• Спорт жұлдыздары
  • 28 Қыркүйек, 2022

Бас доданың беймәлім парақтары

Төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекені 2024 жылы Франция астанасы Париж қаласы қабылдайды. Жақында ұйымдастыру комитеті Париж олимпиадасындағы спорт түрлерінің тізімі мен жарыс бағдарламасын жариялады. Халықаралық олимпиялық комитет каратэ, софтбол, серфинг сияқты спорт түрлерінен олимпиада бағдарламасынан алып, жүлделер санын да қысқартты. Одан бөлек, қатысушылардың да санын азайтып, гендерлік теңдікті орнатуды көздеп отыр. Осы орайда олимпиялық ойындардағы спорт түрлерінің тарихына үңіліп көрейік.

ПАРИЖДЕГІ ҮШІНШІ ОЛИМПИАДА

Франция астанасы өз тарихындағы үшінші олимпиада ойындарын өткізеді. Париж – олимпиаданы қабылдаған алғашқы қалалардың бірі. Бұл шаһарда 1900 жылы рет саны бойынша екінші олимпиада өткізілді. 24 елден келген 997 спортшы спорттың 20 түрінен 95 жүлде қорын сарапқа салды. 1896 жылғы алғашқы олимпиялық ойындармен салыстырғанда, Париж олимпиадасында бағдарламаға 13 жаңа спорт түрі қосылып, 2 спорт түрі олимпиада бағдарламасынан шығып қалды. Яғни 1896 жылғы Афина Олимпиадасында бар болғаны спорттың 9 түрінен 43 медалді сарапқа салса, Парижде бұл екі есе өскен. Афина олимпиадасындағы бағдарламада болған грек-рим күресі мен ауыр атлетика спорты Париждегі бағдарламаға енбей қалды. Дегенмен жаңадан қосылған спорт түрлерінің бірнешеуінің ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Мысалы, баск пелотасы, крикет, крокет сияқты спорт түрлері Париждегі олимпиададан кейін олимпиада бағдарламасына мүлде енген жоқ. Тиісінше, Париж олимпиадасында жаңадан енген академиялық есу мен футбол спорты әлі күнге дейін бағдарламадан шыққан емес. Футбол 1932 жылғы Лос-Анжелес олимпиадасынан ғана сырт қалды. Айтпақшы, Парижде өткен алғашқы олимпиадада әйелдер тұңғыш рет жарыс алаңына шықты. Олар гольф, теннис және крокет спортында өнер көрсетті.

Араға 24 жыл салып, Париж өз тарихында екінші рет олимпиада өткізу құқығына ие болды. Бұл жолы да 1920 жылы байрақты бәсекеде болған спорттың бірнеше түрін бағдарламадан алып тастады. Төрт жыл бұрын Антверпендегі аламанға қатысушылар спорттың 24 түрінен 156 жүлде жиынтығын сарапқа салса, Париждегі дүрмекте спорттың 20 түрінен 126 медаль таласқа түсті. Садақ ату, мәнерлеп сырғанау, хоккей және көгалдағы хоккей сияқты спорт түрлерін Париждегі олимпиада бағдарламасына қоспады. 1900 жылғы додада 1218 қатысушының 22-сі әйел болса, 1924 жылғы Олимпиадада 3066 спортшының 135-і нәзік жандар болды. Олар жүзуден, суға секіруден, теннис пен семсерлесу сайысынан сынға түсті.

Мінеки, бір ғасырдан кейін Франция астанасы үшінші рет олимпиялық ойындарды өткізбек. Бұл жолы да ХОК бірнеше спорт түрін олимпиада бағдарламасынан шығарып тастады. Соның ішінде Токио төрінде алғаш рет олимпиада бағдарламасына енген каратэ, бейсбол, софтбол сияқты спорт түрлері бар. Дегенмен Париж бәсекесінде қатысушылар спорттың жаңа түрі – брейкданс бойынша сайысқа түседі. Сайыстар 32 спорт түрі бойынша өтіп, 329 жүлде сарапқа салынады.

ОЛИМПИАДАДАҒЫ ЕРЕКШЕ СПОРТ ТҮРЛЕРІ

Олимпиада өткізіліп келе жатқалы бері түрлі спорт түрі бағдарлама қатарына қосылып та, алынып та жатты. Олимпиада бағдарламасына енген ерекше спорт түрлері көп болды. Олардың кейбірі сәтсіз эксперименттер сериясынан болса, кейбірінің тарихы бір маусымға ғана созылды. Мысалы, қисық себетті немесе басқа жабдықты пайдаланып допты қабырғаға лақтырып, жылдам қағып алатын баск пелотасы спорты 1900 жылғы олимпиадада ғана кездесті. Бұл спорттық сайысқа екі елден 4 спортшы ғана қатысып, мықтыны анықтады. Жоғарыда аталған крокет пен крикет те ресми спорт түрі ретінде 1900 жылғы Парижде өткен олимпиада кезінде ұсынылды. Крокет спорты гольфқа ұқсаса, крикет бейсболға келеді. Екі спорт түрі де француздар үшін олимпиада бағдарламасына енді деуге болады. Крокет спортынан сынға түскен 10 спортшының тоғызы француз болса, ең төменгі нәтижеге қол жеткізген қатысушы ғана бельгиялық атлет. Ал крикеттен ұлыбританиялықтар мен француздар арасында ғана сайыс болды. 1904 жылы АҚШтың Сент-Луис қаласында өткен байрақты бәсекеде де лакросс, рокки сияқты ерекше спорт түрлері болды. Екеуі де АҚШтың ұлттық ойыны саналады. Дегенмен олардың ғұмыры да ұзаққа созылмады. Хоккейге ұқсайтын лакросс 1904-1908 жылдар аралығында ғана олимпиада бағдарламасында болды. Лакросс спортында құрамында 6-10 адамнан тұратын екі команда допты таяқпен бір-бірінің қақпасына ұрады. Рокки спорты – крокет ойынының жеңілдетілген америкалық нұсқасы. Ол олимпиялық спорт түрі ретінде 1904 жылы Сент-Луисте ғана енгізілді. 4 америкалық спортшы ғана сайысқа түсті. Қазіргі теннис ойынына ұқсас спорттың түрі саналатын же-де-пом сайысы да олимпиялық ойындардағы ерекше спорт түрлеріне жатады. 1908 жылғы Лондон олимпиадасының бағдарламасына ғана енген же-де-помның тарихы Франция елімен тығыз байланысты. Дегенмен Лондон олимпиадасында жарыс АҚШ пен ұлыбританиялық 12 спортшы арасында ғана өтіп, америкалық спортшы чемпион атанды. XVIII ғасырда Англияда пайда болған ракетка спорты да ресми спорт түрі ретінде Лондон олимпиадасының бағдарламасына енді. Теннистің бір түріне ұқсайтын сайысқа Ұлыбританияның 6 спортшысы қатысып, олимпиада алтынын сарапқа салды. Осындай ерекше спорт түрлерінің олимпиада бағдарламасында болғанын қазіргі таңда көп ешкім біле бермейді.

ҚАЙТА ЕНГЕН СПОРТ ТҮРЛЕРІ

Алғашқы олимпиаданың алауы жағылғаннан бері спорттық сайыстар әр ойын сайын өзгеріп отырды. Әр олимпиадаға жаңа спорт түрлері қосылып, ескілері бағдарламадан алынып тасталатыны заңдылық. Сол 1896 жылы басталған байрақты бәсекеден бері тек 4 спорт түрі ғана бірде-бір рет олимпиада бағдарламасынан шыққан жоқ. Олар – жеңіл атлетика, жүзу, гимнастика және семсерлесу спорты.

Олимпиада бағдарламасына еніп, қайтадан алынып, кейіннен тағы орнына келген спорт түрлері жетерлік. Мысалы, Афина олимпиадасында ең басты спорт түрінің бірі саналған грек-рим күресі Париж бен Сент-Луис олимпиадаларында болған жоқ. Ауыр атлетика да бірнеше рет олимпиада бағдарламасынан тыс қалды. Парижде, Лондонда және Стокгольмде ауыр атлеттер төртжылдықтың басты додасында өнер көрсету құқығынан айырылды. Регби спорты да бірнеше олимпиада бағдарламасында болып, 90 жылдай үздік спорт түрлерінің қатарына қосылмады. Париждегі екі олимпиадада, 1908 жылы Лондонда және Антверпендегі додадан кейін 2016 жылғы Рио олимпиадасының бағдарламасына енді. 1904 жылғы Сент-Луис пен 1912 жылғы Стокгольм олимпиадаларының бағдарламасына кірмеген поло спорты Париждегі екі олимпиадада, 1908 жылы Лондонда және 1920 жылы Антверпендегі олимпиялық ойындарда болды. Бірақ содан кейін олимпиада бағдарламасына мүлде енген жоқ. 1964 жылғы Токио олимпиадасында тұңғыш рет бағдарлама қатарына қосылған дзюдо күресі де келесі төртжылдықта орнын сақтап қала алмады. Мехико олимпиадасында дәл осы дзюдо күресін ғана олимпиялық бағдарламадан шығарып тастады. Айтпақшы, 1896 жылғы Олимпиададан бері келе жатқан садақ ату спорты да бір мәрте (1928 жылы) олимпиада бағдарламасына енбей қалған.

Дәурен ДОСБОЛҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2022

260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы