• Спорт жұлдыздары
  • 18 Қараша, 2022

Баландиннің белесі

Рио олимпиадасында айды аспанға бір-ақ шығарып, атой салған жүзуші Дмитрий Баландин жақында спорттағы жолына нүкте қойды. Баландиннің кемел шағында спортпен қоштасатынын көпшілік күткен жоқ. Токио төрінде тұғырдан көріне алмаған жүзушінің өнерін Парижде де көретінімізге кәміл сендік. Дегенмен 27 жастағы спортшы осындай шешімге келіпті. Біз Баландиннің бағындырған белестерін сараптап көруді жөн санадық.

  • Жүзу спортын 5 жасынан бастап серік еткен Дмитрий ақ халатты абзал жан, яғни дәрігер болуды армандаған. 7-сыныпқа дейін спорт пен медицинаның қайсысын таңдарын білмей, ақыры спортқа біржолата бет бұрды.
  • 8-сыныпта Алматыдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түсіп, жүзудің қыр-сырын Иван Голохадан үйренді. 2011 жылдан бастап білікті  бапкер Алексей Казаковтың қарамағына қабылданып, үлкен спорттағы алғашқы жетістіктеріне қол жеткізе бастады. Еңбекқорлығымен, қайсар мінезімен өзгелерден дараланған Дмитрийдің талантын бапкер де бірден байқайды. 
  • Халықаралық деңгейдегі додаға ол алғаш рет 14 жасында қатысып, топ жарады. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Александр Попов кубогы турнирінде алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді.
  • 2011 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, спорт шебері атағына қол жеткізді. Ал 2013 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге сынық сүйем қалғанда тоқтап, 4-орынды місе тұтты.
  • Дегенмен Дмитрийдің даңқы 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында асқақтады. Теңдессіз өнерімен дүйім жұртты тамсандырған спортшы 50, 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Он тоғыз жастағы Баландин Азия ойындарында үш бірдей алтын алған алғашқы қазақстандық жүзуші атанып қана қоймай, Азиаданың рекордын жаңартқан спортшы ретінде де тарихқа енді. 200 метрге брасс әдісімен жарысудан қарсыластарынан оқ бойы оза шыққан ол бұл қашықтықты  2:07,67 уақытта жүзіп өтіп, тәжірибелі қарсыластарын артқа тастады. Сондай-ақ 100 метрге брасс әдісімен жүзуде де рекорд жаңартып, 59.92 секунд нәтижесімен Азиада чемпионы атанды. Расында, бұл Баландиннің тарихи жетістіктерінің бастамасы болды.
  • Ол Инчхондағы жеңісі кездейсоқ емес екенін 2015 жылы Кванджуда (Оңтүстік Корея) өткен жазғы Универсиадада дәлелдеді. 100 метрге брасс әдісімен жүзу бағдарламасында алтыннан алқа тақса, 50 метрлік қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізді. Содан кейін Дмитрий Санкт-Петербургтегі халықаралық додада 100 және 200 метрге браспен жүзуде күміс және қола жүлде жеңіп алды.
  • Дмитрий үлкен додаларда топ жарып, сенсация жасауға жақын жүрді. 2015 жылғы  су спорты түрлерінен Қазан қаласында өткен әлем чемпионатында да үздіктермен терезесі тең өнер көрсетіп, жеңіске жетуге сәл қалды. 100 метрлік сындағы іріктеу кезеңінде 59,38 секунд көрсетсе, жартылай финалда мәреге 59,39 секундта қол тигізді. Ақтық сында 59,42 секунд көрсетіп, 4-орынға табан тіреді. Осылайша, ол жарыс жеңімпазы Адам Питиден 0,9 секунд, Лондон олимпиадасының чемпионы Камерон ван дер Бургтан 0,83 секунд, қола жүлдегер Рос Мердоктан 0,33 секунд ұтылды. Ал 200 метрге жарыста іріктеу кезеңде – 2:09.75 минут, жартылай финалда – 2:09.22 минут, финалда 2:09.58 минут көрсетіп, жарысты 6-орынмен аяқтады. Шыны керек, Дмитрийдің Риода топ жаратынына ешкім сенген жоқ. Өйткені Рио олимпиадасына дейінгі Италия және Беларусьта өткен жарыста спортшы 200 метр қашықтықты 2:13 минутта жүзіп өткен болатын.

БАП ПЕН БАҚ

Рио олимпиадасында спорт әлемін таңдай қақтырып, айды аспанға шығарған Баландиннің жеңісіне барша отандастарымыз ерекше шаттанған еді. Жан алып, жан беріскен сайыста Дмитрий Баландин 200 метрде алдына жан салмады. Іріктеу кезеңінде Баландин 2:09.00 минут көрсеткішпен мәре сызығын алтыншы боп кессе, жартылай финалда өз тобында 2:08.20 уақыт көрсетті. Осылайша финалға соңғы ретпен өтіп, сегізінші жолақта өнер көрсетті. Ешкімнің назарына іліне қоймаған Дмитрий 2:07.46 минут нәтижемен небір мықтыларды сан соқтырды. Тіпті екі дүркін әлем чемпионы Марко Кохты, 2015-2016 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Кевин Кордес пен Эндрю Уиллисті жүлдесіз қалдырды. Одан бөлек, жартылай финалда олимпиада рекордын (2:07.22) жаңартқан жапон Иппеи Ватанабені шаңына ілестірмеді. Осылайша, олимпиялық ойындарда бағы мен бабы оза шапқан жампоздың жеңісі жанкүйерлердің жанын жадыратты. Ешқашан жүзу спортынан олимпиада жүлдесіне қол жеткізіп көрмеген қазақ спортының жылнамасына жаңа жетістік қосты.

Шыны керек, ол дәл осы қарқынмен ұзаққа шабады деп те топшыладық. Бірақ чемпиондық атаққа қол жеткізу қаншалықты қиын болса, чемпиондық биіктен түспеу одан да қиын екені анық. Риодан кейінгі дүбірлі додаларда Дмитрийдің көрсеткіші көңіл көншіте қоймады. Әрине, Баландиннің басынан бағы тайып, бабы кетті деуден аулақпыз. Дегенмен қарсыластары қатты өсіп, өте жоғары деңгейге жеткенін аңғаруға болады. Риода қола жүлдегер атанған ресейлік Антон Чупков 2017 жылы Будапешттегі әлем чемпионатында 200 метр қашықтықты 2:06.12 минутта жүзіп, әлем рекордын жаңартты. Ал отандасымыз  іріктеу кезеңінде 2:10.18 уақытымен – 10-орын, жартылай финалда 2:09.69 минут көрсеткішімен 6-орында қалып, финалға өте алмады.

Баландин үшін әлем чемпионаты бағынбайтын белес болып кеткендей. Үш рет сәтсіз өнер көрсеткен отандасымыз бұл сын оң жамбасына келмейтінін де мойындады. Расында, Венгриядағы әлем чемпионатынан кейін Баландин араға екі ай салып, Тайпейдегі жазғы универсиадада үздіктер қатарынан көрінді. 200 метрлік бағдарламада – күміс, 100 метрде қола жүлде жеңіп алған спортшы Будапешттегі турнирден төмен нәтиже көрсетті. Мысалы, әлем чемпионатында 200 метр қашықтықта 2:09.69 минут көрсеткішімен ақтық сынға шыға алмаса, Тайпейде 2:09.70 уақытмен күміс жүлдегер атанды.

2018 жылы Дмитрий біраз дүбірлі додалардан шет қалды. Тек Испанияның ашық біріншілігінде 50, 100, 200 метр қашықтықта қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Бірақ Жакартадағы Азия ойындарында дайындық барысында жарақат алып, 100, 50 және 4х100 метрлік эстафета сайысында ғана сынға түсті. 50 метрлік сайыста отандасымыз 27.46 секунд көрсетсе, 100 метрді 59.39 секундта бағындырып, қола жүлдеге қол жеткізді.

ЖОСПАР МЕН ЖОБА

Рио олимпиадасынан кейін Баландин бір олимпиялық циклдегі ресми жарыстардың ешқайсысында сол көрсеткішке жақындай алған жоқ. Ең жоғары көрсеткішті 2019 жылы Кванджуде өткен әлем чемпионатында көрсетті. 200 метр қашықтықты отандасымыз 2:08.25 уақытта жүзіп өтіп, жарысты 7-орынмен аяқтаған болатын. Осы әлем чемпионатынан екі апта бұрын Баландин АҚШ-тың ашық чемпионатында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медальді мойнына ілді. Дмитрий 2:09.71 уақыт көрсеткішімен алдына тек атақты АҚШ спортшысы, олимпиаданың жеңімпазы және қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Коди Миллергті жіберді. Баландин 2019 жылдың басында АҚШ-та, соңында Венгрияда өткен FINA Champions Swim Series әлемдік турнирінде де үздіктер қатарынан көрінді. Бірақ нәтижесін айтарлықтай жақсарта алмады. АҚШ-та 200 метрді 2:10.02 минутта артқа тастап күміс алса, Венгрияда 2:10.73 уақытымен қоланы қанағат тұтты.

Баландиннің Токио олимпиадасы қарсаңындағы нәтижелеріне көз жүгіртіп, Токио тұғырынан көру қиын екенін аңғардық. Қытайдағы FINA Champions Swim Series әлемдік турнирінде қола жүлдегер атанса да, Түркиядағы жарыста топ жарса да, нәтижесі олимпиадада атой салатындай болмады. Шеньчжендегі дүрмекте 200 метрді 2:13.58 уақытта жүзіп өтсе, Түркиядағы турнирде 2:10.11 минутта бағындырды. Дегенмен жүзгішіміздің өз есебі, жоспары, бір қағары барына сендік. Өйткені ол Токио олимпиадасы тұсындағы соңғы жарысында, яғни Ресей ашық чемпионатында 200 метрді 2:08.85 уақытта жүзіп, күміс медаль еншілеген болатын. Бір қызығы, Дмитрий Токиодағы төртжылдықтың басты додасынан кейін мансабын аяқтайтынын тілге тиек еткен болатын. Кемі үздік үштіктен көрінуді көздеген спортшымыз қарсыластарының көлеңкесінде қалып, мықтылығын мойындата алмады.

БАЛАНДИН БӘСЕКЕГЕ БЕЙІМСІЗ БЕ?

Нәтиженің нашарлауынан ба, әлде бабы кеміді ме, әйтеуір Баландин спорттық мансабын аяқтауды жөн көрді. Соңғы жылдары өнері ала-құла болған Дмитрийдің бұл шешімін нақты немен байланысты екенін білу үшін Ұлттық құраманың бас бапкері Илья Гусаковтың пікірін білуді жөн көрдік.

– Дмитрийдің спорттық мансабын аяқтауға нақты не себеп болғанын өзі ғана айта алар. Меніңше, әр спортшының үлкен спортпен қош айтысатын уақыты болады. Баландиннің де уақыты келген сияқты. Ол еліміздің жүзу спортына жаңа серпін беріп, ең үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Тұңғыш олимпиада чемпионы атанып, спорттағы ең биік тұғырға көтерілген санаулы спортшылардың бірі болды. Сондықтан спорттық мансабын ерте аяқтады деп ойламаймын. Дегенмен әлемдік аренада әлі де мықтылармен иық қағыстырып, бәсекелестік таныта алар еді. Үздіктер қатарынан көрініп, әлі де биік белестерді бағындыруға әлеуеті жетер еді. Өйткені 2019 жылдан бастап білікті бапкер Дэйв Салоның қол астында жаттықты. Әлемнің ең үздік спортшыларымен бірге жаттығып, спарринг-серіктес болды. Өкінішке қарай, әлемдік пандемияға байланысты АҚШ-тағы дайындық тоқтап, Баландин елге қайтуға мәжбүр болды. Кім біледі, бәлкім АҚШ-тағы дайындығы үзілмегенде Токиода мүлдем басқа нәтиже болар ма еді? – деді бапкер.

Айтпақшы, Дмитрий қазір ұлттық құраманың бапкер-кеңесші қызметіне тағайындалған. Жастарға қол ұшын беріп, тәжірибесін бөлісіп, білгенін үйретіп жүрген су спортының саңлағы бапкер ретінде де биік белестерді бағындыратынына сеніміміз мол. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы