• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қараша, 2022

Әркімнің саяхатқа бар таласы

Кейіпкеріміз Әйгерім Төлбасы жасы жиырма екіде болса да, 30 ел мен 60 қаланы көріп үлгерген. Бір ерекшелігі – үнемшіл саяхатшы. Барселонаға 0 теңгеге саяхаттаған десек сенесіз бе?! Әйгерім қызықты оқиғалары мен пайдалы кеңестерін ортаға салды, бірге оқиық.

Travel challenge

Барселонаның қақ ортасында, Sagrada de Familia деп аталатын туристер көп жүретін жерге жаймамды жайып қойып, жабыстырғыш саттым. Оны жасау оңай болмады. Ішімдегі қорқынышты жеңіп, бір сағат бойы сол маңайды айналшықтап, ақыры әлеуметтік желідегі оқырмандарымның қолдауымен сатуға бел будым. Бұл идея қайдан келді деп ойлайсыздар? Бірде арбатта қыдырып жүргенімде бір түрік жігіті білезік сатып отыр екен. Жанына қатты қағазға орыс тілінде: «Я путешествую по миру! Коплю деньги на билеты в другую страну», – деп жазып қойған. Мен оны көріп ойланып қалдым. Уақыт өте келе «Вокруг света за 100 рублей» деген кітап қолыма түсті. Мұнда жас бала саяхатқа ақшаны сол елде жүріп табады екен. Яғни адамдарға жолдау жіберіп, видео сатады. Тағы да таңғалдым. Сөйтіп, «мен де жасап көрсем ше?» деген ой келді. Жүзеге асырмайынша тыным таппадым. Міне, ақыры Барселонада ойымды іске асырдым. Челленджді ақша үшін емес, тек саяхатымдағы есте қалар сәт үшін жасадым.

Тиімді саяхаттау

Саяхатта авиабилет, қонақүйден басқа да шығындар жетерлік. Күнделікті жүріп-тұру, ішіп-жеуге де әжептәуір ақша кетеді. Еуропада біздің бағамен ештеңе таппайсыз. Автобус 80 теңге емес, 3 еуро (1500 теңге). Такси туралы айтпасам да белгілі шығар. Осының бәрін ескере отырып, қалай тиімді саяхаттауға болады? Менің ойымша, қалтаңда ақшаң бола тұра, қажеттіліктерің мен қалауларыңды ажырата білу керек.

Бірінші ереже: әрбір күнге, елге ақша лимитін белгілеу және содан асып кетпеуіңізді қадағалау. 
Екінші ереже: «бір рет келіппіз, күнде келе бермейміз ғой. Өмір – бір-ақ рет» деген ойдан арылу.
Үшінші ереже: туыстарыма деп кәдесый ала бермеңіз. Біреуінің өзі 1500 теңге тұрады. Ұсақ-түйек, көзге көрінбейтін затқа көп ақшаңыз кетіп қалуы мүмкін. 
Төртінші ереже: өзіңізбен бірге термос, бөтелке алып жүріңіз. Тегін су алатын жерлер көп. Тіпті, тәтті сусын ішкіңіз келсе, Макдональдсқа барып тегін толтырып ала аласыз.

Егер осылай қарапайым заттардан үнемдеуді үйренсеңіз, біршама қаражат өзіңізде қалады.

 «Менің қолымда бірнеше жылдардан соң көп ақша болар, бірақ көңілім дәл қазіргідей жас болмайды ғой. Сондықтан жас кезімді ғажайып естеліктермен еске алатындай етіп өткізгім келеді. Достар, саяхаттаңыздар. Әлем біз ойлағаннан да керемет. Өмір ғажап сүре білген адамға», – дейді Әйгерім Төлбасы.

Couchsurfing (CS) қосымшасы

Мен CS қосымшасын 2020 жылдан бері пайдаланамын. 20-ға жуық хосттың үйінде тегін қондым, олармен бірге қыдырдым. Осы уақтытқа дейін бірде-бір теріс тәжірибе болған жоқ. Менің саяхаттарымның арзан болу себебі де осы. Алайда бұл 100 пайыз қауіпсіз қосымша дегенді білдірмейді. 

Ең алдымен «Хост деген кім?» деген сұраққа жауап берейін. Хост – сізді үйіне қонақ қылып шақыратын үй иесі. Хостты дұрыс таңдау өте маңызды. Суреті, достары, кері байланысы жоқ алаяқтар да көп кездеседі. Ондай адамдар үйіне шақырса, бармаңыздар. Тек шынайы суреттері бар, өзі туралы толық ақпарат толтырған, бұған дейін үйіне адам қабылдаған, верификациядан өткен адамның үйіне баруға болады. Верификациядан өткені – жеке куәлігін тіркеп, шын адам екенін дәлелдегені.

0 теңгемен саяхат

0 теңгемен саяхатым болды. Иә-иә, мен үнемшіл саяхатшымын. Ақшам бола тұра, аз ақша жұмсауды жоспарладым. Себебі, адамдарға бюджетті саяхаттауға болатынын дәлелдегім келді. 
Үй: Couchsurfing қосымшасы арқылы жергілікті тұрғынның үйінде тегін тұрдым. 
Тамақ: хосттың үйіндегі тоңазытқыштан керегімді алып жеп жүрдім. Күнде таңертең хостым таңғы ас дайындап берді. Түскі асқа жеміс алып кетіп жүрдім. Кешкі асқа тағы хостым өздерінің дәстүрлі тағамдарың әзірлеп, қонақжайлық білдірді. 
Транспорт: хост өз картасын жүріп-тұруға берді.
Қыдыру: Барғым келген жерлер тегін болды, тек Гауди паркі ақылы болды. Оны маған бір мейірімді жан алып берді. Ал Камп-Ноуға кіру үшін 15 мың теңге қажет болды, мен ол ақшаны жабыстырғыш сатып таптым.

Айзада САҒИДОЛЛА,
«Ақ желкеннің» 
жас тілшісі

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы