• Спорт жұлдыздары
  • 19 Қараша, 2022

Хоккейде қазақ балалары санаулы

Осы уақытқа дейін Қазақстанның шайбалы хоккей спортында қазақ ұлтының өкілдері мүлде жоқ деп қара аспанды төндірдік. Табан тірескен дүлей додада ел намысын қорғайтын қыз-жігіттеріміздің жоқ деп жанымызға бататын еді. Дегенмен қазір қазақ балалары, жастары ешкімнен кем емес, қолына сырғытпа таяқ ұстап, коньки тебе алатынын көрсетіп жүр. Әлихан Әсетов, Дінмұхамед Қайыржан, Әділ Бектаев сынды саңлақтарымыз еліміздің беткеұстар «Барыс» командасында өнер көрсетіп, мықтылығын мойындатып келеді. Осы орайда қазақ балаларының хоккей спортында аз болуының сырын саралап көрдік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Өскеменнің «Торпедосында» шыңдалған Ерлан Сағымбаевқа көзайым болдық. Ал 2000 жылдардан күні кешеге дейін Талғат Жайлауов «Барыстың» да, Қазақстан ұлттық құрамасының да беткеұстар ойыншысы болды. Ал Дамир Рысбаев хоккейдегі таңсық тұлға – тафгайдың, яғни төбелескіштің нақ өзі ретінде көзге түсті. Кейін Сағымбаев белгілі маманға айналды, «Барысты» да баптады. Жайлауов та сол сүрлеуге түсіп келе жатыр.

Елімізде хоккей спорты қарқынды түрде дамып келеді. Тіпті кейбір аймағында тегін хоккей үйірмелері де бар. Мәселен, Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын астаналық «Барыстың» мектебі балаларды тегін қабылдайды. Ол үшін жылда өтетін іріктеу кезеңінен сүрінбеу керек. Астана қаласының тұрғыны, бокстан балалар бапкері Болат Тұрсынов ұлын боксқа емес, хоккей спортына берген. Біз одан баланы осы спорт түріне баулуға не себеп болғанын және хоккеймен айналысуға қанша қаражат кететінін сұрадық.

«Мінезі енді қалыптасып келе жатқан 5-6 жастағы ұл баланың ешқайсысы хоккейге қызықпайды. Бұл жастағы баланың басым көпшілігі ата-анасының қалауымен сол спортты серік етеді. Өсе келе, баланың хоккейге қабілеті ашылады. Хоккей — қажырлықты қажет ететін, көркем, интеллектуал спорт. Ол балаларды кішкентайынан бәсекеге қабілетті болуға бейімдейді. Дегенмен хоккейдің құрал-саймандары өте қымбат. Кейбір ата-аналар ескілерін сатып алса, кейбіреулері киілген, қолданғандарын алады. Ай сайынғы жарыстың шығынын да ата-ана көтереді. Шотқа қағып санар болсақ, балғын  хоккейшінің бір жарысқа сапары 100-150 мың теңгенің аралығын қамтиды. Егер бала мықтылығын дәлелдеп, команда сапында негізгі ойыншылардың қатарында болса ғана, команданың өзі барлық құрал-жабдықпен қамтиды. Құрал-жабдығы мен жарысқа барып-келуін есептегенде, бір балаға жылына миллиондай ақша кетеді», – дейді Болат мырза.

БАЛАНЫ ХОККЕЙГЕ БАУЛУҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ ҚАЖЕТ?

Расында, қазақ балаларының хоккей спортында сирек кездесуі ең алдымен қаржылай қымбаттығына байланысты.  Өйткені хоккей – көп шығынды талап ететін спорт. Сондықтан хоккеймен көбінесе қаланың балалары шұғылданады. Әйтпесе, топыраққа аунап-қунап өскен, шымыр келетін ауыл балаларына да хоккей жат емес. Ақылы хоккей үйірмелерінің бағалары 15-20 мыңнан бастап, 50 мың теңгеге дейін барады. Командалық жаттығудан бөлек, қалауыңызға қарай, жеке бапкермен дайындалуға да болады. Соққыны дәл жасауды үйрену, дұрыс сырғанау, мұзайдында өзін ұстауға үйрететін жаттығулар бар.  Әрине, бұл әр ата-ананың қалауына байланысты. Өйткені оның бәрін бапкер ақылы түрде үйретеді.

Хоккейге қажет құрал-жабдықтардың бағасын білу үшін арнайы спорт-дүкендерге де барып көрдік.  Балаларға арналған конькидің ең арзаны 40 мың теңге тұрса, қымбаттары 100 теңгеге дейін тұрады. Киімдердің ең қымбаты хоккей кеудешесі болса, ең арзаны – сырғытпа таяқ. Кеудешенің ең арзаны 50 мың теңге, сырғытпа таяқты 15 мың теңгеге алуға болады. Шлем, тізеге арналған жастықша, шынтақ-білекке арналған жастықшалар 30-35 мың көлемінде тұрады. Арнайы қолғапты 20 мың теңгеге, қысқа шалбарды 40 мың теңгеге алуға болады. Демек, 4-5 жасар баланы бастан-аяқ киіндіру үшін 300-400 мың теңге кететінін көруге болады. Одан бөлек, жыл сайын форма ауыстыруға да дайын болу қажет. Қазақ балаларының хоккей спортын сирек серік етуінің бірден-бір сыры осыда.

БІЛІКТІ БАПКЕРЛЕР БАР

Шыны керек, осыдан бірнеше жыл бұрын қысқы спорт түрлерінде ұлты қазақ бапкерлер жоқтың қасы еді. Хоккей спортында да білікті қазақ бапкерлерді сирек кездестіретінбіз. Қазір хоккейдің қыр-сырын, әдіс-тәсілін үйрететін қазақ бапкерлері көбейді. Кезінде «Астана-2009» хоккей клубының жаттықтырушысы болып, қара домалақтардың томағасын сыпырған білікті бапкер Әділ Әлменовтің шәкірттері де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әділ қазір Алматыдағы «Динамо» хоккей клубында қаракөздерімізді жаттықтырып жүр. Хоккей  үйірмесіне қатысатын ұл-қыздар-дың 80%-ы қазақтар дейді. Хоккей әліппесін енді меңгерген жеткіншектердің ертеңіне үмітпен қарауға болатынын, қызығушылығы зор екенін айтты. 

«Бірақ хоккеймен кәсіби айналысу үшін қосалқы спортты да қатар алу қажет болады. Ол үшін жүзу, мәнерлеп сырғанау, бокс сияқты қосымша спорт түріне қатысуға болады. Мысалы, жүзу – шыдамдылыққа, мәнерлеп сырғанау – коньки тебуге, ал бокс өзіне сенімді болуға үйретеді», – дейді бапкер. 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы