• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Желтоқсан, 2022

Дантес, ақын батасы және өлең сөз

Дүниедегі ең ірі жеңістердің формуласы қарапайым ғана дүниелерден тұрады. Мәселен, жуырда Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері атанған бірқатар шығармашылық тұлғалардың балалық шағына назар аударып к рейікші. Олардың балалық шағындағы ақылды тентектігі, естен кетпес оқиғалары, шығармашылық әлемге бастаған жолы қандай еді?

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы:

АЛЕКСАНДР ДЮМА КІНӘЛІ

– Жалпақ тастың үстіне екпеттеп жата қалып, сүйікті кітабымды қолыма алдым. Александр Дюма деген жазушының «Граф Монте-Кристо» деген романындай шытырман оқиғалы шығарманы кезіктірмеген сияқтымын. Жаламен мұхит ортасындағы Иф қамалына қайтпастай, қайтып шықпастай болып қамалған Эдмон Дантес пен аббат Фарияның қамал Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы: қабырғасын жылдар бойы мардымсыз сайманмен үңгіп жүріп кезігіп, «жазықсыз жазаға ұшырағандар қапастан құтылар ма екен?» дейтін бір үміттің жанған жеріне келіп тоқтағанмын. Қойшы бала бәрін де – бүгін өзінің колхоздың бір отар қозылы саулығын бағуға шыққан міндетін де ұмытты. Дантестің қайтыс болған аббаттың орнына өтірік өлген болып, қапқа оранып, теңізге өзін лақтыртқан жеріне келген кезде төбемнен күннің ыстығы өтіп бара жатқанын біліп жатсам да, аббат жасырған белгісіз аралдағы қазынаны Дантес тауып алса екен деген тілек адыра қалып, аузы байланған қаптан аман шықса екен деген тілек әрі қарай оқи беруге мәжбүрлеген...

«Апыр-ау, мен қайда жатырмын?» Бір сәтте Дантеспен бірге мұхит түбінен қапты пышақпен тіліп, су бетіне жанталаса шыққалы жатқан тіршіліктен алыстап, өзімнің қой жая шыққаным, жалпақ тас үстінде қаннен-қаперсіз кітап оқып жатқаным есіме түскені сол еді, қатты ұйқыдан шошып оянғандай орнымнан атып тұрдым. Отар жерге сіңіп, болмаса аспанға ұшып кеткендей жым-жылас. Бірер жапырақ нан берер ме екен деп жәркелештеніп, көбінде айналамда жүретін Мұзгаркам да қоймен бірге жоғалыпты. МаминСибиряктің әңгімесіндегі иттің мінез-құлқы ұнаған соң, сондай ақылды болар ма екен деген дәмемен сол төбеттің атын беріп едім. Сенімімді ақтаса, қасымнан ұзап кетпес еді, тіпті ақылы жетсе, мидан жұрдай қой шіркіндерді ешқайда жібермес еді ғой.

Еңістетіп жүгіріп келемін. Әр жерге шашылған жас құмалақтарға қарағанда, мүйізі сынғыр ақ серке отарды Күркелінің мал түсе бермейтін шатқалына бастағаны анық еді. Айтқаным айдай келді. Мен Дантестің жанашыры болып, әр қадамын аңдимын деп бақандай төрт-бес сағат уақыт өткенше қойлар шатқалдың табанына түсіп, қалың бүргенге сіңіп алыпты. Айғайладым, бақырдым, қолымдағы таяқпен кейбірін ұрдым да, жоқ, долана мен бүргеннің көлеңкесінен шығар түрлері көрінбейді. Амалым таусылып, діңкем әбден құрыған кезде жоғарыдағы биікте тұрған әкемнің дауысы естілді.

– Үйге қайта ғой! – деп айқайлады. Отарға да, ақ серкеге де, екі итіме де өкпем қара қазандай болып, күлбеттеніп, әкем тұрған биікке көтерілдім.

– Әй, ұлым, әбден шөлдеген боларсың, сағат үштен кетіпті. Үйге қайта ғой. Қойды кешкі салқын түсе шығарып аламын... Айтпақшы, анау тастың үстінде жатқан кітабыңды ұмытпай ала кетерсің.

Жежем отардың шатқалға түсіп, шықпай қалған себебін мен айтпай-ақ біліп тұр. Кешкілік орынға отырған кезде шешей: «Кітап десе бәрін ұмытатын болдың ғой», – деп ескерту жасаған, мен: «Бұған Александр Дюма кінәлі», – дедім.

Секен ТҰРЫСБЕК, күйші:

ЕГІЗ ӨЗЕННЕН ЕСКЕН КҮЙ

– Нағашым керемет домбырашы болатын. Сабақта отырғанда да сол кісіге барып, күйін тыңдасам деп аңсап отыратынмын. Бірақ нағашыма жетудің өзі қиямет-қайым еді. Себебі, ауылдың ортасында үлкен екі өзен ағып жататын. Егіз өзен. Соның арғы бетіне өткізетін жалғыз аяқ көпір ғана бар. Екі адам қатар өте алмайды. Темірмен керіп жасалған көпір. Үстімен жүргенде, бала тербетілген бесіктей теңселетін. Сәл сүрінсең суға кетесің. Жүре-жүре ол жолға да ыңғайланып алдым. Нағашыма солай жететінмін. Бірақ барған соң күйін тыңдап, бәрін ұмытып, рақаттанып қайтатынмын. Күй менің құлағыма осылай сіңді.

Тұрысбек СӘУКЕТАЙ, жазушы:

АУЫЛДАҒЫ АТА-ӘЖЕЛЕР АҚЫН АТАНДЫРДЫ

– Біздің бала кезімізде балалардың дені газетжурналды көп оқитын. Республиканың барлық өңірінен хаттар келіп жататын. Бір-бірімізге еліктейтінбіз. Сөйтіп жүріп өзімнің қалай ақын боп кеткенімді білмей қалдым. Қазақ қаламгерлерінің әдебиетке келу жолы өлеңнен басталады, мен де аздап, түртпектеп өлең жазу арқылы осы жолға түстім.

Тағы бір қызығы, сол кездегі ата-әжелеріміз әңгіме айтқанда, аузынан өлең төгіліп отыратын. Сөзді қисындырып сөйлейтін. Бірақ олар ақын болған жоқ. Мысалы, ауылдағы Мұқтар деген ақсақал өлеңдетіп сөйлейтін. Бір апамыздың әңгіме арасында айтып қалған мына бір сөзі әлі күнге есімнен кетпейді: «Біздің Қараөзектің шөбінің шүйгінін-ай, шіркін! Жайылған малдың сүтінің маңыздылығыай! Қазандағы сүтке лақ ойнақтаса ойылмайтындай!» – деді. Міне, қандай образды сөз! Қазір қанша жерден жазушы болсақ та осындай образды сөзді тауып жазуымыз екіталай. Осындай сыңғырлы, сымбатты сөздің ортасында өскеннен кейін де жазушы болып шығуымыз заңды сияқты.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:

ШАРАПАТ – АҚЫН ЖАРАСҚАННАН

– 16 жасымда әйгілі «Жұлдыз» журналына өлеңдерімнің жариялануы мен үшін үлкен абырой болды. Мұқамедқасым Шәкенов деген ағамыз біздің ауданның бірінші хатшысы болды. Кейін де үлкен қызметтер атқарды. Мәдениетке, әдебиетке қамқор боп жүретін керемет кісі. Сол кісі Жаңаарқада «Жұлдыз» журналының дөңгелек үстелін өткізді. Бұл 1975 жыл болатын. Мектепті енді бітірген кезім. Алматыдан келген мүйізі қарағайдай ақындарды әр ауданға бөліп-бөліп жіберген екен, біздің бригадаға Жарасқан Әбдірашев келді. Сол кезде ол 30-ға тола қоймаған жігіт екен. Бірақ Жәкең соған дейін «Махаббат математикасы», «Дала, сенің ұлыңмын» деген кітаптары шыққан, біз үшін аңыз ақын болатын. Бізбен бірге бір күн болды. Кетер кезде: «Ғалым, сенің өлеңдеріңді «Жұлдызға» жариялаймыз», – деді. Ол кезде «Жұлдыз» журналына шығу – сөз жоқ, үлкен мәртебе. Сол жылы қараша айының нөміріне «Жезқазғандық ақындар жырлайды» деген атаумен Халық ақыны Нұрәсила Бәрменбаева, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, қазақтың керемет ақыны Кәкімбек Салықов, үшінші боп менің өлеңдерім жарияланыпты. Бұл – әдебиет әлеміне жол ашып берген өмірімдегі айтулы оқиға, естен кетпес ыстық естелік.

Жазып алған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2022

173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы