мұғалімдер мен үздік принципке негізделе отыра жасалынған платформаның түсіндіру жүйесі ерекше әрі жеңіл. Желі қолданушыларынан «қиын концепциялардың жеткізілуі өте оңай» деген жағымды пікір алып жатырмыз.

– Жобадағы видеосабақтар еріктілердің көмегімен аударылады екен. «Khan academy Qazaq» еріктісі болу үшін басты шарт қандай?

– Қазақ тілі мен ағылшын тілін өте жақсы білу керек. Аударатын контенттен білімі жоғары болуы шарт. Еріктілерді он алты жастан жоғары қабылдаймыз. Жоғарғы сынып оқушылары, студенттер, ұстаздар білімнің қолжетімді болуына үлес қоса алады. Бастысы, жауапкершілікпен қарап, әрдайым мақсаты мен миссиясы бізбен бірге болуы керек.

– Сұқбатыңызға рақмет! Білім жолында толағай табыстар тілейміз!

Айзада САҒИДОЛЛА,

«Ақ желкеннің» жас тілшісі

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

198 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы