• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қараша, 2022

Үйдің үлкені – бәрінің қалқаны

Үйдегі тұңғыш бала – ерекше бала. Өйткені ол дүниеге келгенде ата-анасы үшін «тәрбиелеу экспери-менті» секілді. Тәлім-тәрбиенің түрлі тәсілін қолданады. Ал екінші бала қалай дүниеге келеді, тұңғыш балаға да солай көзқарас өзгереді. Ата-ананың назары екінші балаға ауады, тұңғыштарына жауапкершілік жүктей бастайды. Сөйтіп, тұңғыш бала бәріне жауапты сияқты болып өседі. Ата-анасының махаббатына шомылуға тырысады, соған қарамастан эмоциясын тежеп ұстайтын ересек адамға айналады. Мұны психологияда «тұңғыш бала синдромы» деп атайды. Егер сіз үйдегі тұңғыш болсаңыз, бізге хат жазсаңыз болады. Үйдің тұңғышы болу қаншалықты жауапкершілікті артады? Оның қандай артықшылығы мен кемшілігі бар?

Біздің кейіпкеріміз Диана Ерғали: «Үйдің тұңғышы болу – өзім үшін емес, менен кейінгі бауырларым үшін де жауапкершілікті сезіну, – дейді. – Олардың қандай адамдармен дос екені, қандай ортада жүргендері де алаңдатады, сонымен қатар ешкім ренжітіп жүрген жоқ па деген сияқты ойлар мазалайды. Менен кейінгі бауырларым ата-анамызды ренжітпеуі, түсінуі де мен үшін маңызды». 

Диана Алматыда дүниеге келген, көптеген тұңғыш балалар секілді бастауыш сыныпқа дейін ауылда ата-апасының қолында өскен. Кейін Талғарға көшіп келіп, мектепті сол жерде аяқтайды. 11-сыныптан кейін Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының біріне, шет тілі мамандығына түскен. Болашақта өз мамандығы бойынша мұғалім немесе шет тілдерімен байланысы бар маман болғысы келеді. Диананың айтуынша, ата-анасы оған үйдің үлкені деп шектен тыс жауапкершілік артпайды, қандай да бір жұмыс істеуді міндеттемейді. Сондықтан ол үшін негізгі қиындық – өзінен талап ететін нәрсесінің өзінен кейінгілер үшін жауапкершілік болып шығатыны. 

Дианадан «тұңғыш бала синдромы бар ма?» деп сұрадық. Оның жауабы мынандай: «Ата-анам отбасымыздағы әр балаға жақсы көңіл бөледі, ешкімді шеттетпейді. Бірақ, менің байқағаным, ата-ананың есінде бірінші балалары жайлы дерек жақсы сақталады екен. Үстел үстінде менің бала кезімде қандай болғанымды, әдеттерімді, түрлі қызық оқиғаларды жиі айтып отырады. Бұл өзі екіұшты жағдай. Кейбір адамдар тұңғышының қандай бала болғанын ұмытып қалып жатады». 

Тұңғыш балалар әрдайым отбасын ойлап тұратын сияқты көрінеді. Диананың мына сөзінен кейін ол шындыққа айналғандай. «Мен үшін бар қуаныш – отбасым. Қазір алыс тұратындықтан болар, бірге тамақтанатын уақытты да бағалай түседі екенсің. Әжемнің қолынан 5-сыныпта осы жаққа келдім, сол кездегі есімде анық сақталғаны – сабақ біте салысымен сыныптастарым ойнап жүрсе, мен үйге асығып тұратынмын. Әншейін тезірек отбасыммен бірге кешкі ас ішу үшін. Ал бауырларымды қуантатын нәрсе – отбасылық саяхаттар. Әкем әр жыл сайын шағын болса да отбасылық саяхат ұйымдастырып тұрады. Көлікпен еліміздің біраз жеріне саяхат жасадық. Соның ішінде Көлсай, Қайыңды көлдерін, Шарын шатқалын, Есік көлін, Түрген тауларындағы сарқырамаларды көруге отбасымызбен бірге бардық. Бауырларымды қуанту қиын емес, анам дайындайтын дәмді тағам да оларды қатты қуантады. Оқушы болғандықтан, мектепте алып жүрген бағаларына, жазып жүрген тестерінің нәтижесіне көбірек алаңдайтын болар, әйтпесе қатты мұңайтатын ештеңе жоқ. Інім ауылға жиі бара алмайтынына мұңаяды, сіңлім мектеп бітіретін болғандықтан, ҰБТ-ға дайындығын уайымдайды…» 

Диана қазір оқуымен қатар, жұмыс істеп жүр. Алматы мен Талғардың арасында күнде қатынау қиын болғандықтан, екі бауырын алып, Алматыда пәтер жалдап тұрады. Екі бауырының сабағын, жүріп-тұруын қадағалайды. Біле білсеңіз, бұл әлі оқуды бітірмеген, тіпті өмірді бастап үлгермеген қаршадай қыз баласы үшін үлкен жауапкершілік. «Ата-анам балаларының мектепке барғаны қиынға соқпағанын қалады. Жолдан шаршадық, олар бізге қаладан пәтер тауып берді. Мен бауырларымның амандығына жауапты болғандықтан, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысамын. Үйге қайтқанда қай жолмен жүретінін, қайда баратынын бақылаймын. Мамамыз қасымызда болмағандықтан, оларға күнде дәмді тамақ жасап беруге тырысамын. Мамамыз қарнымыздың ашқан-ашпағанына алаңдайды», – дейді Диана.

Үйдің тұңғыш баласы болғанның қандай артықшылығы бар екенін сұрадық Дианадан. «Ата-апамның қолында өстім, ол кісілер менен бар махаббатын аямады. Әлі күнге дейін мені ерекше жақсы көреді, бәлкім, артықшылықтың бірі осы болар», – дейді ол. Диананың ендігі мақсаты – шетелде білім алу немесе тағы бір қажетті мамандық игеру. Ең бастысы, дұрыс жолдан таймай, бақытты өмір сүру. Қазір ол диплом алуға дайындалып жүр... 

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2022

164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы