• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Қараша, 2022

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ. «Атамекеннің топырағына аунатып алайын, балам»

1. «Қайран Шалтабай қайда екен?..»

Мен бесінші я алтыншы сыныпты бітірген жаз. Атамның күмістелген ер-тоқымының алдында отырмын.  Ауылдан он сегіз шақырымдағы Мыңжылқыға келе жатырмыз. Жирен ат құлағын кейде қайшылап, кейде алға қарай тіктеп қойып, бірқалыпты аяңдап келеді. Тұяқтарының жұмсақ жерді басқаны ғана тып-тып естіледі. Тыныш дала, тымық әуе, тынық жел.  Жасыл шалғынға жармасқан   шегірткенің тынымсыз шырылдауына, көкте қалықтап тұрып алған  бозторғайлардың сайрауына ат тізесінен асатын қалың шөптің арасына тығылып жатқан бытпылдық  үні де қосылып, құлағыңның құрышын қандырады. Тақырлау жерге шыққанда бізді айнала зуылдай ұшқан қызыл тамақ, айыр құйрық қарлығаштар шықылық-шықылық етіп, бірде жер бауырлай қалықтаса, енді бірде көкке қарай шарықтап кетеді. Анда-санда алыстан «әңгүдік» деп дауыстаған суыр үні естіледі.  Жердің беті  жұпар иіс аңқыған мың түрлі гүлге оранған. Ойпаңдау жерге келгенде, биік өскен шалғынның арасындағы неше түрлі ұзарған шөптің басы  ат кеудесін соғып, бауырын сызады.  Кейбір сорайған қурай басы үзеңгіге тиіп майысады. Таза ауа тынысыңды кеңейтіп, кеудеңді кернейді. Даланың кеңдігін, ақ бас таулардың биіктігін тұңғыш рет көріп келе жатқандаймын,  көз алмай қараймын.  Қараймын да «дәл осылай әу баста қалай, қашан жаратылды екен» деп қайран қаламын. Атамның  қоңыр да ырғақты үні ойымды бөліп, жанымды баурап алған:
Менің атым – Шалтабай, әкем – Алпар,
Өтіп кетті Тазабек – қайран сұңқар.
Сары қымызбен ауызымды шайқаушы едім,
Бір қасық қара суға болдым іңкәр.

Менің атым – Шалтабай, 
Асылдан соққан балтадай.
Шалтабайдай жалғызды,
Кім іздеп арттан қайтады-ай...

– О-о-о, қайра-а-ан, Шалтабай... – деп күрсініп қояды атам.
– Шалтабай деген кім? – деймін.
– Е-е-е... Ол да бір елі үшін еңіреп өткен ер еді ғой, – деп кенет ойына әлденелер түскендей үнсіз қалады.
– Ал Тазабек деген кім?
Тазабек батыр да халқы үшін патша өкіметімен айқасып өткен ердің ері болатын...
«Қайран Шалтабай ер мен Тазабек батыр қайда екен?» деп өзіме өзім қойған сұраққа жауап таба алмай, қиялым қияға шарқ ұрып кетеді....

2. «Бала өлгенше, шал өлсін...»

Атам  сәлден соң  әңгімесін қайта бастайды. Біз келе жатқан Қарқара жазығында «майданға бала бермейміз» деп аталарым патшаға қарсы шығыпты. Әр отбасынан ат жалын тартып мінгеннің бәрі көтеріліпті. Рысқұл бабамның Қоржынбай, Сабырбек, Мамырбек, Әбілбек деген ұлдары да қолына қаруын алып атқа қоныпты. Оразай деген атамыз Жанғабыл шешен, Тайлақ батыр үшеуі Қарақол түрмесінен  Жәмеңке бастаған көсемдерді шығарып алуға елшілікке барыпты. Түрме бастық рұқсат бермеген соң елге келіп, Сары-Шобалдан бес жүз адамды бастап, Қарақолдағы көсемдерді құтқаруға барса, соның алдында ғана бәрін түрменің ішінде жатқан жерінде қырып тастапты. Қашқаны қашыпты, түрменің ішінде, ауласында өліп қалғанын таң атысымен  дереу қаланың сыртына апарып көміп тастапты. Оразай жасағымен қайтып келіп,  Кеңсуда патшаның бір  отрядын жойып, аттарын, қару-жарақтарын иемденіп алып, Жалаңаштағы казак-орыстарға шабуыл жасапты. Атамның айтуынша, Жалаңаш, Тоғызбұлақ өңірінде Оразай деген кіші әкесі де Ұзақ, Жәмеңкелердей қол бастап, ерлік жасап, батырлық танытқан. 

Сол жылғы Асы жайлауында басталып, Қарқара, Жалаңаш, Күрметі, Қарақол, Қарадала, Шалкөде алабына дейін жайылған көтерілістің арты қырғынға ұшырапты. Атамның айтуынша,  қол бастаған Жәмеңке де – батыр, оны қостаған Ұзақ та,  Әубәкір де – батыр, Тұрлығожа, Серікбай, Қазыбек, Құдайберген де, Оразай да  батыр екен. Жалаң кеудесін оққа тосқан сол батыр аталар кейінгі ұрпағы, яғни біз үшін шәйіт болыпты. Ұзақ  батыр көтеріліс басталарда «Бала өлгенше шал өлсін» деп ұран тастапты. Сол ұран барлық ауылға рух беріпті. Еңбектеген бала, еңкейген кәріге дейін патшаға қарсы әрекет жасапты... Бәрі де маған ертегі секілді. Өз көзіммен көрмеген соң солай қабылдағам. Бірақ менің санамда сан оқиға бірінен соң бірі қайталанып жатты. Әсіресе Ұзақ батырдың «Бала өлгенше, шал өлсін» деген сөзі менің жүрегімді сыздатып, тұла бойымды шымырлатып келеді...

3. «Бала» дегені түсінікті. Ал «шал» дегені кім?

Әйтеуір жасы үлкен адам екені рас. Ал «қарт» дегені  нешедегі жан? «Қария» дегені ше? «Ақсақал» дегені кім сонда?  «Абыз» дегенінің айырмашылығы неде? Бұлардың аражігін ажырата алмаған соң  «атам ол кезде шал болды ма екен»  деп іштей сұрақ қоямын да, ойланып қалам. Жауабын атамның өзінен сұраймын:
– Ата, ол кезде сіз шал болдыңыз ба? – деймін.
– Ол кезде мен жас болдым, балам, – дейді атам. «Е-е, жас болған соң шалдар жастарды қорғап, аман алып қалған екен ғой» деймін іштей қуанып.
– Ата, ол кезде сіз бала  болған екенсіз ғой...
Қайдағы бала, қарағым.Тепсе темір үзетін жігітпін ғой. Ол кезде ер бала – он үшінде отау иесі. Райымбек батыр бабаң он тоғыз жасында-ақ қол бастап, сан жекпе-жекке шыққан, батыр атанған. Біз қол бастамасақ та, Оразай атаң бастаған жасақтың ішінде болдық. Қоржынбай атаң – ондықтың басшысы, Мамырбек, Әбілбек аталарың бәріміз күндіз-түн солардың қасында болдық...

Атам сәл үнсіз қалып, әңгімесін әрі жалғады. Бүкіл қазақ түгел көтеріліпті. Бірақ көтеріліс жеңіліс тауып, патшаның  жазалаушы отрядтары мұздай қаруланып келіп ауыл-ауылды жаппай қырыпты. Атқанын атыпты, асқанын асыпты, өртегенін өртепті. Қырғыннан қалғанын тонапты. Ел үдере Қытайға ауыпты. Жолда да көрмегендері жоқ. Өлмегендері Текес өзенінен арғы бетке әрең өтіпті. Кейбір әлсіз кемпір, шал, жас бала өзеннен өте алмай ағып кетіпті. Аман қалғандары әрі өткен соң қалмақтың шеріктеріне тоналыпты. Аш, жалаңаш ел қыстан әрең шығып, «патша  құлады» деген соң шекарадан бері шұбырыпты. Ағы ма, қызылы ма белгісіз, Қаракөл деген жерде туған жеріне енді табаны тиген арып-ашқан жеті жүздей адамды  пулеметпен атқылап баудай түсіріпті... Тағы да көрмеген қорлықтары жоқ, өз атамекеніне келгенде  де шекесі қызбапты. Ақтары келіп бір талқандап, қызылдар келіп тағы сойқандап елдің титығын алыпты. Бұл жаққа кеңес үкіметі жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан кейін ғана орнапты.

4. «Туған жердің топырағының киесі бар...»

Атам «біліп алсын» дегендей көзімен көргендерін жіпке тізгендей бірінен соң бірін айтып келеді. Атамекенге ат басын тірегеннен кейін қазақтар  қызыл коммунистерден де опа  көрмеген. Әлі де көріп келе жатқаны шамалы сияқты. Айтып-айтып келіп күрсінгенде, кеудесі қарс айырылып кететіндей болады. Өзегінде бір зор өксік бардай, соны шығара алмай келе жатқандай терең дем алып, алдында отырған менің басыма ернін тақап, еміреніп-еміреніп қояды. Жұмсақ сақалының әр талы желкемді аймалап өтеді. Айтқандарының бәрін құлағыма құйып алуға тырысып-ақ келемін. 

Туған жердің топырағының киесі бар, балам. Сол киенің құдіреті ғой  тірі қалғандарымыздың туған жерге оралып, ес жиып, ел болып келе жатқанымыз. Құдайға мың қатар шүкір, – деп атам тағы да терең ойға шомып кетті. Мен туған жердің сол қасиетті топырағын көрсем деп ат үстінен көк шалғынның арасына үңіле  қараймын.

5. «Жетесіз жігіт жеті атасын білмейді...»

Біз барған үй Білісбек деген атаның үйі екен. Есіктің алдына көгалға жайылған оюлы сырмақтың үстіне төселген құрақ көрпеге жайғасқан, аппақ қалпақтары көкке ұмтылып, сақал-мұрттары жерге қарай жарысқан егде кісілер. Кейбіреуін бұрын көргенмін. Кейбіреуін танымаймын. Сырттан келген адамды атынан түсіріп қарсы алып ағалар жүр. Біреуі атты апарып ақырға байлап жатса, екіншісі қонақты қолтықтап топтың қасына ертіп  келеді. Менен ересектеу бала бір қолында құмған, бір қолында шылапшын, иығында аппақ орамал қонақтардың қолына су құйып жүр иіліп. Бірінен соң бірі қол шайып әлгі балаға: «Тәңір жарылқасын! Көп жаса! Молда бол! Оқымыш бол!» – деп батасын үйіп-төгіп жатыр. Ортаға төселген шағын дастарқанның үстінде шашылған құрт, ірімшік, сықпа, бір жердегі кеседе кілегей, тағы бір кеседе сары май. Аздан соң ернеуі кең, шұңғыл шарамен қымыз келді.  Сабы оймышталған ағаш ожаумен бірге келген ағаш кеселерге сапырыла-сапырыла көбігі көпірген сарала қымыз құйыла бастады.

Бас-аяғы жиналғанда далада  отырған қонақтар бір кісідей көтеріліп үйге кірді. Менің ендігі есіл-дертім олардың не ішіп, не жегенінде емес, не айтып жатқанында. Сөйлегеннің аузына қарап, аңыраям да қаламын. Не деген шешен адамдар, мүдірмейді де жаңылмайды. Мына аталарды  біздің әдебиет сабағынан беретін Тұрсынхан апайдың алдына апарып емтихан алса, бәрі беске жауап беретін секілді. Айтқан әңгімелерінің  бірінен бірі қызық. Қайсыбірі ғажайып ертегі сияқты. Бірде патшаға қарсы көтеріліске шыққандарын; көтерілісте жеңіліп, балаларын бауырына тығып босқандарын; тағы бірде абақтыға қамалғандарын; одан қалай патша солдатын өлтіріп қашқандарын; енді бірде  бәлшебектердің (большевик) ауқаттыларды талан-таражға салып, қалай қуғындағанын;  қуғын кезінде көмәтірет (коммунистік отряд) пен ыңқыбыдының (НКВД) адамдарымен атыс-шабыстарын айтады. «Өңі сары көзі көк, жан түсінбес сөзі көптермен» (орыс солдаттары я коммунистері болса керек) талай рет тіл табыса алмай жаға жыртысқанын сөз қылады. Бір сәт  күрсінісіп алады да, бір әңгімеден кейін жамыраса қарқылдап кеп күледі. Арасында ата-баба шежіресін айтысып, дауласып барып тоқтайды. Сондай үзілісте төрде отырған сақалы ұзын қария маған тесіле қарап алды да: 
– Әй, батыр, кімнің баласысың? – деді.  
– Атамның.
– Атаңның аты кім?
– Сабырбек.
– Е-е, байдың тұқымымын де... – Көзінің қиығымен атама бір қарап алды да: 
– Атаң кімнің баласы?– деді ұрлана жымиып.
– Рысқұлдың...
Айттым ғой... 
Атама тағы бір жалт етіп көз тастап алды да: 
– Рысқұл байдың жылқысы Шарынға тұмсығын тықса болды, су тартылып қалады екен... «Бала өлгенше, шал өлсіннің» кезінде Рысқұл сол жылқыдан бес жүз ат мініске берген еді. Рысқұл кімнің баласы?
– Қожагелдінің...
– Қожагелді жарықтық Меккеге қажылыққа барып, сонда шейіт болыпты. Қожагелді кімнің баласы?
– Усаның...
– Уса бабаң қол бастаған батыр болған екен. Ол батыр бабаң кімнің баласы?
– Мәнжінің...
– «Мәнжінің  басына сүт жауған» деген сөз бар. Демек, ол қасиетті адам болған және одан көп ұрпақ тараған...  Мәнжі кімнің баласы?
– Шитемірдің.
– Шитемір атаң да өз заманында дәулеті асқан бай адам болыпты. Шитемір кімнің баласы?
– Өтептің...
– Өтеп бабаң әрі батыр, әрі би болған екен. Өтеп кімнің баласы? 
– Сарының...
Сары атаң – Албан тайпасының тұңғыш биі. Аты алты алашқа мәлім болған. Жө-өн. Жетесіз жігіт жеті атасын білмейді, ал сен біледі екенсің, батырым, – деді ақсақал.
Қарияның «жеті атаңды біледі екенсің, батырым» дегені жаныма жылы тисе де, «мына ақсақал менің аталарымның әрқайсысын қайдан оқып, біліп алған» деп таңданамын да,  «жете» деген сөздің санаға салмақ салар тылсым құпиясын таба алмай тағы ойланамын. Сол құпияны ойша іздеп жатып, ұйықтап кетіппін.

6. «О, қасиетіңнен айналайын, Қарқара!»

Атсоқты болып шаршаған соң ба, қалың ұйқыға кетсем керек. Бір мезетте атам оятты. «Тұр, балам, таң атып келеді, жүр» деді. Тұрдым да, соңынан ердім. Күн көрінбесе де шапағы көкке шашырап аспанды шарпығанымен, таудың көлеңкесі ауыл үстін қараңғылап тұр.

Мыңжылқы ауылының тура жанынан шыңдары көк тіреген алып таудың бауырын жарып шығып,  төмен қарай  сарқырай, күркірей ағып жатқан асау өзенді жағалап өрге қарай беттеп келеміз. Арқыраған  өзен ағыны қой тастардың үстіне көтеріле  аунап барып төмен қарай құлдырай құйылады. Асау толқын құйылған жеріне батып барып су бетіне шыпырлай көтеріле бүлкілдеп-бүлкілдеп алып,  көпіршіген  ақ көбігін арқалап алға қарай қайта сырғи жөнеледі. Арынды ағыс  келесі тасқа қайта тиген сәтте тамшылары аспанға шашырайды. Бір тас емес, мың тастан осылай тынымсыз аунап, тулаған толқыннан гүрілдей шыққан  бір қалыпты үн құлаққа жағымды. Арынды ағыс арнада жатқан кейбір дәу-дәу шартастарға соғылып, аса алмайтын болған соң айналып өтіп барып кішкене иірім жасап, тыныштала қалады да, сәл кідіріп алып,  астынан ғана алға сырғып жатады...

Әжем сырып берген су жаңа барқыт шекпенін желбегей жамылған атам ағысы қатты арынды өзеннің үніне балқып келе жатқандай үнсіз. Қолында құмған. Баяу адымдап келеді. Бір уақытта  кілт кідіріп, өзенге бұрылды да, сүйсіне қарап  сәл  тұрып, терең дем алды. Жадағай жағалауға жақын келе жүрелей отырып, жуына бастады. Білегіне дейін түрілген жеңіне су жүгірткісі келгендей қолымен суды іліп алып көкке көтергенде, алақанынан аққан су сырғып барып шынтағының ұшынан жерге сорғалай жөнеледі. 

Осылай екі қолын одан соң бетін жуды, сақалына су жүгіртіп, саумалап алды. Келесіде алақанына толтыра су алып аузын шайды. Содан кейін қос алақанымен суды толтыра көсеп алып  еміне, емірене сімірді. Сімірді де, «уһ» деп бір дем алып: «О, қасиетіңнен айналайын, Қарқара!» – деп ағысқа  тесіле қарап біраз отырып қалды. «Мына Қарқараның  қасиеті қай жерінде екен?» деп мен тұрмын арындаған өзеннің қай тамшысынан қасиет табарымды біле алмай...

7. «Топырағыңнан жаралдым, жапырағыңнан нәр алдым!..»

Ауылдан алыстаңқырағанда атам өзеннің шетіне иіріліп жатқан таяз тұсына тоқтады да, қолындағы құмғанға су толтырып алып аулақтау жерге, ойпаңға түсіп кетті. Қайта келді де, әлгі құмғандағы сумен асықпай қайта жуынды. Аузын үш рет шайды, үш рет танауына су жүгіртті. Екі құлағын кезек-кезек үш мәрте жуды. Бас киімін жерге қойып шүйдесінен бастап, төбесінен төмен қарай маңдайына дейін қос алақанымен сулады. Алақанының сыртын үш мәрте желкесінен жүгіртті.  Содан кейін барып екі аяғын тобығына дейін жуды. 

«Лә-иллаха ил-алла, Мұхамед расул Алла» деп қояды арасында. Содан соң шекпенін жерге жайып, батысқа қарап тұрып намаз оқыды. Ұзақ оқығандай     болды маған. Намаздан соң тауға қарай өрлеп біраз жүрдік. Шалғыны тығыз, тегістеу, жазықтау жерге келіп тізерлеп отырды  да, маған қарап: 
– Отыр, – деді. Отырдым.  Құран сүрелерін оқып барып алақанын жайды. Мен де жайдым. Атам:
Иә, Алла! Жаратушы ием, жарылқаушы ием, жасаған ием, барды жоқ қылатын, жоқты бар қылатын әлемнің  жалғыз ғана әміршісі, жер әлемнің иесі – шексіз құдыреттім! Сен хақсың, сенің уәдең де хақ. Сенімен кездесу де хақ.  Жаннат та хақ. Тозақ та хақ. Пайғамбарлар да хақ. Мұхаммед пайғамбар да хақ. Сенің бар екеніңе, сенің шын екеніңе, сенің жаратушы екеніңе, сенің алушы екеніңе құлдық ұрып, өзіңе құлшылық қылдым, Аллам! Құлшылығымды қабыл ете көр!.. 

Атамның дауысы дірілдей күңірене шықты:
Ұрпағымды пәлеқордың пәлесінен, жалақордың жаласынан, тосыннан келген жазымнан сақта. Ел-жұртымды тілсіз  өрттен, топан судан, зілзаладан  сақта! Ағайынды тату етіп, ат көбейт, Алла! Абысынды тату етіп ас көбейт, Алла! Төртеуді түгел қылып төбедегіні келтір, Алла! Алтауды ала қылмай ауыздағыны қалдыр, Алла! Рәббәнә әтинә фү дүния һасана  фил  аһирати һасана уахина хазаббаннар... – деп дауыстаңқырап барып «аллаһу акпар!» деп  бетін сипады. 

Дауысы бүкіл Мыңжылқының баурайында, таудың қойнауында жаңғырды, қатар-қатар жалғасқан жақпар жартастар мен тау-жоталар бірінен соң бірі «АллаҺу акпар!»... «АллаҺу акпар!»... «АллаҺу акпар!»...  деп қайталап жер әлемді күңірентіп жіберді.  Мен бетімді сипағанда алақанымнан ыстық леп ұрғандай болды. Денем шымырлап кетті.
Кел, балам, сені атамекеніңнің топырағына  аунатып алайын, жат, – деді. 
Жаттым.
Басыңды құбылаға қаратып жат, – деді. 
Басымды күнбатысқа қаратып шалқамнан жаттым. Атам мені оңға қарай үш рет, солға қарай үш рет аунатып жатып:
– Уа, айналайын, Жер-Ана! Топырағыңнан жаралдым, жапырағыңнан нәр алдым. Өсіп-өндім. Соңымнан ерген ұрпағыма қорған бола гөр! – деп менің басымды көтеріп, маңдайымнан құшырлана иіскеді.
Тұр, кеттік, – деді. 
Табаным тиген сайын Жер-Анадан бойыма шым-шым жылу тарағандай, денем бұрынғыдан да  салмақтанып кеткендей,  қадамымды нық-нық басып атамның соңынан адымдай жөнелдім...

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

170 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Vito

06 Желтоқсан, 2022

Рейтинг капперов на сайте https://similars.net/alternatives-to/match-prognoz.com

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы