• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2022

«Бұлттарға алып кетші мені»

Бұл жолы біз редакция тапсырмасы ретінде оқырмандарымызға ақын өлеңін талдауды ұсындық. Ақын Жадыра Байбұлановаға хабарласып, таңдауды өзіне қалдырғанымызда, Жадыра «Ұшақ» өлеңін алдымызға тартты. Ал тапсырманы орындауға нұрсұлтандық оқушы, болашақта әдебиетші болғысы келетін талапкер Әмина Байкемелқызы тәуекел етті. Әмина өткен жылы «Асылтас» қоғамдық қоры ұйымдастырған «100 өлең» байқауына қатысып, жүлделі орыннан көрінді.

Ақын Жадыра Байбұланова «Ұшақ» атты өлеңінде бақытты балалық шағын сағынышпен еске алып, қызық сәттерін әдемі өрнектейді.
Балалық – бақытты күн,
Кездер-ай қазына-құт!
Ұмытар уақытты кім,
Жүретін қозы бағып?

Бұл – балалық шақты бейбіт өмірде, ата-ана мейіріміне қанып, ойын-күлкіге тойып, білім нәрімен сусындап, осы кезеңнің ерекше құдіретін сезініп, аяулы жандар ортасында өткізудің, кейін түйсінетін ертегі-шақтың тамаша бейнесі.
Көкжиек қонған сағым, 
Еске алам сағына тым.
Арманға ақ жол салып, 
Ұшақтар ағылатын.

Ақын қазақтың кең даласының бір пұшпағында өткен ғажайып шағын, ойнақтаған сүйкімді қозыларды бағып, ғазиз даланы құшағына сыйдыра алардай жүгірген күндерді, көкжиектің көз арбайтын сұлу сипатына елтіп, бұлдыраған сағымды кіршіксіз таза жүрегімен сезіне тамашалаған уақытын еске алады. Көк аспан төрінде соңынан аппақ із тастап бара жатқан ұшақтарға арманын ілестіре, қиялымен самғап, кішкентай қыз болашақты көргендей болады.
Жүгірдік күніге біз
Соңынан, құлап алып. 
Аспанға үңілеміз,
Бір сәтте тұра қалып.

Иә, ұшақ артынан шұбаған ақ түтін арманның елесіндей. Ол ұшақтың алыстарға самғаса да, сәби көңіліне ақ бұлттай із қалдырып кететінін ұқтырады. Өкініштісі, аппақ ұшақ соңынан алақайлай жүгірген аппақ қызды аңғармайды. Бірақ оның арманына жол салады. Күні ертең ұшақтың ішінде бір кездері бала арманын аялаған ару қыз көкжиекке үңіле қарап, қанат астындағы құба жондарға, иректелген өзендерге, тіпті төмендеп қалып, тұтасып алған бұлттарға да сағынышпен қарайтын болар.
Рауандап таң атумен,
Кеш батар торғынданып.
«Қай жаққа баратын ең,
Ей, ұшақ?..» 
Қол бұлғадық.

Көк жүзін еркін шарлап бара жатқан ұшақ қайда барады екен? Ұшақ ізінен қалған із бұлтқа айналып, тарқатылып-тарқатылып, не кәдімгі бұлттарға қосылады, не үзіліп жоғалады. Көз ұшына кетіп, ноқаттай болғанда ғана арманшыл жүрек ұшақтың қайда баратынын білгісі келеді. Иә, бір қарағанда, адамзат ақылымен жасалған алып темір ғана ол. Бірақ әзірше адам баласы одан асқан, алыстарға тез жеткізетін көлік ойлап тапқан жоқ. Сол ақ құс жердегі жас өскіннің көңіл көзі жететін бір нүктеге – арман-шаһарға барып аялдайтын болар, сірә... Бірақ ол қайда бара жатқанын айтпайды. Сонысымен де биік, сонысымен де асқақ. 

Осы шумақтағы ақынның «кеш батар торғынданып» деген тіркесі қандай әдемі. Бұл сөз автордың балалық сағынышын кештің нақты көрінісімен сипаттап, бейнелеп тұрғандай әсер береді. Торғын кеш адамды әдемі әсерге бөлейді, қиялына тиіспейді, арманының еркін самғауына жол ашады. Көз алдымызда осылайша бір әдемі сурет тұна қалады. 
Жанымды даттап қарық,
Тар әлем тепсінеді.
Бұлттарға аппақ мамық, 
Алып кетші мені!

Осы шумақпен ақын әлемге сыймайтын арманшыл жанның ішкі бұлқынысын, ойын дәл суреттеп тұр. Иә, ұшақ артынан жүгірген кішкентай қыз қайда баратынын біледі екен! Ол аппақ бұлттарға жеткісі келеді. Ал аппақ бұлтқа барған адам жердегі жанталас тірліктен, өтірік пен алдаудан биіктеп кетеді. Аппақ бұлтта керім тазалық бар. Ұшақ артынан жүгірген қыз соны біледі. Қандай тамаша!

Жадыра ақынның «Шексіздік» деп аталатын жаңа жинағы 2020 жылы оқырмандарға жол тартты. Бұл кітапта осы «Ұшақ» өлеңі жоқ. Бірақ ақынның барлық өлеңінде ұшаққа қол бұлғаған жан дүниесі кіршіксіз кішкентай қыздың болмысы бар. Ол әлемнің тазалығына сенеді. «Ұшақ» өлеңіндегі ұшақ – биікке ұмтылған бала жанының символы іспеттес.

Әмина Байкемелқызы,
№24 орта мектептің 
8 «А» сынып оқушысы.

Нұр-Сұлтан қаласы

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2022

175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы