• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 14 Желтоқсан, 2022

Буллинг – білінбейтін тұсау

Бастауыш сыныпты бітіріп, алтыншы-жетінші сыныпқа барған баланың ата-анадан жасыратын құпиялары болары сөзсіз. Бірі мектепте өзінің құқай көретінін жасырса, екіншілері біреуге буллинг жасайтынын жасырады. Шыны керек, балалар буллинг деген нәрсенің барын түсінбейді кейде. Олар жай ғана ойнап жүргендей көрінеді. Бұған анық дәлел бола алатын мынадай ғылыми тұжырым бар.

Статистика бойынша, өздеріне ауыр диагноз қойылған үлкендердің көбі сол диагноз негізінде көз жұмады. Ал дәл сондай диагноз қойылған балалардың көбі дертті жеңіп шығады. Ғалымдар мұның себебі ретінде балалардың өлім мен өзіне қойылған дерттің салмағы мен салдарын түсінбейтінін алға тартады. Яки олар ауыр ойларға берілмек емес.

Буллинг жағдайында да осылай. Қоқанлоққы көрсетуші бала жәбірленушінің жай-күйін түсінбейді. Сондықтан оның ойыны жай ойын ретінде ғана көрінеді. «Ең қатал әлем – балалар әлемі» деген сөздің жаны бар. Қатал болатыны – білместік пен түсінбестіктен. Мұндай буллинг мектеп пайда болғалы болған. Бола да беретінін мойындауымыз керек.

Осы мәселе бойынша үш түрлі ұрпақтың жауабын салыстырдық. Мектепті кеңес кезінде бітірген Дарқан Рысқұлбек атты азамат: «Мен ауыл мектебін де, қала мектебін де көрдім, – дейді.

– Ауыл мектебінде сынып ішіндегі балалардың бөлінісі аса байқалмайтын. Өйткені олардың көбі бір-бірімен туыс. Оның үстіне ауыл жағдайында бір-біріңмен емес, көрші ауылдармен кикілжің көп болатын. Сондықтан сынып қана емес, бір ауылдың балаларының өзі бір-біріне жақын жүруші еді. Тек жаппай төбелеске шықпай қалған балаларды ғана жазғырып, мазақ етіп, тіпті өзіміз ұратын кезіміз болды. Дегенмен ол – түптің-түбі ағайының, өкпеге қиғанмен өлімге қимайсың. Ал қалада бұл жағдай тым күрделі. Сынып ішінде жігіттерді қойып, қыздардың арасында бөлініс болады. Мен оқыған мектепте жағдай қызық еді. Мектепті осыдан 6-7 жыл бұрын бітіріп кеткен екі жігіттің ерегісі біздің кезімізге дейін, тіпті бізден кейін де жалғасты. 8-сыныптан соң таңдау жасайсың. Қай тарапқа барарыңды өзің шешесің. Мен де дәл осылай таңдау жасадым. Екі тарап жігіттері өз үгітін жүргізді. Содан мектеп бітіргенше – бірбіріңді кемсіту мен бітпейтін төбелес»

Оқушылық шағы тәуелсіздік жылдарына тура келген Шоқан Жаңабекұлы былай дейді: «Сыныпта жақсы оқитын, мұғалімдерге ұнайтын жігіттерді «мал» қылатынбыз. Кейде үлкендерден сыныптағы бір жігітті «мал» қылу туралы тапсырма түсетін. Сосын оны «кругтен» шығарып, мүлде араласпай, тіпті мазақ етіп, ұрып-соғып жүретінбіз. Жігіт болған соң, қызға сөз салу деген болады ғой. Егер «кругтегі» жігіт сөз салып, қыз оның кеудесінен итерсе, ол қызды да «мал» қылу процесі жүреді. Жігіттер тарапынан да, қыздар тарапынан да. Өйткені қыздардың да өзінше «кругі», «разборкалары» болып тұратын».

Жақында ғана мектеп бітірген Досымжан Аңсағанұлы бүгінгі мектеп жағдайы жөнінде былай дейді: «Қазір мектептер арасында көп төбелес бола бермейді. Жалпы төбелес азайған. Бірақ сынып ішіндегі шеттету баршылық. Оның өзінше терминологиясы бар. Мысалы, күші мен әлеуеті жағынан біріккен бірнеше жігіт «круг» деп аталады. Олар – «ровныйлар». Яғни полицияға шағымданбайтын, «жігітше» жүретін жігіттер. Бір сыныпта бірнеше «круг» болуы ықтимал. Арасында «смотр» деген бар. Яғни сол «кругке», кейде сыныпқа жауапты жігіт. Бұрынғы атаман секілді. «Кругтер» бірбірімен текетіресе бермейді. Өздерінше. Сабақты жақсы оқитын, апайларға ұнаушы балалар «ботан» деп аталады. Неге екенін білмеймін, бірақ «ботандар» өздерінше «круг» құрмайды. Олар «кругтегі» жігіттер тарапынан қысым көреді шынында. «Ботандардың» жалпы атауы – «изгой». «Кругте» жүретін, «ровныйлар» «братандардың» айтуымен «сходқа» жиналамыз. Арамыздағы бір жігіт «допускать» еткенде немесе «счетчик» қоятын кезде болады мұндай жағдай. «Допускать» ету деген – «братандарға» амандаспай кету, счетчикті қойып бермеу, жұмсағанда бармау немесе мұғалімдерге айтып қою жағдайлары. «Счетчик» деген сөзді әр жерде әртүрлі атайды. Қазақша – «ақша қою». Ол көбіне 10-сыныптар тарапынан болмақ. 11-сыныптар мектеп «системасына» араласпайды. Бір балалар болады ғой, не сабақ оқымайды, не «кругте» жоқ. Ондай балаларды «гусь» деп атаймыз. Олардың не мұғалімдер алдында, не «кругтегі» жігіттердің алдында абыройы жоқ. Жаңадан келгендер «новенький» деп аталады. Оларға шын қиын шығар. Өйткені «кругтер» оны қабылдауға асықпайды. Сыныпта бәрімен бірге шулауға, «гусьтер» мен «изгойларды» мазақ етуге аса құқы жоқ оның».

Үш ұрпақ әңгімесінен бірдей аңғарылатын бір мәселе бар, ол сабақты жақсы оқитын жігіттердің ұнамсыздығы. Қай-қай мектепте, сыныпта да ұл балалардың сабақты жақсы оқуы оны – өзге «ровный» жігіттерден шеттетер еді. Кейде осы жағдай жігіттердің сабақты мүлде оқымай кетуіне себеп болып жатады. Бір жан ауыртар нәрсе тағы бар. Ол – жігіттер арасындағы жаргондардың әлі күнге орыс тілінде болуы.

Бүгінде қыздардың әлемі жеңілірек. Оларды біріктіретін «q-pop» деген Оңтүстік Кореядан бастау алатын жанр бар. Дорамалар мен анимелер де бірігуіне себепші. Айдолдары бір немесе бір топтағы қыздар бір-біріне жақын жүреді екен. Өзгелерге қысым көрсету, буллинг жасау секілді істерді жасап үйренген балалар мектеп бітірісімен тоқтай қоймайды дейді психологтар. Олар заңгер, әскери қызмет, құқық қорғау органдары сияқты мамандықтарға барады көбіне. Өйткені ішіндегі біреуге күш көрсету немесе басыну секілді қажеттіліктерін басуы керек.

Мектепте жақсы оқып, үлкен өмірде қарапайым қызметкер болып қалатындар көп қой. «Бестіктер үштіктерге жұмыс істейді» деп жатады. Бұл парадоксты ғалымдар «жақсы оқушылардың тапсырма орындап үйреніп қалғанынан» деп түсіндіреді. Бірақ осы тақырыпты зерттей отырып, оның басты себептерінің бірі деп мектептегі буллингті атар едім. Өйткені жақсы оқитын бала мазақ пен құқай көре жүріп, өзін-өзі бағалау қасиетін жоғалтпақ. Ал жәбір көрсетушілердің абыройы аса бермек. Жақсы оқығандар қызметте өсуден де осы «мазақ» болмау үшін қашатындай. Оның орнына дұрыс оқымаған, бірақ өзін бағалауы тасып, жұрт көзіне абыройлы болған бұрынғы буллинг көрсетуші отырады. Осы теорияға сүйенер болсақ, заңгерлік пен құқық қорғау органдарына, әскерге мектептегі буллинг жасаушы топ өкілдері көптеп барады. Ал бұл мемлекеттің дамуына тұсау болмақ.

Қорыта келгенде буллинг бір ғана баланың психологиясын бұзып қоймай, тұтас мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді деуге болады.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2022

243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы