• Спорт жұлдыздары
  • 22 Қазан, 2022

Бекзаттың сарайы жоғалмайды, жаңарады

Сиднейде сара жол салып, 20 жасында олимпиада чемпионы атанған, жасындай жарқ етіп өткен Бекзат Саттархановты қазақ халқы ешқашан ұмытпауға тиіс. Батыр өмірден өткен соң, өзі туған Түркістан шаһарында жаңа бой көтерген спорт сарайына Бекзаттың есімі берілген еді. 2008 жылы ашылған спорт кешенінің ғұмыры ұзаққа бармады. 10 жыл ішінде ғимарат қатты тозып, жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған-ды. Бірақ 2019 жылы спорт кешені толығымен бұзылды. Осы кешеннің қазіргі жайы қандай? Қала жаңарғанда, батыр атындағы спорт кешені де жаңара ма?

Ер есімін ел есінде қалдыру үшін Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшамаудан мен спорт кешені бой көтерді. Дегенмен Бекзаттың аты берілген спорт кешен 2000 жылы ашылған мекеме еді. Яғни Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болып ашылды. Тек 2008 жылы ғана спорт кешенге Бекзаттың аты беріліп, Саттарханов спорт кешені аталды. Сол спорт кешеннің тозығы жетіп, қолдануға жарамайтындай жағдайға жеткенін көрген едік. Былтыр Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Б.Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектебінің жаңа жобасы мақұлданып, биыл пайдалануға беріледі» деген-ді. Бірақ спорт кешеннің биыл бітуі екіталай.

Жаңа салынып жатқан спорт кешеннің жобасын «Купол» ЖШС компаниясы жасаған. 2021 жылдың мамыр айында басталған кешеннің құрылысын «Строй сервис» мердігерлік компаниясы жүргізіп жатыр. Аумақтың жалпы ауданы 1,8 га, спорт кешенінің ауданы 7 мың шаршы метр. Кешеннің негізгі бөлігінде 500 көрерменге арналған трибунасы бар әмбебап спорт залы болады. Үкіметтен  спорт кешеннің құрылысына 1,978 млрд теңге бөлінген. Оның 200 млн-ы 2021 жылы игерілсе, биыл 1,7 млрд теңгені игеруді көздеп отыр. Одан бөлек, нысанның айналасын абаттандырып, көгалдандыруға 400 миллион теңге бөлінген. 

Түркістан қаласының орталығындағы Б.Саттарханов даңғылының бойынан бой көтеретін ғимарат заман талабына сай салынып жатқанын аңғаруға болады. Болашақта бұл жаңа спорт нысанында олимпиялық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар Қазақстандағы маусымаралық оқу-жаттығу жиындарын өткізуі де мүмкін. Өйткені салынып жатқан жаңа спорт кешенінде 40-80 адамға арналған арнайы жатын бөлмелер де бар. Мұндай заманауи көпбейінді спорт кешен Түркістан облысында алғаш рет салынып жатыр деуге де болады. Кешенде халықаралық турнирлерді өткізуге де жағдай жасалмақ. Сондай-ақ 320 орынға арналған қосымша ғимараты спортты дамытуға серпін беретініне кәміл сенеміз. Спорт кешенімен бірге ғимарат алдындағы Б.Саттархановтың да ескерткішін жаңарту жоспарланған. Айтпақшы, бұл спорт кешенінде Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы орналасады. Осы орайда мектеп директоры Дәурен Тәңірбергеновтен пікір алуды жөн көрдік.

– Б.Саттарханов атындағы жекпе-жек спорт сарайының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Кешен ескі спорт сарайдан екі есе үлкен болмақ. Жоспар бойынша нысанды 2023 жылдың І жарты жылдығында өткізу керек. Барлық техникалық құралдармен жабдықталған заманауи спорт кешенінің үшінші қабатында күрес, бокс, таэквондо сияқты спорт түрлеріне арналған үлкен залдар бар. Бұл залдарда бір мезетте 400 балаға дейін жаттығу жасай алатындай жағдай жасалған. Ал екінші қабатында әкімшілік бөлімдер мен жарыс өткізуге арналған 500 орындық үлкен зал бар. Ғимараттың жертөлесінде арнайы жаттығуға арналған құрылғылар мен монша салынған. Жалпы біздің мектеп Б.Саттарханов атындағы спорт сарайының ішінде орналасқандықтан, кешендегі әкімшілік жұмыстарға жауаптымыз. 

«Бұл ғимаратта Бекзатқа қатысты ештеңе жоқ. Музейде тұрған медальдары түпнұсқа емес» деген боксшының марқұм әкесінің назын оқыдық. Негізінен музейдегі Бекзаттың медальдарының дубликаты Түркістан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Түркістан Аренаның» музейіне уақытша қойғанбыз. Құрылыс аяқталып, спорт кешен іске қосылғаннан кейін бәрін орнына қайтарамыз. Спорт кешеніндегі Саттархановтың музейі міндетті түрде іске қосылып, жаңарады. Мектебімізде Бекзаттың жолын қуып, әлемдік аренада атой салып жүрген былғары қолғап шеберлері де жетерлік. Солардың бірі ретінде екінші Бекзат аталып кеткен Бек Нұрмағанбетті айтуға болады. Қазан айының ортасына қарай Б.Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирді өткізуді жоспарлап отырмыз. Жарыста 10 мемлекеттен 200-ге жуық былғары қолғап шебері бақ сынамақ. Жас буынның бойындағы патриоттық сезімді ояту үшін әркез Бекзаттың ерлігін еске салып отырамыз. Кім білер, бәлкім, Саттархановтың спорт сарайынан шыққан спортшылар оның арманын орындап, үш дүркін олимпиада чемпионы атанар, – дейді маман.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2022

332 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы