• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 28 Қыркүйек, 2022

Шындық иллюзиясы эффекті

Жұмысын белгіленген уақытында істемейтін адамдардың өтірік құрастыру шеберлігі жоғары болады. Әсіресе ісін жете түсінбейтін адамдарды сендіру оңай. Дегенмен ол істі жақсы білетін адамдар да бар ғой... Мысалы, жұмыстың ортақ чатына бас редактор: «Мақалаларың дайын ба?» деп жазып жіберді. Мен: «Бірінші материалыма маманның жауабын күтіп отырмын. Екінші мақаламды да бітіп қаламын», – деп  жаздым. Былай қарағанда, маған берілген екі тапсырма да дайын секілді. Бірақ олай емес. Талдап көрелік.

«Маманның жауабын күтіп отырмын» деген сөзден: «Тұтас мақала дайын, тек маман пікірі ғана керек», – деген мағына шығаруға болады. Бірақ мұның тіпті басқа жағы бар ғой. «Мақала мүлде басталмаған. Тек маманмен сөйлесіп, сауалымды жібердім». Ал «екінші мақаламды да бітіп қаламын» деген сөздің астарын: «Біріншісі маман пікірін алған соң бітеді. Екіншісінің ауылы алыс емес», – деген мағына беруі мүмкін. Бірақ бұл екі сөйлемде де ешбір нақтылық жоқ. Екеуін де аналитикалық жолмен күлін көкке ұшыруға болады. Ең қызығы, мен жазған екі сөйлеммен де бас редактордың нақты сұрағына жауап бергенім жоқ. Тек жауаптан жалтардым. Былайынша, мен өтірік айтпадым. Маманнан сауал күтіп жүргенім де, екінші мақаламның да бітетіні рас. Тек уақыты белгісіз. 

Міне, «шындық иллюзиясы эффекті» дегеніміз осы. Қазақшаға аударар болсақ, ешбір нақтылығы жоқ жауап. ВВС Future бұл эффектіге «paltering» деген атау берді. Яғни «құбылмалылық». Қазақша бұл терминді «адастырушылық» деп атауға болатын шығар. Бүгінде бұл «адастырушылық» әдісін қолданбайтын сала қалмады. Бірақ ең басты ерекшеленетін үшеуі бар: жарнама, бизнес және саясат. Екеуіндегі «адастырушылық» екі түрлі көрініс тапса да, астарында бір эффект жатыр.

Жарнамадағы «адастырушылық»

Әйел адамдардың жуынатын заттарды қалай таңдайтынын білесіз ғой. Әсіресе шаш күтіміне байланысты құралдарда «адастырушылық» өте көп. Мысалы, бір маркамен шығатын не түрлі сусабын (шампунь) бар. Құрғақ шашқа, майлы шашқа, бұйра шашқа, тік шашқа, ер адамның немесе әйел адамның шашына арналған. Одан бөлек шаштың түсуін тоқтататын, өсуін жылдамдататын сусабын түрлері де бар. Соңғы екеуін бірден жоққа шығара кетелік. Өйткені сусабын адам басында ұзақ тұрмайды. Бұл процесс 2-3 минутқа ғана созылады. Мұндай уақытта сусабын бас терісіне сіңіп үлгермек емес. Ал шаш ұшынан емес, түбінен өсетінін, ал оның тамыры бас терісінде екенін ескерсек, шаштың түсуін тоқтататын және жылдам өсіретін сусабынның болуы мүмкін емес. 

Кератинді, кератинсіз, сульфатты, сульфатсыз, силиконды, силиконсыз деп жарнама жасалатын сусабын түрлері де бар. Қызығы, бұл сөздердің барлығы тек жарнама мақсатында қолданылады. Өйткені сыртына көзге түртіп, жоғарыдағы сөздің кез келгенін жазар болсаңыз, қарапайым адам сусабын құрамындағы жоғарыда аталған элементтерді жақсылыққа балайды. «Сульфатсыз» деген сөз арқылы жарнамаланған сусабын адамға пайдалырақ көрінеді. «Сульфатты» деп жарнамалау да қарапайым адамның көзіне жақсы нәрсе болып көрінуі ықтимал. Өйткені сульфат деген нәрсені қарапайым адам түсіне бермейді. Дәл кератин секілді. Ал силикон деген не? Ешкімнің хабары жоқ. Бірақ жарнамашылар қандай ойда жазса, біз оны сол күйінде қабылдаймыз. 

Сусабын жарнамасынан «табиғи өсімдіктердің сығындылары қосылған» деген сөзді естіп, көріп жүрсіз. Бұл жерде де жоғарыдағы нәрсені айтып өткеніміз абзал. Қандай өсімдік майы қосылса да, ол бас терісіне сіңіп үлгермейді. Сусабынның құрамы да өзіне не түрлі қулықты жасырады. Ол жерді оқып көрсеңіз, сізге жарнамашылардың, маркетологтардың баса айтып отырған пайдалы майларының тізім соңында тұрғанын көресіз. Білсеңіз, құрамның соңына қарай ығысқан сайын ол элементтің мөлшері тауарда аз деген сөз. Яғни бас терісіне сіңіп үлгермейтін пайдалы майлардың өзі оның құрамында өте аз. 

Ер адам мен әйел адамға арналған бірегей құрамды сусабынның да болуы мүмкін емес. Өйткені адамдардың бас терілері бір-біріне өте ұқсайды. Сондықтан ер адамға арналған сусабын әйел адамның шашына кері әсерін тигізбейді. Әйел адамға арналған сусабынның да ерлерге түк зияны жоқтығына бүкіл отбасылы ерлердің шашы дәлел. Бұйра шаш пен тік шаштың да айырмасы жоқ. Бірақ жасанды жолмен тіктелген немесе бұйраланған шашқа арналған сусабын барын мойындауымыз керек. Олардың құрамында силикон, яғни шашты сыртынан уақытша қаптап тұратын синтетикалық элемент болады. 

Қарап отырсаңыз, осы жарнамалардың ешқайсының өтірігі жоқ. Бірақ олар шындықты өзге қырынан айту арқылы мақсатына жетіп отыр. Яғни біз айтып отырған «адастырушылық» мақсаты – алдау емес, мақсатты орындау. «Адастырушылықтың» өтіріктен айырмашылығы осы. 
Біздің санамызға ГМО және холестерин деген дүниелер өте зиян болып көрінеді. Өйткені барлық тағам өндірісі тауарларының сыртына «ГМО-сыз» немесе «холестеринсіз» деп жазып қояды. Бұл екеуін де қарапайым адам түсінбейді. 

ГМО-ны қазақша ГТА деп аударып жүр. Генетикалық түрлендірілген ағза. Бүгінгі адамзат қоғамын түрлі тағамдар-мен қамтамасыз етудің табиғи жолы қиын екенін ескерсек, көп қолданылатын тауарлардың гені өзгертіліп, оларды зиянды табиғи құбылыстарға (құрғақшылық, жел, бұршақ, жауын) бейім етіп жасайды. Бұл – көп өнім алу мақсатында жасалатын жұмыс. Айта кету керек, әлі күнге дейін орнымен қолданылған мұндай өсімдіктердің адамға зияны дәлелденген жоқ. Әлемде 6 түрлі ГТА арқылы жасалған өсімдік көп пайдаланады. Соя, қызанақ, жүгері, картоп, қызылша және күріш. Осы айтылған жеміс, дақыл түрлерінің ГТА-ға ұшырамаған сорты өте аз.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда ГТА-ға ұшыраған жеміс-жидектерді сатуға тыйым салынған. Бірақ Тағамтану академиясы елімізге Қытайдан келетін жемістердің тазалығына күмәнмен қарайды. Сонымен бірге елімізде өсірілетін бидайдың ГТА-ға ұшырамағанын дәп басып айту қиын. Өйткені қазақ агрономдары бидай тұқымын шетелдерден сатып алады. Жеміс-жидектерден өзге тауарлардың ГТА-ға ұшыраған түрлеріне елімізде сатылуға рұқсат етілген. Тек түрлендіру пайызы 0,9-дан аспауы керек. Одан жоғары болса, міндетті түрде арнайы жапсырма жапсырылуы керек. Тұтынушы одан ары өзі таңдайды. 

Маркетологтар халықтың ГТА-дан сонша қорқатынын ескере отырып, кейде ақылға сыймайтын жарнама жасайды. «ГТА-сыз тұз» бар сатылымда. Ойланып көріңізші, тұз өсімдік немесе жанды жануар емес. Ол – табиғи минерал. Оны әлемнің ғылымы мен гендік түрлендіру өнеркәсібі ғажап дамыған деген елдердің өзі жасай алмайды, яғни генін өзгерте алмайды. 

Холестерин деген тауарды да маркетологтар адамдарға сүйкімсіз көрсетіп бітті. Жасушалар осы холестериннен тұрады десек те, оның ағзасында көп болуы зиянды екені рас. Осы дүниені алға тарта отырып, маркетологтар сұйық майдың холестеринсіз және Е дәруменіне бай түрін ойлап тапты. Анығында, сұйық майда ешқашан холестерин болмайды. Ал «Е дәрумені» сұйық май жасалатын пісте құрамында өте көп. Былай келгенде, маркетологтар өтірік айтып тұрған жоқ. Тек манипуляция жасап отыр. Яғни «адастырушылықтың» тағы бір аты – манипуляция.

Саясаттағы «адастырушылық»

Саясат – өрмекшінің торындай өте шиеленіскен дүние. Ақиқатты табу өте қиын. Оның басты себебі – біз сөз етіп отырған «адастырушылық». Бұл жерде біз менің алғашқы келтірген мысалымызға ораламыз. Яғни «менің мақаламның» дайын екендігі турасында. Саясатта қолданылатын басты «адастырушылық» сол типте көрініс табады. Бірақ манипулияциялық кейпі де аз емес. Жеке-жеке тоқталып өтелік. 

Дональд Трамп АҚШ президент-тігіне сайлауға түсіп жатқан кезең еді. Ол халық алдында үгіт-насихат сөзін сөйлеп болғаннан кейін, қарсы көзқарастағы журналистердің бірі: «Сіздің құрылыс компанияңыздың сот алдында болғанын және оның айыпталғанын білеміз. Компанияңыздың мемлекет қаражатына ауыз салғаны рас па?» – деп сұрақ қояды. Сонда Трамп: «Менің компаниям өзіне тағылған ешбір айыпты мойындаған жоқ», – деп жауап қатты. 

Бір қарағанда, ол сұраққа жауап берген секілді. Бірақ ол сот шешімінің қандай болғанын айтпай бүгіп қалды. Яғни ол сотта кінәлі деп танылса да, өз компаниясының ол айыптауларды мойындамағанын айтып, халық алдында өзін таза етіп көрсеткісі келді. Оның сайлауда жеңіп шыққанын ескерсек, бұл «адастырушылығына» көп халықты сендіре алғанына көзіміз жетеді. 

Гарвард университеті басқару мектебінің маманы Тодд Роджерстің әлемдік саясаткерлердің сайлауалды үгіт-насихаты кезінде қанша өтірік айтатыны және қанша «адасушылыққа» бастайтыны туралы зерттеуі бар. 

«Саясаткерлер өзіне қойылған сұраққа тіке әрі нақты жауап бермей, мүлде басқа нәрсе туралы айтып кетеді. Айтып жатқан нәрсесі рас. Бірақ оның сұраққа тікелей жауап емес екенін адамдар сол сәт түсінбей қалады. Сонымен бірге ауызша сөйлескен кезде тыңдаушылар сұрақты ұмытып қалады. Сөйлеушінің жауабын тыңдау барысында олардың санасы көбіне «қандай сұрақ қойылып еді» деген оймен әуре болып жататыны келіссөздер психологиясында дәлелденген. 

Ресей президенті В.Путинге халықпен кездесу кезінде Санкт-Петербург қаласының қарапайым тұрғыны мынадай сұрақ қояды: «Мүгедектікке берілетін 10 300 рубль жәрдемақыға өмір сүру мүмкін бе?» 

Путин: Өте қиын деп ойлаймын. 

Тұрғын: Сіздің жалақыңыз 800 000 рубль шамасында шығар? 

Путин: Шамамен солай.

Тұрғын: Сіз салыстырып көріңізші. 800 000 және 10 300 рубль. 10 330-ге бір ай өмір сүре алар ма едіңіз?

Осы сәтте президент «адастырушылық» әдісін іске қосты. Ол сұраққа нақты жауап бермей: «Менікінен де жоғары айлық алатын адамдар бар Ресейде. Президент ең жоғары айлық алады деген түсінік болмауы керек», –  деп жауап қатты. Бірақ тұрғын жауапқа қанағаттанбай сұрағын тағы қайталағанда: «Біз қазір арнайы бағдарлама дайындап жатырмыз. Балалы отбасылар мен мүгедектерге арналған», – деп тағы «адастырушылыққа» бастады. Осы сөзден кейін ғана тұрғын басқа сұрақ қойып кетті. 

Президенттің соңғы жауабын қалай түсінеміз? «Арнайы бағдарлама жасап жатырмыз». Ол қандай бағдарлама? Аты не? Жалақы қаншалықты өседі? Оның ешбіріне жауап жоқ. Көрші елдің президентінің Австрияға сапарында Армин Вольфке берген сұқбатында да мұндай адастырушылықтар жетіп-артылады. 

Вольф: Президенттік мерзіміңіз біткеннен кейін де саясатта қаласыз ба?

Путин: Сіздің қалауыңыз не?

Вольф: Менің қалауымның бұл жерде маңызы жоқ. 

Путин: Менің президенттік мерзімім енді ғана басталды. Алдын ала болжам жасамай-ақ қоялық.

Вольф: 2014 жылы Донбасс аспанында жолаушылар ұшағы ракетамен атып құлатылды. Ал ракета – Ресейдікі. 

Путин: Донбасс пен Украина тараптарының екеуі де Ресей ракеталарын қолданады. Егер қызық болса, бұл мәселеге байланысты сұқбат соңына дейін менің пікірімді білетін боласыз. Сабыр сақтаңыз!

Саясаткердің «сабыр сақтау» және сұқбат соңына дейін күтуді талап етуі «адастырушылыққа» бастайтын әдістердің бірі екені айқын көрінеді. Президенттік өкілеттілігінің бітуіне де президент нақты жауап берген жоқ. Ал екі тараптың Ресей ракеталарын қолдануы жөніндегі әңгімесі –«адастырушылықтың» тіпті озық үлгісі. Сұраққа жауап беріп, нақты кім құлатқанын айтып отырған жоқ. 

Осы сұқбат кезінде журналист тағы біршама ыңғайсыз сауал қойды. «Трамппен араңызда әлі кездесу болмады» деген сауалға: «АҚШ-тағы әріптестерден сұраңыз», – деді. «Еуроодаққа қарсы топтармен ресми байланыстарыңызды қалай түсіндіруге болады?» деген сауалға: «Үкімет төрағасы Медведев мырзадан сұраңыз», – деген жауап алды журналист. Жауаптарын тереңдетіп, анықтай түскісі келген Вольфке: «Егер менің жауаптарым ұнамаса, сіз сұрақ қоймаңыз», – деп кесіп айтты. 

Мұндай жауаптарды біз отандық және шетелдік саясаткерлерден көп естиміз. Бірақ олардың мұндай жауаптарын қаттап отыратын посткеңестік елдерде тәуелсіз сарапшылар аз. Ал ағылшын ақпарат кеңістігіне шығуға «тіліміз қысқа» болып, Ресей оппозиционерлері мен Украина зерттеушілерінің ақпараттарын пайдаланып отырмыз мақала үшін. Дегенмен біз кез келген саясаткердің сөзіндегі «адастырушылықты» анықтайтын бірнеше жол ұсынамыз. 

1. Егер саясаткер өзіне қойылған сауалдағы мәселемен басқа бөлім немесе өзге мердігер компания айналысатынын айтар болса, бұл «адастырушылықтың» басы. 

2. Егер журналист сауалынан спикер: «Біз сізге екі апта көлемінде жазбаша жауап жолдаймыз», – деп құтылса, оның да астарында «адастырушылық» жатқан болуы ықтимал. Өйткені жазбаша келген жауапты журналистің жариялайтыны белгісіз. 

3. Егер сауалда көтерілген мәселе шешімі талқыланып жатқанын немесе бұл олқылықтың орнын толтыру үшін белгілі бір бағдарламалар ойластырылып жатқаны туралы сөз естісеңіз, көп жағдайда сізді «адастырып» тұр. 

4. Егер спикер «сіздің айтып тұрғаныңыз өте орынды» деп алып, осы тарапта жасалған жұмыстарды санамалап шығатын болса, бұл да белгілі бір дәрежеде «адастырушылық» болып саналады. Неге, өйткені бұл жұмыстардың қашан, қалай, қандай деңгейде жасалғаны туралы мәлімет жоқ. 
Басты «лайфхак» ретінде спикер жауабын салқын ақылмен ойлауды ұсынамыз. Өзіңіздегі нақты ақпараттармен жауапты салыстырыңыз. Және қойған сұрағыңызды немесе қойылған сұрақты жазып отырғаныңыз абзал. Сонда миыңыз «сауал қандай еді» деген ойдан арылып, сауалға толық назар аударатын боласыз. Бұл тек саясаткерлердің сөзін тыңдағанда емес, келіссөздер жасасу кезінде де қолданылатын пайдалы кеңестер екенін есіңізден шығармаңыз.

Қайтпек керек?

ВВС жаңалықтар қызметі «адастырушылықты» адамзаттың басты жауы деп атады. Жарнамадағы адастырушылықтың жарасы жеңілдеу. Бірақ оның да астарын қазбалап келсек, талай былыққа куә болатынымыз анық. ВВС жаңалықтар қызметі адамзаттың басты жауы деп «адастырушылықтың» саясаттағы көрінісін айтып отыр. Бұл әдіс болашақ төңкерістердің себепкері болуы ықтимал. Былайша айтқанда, сауалына нақты жауап ала алмаған адамның бойында агрессия күшейе беретіні рас қой. Ал бұл жерде нақты жауап алмаған бір ғана адам немесе журналист емес, ол тұтас халық, тіпті бүкіл әлем бұқарасы болып отыр. Яғни осылардың бәрін «адастырушылық» арқылы агрессияға айдап жатыр саясаткерлер. Бұл агрессияға сенімнің жоғалуын қосыңыз. Өйткені нақты жауабы жоқ адам – сенімсіз адам. Былайша келгенде, халық алдындағы адамдардың жауаптан қашуы оған деген сенімсіздікті де күшейте бермек. «Ауруын жасырғанның» өлетіні секілді, нақты мәселеге тіке қарап, оны мойындап, шешуден гөрі өзінің қызметтік өкілеттігі аяқталғанша жауаптан қаша тұруды дұрыс деп тапқандар ісі  адамзатты өлімге бастап келеді. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2022

242 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы