• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 29 Тамыз, 2022

Табиғатты аялаудың 12 жолы

Табиғатты қорғау – бәріміздің парызымыз. Табиғатқа жанашыр болу экологтардың немесе аула сыпырушылардың ғана міндетті емес. Өйткені «табиғат – екінші үйің» деп бекер айтылмаған. Сондықтан мен сіздерге табиғатты аялаудың 12 жолын ұсынамын.

Өзің тұрған аймақтың табиғат жағдайларын және қандай жануарлар мен өсімдіктер өсетінін, қандай өзен не су көздері, орман-тауы бар екенін біліп ал.

Сен тұрған жердегі тау мен орманның ағаш-бұталарының ысырабына жол берме! Улы және жеуге жарайтын саңырауқұлақтарды ажырата білуің керек.

Сен тұрған өлкеде қандай тау-кен қазбалары мен минералды байлықтар барын анықта. Осы табиғи қазбаларды пайдалану кезінде қоршаған орта ластанып жатса, араша түс.

Өз мекеніңнің су қоймалары, бұлақтары мен өзенінің жоба картасын сыз. Олар ластанған болса, тазартуға атсалыс. Су көздері маңындағы ең кемі он өсімдік және он жануарды анықтап, сипаттап жаз.

Өзің туып-өскен жеріңдегі өсімдіктерді, әсіресе олардың сиреп, не азайып, құрып бара жатқан, «Қызыл кітапқа» еніп қорғауға алынған түрлерін біліп, оларды сақтап қалуға қолыңнан келгенінің бәрін жаса.

Өз атамекеніңде тіршілік ететін құстардың кемінде он түрін тани біл, оларға әсіресе қыста үйшік жасап, қолдан қорек беріп, қамқорлық қолыңды соз.

Ауылыңның маңайында өзі құнды, бағалы терісі үшін ауланатын аң-құстар бар ма? Олардың өзін, ізін ажырата аласың ба? Бағалы хайуанаттарға зорлық көрсетіліп жүрген жоқ па? Осыларға әрқашан мұқият бол.

Сіздер туған облыста (ауданда) ерекше қорғауға алынған аймақтар (қорық, қорғалым, ұлттық парк, т.б.) бар болса, онда мекен ететін жан-жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін білуге тиіссің және оларды қорғауға көмектес.

Әрқашанда кәсіби аңшылармен, орманшылармен, қорықшылармен, мал мамандарымен, агрономдармен, жер барлаушы геологтармен, табиғат қорғау мекемелерімен байланыста бол. Олардан сен білмеген табиғат байлықтары мен аймақ ерекшеліктері жайлы ғылыми мәліметтер және нұсқау жаңалықтар ала аласың. Маңайыңда тірі және өлі табиғат елеусіз қалмасын.

Гүлді, саңырауқұлақты бейберекет жұлма! Суды ластама, ысырап етпе! Құмырсқаның илеуін бұзба! Жыланды өлтірме! Құстың ұясын бүлдірме! Дана халқымыздың ғасырға жеткен осындай ойып айтар пәлсапалы ойларын әр кез жадыңда тұт!

Табиғатқа саяхат жасау және жасыл әлем саясына серуендеп, қыдыру кезінде қоршаған ортаны түрлі қоқыстармен ластама, өзгенің де айналаны бүлдіруіне жол берме. Тірі әлем тыныштығын бұзатын әрекеттер мен айғай-шуды болдырма. Қалдықтарды жағып өртеме. Айналаңда сөндірілмеген от қалмауын қадағала. Жол-жөнекей осындай келеңсіз көріністер көрсең дереу оның жолын кес.

Ауа райындағы метеорологиялық өзгерістерді тиянақты түрде қадағалап, жануарлар мен өсімдіктер дамуындағы маусымдық құбылыстарға фенологиялық бақылау жүргізуге және байқағандарыңды күнделік, дәптерге, табиғат күнтізбесіне, халықаралық шартты белгілер арқылы жазып жүруге дағдылан, байқағандарың туралы қорытынды жасауға үйрен.

Табиғат тіршілігіне жүйелі бақылау жүргізе білу ізденімпаздық пен байқағыштыққа тәрбиелейді. Бұл сенің өміріңе өте қажет пайдалы дағдылар қалыптастырады.

Асылай ЕРБОЛОВА,

11-сынып оқушысы.

Батыс Қазақстан облысы

Сырым ауданы

Жосалы ауылы

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2022

523 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы