• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қыркүйек, 2022

Ишарада халықтың сипаты бар (эстетикалық ізденіс)

Оның автобусқа қай аялдамадан отырғанын аңғарғаным жоқ. Ортаңғы есікке сыртымды беріп, терезеге үңіліп тұрдым. Түрік сериалдарының көбі осы көшелерде түсірілгендей көріне берді маған. Өйткені Ыстамбұлдың кішкентай көшелері бір-біріне қатты ұқсайды. Тіпті бүкіл Түркияның кішкентай көшелері бір-бірінен айнымастай. Адамдары сол көшелердегі аядай асханаларда сұлу қыздың тұрқындай құмырсқа бел бокалдардың жиегінен еппен ұстап, қызыл шайдан ұрттап отырады. Ішпейді. Ұрттайды. Өйткені өзі кішкентай бокалдан бір сағатта екі-үш рет қана шай алдыру – ішу болып саналмас. Бұл елде шай ішу мәдениеті болса да, көп ішу әдеті қалыптаспаған секілді. Әне, тағы бір асхананың даяшысы табағына 2-3 бокал қызыл шайды қондырып кетіп барады. Осы сәт оң жағымнан телефон қоңырауы естілді. Менікіне ұқсас болғандықтан, еріксіз назар аудардым. Әлгін-де бос тұрған орындыққа бір қыз отырыпты. Шашын келте қиып, еуропаша киінген қыздың бойынан еркіндік лебі есетіндей. Кішкентай сөмкесін алдына жинап ұс-тап, келте шашын құлағынан асыра қайырды да, телефонға: «Ефендим?» – деді қабағын әнтек түйіп. Соған қарағанда, телефонының арғы бетіндегі адаммен бұдан аз уақыт бұрын да сөйлессе керек. Түрік тілін түсінбейтін болған соң мен оның сөзіне емес, ерні мен бос қалған қолының қимылына аса қатты үңілдім. 

Ол қимыл-дардың біразын білсем, біразы маған мүлде таныс емес екен. Былай келгенде қимыл-қозғалыс, ым-ишара тілі әмбебап тіл секілді көрінетін маған. Осы сәт оның да ұлттық белгілері бардай сезілді. Әсіресе әлгі қыздың әңгімелесушісін ұзақ тыңдап, соңыра «уф-уф» дегенінде күн оңдырған қызыл шүберек реңкті еріндерінің дөңгелене жиырылуы аса сұлу болатын. Ал оң тізесінің үстіне сұлық тасталған қолының әр саусағы әртүрлі эмоцияға жауап беретіндей. Иә, иә. Олардың әңгімесі өте эмоцияға толы болатын. Сондықтан болса керек, қыз сөздерін жасырып әуре болмады. Тіпті әңгіме ортасында дауысы көтеріліп кетеді. Қысқа шашты қыз сөзінің соңын: «Беклеме бени», – деп аяқтады да, экрандағы қызыл нүктені басуға асықты. Бірнеше рет басты және. Одан кейінгі қоңырауларды алған жоқ. Көзінен мұң көрмедім. Өзін асқақ ұстаған қалпы, келесі аялдамадан түсіп қалды. Есімде қалған соңғы сөзін кейін аударып көрдім: «Күтпе мені». Тым жауыз һәм өр қыз екен.

***
Менің есімде қыздың келбеті емес, оның ым-ишарасы көп сақталды. Сондықтан болса керек, Түркия сапарында кездескен адамымның сөйлеу тіліне емес, ишара тіліне көп мән бердім. Осы бақылау нәтижесінде әртүрлі халықтардың бейвербал тілдесуін зерттеуді бастаған едім. Нәтижесін сіздерге ұсынып отырмын. Жалпы әлемде жасалатын бірнеше жест түрі бар. Олар әр халықта әртүрлі мағына беруі мүмкін. Мысалы қолмен жасалатын ым-ишараларды санамалап шығалық. 

Бас бармақ пен сұқ саусақтың дөңгелек жасай жиналып, қалған үш саусақтың әтеш айдарындай шашырай тұруы көп халықта «бәрі жақсы» (OK) деген мағына береді. Әсіресе, Америка мен оның мәдениетін сіңірген елдерде. Бірақ Францияда бұл жест арқылы «назар аударуға тұрмайтын» нәрсені айтады. Яғни «нөл» деген мағынада. Ал Азияның кейбір елдерінде бұл белгі адамның бесінші нүктесімен мағыналас. Жапонияда осы ишара – ақшаның символы. Түркияда «дәстүрлі емес жыныстық қатынастағы» адамдардың белгісі болса, Тунисте «мен сені өлтіремін» деген мағынадағы ишара саналады. Ал Сирия халқы осы қимыл арқылы «көзіме көрінбе» деп ишаралайды екен. 

Бұл ишара Америкада пайда болған. Бір деректерде ағылшынша «all correct» бәрі дұрыс деген сөздің, «оll korrekt» деп қате жазылуынан бүгінгі «OK» сөзі қалыптасты дейді. Американың Э.Джексон атты президенті құжаттарға осы қателікпен «ОK» деп жазып қол қойған екен. Бұл сөздің танымал болып кеткені сонша, АҚШ-тың сегізінші президенті болған Ван Бюреннің компаниясы оған біз сөз етіп отырған «бәрі жақсы» деген ишара ойлап табады. 

Бас бармақтың жоғары көтеріліп, қалған саусақтардың жұмылуы «жақсы» мағынасында қолданылатынын білеміз. Бізде тіпті «бас бармақпен бағаладым» деген тіркес қалыптасты. Халықтардан бөлек, бас бармақ ишарасы – әлемдегі жолай көліктермен саяхаттаушылардың көлік тоқтату белгісі. Біз қолымызды осылай ұстап, иығымыздан асыра артқы жақты нұсқау арқылы көбіне артымыздағы сенімсіз немесе күдікті адамды, оқиғаны білдіреміз. Ал Еуропа елдерінде бұлай «көзіме көрінбе, қараңды батыр» деген ойды ұқтырады. Иранда бұл ишара «ортаңғы саусақты көрсету» мәнінде қолданылатынын да айтып өткеніміз абзал. Қызығы, Грекияда «бас бармақ» белгісі «аузыңды жап» деп айтудың бейвербал көрінісі болса, қытай халқы – «5», Индонезия «6» деген цифрды көрсетеді осы ишара арқылы. 

Цифрларға байланысты тарих белгісіз, бірақ бас бармақтың жоғары көтерілуі гладиаторлар заманынан қалған белгі екені даусыз. Төмен қаратылуы – өлім, жоғары қаратылуы кешірім мәнінде қолданылды. Бүгінде төмен қаратылған бас бармақ «нашар» деген сөзбен астасады. «Виктория» деп аталатын ишара түрі бар. Ортаңғы және сұқ саусақтың жазылып, қалған үш саусақтың жұмылуы арқылы жасалады. Атауы V әрпіне ұқсауына байланысты солай. Бұл ишараны У.Черчилль жақсы көрген болса керек. Бірақ бұл ишараның екі түрі бар. Егер алақан адамның өзіне қаратылып, қолының сыртымен өзге адамға көрсетілсе, «жеңіс» мағынасында қолданылады. Ал, керісінше, алақанды сыртқа қаратып көрсетсе, «аузыңды жап» деген белгі береді (Британия, Ирландия). 

Ал біздің елімізде бұл ишараның аса мағынасы жоқ. Ол рэперлер арқылы келіп, жай ғана сәнге айналып кете барды. Әсіресе бұл ишараны суретке түскенде көп қолданамыз. Британиядағы «жеңіс» мағынасының тарихы тереңде. Ол Англия мен Франция арасындағы 100 жылдық соғысты еске түсіреді. Осы соғыс кезеңінде француздардың бір қызық жазалау дәстүрі болыпты. Олар тұтқынға түскен садақшылардың адырна тартатын екі саусағын (сұқ және ортаңғы) шауып тастайды екен. Бір шайқаста ағылшындар 6 мың адаммен француздардың 36 мың жауынгерін жеңіп шығады. Сол жеңістен ағылшындар елдеріне әлгі екі саусағын көтеріп келген екен. 

«Ешкі» деп аталатын ишара бүгінде рок-музыканың символына айналды. Әсіресе хэви-металл жанрының. Дегенмен Орта ғасырларда Еуропада бұл символ сиқыршылар мен мыстандарды нұсқаушы ишара болған. Белгілі бір деректерде жамандықтан қорғаушы деп те аталады. Ал посткеңестік елдерде бұл – мықтылықтың, 90-жылдардағы рэкеттің белгісі. Қазір біздің жастар өзінде бәрі жақсы екенін осы белгімен білдіреді. Ал Испания мен Италияда бұл ишарамен әпенде, жолы болмайтын адамды нұсқайды. Американың кейбір аймақтарында «Мен сені сүйемін» деген мағына да берерін айта кеткен жөн. 

Қазаққа және бүкіл әлемге ортақ бір ишара бар. Біз оны – тылақ дейміз. Бұл атауды танымасаңыз, кукиш деп атайды орыстар. Бұл символ бір замандарда қай-қай дәстүрде де қорғаушылық мағына берсе керек. Көп этнограф адамдардың бұл белгі арқылы көз тиюден сақтанғанын алға тартады. Ал бүгінде «менен ештеңе алмайсың» деген мағынада көп қолданылады. Еліміздің кейбір аймақтарында бесіктегі баланың ұзақ уақыт бойы тылақ көрсетуін «әулетке келесі қыз келеді» деп топшылап жатады. 

Қолмен жасалатын ең атақты ишаралардың бірі – ортаңғы саусақтың көрсетілуі. Бұл әлемнің барлық дерлік елінде бірдей мағына береді. Сонымен бірге ол – ең көне ишаралардың бірі. Алғаш ортаңғы саусақ туралы жазба дерек ретінде философ Аристофанның «Бұлттар» атты комедиясын айтуымызға болады. Онда қарапайым шаруа Сократқа ортаңғы саусағын көрсеткенін суреттейтін эпизод бар. Атақты бөшкеде өмір сүрген философ Диоген де бұл ишараны оратор Демосфенге көрсеткенді ұнатады екен. 

Тағы бір жест бар. Оны «тсс» немесе қазақша «түш» деп атауға болатын шығар. Яғни сұқ саусақты еріннің үстіне (кейде мұрынның үстіне) қойып, «тсс» деген секілді дыбыс шығару. Әлбетте, «үндеме» деген белгі. Бұл ишараның әлемге қалай таралғаны және қалай пайда болғаны туралы мәліметтер жоқ. Бірақ тұтас әлем қолданып, түсінетін ишара. Әлемге ортақ, атауы бар «ымды» түгендеп болсақ, қарапайым ишараларға оралайық. Дәл осы қарапайым ым-ишараларда ұлттық таным жататынын айта кеткеніміз абзал. 

«Иә» және «жоқ» сөздерінің ишарасы әр халықта өзгеше болатыны бар. Мысалы, әлемнің көп халқы «жоқ» деп басын шайқаса, «иә» дегенді басын изеп білдіреді. Ал Болгария, Үндістан, Грекия секілді елдерде бұл ишаралар керісінше қолданылады. Ал түріктердің жоқ деп айтуы тіпті қызық. Олар иегін жоғары көтеріп, қастарын кереді. Көздері бұл сәт үлкейіп кетеді. Қазақтың «кет» дегенді иегімен нұсқағанындай күй кештіреді. 

Ишараның иекпен, көзбен, тілмен, ерінмен жасалатын түрлері бар. Мысалы, Тибетте қарсы келе жатқан адам тілін шығарса, «мен саған тиіспеймін» дегені. Ал әлемнің басқа елдерінде бұл мазақ қылу мағынасын білдіреді. Үндістанда тілін көрсету арқылы әңгіменің өтірік екенін аңғартуға болады. 
Осы тұста айта кету керек, қазақ халқында адамның бет-жүзімен және бастың айналасында жасайтын ишара өте көп. Мысалы, қазақта «ернін сылп еткізді» деген сөз бар. Бұл ишара «жетісіп қалыпты» деген мағына береді көбіне. Ал ернін сылп еткізіп, оның үстіне ерінінен ыңғайсыздау дыбыс шығарса, «жетісіп қалыпты» деген сөздің он еселенген түрі болмақ. Бұл – қазаққа ғана тән ұлттық ишара. Қазақ астыңғы ернін шығарыңқырап, иегін қыран құстай бауырына тартса – сенімсіз таңғалғаны. Ишара соңы «Құдая тоба» деп аяқталар еді. Егер дәл осы ишара басты сәл қисайтып жасайтын болса, «білмеймін» деген мағына береді. 

«Таңдай қақты» деген тіркес бар. Бұл таңғалыстың белгісі саналады. Біздің халық таңғалысын таңдай қағып білдіреді және ол әлемнің тағы біршама халқына ортақ. Егер қағыс таңдайдан езуге ауысса, қазақша «жоқ» немесе «тоқта» деген ишара болар еді. Ат шошынғанда, кейде үркіп, өзгеше мінез шығарғанда біз осылай езу тақылдатамыз. Яғни езумен қағып «жоқ» деп айту – құрметсіздік саналатынын айта кетуіміз керек. «Мұрнын тыржиту» –  жақтырмау, «мұрнын шүйіру» – менсінбеу. Бұл екі ишараның біріншісі басқа да халықтарда кездессе, мұрын шүйіру біздің ұлттық жестикуляция қатарында. 

Ұлттық жестикуляция қатарында қазақтың амандасуы да бар. Мысалы, алыстағы адамға амандасқанда біздің халық оң қолын жоғары көтеріп, назарын өзіне аударғаннан кейін, оны кеудесіне түсіреді. Бұл – біздің өмір сүру салтымыз қалыптастырған этикет. Яғни өз жолымен кетіп бара жатқан даладағы екі аттылы адам бір-біріне айтар сөзі, сұрар сұрауы болмаса, жолдарынан қалмай кете барады. Амандасудың бұл түрі өзге халықтарда кездесе бермейді. Ал «қос қолдап амандасу» мұсылман елдері мен бірқатар Азия елдерінде үлкен сыйластықтың белгісі саналады. «Төс қағыстыру» да осы сыйластық белгісі ретінде біраз халықта бар. Бірақ «арқадан қағу» ишарасы көп халықта мақтаудың, разылықтың белгісі саналса, француздарда «енді келме» деген мағына береді екен. 

***
Автобустағы түрік қызының «уф-уф» дегендегі ернінің қозғалысы мені осынша ойға, зерттеуге бастады. Біздің халықта «уһілеме» дейді. Жаман ырым. Жоқтау айтып шаршаған әйелдің дауысындай бұл. Сонымен бірге «уһілеуден» өткен шаршау – «аһылау» бар қазақта. Шаршаудың және қайғының категориялары секілді бұл екеуі. Сонда қазақта түрік қызындай әнтек, зілсіз шаршау болмай ма? Ойлана келе болатынын аңғардым. Қазақ қыздары бұл зілсіз шаршауды «туу» немесе «туф» деп жеткізер. Оның да өзінше сұлулығы, эстетикасы барын сол түрік қызы аңғартты маған. Шет ел көрген адамның дүниетанымы кеңейеді, көзқарасы өзгереді деп айтып жатады ғой. Ал менің тапқан жалғыз пайдам осы. Бірақ қазақ қызының зілсіз шаршауындағы эстетиканы аңғару үшін алыс кетіп, өзгенің әсемдігіне тамсануым шарт па еді? Білмеймін... Бірақ өзіңді тану үшін өзінің сыртыңнан қарап көр дейді екен Тибет монахтары. Рас та шығар. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2022

315 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы