• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Қараша, 2022

Суперқаһармандар сыртында

Бүгінде суперқаһармандар туралы кино көрмеген, олар туралы естімеген адам кемде-кем. Ал жастар арасында олар тіпті танымал. Комикстерін, фильмдерін үзбей, желісін бір-біріне жалғап жүріп көреді. Бірақ ерекше қабілетті адамдар туралы көріп отырып, олардың түбі қайда жатқанын көпшілік ойлай бермес. Бүгінгі күні дәлелденгендей, бұл суперқаһармандардың бәрі дерлік грек мифтерінен бастау алады.

Олимп тауындағы он екі

Монотеизм (бір құдайшылдық) кеш келген халықтардың мифологиясы бай келеді. Олардың мифтерінен тұтас дін жасауға болатындай. Және ол халықтар үшін миф дін болды да. Адамзат тарихында ең бай мифологиясымен ерекшеленетін гректер шығар. Рим мифтерін де айтуға болады. Бірақ ол өзіне дейінгі грек мифологиясының айнадағы келбетіндей. Бізде ше? Біздің халықта миф саф қалпында кездеспейді. Дүниенің жаратылысы мен әлемнің түзілісі турасында мифтер бар. Бірақ қазақ өмірі тұтас мифпен өрілмеген. Бұл артықшылық па, кемшілік пе?

Болжап айтар болсақ, арғы қазақта мифтің ең көркем түрі болған. Бірақ біздің далаға Көк Тәңірі туралы түсініктің келуімен мифтердің бәрі ертегіге, мифтік кейіпкерлер ертегі кейіпкерлеріне айналып кете барды. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенер болсақ, ең ескі саналатын «Ер Төстік» ертегісі тұтас түркілік мифтің тұнығы іспетті. Яғни Тәңірді таныған түркілер мифтері ертегіге айналып, кейбірі тәңіршілдік дінімен астасып кетті. Ал прототүркінің бай мифтерін Америка құрлығындағы қызыл терілі үндіс тайпалары дамытты. Олардың ескі мифтері мен түркілердің мифтерінің тамыры бір.

Еуропаға бір құдайшылдық дін кеш келді. Оны Иса алып келген болатын. Бірақ ғасырлар бойы өздері жасаған мифтердегі көп құдайшылдыққа сенген еуропалықтар Иса сөзіндегі құдайды аса тани қоймады. Мына шексіз ғаламға бір құдайдың иелік етуге қауқары жетпейді деп ойлады ма екен, Исаны құдайдың баласы деп таныды. Мұның бәрі сол бұрынғы мифтердің әсері болатын.

Гректер өздері қасиетті санайтын Олимп тауына бүкіл құдайларын жинады. Жалпы олардың құдайлар туралы түсініктерінде бірнеше ұрпақ бар. Бастапқы (хаостан жаратылған) құдайлар, титандар, Олимп құдайлары. Бастапқы құдайлардан титандар туады. Титандардан Олимп тауында өмір сүретін 12 құдай тараған. Аполлон, Арес, Артемида, Афина, Афродита, Гера, Гестия, 

Гермес, Гефест, Деметра, Зевс, Посейдон. Осылардың ішіндегі Зевс грек құдайлар пантеонының басшысы саналады. Ал осы бізге етене таныс кейіпкер құдайлардан жарты құдайлар тарайды. Жарты құдай дегеніміз – ата-анасының біреуі қарапайым адамнан болған ерекше жаратылыстар. Мысалы, мұның ең озық үлгісі ретінде Гераклды айтуға болады. Ол – Зевстің Алкмена атты сұлу (адам) қыздан некесіз туған баласы.

*Осы тұста айта кететін бір нәрсе бар. «Жер бетінде ескертусіз қалған халық жоқ» деген Тәңір сөзін тіреу етсек, грек құдайларының астарында әулиелер мен аты бізге белгісіз пайғамбарлар жатқан шығар.

Олимп тауынан қағаз бетіне түскен қаһармандар

Құдайлар бүкіл мифтік дүниені жасаған болса, жарты құдайлар адамдарға жақын жүріп, алып күштің, ерекше қабілеттердің иесі болған. Жоғарыда айтып өткен комикстер мен бүгінгі Marvel киноларынан етене таныс суперқаһармандарға келейік. Мысалы, жарты құдай – батыр саналатын Одиссей өте айлакер және ақылды болатын. Ал Орфей музыка арқылы адамдарды өзіне бағындыра алатын. Бүгінгі суперқаһар-мандардың да осындай ерекше қабілеттері бар емес пе? Мысалы, Супермен өте күшті және ұшу қабілетіне ие. Ал Флэш өте жылдам жүгіріп, жылдам ойлана алады. Оның молекулалары үйкеліске өте төзімді. Жылдамдық жағынан Суперменнен асып түседі. 

«Икс адамдар» комиксі және оның фильмін жастар біледі. Сол суретті шығармада Дауыл атты кейіпкер бар. Ол дауыл тұрғызып, жалпы табиғат құбылыстарына әмірін жүргізе алады. Грек құдайы Посейдон секілді. Комикстегі Магнето магнитті алаңды басқара алады. Ал Зевс найзағайларды басқарады. Былайша келгенде, миф және комикс қаһармандарының басты ұқсастығы – құбылыстарды басқара алатыны. Екінші ұқсастығы сол, олардың магиялық әрекеттері мен күштерін жүзеге асыратын қосымша құралдары болады. Мифтік кейіпкер Герместің қанатты аяқкиімі болса, Тордың супербалғасы бар.

Темір адам мен Бэтменнің костюмдері барын білеміз. Олар – қарапайым адамдар. Бірақ ақылы мен ақшасының арқасында жаңа технологиялық киімдер жасай алды. Олимптегі ұста Гефест те шеберлігімен бүкіл құдайларға ерекше құралдар жасап беріп, оларды әскер етіп жасақтаған еді. Міне, қаһармандардың осындай ұқсастықтары біздің бүгінгі суперқаһармандардың прототипі мифтік кейіпкерлер деген тоқтамға әкеледі.

Жалпы батыр жасау турасындағы барлық халықтың түсінігі бірдей. Халық ойдан жасаған батырларына теңдессіз қабілеттер артып, оларды өзіне қорғаушы еткен. Ертегілердегі батырлар да осындай қабілеттерге ие. Яғни комикс авторлары осы ертегілер мен мифтердегі батырлар мен Олимп құдайларының заңды жалғасы екеніне дау жоқ.

Комикстің алтын дәуірі

DC Comics компаниясы 1934 жылы құрылып, 4 жыл ішінде адам сенгісіз табысқа жетті. Оның басты қаһарманы Супермен болатын. Өнертанушылар бұл кейіпкердің танымалдығын сол кезеңдегі АҚШ-қа келіп жатқан эмигранттардың көптігімен түсіндіреді. Өйткені Супермен де эмигранттар сияқты өз мәдениетінен бас тартып, жаңа Америкалық мәдениетті үйренуші, соған бейімделуші кейіпкер еді. Суперменнен кейін сол тектес кейіпкерлер күрт көбейді. Бэтман, Флэш, Капитан Америка сияқты кейіпкерлер туды. Бұлардың танымалдығы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда тіпті артты. Бұқаралық сипат алды. Өйткені соғыс жылдарында адамдарға адамнан биік күшке ие кейіпкерлер мен батырлар ауадай қажет болған. Кейбір комикс кейіпкерлері фашист әскерімен жалғыз соғысса, кейбір «батырлар» Гитлерді өз қолымен өлтіріп жататын. Бүкіл әлемнің батырлық ертегілері осындай жолмен шықты деп айта аламыз. Қазақтың батырлық жырларында қалмақтарды жалғыз қырып, еліне тыныштық әперген кейіпкерлер көп емес пе?

АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тасталғаннан кейін осы тақырыптағы кейіпкерлер көбейді. Атом адам, Атом Найзағайшы секілді батырлар шығып, халыққа атом бомбасының қаупі туралы түсіндіріп жатты. Бұл бастамалар суперқаһармандардың күміс  дәуірінің негізін қалыптастырды десек те болады.

Күміс дәуір

Комикс дәуірінің басты ерекшелігі ретінде туындыларға ғылымның араласуын алға тартамыз. Яғни бұрынғы комикстердегі қаһармандардың ерекше қабілеттері магиялық тұрғыда немесе өзге ғаламшардан келуімен суреттелсе, күміс дәуірі қарапайым адамдар мутациясын ғылыми жолмен түсіндіріп, қаһармандарды қолдан құрастырды. Әсіресе атом энергиясы сәулесінен пайда болған қаһармандар көп еді. Қарапайым жігіттің зертханадағы экспериментінің бұзылуынан оның ағзасы сәулеленіп, ерекше қабілетке алып шығатын.

Комикстің осы күміс дәуірімен бірге олардың өмірі мен жеке көзқарастары пайда болды. Өйткені халық, оқырмандар қаһармандардың бір типті ерліктерінен шаршады. Ұрыны тоқтату, галактиканы құтқару, Отан үшін соғыс секілді дүниенің бәріне кейіпкерлердің жеке басының проблемалары қосыла басталды. Осы тұста «Фантастикалық төрттік» атты комикс шықты. Міне, Күміс дәуірдің нағыз көрінісі осы болатын. Сәтсіз эксперименттен пайда болған төртеуі комикстің өн бойында тек ерлік көрсетпей, бір-бірімен керісіп, қайта татуласып, әзілдесіп, сөйлесіп жүріп жатады. 

Жалпы алғанда, күміс дәуір қаһармандарды халыққа жақындатуға жұмыс істеді. Кейбір эксперименттік шығарылымдардың танымалдығын салыстыра отырып, комикс жанкүйерлеріне негізгі кейіпкердің әлсіздігін көру ұнайтыны байқалды. Осы тенденцияны тереңдете отырып, комикс авторлары Суперменді өлтіріп, Бэтменнің омыртқасын сындырды. 

Күміс дәуірінің символы ретінде Дедпулды атайды өнертанушылар. Ол қару-жарақтың соңғы үлгілерін меңгеріп, қара юмормен танымал болды. Бірақ бастысы ол емес. Дедпул қарапайым қаһарман кейіпкерден антиқаһарман деңгейіне дейін өзгерді. Ал оның өзгеруіне басты себеп – өзінің комикс кейіпкері екенін біліп қоюы болатын. Сондықтан ол ойына келгенінің бәрін жасады. Осы кезеңдерде антиқаһармандардың танымалдығы басталған сияқты. Оның жарқын үлгісі – Дедпул және Джокер.

Әдебиетті қиратқан Дедпул

Джокер халыққа өте жақын кейіпкер болып кеткеніне ширек ғасыр өтті. Ал соңғы «Джокер» фильмі оны халықтық қаһарман деңгейіне көтеріп жібергендей. Яғни ол Дедпулға қарсы кейіпкер сияқты көрінеді. Джокер теріс кейіпкер ретінде танылып, соңында өз құқығын қорғаушы, қоғамнан шеттетілген психологиялық терең кейіпкерге айналды. Ал Дедпул қарапайым қаһармандық өмір бастап, өзінің комиксте өмір сүретінін аңғарып, бүкіл Marvel суперқаһармандарын қырып, соңында тұтас әдебиеттік кейіпкерлерді жоюға аттанады. Бұл ненің белгісі?

Дедпул авторлар ойдан шығарған әлемнің тас-талқанын шығарғысы келеді. Ойдан шығарылған қаһармандарды, ойдан шығарылған қаһарманның жоюы сәтті шыққан сияқты. Бірақ ол әрбір кейіпкер астарында әдеби қаһармандардың тұрғанын анық аңғарды. Яғни комикстегі суперқаһармандардың бойындағы қасиеттер мифтен алынса, олардың өмір сүру мотивтері әдебиеттегі кейіпкерлермен байланысты сияқты. Бұл сөзімізге дәлелдемелер келтіре кетейік.

Граф Монте-Кристо & Темір адам

Александр Дюманың атақты «Граф Монте-Кристо» романы әлемдік әдебиеттің классикасы саналады. Негізгі кейіпкер Эмон Дантеске зиян жасап, оны Иф атты түрмеге мәңгіге жаптырады. Шарасыздықтан өзіне қол жұмсауға баруға бел буған шағында ол түрмеде Аббат Фариямен танысады. Сол таныстығы оны бүкіл өмірін көз алдынан өткізіп, шындықтың бетін ашуға көмектеседі. Бір уақытта өзіне қол жұмсағысы келген кейіпкер Граф Монте-Кристо атын алып, аяғынан шалғандардан кек алушы қаһарманға айналып шыға келеді. Түрмеден қашып шығып, байлық жияды. Өте ақылдылығымен, он қадам алға ойлауымен ерекшеленеді. Ойының бәрі өзіне қастандық жасағандардан кек алу болып, осы қасиетімен әділеттілік орнатушы ретінде көрінеді.

Комикстер мен фильмдерден таныс Темір адам – Тони Старк өте бай және эгоцентрист. Ерекше идеяларға толы адам. Бүкіл әлем оның ойымен санасуы керектей сезінеді өзін. Ол тұтқынға түсіп, кеудесінен ауыр жарақат алып, өзін жартылай роботқа айналдыра жүріп, экзоқаңқа арқылы Темір адамға айналды. Оның ақылы мен ерекше идеялары жай ғана қаһарман емес, «Кек алушылардың» басшысы болуына да септігін тигізді.

Екі кейіпкер де бақуатты адам. Екеуі де ақылды және жағасы жайлау күн кешкенді ұнатады. Айырмашылығы – Тони Старк кек алу идеясымен ауырған жоқ. Сонымен бірге Граф секілді барлық қадамын алдын ала ойлауды емес, шешімді сәттілікке жүктейді. Ол сонысымен өте қызықты кейіпкер.

Доктор Джекиль мен Хайд мырза & Халк

«Доктор Джекиль мен Хайд мырзаның ақылға қонымсыз тарихы» атты кітап бар. Оның авторын «Қазына аралы» атты кітапты айтсам, білетін шығарсыз. Ол – атақты шытырман оқиғалы шығармалар авторы Роберт Стивенсон. Джекиль мен Хайд мырза туралы романында автор тұлғаның екіге жарылуы идеясын биік деңгейге көтерген. Сюжеті бойынша, қалада жантүршігерлік қылмыстар жасалып жатады. Оған доктор Джекильдің жаны ауыратын. Адамдардың мұншалық жүрексіздікке қалай барарын түсінбей дал болатын. Күндердің күні ол қылмыстың бәрін өзі жасағанын түсінеді. Оның ішінде Хайд атты екінші адам өмір сүріп жатыр еді. Ал Халк – ғалым Брюс Беннердің тәнінде өмір сүретін екінші тұлға. Сәтсіз эксперимент нәтижесінде оның санасы екіге жарылып, өмірге жасыл құбыжық келді. 

Екі шығарманың ұқсастықтары көзге ұрып тұрғандай. Стивенсон бір кейіпкерін ғалым, парасатты адам ретінде таныстырса, оның тәніндегі екінші тұлға – тұнып тұрған зұлымдық келбеті. Комикстегі негізгі кейіпкер де ғалым. Бірақ екінші тұлғасы Халк Хайд мырза секілді зұлым емес. Дегенмен бұл екі тұлға бір-бірінен құтылғысы келеді. Десек те бір-бірімен үйлесе өмір сүретін.

Үш ноян & Кек алушылар

«Үш ноянның» да авторы – А.Дюма. Бұл тарихи-көркем шығарманың төрт кейіпкерлері әртүрлі қасиетке ие. Магиялық немесе суперқаһармандық емес, әрине. Адами қабілеттер. Д`Артаньян – батыл, Атос – суық ақылмен дұрыс шешім қабылдаушы, Портос – мейірім символы іспетті, ал Арамис – романтик. Төрт адамның төрт қасиеті әділет орнату жолында күреседі. «Кек алушылардың» да әрқайсысының өзінің ерекше қабілеттері бар. Алғашында бұл құрамда Құмырсқа-адам, Сона, Халк, Тор және Темір адам болатын. Кейіннен Халкты Капитан Америка алмастырды. 

Кек алушылар – өзін қорғай алмайтындардың бәріне қол созу мақсатында жиналған команда. Бір-бірі үшін және қорғансыздар үшін өлуге даяр бұл комикстің астарында Үш ноян жатқаны көпшлікке аян. Егер Дюма шығармасында: «Біріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деп ұрандатар болса, комиксте және кинода: «Кек алушылар, жалпы жиын!» – деп барып бас қосады.

Бәрінің бастауында – сөз

Қарап отырып, әдебиет бүгінгі бұқаралық комикс және кино өнерінің бастауында тұрғанын аңғаруға болады. Өйткені озық ойлы адамның бәрін идея біріктіреді. Бірақ кино да, комикстер де өзі шыққан өнер саласының қоғамдағы маңызын төмендетіп жіберді. Бұл жерде «бала әкеден бір мысқал кем туады» дейтін қазақ мақалы еске түседі. Комикс қаһарманы Дедпулдың көркем әдебиет кейіпкерлерін жоюға аттануы қоғамдағы сөз өнерінің маңызының әбден құлдырағанын, тіпті оның мүлде керексіз болып қаларын аңғартпай ма екен?!

Жарайды, бірін-бірі алмастыра жатар. Бірақ әдебиеттен алыстаған комикс те, кино да жеңіл тарта беретіні, сол жеңілдігімен мәнсіздік пен мағынасыздыққа бас-тайтыны сөзсіз нәтиже екенін ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан әдебиет пен мифтердің ұшқыны саналатын комикс пен киноны көре жүріп, олардың тамырына бойлауды ұмытпаған дұрыс. Ал осы жанрларға автор ретінде жол тартқысы келетіндер әлем және туған халқының әдебиетімен қаруланбаса – ұшқынның ұшқыны болып қана қала бермек. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы