• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 17 Қараша, 2022

Ауылдан – Италияға

Шетелде білім алып жүрген қазақ жастарының бірі, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жосалы ауылының тумасы Гүлстан Қылышбаймен сұқбаттасудың сәті түсті. Ол қазір Италияның Рим қаласында оқып жүр.

– Италияға оқуға қалай түстіңіз? 

– 2019 жылы  филология мамандығы бойынша бакалаврды аяқтаған соң, Қазақстанда магистратураға құжаттарымды өткізіп үлгермей қалдым. Тапсырайын десем, дипломым – Алматыда, өзім Оралдамын. Тамызда грант тізімі шығып, көбі магистратураға түскеніне қуанып жатты. Кейін шетелдегі оқу орындарының оқуға тапсыру дедлайны ашық оқу бағдарламаларын іздей бастадым. Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия оқу орындарының рейтингі жоғары, білім сапасы керемет екені туралы ақпарат жеткілікті. Бірақ «қай құжатты қай сайтқа жүктеу керек, қабылдау емтиханы қандай, қай мамандық сәйкес келеді, жалпы неден бастау керек?» деген ең маңызды сұрақтарға жауап таба алмайсың. Тіпті қажетті құжаттар тізімі де соңғы рет тас ғасырында жаңартылған. Сөйтіп жүріп, Инстаграмнан сол жылы Римге оқуға түскен сыныптасымды көріп қалдым. Соның көмегі арқылы шетелде оқу мен елестеткендей қиын нәрсе емес екенін түсіндім. Ол болмағанда, өзім ақтарған сайттардың ескі әрі пайдасыз мәліметтеріне көміліп отыра берер ме едім...  

– Шетелге оқуға түсу үшін IELTS, TOEFL сияқты емтихандарын тапсыру керек. Сіз бұдан қалай өттіңіз?

– Бір күні жаңағы танысым «оқуға тапсыруың не болып жатыр? IELTS алдың ба?» деп жазды. Мен «жоқ» деп жауап бердім. «Онда саған жақсы жаңалық: Италияда IELTS-сыз қабылдайтын мамандықтар бар», – деді. Қатты қуандым. Келесі күні төлқұжатқа өтініш бердім, екі күннен кейін мотивациялық хат дайын болды. Әуелі тапсырған екі мамандық бойынша да магистратураға қабылдамады. Сосын танысымның ақылымен бакалаврға тапсыруға тәуекел еттім. Мотивациялық хатты өзгертіп, сәуірде бакалавр мамандығына жібердік. Жауапты ұзақ күттік. Ақыры жаз басталды, мен Алматыдан  Оралға кетуге жиналып жүргенмін. Бір күні түнде сол таныс құрбым Римдегі «LA-Sapienza» университетінен шақырту қағазының суретін жіберді. Өз көзіме өзім сенбей, қатты қуандым. Сабақ пандемияға байланысты 12 қазаннан онлайн болды, біраз процесстер кеш басталды (виза тапсыру, легализация, т.б.). Сол себепті мен күзде емес, қыста бір-ақ бардым. Сабақ итальян және ағылшын тілдерінде өтеді. Оқу үшін итальян тілін білу міндетті емес. Бірақ қиналып жүрсеңіз, итальянша үйрену аса қатты қиын емес.

– Осы жерде бір түсініксіз нәрсе бар. Бакалаврға түсіп, магистратураға қалай тап болдыңыз?

– Иә, өзім оқуға түскен бакалавр мамандығында оқып жаттым. Қатты ұнайтын еді, біраз шетелдік достар таптым. Профессорлармен тікелей сөйлесе беретінбіз. Наурызға дейін бірінші семестрдің барлық емтиханын жауып тастадым, екінші семестр онлайн деген соң елге қайтып келдім. Бір өкініштісі, сәуір айының соңында шәкіртақыма қатысты мәселелер шықты. Менде бакалавр дипломы бола тұра, тағы бакалаврда оқып жатқандықтан шәкіртақы берілмейді деді. Сол жылы шыққан заң екен. Менікіндей мәселесі бар қаншама студент бірігіп университетке хат жаздық, елшілікпен сөйлесіп, консулдан сұрасақ та, еш нәтиже болмады. Сосын мен өз бетімше әрекет ете бастадым, оқу орнының студенттерге көмек беру комитетімен бірге менің жағдайыма видео талдау жасадық. Бірақ шаруаның менің пайдама шешілу мүмкіндігі бір пайыз ғана еді. Не істерімді білмей тұрғанда, былтыр түспеген мамандықтарға магистратураға қайтадан тапсыру ойыма келді. Өзім сол университетте, сол факультетте оқып жатқасын, мотивациялық хат жаздым. Екі апта өтпей мені магистратураға қабылдапты. Осылайша І курс магистранты болсам да, осы университетте жүргеніме екі жыл болды. Қазір «Шығыстану» мамандығы бойынша оқып жатырмын.

– Италия сізге ұнады ма?  

– Италияның әр көшесі, әр бөлшегі – тарих. Алғаш келгенде, орта ғасырға түсіп кеткендей болдым. Ертеден келе жатқан ғимараттар, ескі сәулет үлгісімен салынған үйлер, тар көшелер, тіпті мектеп, университет, колледж, ХҚКО, т.б. жаңа инновациялық құрылыс ретінде ерекшеленіп тұрмайды. Сосын бір жайлылық сездім. Ешкім ешқайда асықпайды. Көше толған абыр-сабыр адамдар мен көліктер болса да, әркім өз ісімен жүргені, ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ екені білініп тұрады. Ал кеш түскен соң қала мүлде жайбарақат күйге түседі. Мұнда қандай да бір шектеу, шаблон жоқ екені бірден көрінеді. Міне, осыдан-ақ әркімнің өз өмірі, өз уақыты бар мемлекет екенін түсінесің. Маған осындайымен ұнады. 

– Қазақстан мен Италияның оқыту жүйесінде қандай айырмашылықтар бар?  

– Білім жүйесіндегі ерекшелікті айтпай кету мүмкін емес. Италияға оқуға түскеннен кейін ҚазҰУ-дағы сабақ оқығаным, сессия, семинарларға дайындық, мидтерм есіме түсіп, «сол кезеңнен тағы өтем бе?» деп ойлағаным рас. Бірақ білім жүйесіндегі ерекшелік университетке тез үйренісуге көмектесті. Біріншіден, таңдау құқығы. Біз бұл жақта Еуропаның оқу жүйесі бойынша өз сабақтарымызды өзіміз таңдаймыз. Қалай таңдаймыз? Әлі ештеңе білмейміз, жаңадан келдік қой. Атына қарап па? Әлде оқытушыны Гуглдан іздейміз бе? Жоқ, әрине. Сізге бүкіл сабаққа қатысып көруге, қай сабақ көбірек ұнайтынын түсінуге 1-2 ай уақыт береді. Сосын нақты осы бағыт ұнайды деп шешкеннен кейін, өзіңіз қалаған пәндерді таңдап, Study Plan (оқу жоспарын) жасайсыз. Егер ол сабақ сізге ұнамай қалып, меңгеруіңізге қиын боп жатса, Study Plan-ды өзгерте аласыз. Екіншіден, еркіндік. Пандемия басталғалы сабақтар екі форматта қатар жүріп жатыр: онлайн және оффлайн. Қайсысы ыңғайлы, өзіңіз шешесіз: онлайн оқимын немесе университетке барып оқыған қолайлы десеңіз де өз еркіңізде. Және ол лекцияларға қатысып, қатыспасаңыз да өзіңіз білесіз. «Attending is not mandatory» (қатысу міндетті емес) деп профессорлар 1 студентпен де лекция оқып отыра береді. Бірақ сессия бәріне бірдей міндетті. Үшіншіден, семинар, сессия, СӨЖ/МӨЖ деген жоқ. Семинар деп сабақ айтпайсыз. Әр 5 апта сайын аралық бақылау болмайды. Оқытушы кейде тапсырма беруі мүмкін. Бірақ оны тексеріп, балл қойып жатпайды.Оқысаң, өзің үшін. «Жаздыққа» қалу жоқ екенін де айтып қояйын. Барлық материалдың онлайн нұсқасын бізге жіберіп отырады. «Пәленше деген сырты қызыл кітап, кітапханадан табасың» демейді. Дегенмен бұл елде бір университеттің өзінде 50 кітапхана бар. Төртіншіден, сабақтың тақырыбында белгілі бір шек жоқ. Яғни айтылуға тиіс материал болғанмен, сені қызықтырған басқа аспект болса, оқытушы студентті қызықтырған тақырыпты түсіндіріп береді. Мәселен, тақырып «Тілдер классификациясы» болса, бірақ сен профессордан «Алтай тілдері» туралы ғана айтуын қалап, қалғанынан хабардар екеніңді айтсаң болады. «Мың рет естігенше, бір рет көр» дегендей, лекция барысында кез келген нәрсені көрсетіп отырады. Кино, видео, слайд, т.б. арқылы. Ал бізде тарихты әлі картасыз түсіндіретініне таң қаламын. Маған осындай оқу жүйесі қатты ұнайды. Себебі біз адамбыз. Басқа нәрселерге де уақыт табуымыз керек. 

– Сіз секілді көптеген студенттер шетелде оқығысы келеді. «Шетелде оқимын, білім алып, әлемді аралаймын» деген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Негізі, мен «Италияға оқуға түсу» бойынша жеке гайд ашып қойдым. Шүкір, нәтижесін беріп жатыр. Жақында ғана Аңсаған есімді студентімді орналастырып, құжаттарын түгендедік. Тағы басқа студенттер енді визаларын алып, оқуға дайындалып жүр. Еуропаға оқуға түсу тиімді жолдары, университеттің талаптары қандай? Университетке тапсырарда қандай құжаттар керек? Мотивациялық және ұсыным хатын жазу, тілдік кедергі, стипендиялық бағдарламалар туралы ақпараттар осы гайдта қамтылған. Бұл гайдты сатып ала отырып, өз бетіңізбен оқуға тапсыра бересіз. Ал шетелге оқуға ниетті жандарға айтарым, ешқашан арманға ұмтылудан шаршамаңыз және ол үшін тәуекелге бара біліңіз. Өмір сіз күтпеген қызыққа толы. «Ештен кеш жақсы» дегендей, ешқашан өз миыңызға шектеу қоймаңыз. Сонда ғана жаңа мүмкіндіктерге ие болып, ғаламды тани аласыз.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Асылай ЕРБОЛОВА,
11-сынып оқушысы

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

470 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы