• Спорт жұлдыздары
  • 13 Желтоқсан, 2022

Әбиба ӘБУЖАҚЫНОВА, дзюдошы: Парижде топ жарып, Лос-Анжелесте атой салғым келеді

Әлемдік додаларда атой салып, топ жарып жүрген қаракөздеріміздің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – кейіпкеріміз Әбиба. Әбиба – дзюдо күресінен қазақ қыздары арасынан шыққан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері. Ташкент төрінде жеңіс тұғырынан көрінген бұрымды балуанның боз кілемдегі өнеріне сүйсіндік. Әбиба әлем чемпионатынан кейін өткен ӘбуДабидегі Гранд-слам турнирінде де мықтылығын дәлелдеп, үздік үштіктен көрінді. Енді Токио татамиіндегі әлемнің ең үздік 16 спортшысы бақ сынайтын турнирге дайындалып жатыр. Алматыға оқу-жаттығу жиынын өткізуге келген спортшымен әңгімелесудің сәті түсті.

Шыны керек, осы уақытқа дейін қалың жұртқа Әбибаның есімі аса танымал емес болатын. Өйткені 48 келі салмақтағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде еді. Отгонцецег Галбадрах, Ақмарал Науатбек, Ғалия Тынбаева сияқты мықтылардың арасынан суырылып шығу оңайға соққан жоқ. Бапкерлердің таңдауы да көбіне осы қыздарға түсіп, әлемдік аренадаларда өнер көрсетуге мүмкіндік берді. 2018 жылы ел біріншілігінде Ғалияны алғашқы айналымда, Ақмаралды финалда ұтқан Әбиба алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бірақ әлем, Азия чемпионаты сияқты додалардан тыс қалып, тек бір-екі турнирде өнер көрсетті. Ол халықаралық додаларға 2021 жылдан бастап қана шыға бастады. Ел біріншілігінде үшінші орын алса да, бапкерлер Әбибаға мүмкіндік беруді жөн көрді. Өйткені Ғалия мен Ақмаралдың жаһандық жарыстардағы нәтижелері көңіл көншітпей, сенімге селкеу түсірді. Әбиба алдымен Ақтаудағы Азия ашық кубогінде топ жарып, содан кейін Азия чемпионатында күмісті қанағат тұтты. Осылайша, ол ұлттық құрамадан ойып орын алып, Галбадрахтың орнын басты. Айтпақшы, Әбиба Галбадрахпен 2016 жылғы ел чемпионатында ғана кездесіп, жеңілген еді.

– Ташкенттегі әлем чемпионатында шеберлігіңізбен қатар қайсарлығыңызды да к рсеттіңіз. Жартылай финалдағы жарақатыңызға қарамастан үздік үштіктен көріндіңіз. Жалпы жапон балуандарына қарсы жолыңыз болмайтынын байқадық...

– Расында, Ташкент төрінде жеңіс тұғырына көтерілетініме сенгендер көп болған жоқ. Әсіресе, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған франциялық Ширин Буклиге қарсы белдесуде сүрінетініме сенімді болды. Бірақ бапкерім Нұрбол Сүлейменов намысымды қайрап, жеңіске жігер берді. Белдесу барысында да қарсыласыма әлеуетім жететініне, ұта алатыныма көзім жетті. Ширинді ұтқаннан кейін жүлде алатыныма күмәнім болмады. Жартылай финалда 2021 жылғы әлем чемпионы Натсуми Цунодадан да айламды асыра алатындай болдым. Тек төрттағанда қателікке бой алдырып, тұрып кететін жерде жатып алдым. Негізі қолыма жасаған ауырту әдісін аса қатты сезінбедім, шыдауға болар еді. Бірақ тәуекелге бел бумай, қатты жарақат алудан сақтанып, берілуге мәжбүр болдым. Өйткені наурыз айында жаттығу барысында тура сол қолымды сындырып, ауыр жарақат алған едім. Бұйыртса, болашақта кеткен есені қайтаруға барымды саламын. Дұрыс айтасыз, жапон қыздары оң жамбасымызға келмей жүр. Алдағы уақытта жапон балуандарымен бірлесе оқужаттығу жиынын өткізіп, тәжірибе алмасамыз.

– Әлемдік деңгейдегі және ішкі біріншіліктегі басты қарсыластарыңыз кім? Өзіңіздің олардан қандай артықшылығыңыз бар деп ойлайсыз?

– Шыны керек, қазір ішкі біріншіліктегі бәсекелестік ақсап тұр. Бұрынғыдай боз кілемде жан алысып, жан берісіп күресетін қарсыластар жоқ. Ақмарал денсаулығына байланысты парадзюдода өнер көрсетіп жүр. Жақында ғана әлем чемпионатында топ жарып, әйелдер арасындағы алғашқы алтын медальді ел қоржынына салды. Ғалияның соңғы кездері жолы болмай, жарыстарда жүрісінен жаңылып жүр. Әрине, спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіндіктен, сәтсіздіктерге мойымай, алға қойған мақсатқа ұмтылу керек. Шүмектеп төккен тер міндетті түрде жемісін береді. Құдай еңбегіңді ешқашан елеусіз қалдырмайды. Ал әлемдік деңгейдегі балуандардың ішінде еуропалық спортшылар мықты. Одан бөлек, жапон, моңғол балуандарының бәрі әккі қарсыластар. Қайқайсысы болса да, боз кілемде барын салатын балуандар. Бірақ маңызды додалардың басым көпшілігінде азиялық балуандарға есе жіберіппін. Жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында – жапон балуанынан, Азия чемпионатының ақтық сынында солтүстіккореялық балуаннан ұтылдым. Биылғы әлем және Азия чемпионатында да жапон балуандарының осал тұсын таба алмадым. Дегенмен осы жеңілген қарсыластарымның барлығын жеңе алатыныма сенемін. Тек қателіктермен жұмыс істеп, екі есе еңбек ету керек. Олардан басты артықшылығым – шапшаңдығым әрі қайтпас қайсарлығым деп ойлаймын.

– Ташкентте туып-өсіп, спорттық мансабыңызды сол жақтан бастадыңыз. Бірақ жетістіктеріңіздің бәріне ұлттық құрама сапында жүріп қол жеткіздіңіз. Ұлттық құрама қатарына қосылу қаншалықты қиын болды?

– Иә, дзюдоға қызығушылығым Ташкентте тұрғанда басталды. 4-сыныптан бастап қатысып, жарыстарға шығып жүрдім. Шыны керек, кәсіпқойлықпен айналысам деп ойлаған жоқпын. Тек Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін білікті бапкер Нұрбол Сүлейменовтің тәлім-тәрбиесін алып, үлкен спортқа қадам бастым. 2015 жылдан бастап Қазақстан атынан сынға түсе бастадым. Жастар арасындағы додаларға Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, спорттық мансабымдағы алғашқы жетістіктеріме қол жеткіздім. Алдымен Венгрияда өткен Еуропа кубогында қола жүлдегер атансам, дәл сол жылы Үндістандағы Азия чемпионатында күмісті қанағат тұттым. 2016 жылы ересектер дуына да еркін қосылып, ішкі біріншілікте қола жүлдені жеңіп алдым.

– Өмірде үлгі тұтатын, боз кілемде бақ сынасқыңыз келетін спортшылар...

– Шыны керек, спорттық жолымдағы басты бағдардың бірі – бапкерім Нұрбол Сүлейменов. Сәтсіздікке ұшыраған сайыстарда жігерімді жасытпай, рухымды көтеріп, намысымды қайрайды. Ауыр жарақаттардан кейін де сағымды сындырмай, мықты екенімді айтып, өзіме сенімімді арттырады. Жеткен жетістіктерім әуелі Алланың, екінші сол кісінің арқасында деп білемін. Ал үлкен спортта косоволық Кельменди Майлинданы үлгі тұтамын. Оның боз кілемдегі белдесу мәнері мен жеңіске деген жігері ерекше. Сол секілді олимпиада чемпионы атансам деген арманым бар. Ол Косово тарихындағы алғашқы олимпиада чемпионы болса, мен де Қазақстан тарихындағы олимпиада алтынын алған алғашқы қазақ қызы болғым келеді.

– Қазақ қыздарынан әлем чемпионатының жүлдесін жеңіп алған алғашқы арусыз. Бұл атақ пен жетістік міріңізге згеріс әкелді ме? Қаншалықты сый-құрмет көрсетіліп жатыр?

– Жоқ, өмірімді түбегейлі өзгертетіндей ешқандай жағдай болған жоқ. Мақсатымыз атақ пен мансапқа қол жеткізу емес. Елдің мерейін үстем етіп, әлемдік додада абыройын асқақтату. Кез келген спортшы ең алдымен қара басының қамын емес, сенімін артқан халықтың ықыласын жоғары қояды. Спорт жанашырлары лайықты дәрежеде сый-құрметін көрсетіп жатыр. «Алаштан шыққан алғашқы жүлдегер қыз» деп Атыраудан екі бөлмелі пәтер сыйға тартты. Дегенмен үкімет тарапынан, әкімшілік тарапынан әлі ешнәрсе алған жоқпыз. Бәлкім, жыл соңында марапаттап, сый-құрмет көрсететін шығар. Бірақ еңбегіміз елеусіз қалды деп ешкімге мұң-мұқтажымызды айтпаймыз. Шыны керек, 2017 жылы жастар арасында әлем чемпионатының финалына шығып, күміс медаль еншілеген кезде де ешқандай сый-сыяпат көрсетілмеген. Ол кезде де жастар арасында әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы болдым. Сондықтан ешкімнен ешнәрсе күтпей, тек еңбегімізге сенім артамыз. Дегенмен қолдаушыларымның, жанашыр жанкүйерлеріміздің сенім үдесінен шығу үшін бұрынғыдан да көп еңбектеніп, барымызды саламыз.

– Қазір әлемдік және олимпиялық рейтингте үздіктер қатарында тұрсың. Төртжылдықтың басты бәсекесі де қыр астында. Париж татамиінде топ жаруды армандайтын шығарсың?

– Әрине, басты мақсатымыз да сол – төртжылдық басты додасында топ жарып, тарихта қалу. Соңғы жылдардағы жеңістерімнен кейін маған үлкен жауапкершілік жүктелетінін де жан-тәніммен сезінемін. Сол үшін шетелдегі ірі халықаралық турнирлерге қатысып, шеберлігімізді шыңдап қана қоймай, іштей Парижге дайындығымызды да пысықтаймыз. Жарақаттан аман болып, бабымыздан айырылмасақ, биік белесті бағындыратыныма сенімім жеткілікті. Бұйыртса, бағындырар белесіміз бен алар асуымыз әлі алда. Парижде топ жарып, Лос-Анжелесте де атой салғым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2022

388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы