• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Қараша, 2022

Құлан жортқан жондарда

Талай аңызға арқау болған, таңды-таңға жалғар талай ғажайып әңгімеге тиек болған, қазақтың талай нәрлі сөзінің шығуына сеп болған, сайын даланың сәні болған түз тағысы құлан ХХ ғасырдың басында қазақ даласында түп-тамырымен жойылыпты. Оның басты себебі – аңшылық. О заманда бүгінгідей аңшылыққа тыйым жоғын ескерсек, түбірімен жойылды дегенге келіспеске әддіңіз жоқ. Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында құландар туралы мынадай дерек келтіреді:

«Қазақ халқының ауыз әдебиетінде құлан жайында көп айтылады. Көне кездерде қазақ даласында құлан үйір-үйір болып жүрген. Көшпелі халықтар оларды аралға, орға қамап, бұғалықпен де, құрықпен де ұстаған. Садақпен де атып, сойылмен де соғып алған. Құлан кейінгі ғасырларда қазақ даласынан жойылып кеткен. Оның бірен-сараны Ұлы Отан соғысы аталатын шайқастан соң пайда болды. Білемін деушілердің айтуынша, шығыста, батыста болған соғыстардағы қарулардың дүрсілінен қашқан...»

Бұдан соң Сәбит Мұқанов құланға қатысты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің шығу төркінін баяндап, «Ақсақ құлан» аңызы жайында айтады.

«Бақанас» қорығына 60 құлан жіберілді

«Қызыл кітапқа» енген құланның елдегі жағдайы қазірше бірқалыпты деуге боларлықтай. Оның дені – «Алтын Емелде». Әуелі «Алтын Емел» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің бас аңтанушысы Мұхит Мұқатайұлымен аз-кем әңгімелестік. 

– 1982 жылы Барсакелмес қорығынан Алтынемелге 27 бас құлан әкелінген, – дейді Мұхит мырза. – Оның жетеуі айғыр, қалғаны бие болған. Қазір бізде 3611 бас құлан бар.  Құлан, әсіресе, жазық жерді мекендейді. Таулы аймақта өмір сүруі қиын. Аңдар қандай шөп жейді, құлан да солай. Қазір Бақанас қорығына 60 бас құлан жіберіп жатырмыз. Құландардың бәрі де бақылауда. Құлан миграция жасамайды. «Алтын Емел» ұлттық паркінің белгілі бір аумағы болғанымен, ешқандай қоршауы жоқ. Яғни құланның бәрі еркін жүр. Бір жағы – тау, бір жағы – өзен, жағдайы жасалып тұр деуге болады.

Парктің аумағына ешқандай браконьер кіре алмайды. Аумақта бөтен көлік те жүрмейді. Бәрі де бақылауда. Құланды Пржевальский жылқысымен атастыратындар көп. Алайда екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Оны кәдімгі жылқы деуге болады. Ал құлан – түздің аңы. Пржевальский жылқысынан бізде 7 бас бар.

Пржевальский жылқысын жерсіндіру жоспарда бар

Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына жеткізілген құландардың жағдайы да бірқалыпты деуге болады. Солтүстік өңірдегі құлан мекендеп жүрген жер әзірге осы. Бұл құландар 2017 жылы «Алтын Емел» ұлттық паркінен әкелінген. Құландарды орталықта жерсіндіру жобасын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жасаған. Сонымен қатар бұл жобаны шет мемлекеттен Франкфурт зоологиялық қоғамы, Ұлыбритания құстарды қорғау корольдік қоғамы және Норвегияның табиғатты қорғау институты қолдаған. Торғайдағы құландардың жай-жапсары жөнінде «Алтын Дала» резерватының «Ғылыми ақпараттық, экологиялық туризм және ағарту бөлімінің ғылыми қызметкері Базаркүл Хамитбековамен сұқбаттастық.

– Базаркүл ханым, Торғайдағы құлан популяциясын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр? 

– ҚБСА (Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясы) мамандарының және ұлттық-халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының  «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасы аясында орталық Қазақстанда құландарды ұстау және жерсіндіру бағдарламасымен 2017 жылы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен 9 бас құлан әкелінді. Оның 1 басы аталық, 4 басы аналық, 4 басы бір жылдық төлдер болатын. Бұларды бақылау мақсатында 4 басқа спутниктік қарғы тағылып, уақытша ұстау орнына жіберілді. Қазір бұлардың 2 данасы браконьерлердің құрбанына айналған.

Жерсіндіру жұмыстарының екінші кезеңі 2019 жылы күзде жалғасты. Бұл жолы 2 бас құлан «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығынан әкелінді. Соңғы жіберілген құландардан қазір алғашқы екі «торғайлық құлан» төлі алынды. Жағдайлары қалыпты, бүгінге дейін уақытша ұстау орнында. Жерсіндіру орталығында құландарды бақылау үшін барлық жағдай жасалған. Жерсіндірудің бастапқы кезеңдерінде құландарды жеке ветеринар-дәрігерлер күнделікті бақылау жүргізеді. Құландарды жерсіндіру жобасы әлі жалғасуда, осы жылы қараша айында тағы да 8 бас құлан әкелу жоспарда бар.

– Торғай өңірі, табиғаты құлан мінезіне үйлесіп жатыр ма? Қандай қиындықтар кезігіп жатыр?  

– Негізгі қиындықтардың ең өзектісі – адами фактор. Олай дейтін себебіміз, 2017 жылы әкелінген құландардың екеуін белгісіз (анықталмаған) жағдайда атып кеткен. Бұл – табиғатқа келтірілген үлкен шығын. Торғай өңірі мен оның табиғаты – құландардың ертеректе жорытқан жері. Сол себепті де қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өңірдің климатының қолайлылығының дәлелі – құландардың  Торғай даласында туған төлдері.

– «Алтын Дала» резерваты тек құлан санын көбейту үшін құрылды ма? Әлде басқа да жануарлар бар ма?

– «Алтын Дала» резерватының мақсаты – Орталық Қазақстанның солтүстік шөл даласының және шөлейтті далалары-ның экожүйесін, биоалуан-түрлілігін сақтау; еліміздің ең ірі Бетпақдала киіктерінің популяциясын, олардың көшіп-қонуын және төлдеу, қыстау, шоғырлану, орындарын сақтау; аймақтағы ең ірі түпкілікті орнитологиялық аумақ болып танылған Сарықопа тұщы сулы көлдерінің бірегей жүйесін сақтау. Бұрынғы уақытта Орталық Қазақстан шөлді-шөлейтті аумағында құландар мекен еткен, белгісіз себептермен жойылып кеткен. Қазіргі уақытта құландарды жерсіндіру мақсатында «Алтын Дала» МТР  мекемесінің жер теліміне құландарды әкеліп, жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар нәтижелі болса, кейінгі уақытта Пржевальский жылқыларын жерсіндіру жоспарда бар.

Туристер құландарды көре алады

«Алтын Емелге» қайта айналып соғамыз, мұнда құландарды жақыннан көруге мүмкіндік бар. Ұлттық парктің Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Қожамсейітова Нұргүлмен әңгімелестік. 

– Құлан – қолға үйретілмейтін аңдардың бірі. Осы секілді қандай ерекше мінезі, табиғаты бар? 

– Құландар қарақұйрықтар-ға қарағанда сақтық танытады. Басқа жабайы аңдарды және адамдарды өздеріне 500-700 метрден ары жақындатпайды. 

– Балқаштағы қорыққа біраз құлан жіберілген екен. Тағы да басқа жерсіндірілгендері бар ма? 

– 2017 жылы «Алтын Дала» резерватына 10 бас құландарды жерсіндіруге берген. 2012 жылы 60 бас Андасай қаумалына жіберілді.  

– Ұлттық паркке құландарды көру үшін туристердің қай маусымда барғаны дұрыс?

– Ұлттық паркте 3 туристік маршрут бар. Құландардың көп шоғырланған аймағы – №2 туристік бағыт. Сонымен бірге №3 турбағыттан да көруге болады. Көктем және күз айлары туристік маусым болып саналады. Осы айлар құландарды көруге  ыңғайлы.

– Ұлттық парктің құлан санын арттыру мөлшері қанша, жоспары қандай?

– Ұлттық паркте құландардың санын жоспарлау мүмкін емес деуге болады, себебі қыстың қалай болатыны белгісіз. Ұлттық парк шөл және шөлейтті жерде орналасқандықтан, жауын-шашын бірде көп, бірде аз түседі. Құландарға ұлттық парк арнайы жем-шөп дайындамайды. Жабайы аңдар жейтін азықтарын өздері дайындайды. Олар бір жерде жайылса, ол жердің шөбі өскенше келесі жерге барып жайылады. Солай өз азықтарын өздері дайындайды. Ұлттық парк қызметкерлері биотехникалық шаралар өткізеді. Яғни тұз шашу, суат орындарын реттеу сияқты жұмыстар жүргізеді. 

– Құландардың көбею нәтижесі қандай? Жылына шамамен неше басқа көбейеді?

– Жыл сайын «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарларды есепке алу жұмыстары жүргізіледі. Құландарды санау нәтижелері 2019 жылы – 3572 бас, 2020 жылы – 3585 бас, 2021 жылы – 3607 бас, 2022 жылы 3611 бас болды.

Қазақ құланы қандай?

Қазір қазақ даласындағы құланның бәрі – түрікмен құланы. 1953 жылы Түркменстан жерінен Барсакелмес қорығына әкелінген құландардың тұқым-тұяғы. Жоғарыда айттық, қазақ даласын ежелден мекендеген құлан өткен ғасырда жойылып біткен. Құландардың біздің даламыздан безіп, жойылып кетуінің бір себебі делінетін аңыз «Ақсақ құланға» қатысты. Жошының өлімі ақсақ құланнан болғанын білген Шыңғыс хан құлан атаулыны жоюға әмір беріпті. Осыдан соң қазақ даласында қашқан құлан-қасап болған. Жамбыл облысындағы «Құланөтпес» асуы да осы аңызға байланысты дейді жергілікті қариялар.

Ал сол құлан қандай болған? Бір білеріміз, қазақ құланды жабайы жануардан гөрі қасиетті аңға балағандай. Құланға қатысты аңыз-әңгіме, мақал-мәтел көп дедік. Жамбыл облысы аумағында Құлан деген ескі шаһар болған. Қазір көне шаһар орнындағы ауыл Құлан деп аталады. Тіпті ел ішінде Құлан есімді кісі аттары да жиі кездеседі. Жазушы Ақан Нұрманов Кейкі батыр туралы романын «Құланның ажалы» деп атауы тегін емес. Қазақ әдебиетінде құланға қатысты шығарма баршылық. Соның бірі – Мұрат Алмасбекұлының «Ноқта» әңгімесі. Үзінді келтірелік:

«...Алайда құландар бәрібір өздеріне мінгізіп қой жайдыртқан жоқ. Ертеңінде ауыздары қызыл соқта болған жануарлар бастары күп боп ісіп, өліп тынды. Бұған Тоқтаубай ғана емес, «құланды үйретеміз» деп алып келген Тоғызақ, Сағайлар да өздерін кінәлі санап, іштей өкінді. Әрі ауыздықтан ұшынып өлген жануарлардың жанкештілігі жүректерін шайлықтырды. «Неге өліп қалады, ауыздықты тайға да саламыз ғой, жылқыдан қай жері артық бұл жазғандардың?» деп еді теңкиіп жатқан құландарға кіржие қараған Тоғызақ.

«Е, пақыр-ай, – деген, сонда Сабылдық шал тілін алмаған теріс азуларға деген ренішін жасыра алмай, – құлан деген даланың қоңыр аңы емес пе, олар темірден ауыздық салып, тепкілеп мініп алатын тай-байталың емес. Ашыққанда аулайтын ырыздық, несібе ретінде жаратылған. Олар ен даланың еркесі ғой. Еркіндігі аяққа басылып, болмысына жасалған қиянат-қорлықтан өліп қана құтылады. Ал есті деген жылқың, жылқы емес-ау, ақылды адам мына сені қинаса не істер едің?! Еркіндігің үшін өле аласың ба? Шынайы табиғатың үшін төзімділік жасай білесің бе? Темір ауыздық былай тұрсын, жағыңды жіппен керсе-ақ басқа адамға өзгеріп, өзіңнен зор шыққанның құлы болып кетерсің, бәлкім!..»

P.S. 2018 жылы Торғай даласына жіберілген құландардың бір-екеуі көп өтпей браконьерлердің құрбаны болған. Қамауды қорсынатын құлан еркін жүре алар емес. Қайда барып, бас сауғалайды? Осыдан соң қалай көбейеді? Кім жабайы дерсің мұндайда?! 

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы