• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 16 Қазан, 2022

Әлемде баламасы жоқ музей

Жақында елімізде алғашқы рет роботтар музейі ашылды. Шаңсорғыш, теледидар, тұрмыстық қолданыстан шыққан пластикалық техникалардан жасалған роботтар музейі Талғар қаласында орналасқан. Түрлі кейіпкердің мүсіні жасалған музейді арнайы барып көріп, арт-мүсінші Қуаныш Мұхамеджановтың өнеріне тәнті болдық.  

– Алматы қаласындағы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тіс дәрігері мамандығы бойынша бітіріп, 10 жылдай сол салада қызмет еттім. Бірақ жаныма жағатын сала болмағандықтан, басқа кәсіппен айналысуды жөн санадым. Сөйтіп, Алматыда мейрамханаларды жалға алып,  оны жүргізудің қыр-сырын меңгердім. Жаңа сала, жаңа кәсіпке бет бұрғаннан кейін жан-жақты ізденіп, тәжірибе жинай бастадым. Тайландтағы іссапар кезінде мейрамханалардың бірінен клиент тарту үшін көліктің бөлшектерінен жасалған робот көрдім. Роботпен суретке түсуге барған адамдардың мейрамханаға да кіріп жатқанын байқадым. Елге келгеннен кейін әлгі көрген туындыларды жасайтын шебер іздедім. Бірақ бізде мұндай өнер дамымаған екен. Шетелдегі роботтарды сатып алу өте қымбатқа түсетінін әрі елге жеткізуге де қомақты қаражат кететінін көрдік. Жұбайым «өзіңіз жасап көрмейсіз бе?!» деп ұсыныс айтқаннан кейін Ютуб желісін ақтарып, жасап көруге тырыстым. Анатомиядан хабарымыз болғандықтан, роботтың мүсінін құрастыру аса қиындық тудырған жоқ. Тек дәнекерлеуді үйренуге біраз уақыт кетті. Ең алғашқы роботым Бамблбиді ескі көліктің бөліктерін дәнекерлеп, бір айда жасап шықтым. Мейрамхананың алдына апарып қойғаннан кейін адамдар суретке түсіп, қызығушылық танытты. Осылайша, хобби ретінде бастаған туындыларым көпшіліктің көңілінен шыға бастады. 

Қуаныш бұл өнер саласы бойынша арнайы білім алмаған. Өз бетінше үйреніп, шеберлігін шыңдап, дамыта берген. Бірақ оның арт-мүсін жасауға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы жаңа бағытқа бет бұрғызып қана қоймай, жаңа кәсіптің көзін ашуға да мүмкіндік берді. 

– Карантин кезінде мейрамханамыз жабылып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Сол себепті де құлтемір жасауға толығымен бет бұрып, осы өнерді кәсіпке айналдыруды жөн көрдім. Оның үстіне көптің көңілін бұрып, тәнті еткен алғашқы туындымыз шабыт беріп, қанаттандыра түсті. Сөйтіп, бала кезден көріп өскен кинодағы кейіпкерлердің мүсінін жасай бастадым. Алғашында құлтемірлерді тек темірден жасадым. Бамблби, Оптимус Прайм, Гримлок, Дрифт самурай, Звездолет сынды көлік бөлшектерінен жасалған 10-ға жуық құлтемір бар. Үлкен Оптимус Прайм мен Гримлокқа – 2 тоннаға жуық, Звездолетке (ғарышқа ұшатын аппарат) – 3 тоннаға жуық, ал Бамблбиге 700 келідей темір кетті. Роботтар жасауға қаражат (100-200 мың теңге көлемінде) аз жұмсалғанмен, уақыт өте көп кетеді.  Биіктігі 4,5 метрлік Үлкен Оптимус Праймды жасауға бір жылдай уақыт жұмсадым. Бұл Қазақстандағы ең үлкен құлтемір саналады. Сондай-ақ құлтемірлердің ішінде ең қымбаты да осы. Мысалы, Бамблбидің құны 3 млн, Оптимус Прайм 15 млн теңге тұрады. Дегенмен бұл туындылар шетелдегі бағалары одан да шарықтап тұр. Қазір құлтемірдің көбісін пластиктерден жасап жүрмін. Бұл өнер тілінде Recycle-art деп аталады. Қоршаған ортаны қорғап, қоқысты қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бірақ темірге қарағанда, пластиктен құлтемір жасау анағұрлым қиындау. Өйткені ең алдымен кейіпкердің қаңқасын жасап, сосын пішінге лайықтап пластиктер дайындаймын. Негізінен туындыларды құрастырудан гөрі оны іздеуге, сұрыптауға және дайындауға көп уақыт кетеді. Пластиктен жасалған құлтемірлердің құны 1 миллион мен 3 миллионның аралығында. Айтпақшы, пластиктен жасалған құлтемірлердің ішінде қозғалатыны да бар. Соның бірі – бір айда шаңсорғыштан жасап шыққан Халкбастер құлтемірі. Көпшіліктің көңілінен шыққан туынды «Астана Моторс» компаниясына 2,5 миллион теңгеге сатылды.

ӘЛЕМДЕ ЖОҚ ТУЫНДЫЛАР

Мұражайда пластиктен жасалған автороботтардың түр-түрі бар екен. Жалпы саны 30-ға жуық робот жинақталған музейде әлемде жоқ туындылар да кездеседі. Мейрамханасын мұражайға айналдырған Қуаныш мырза бұның бәрін ешкімнің көмегінсіз жалғыз жасаған.

– Мүсіншілердің басым көпшілігі әйелдердің бейнесін жасай алмайды. Өйткені сыртқы бейнесін келтіру қиын. Ал біздің ерекшелігіміз – әлемде жоқ нәзік жанды құлтемірлерді жасап шығардық. Дегенмен қыз трансформердің мүсінін жасау өте қиын. Алғашқы әйел кескінін пластиктен жасадым. Денесін – шаңсорғыштан, қанатын балалар машинасынан құрастырдым. Ақ, қызғылт, күміс түстес шаңсорғышты жарты жыл жинап, пішініне қарап, түсін таңдадым. Шыны керек, біз күткеннен де әдемі шықты. Бір қызығы, жұмысты бастағанда роботтың мүсінін қағазға түсірмей, бірден шаңсорғышқа қарап, қай бөлігін қайда жұмсауға болатынын білемін. Бойжеткен-терминатордың кескінін жасауға да бір жыл уақыт кетті. Ауыр әрі пішінсіз металдан таза мүсін жасау оңай емес. Әлемде металл сынығынан мұндай мүсін жасайтын шебер жоқтың қасы. Шетелдегі достарымнан, таныстарымнан сұрастырып көрсем, терминатор қыздың мүсіні және оны жасаған мүсінші де жоқ екен. Динобот құлтемірі де – әлемде сирек кездесетін туындылардың бірі. Бұл құлтемірге шамамен екі айдай уақыт кетті. Әрі ең қиындық тудырған жұмысымның бірі болды. Жалпы салмағы 1 тоннадан асатын туындыны таза металл қалдықтарынан құрастырдым. Негізі, әлем бойынша пластиктен құлтемір жасайтын адам жоқ.

«Неге қазақ батырларын, хандарын жасамайсыз?» деп сұрайтындар көп. Шыны керек, еліміз үшін етегімен су кешкен ерлерді қоқыстан, қалдықтан жасауды ұят деп санаймын. Әрине, мен үшін Қарасай, Қабанбай сияқты батыр бабаларымыздың мүсінін жасау еш қиындық тудырмайды. Әр рудың батырларын жасап, сол рудың бай-бағландарына сатуға да болар еді. Бірақ оларды қоқыстан жасауға арым жібермейді. Біздің мақсатымыздың бірі – пластикті қайта өңдеу арқылы экологиямызға да оң әсерін тигізу. Өздеріңіз білетіндей, 1000 жыл бойы шірімейтін пластиктердің зияны да орасан зор. Қазір экоблогерлермен бірлесе жұмыс істеп, табиғатымызды аялауға да үлесімізді қосып жүрміз.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚОЛДАУ ЖОҚ

Қуаныш Мұхамеджанов шетелден жұмысқа көп шақыру алған. Әсіресе, АҚШ пен Оңтүстік Корея мүсіншінің туындыларына қатты қызығушылық танытып отыр. Бірақ шебердің шетелде еңбек етуге аса ынтасы жоқ. Бірақ елде де жарытып қолдау көріп отырғаны шамалы.

– Бұл салаға келгеніме 6 жылға жуық уақыт өтті. Азды-көпті мақсаттарымызға да қол жеткіздік. Ең бастысы, Қазақстандағы алғашқы, әзірге жалғыз арт-музей аштық. Шыны керек, алғашқы төрт жылда жасаған дүниелерімді ешкімге сатпай, жалға да бермей жүрдім. Өйткені тұтынушылардың ұсынған бағасы еңбегімнің жартысын да ақтамайтын. Жылдар бойы жасаған құлтемірлерді 100-200 мың теңгеге сұрағанда бірден сатудан бас тартып, төрт жыл бойы осы ұстаныммен жүрдім. Жұмысымыздың сапасын көрген тұтынушылардың қызығушылығы жылдан-жылға артып, соңғы бір-екі жылда жалға беріп, сатылымға да шығара бастадым.

Екі жыл бұрын алғаш рет «Гранд Парк» ойын-сауық орталығында көрме ұйымдастырып көрдік. Шыны керек, орталықты жалға алу құны өте қымбат болды. Әупіріммен шығынымызды өтеп, аз ғана пайда көрдік. Бірақ адамдардың қызығушылығының зор болғаны қуантты. Дегенмен тағы бір жарым жыл көрме өткізуді тоқтатуды ұйғардық. Биыл көктемде «Мега» ойын-сауық орталығынан көрме өткізуге ұсыныс түсіп, бір айдай орталықта құлтемірлеріміз тұрды. Бұл жолы жалға алу құнын бізге төледі. Қазір құлтемірлерді сатып алғысы келетіндер де көбейіп жатыр. Әсіресе, шетелден көп ұсыныс түседі.

Көрмелер өткізуге шақырып, құлтемірлерді сатып алуға ынталы екендерін білдіріп жатыр. Бірақ бұл туындылардың елімізде қалғанын, бұл өнердің елімізде дамығанын қалаймын. Өкінішке қарай, үкімет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Құлтемір жасайтын цехімді, қоймамды қаржыландыруға әжептеуір ақша кетеді. Әрине,  ел тарапынан дұрыс бағаланып, еленіп жатса, кәсібімізді алға жылжытудан қашпаймыз ғой. Бірақ дәл осындай құрастырмалы мүсіндер  біздің нарықта төмен бағаланады. Музейіміздің ашылғанына бір жарым айға жуықтады. Музейге кіру құны ересектерге 1500 теңге болса, балаларға – 1000 теңге. Негізі шетелдерде мұндай музейлерге кіру құны кемі 5000 теңгеден басталады. Бірақ халыққа қолжетімді болу үшін арзан бағада жасадық. Егер құлтемірлеріміз лайықты дәрежеде бағаланбай, аса бір танымалдыққа ие болмаса, шетелден түсіп жатқан ұсыныстарды қабылдаймыз. Азия елдерінен де көп ұсыныс келіп жатыр. Жобаларымыз біз ойлағандай болмаса, бір-екі жыл шетелде жұмыс істеп көреміз. Бір шетінен, тәжірибемізді де толықтырып, жаңа идеялар мен жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік туады.  

P.S. Елімізде арт-мүсін жасау бойынша бәсекелестік мүлде жоқ деуге де болады. Сол себепті Қуаныш мырза болашақта шәкірт тәрбиелеп, арт-мүсін мектебін ашуды көздейді. Сондай-ақ пластиктен жан-жануарлардың мүсінін жасау да жоспарында бар. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2022

368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы