• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Желтоқсан, 2022

Айдаһар түркі тотемі болған ба?

Журналымыздың алдыңғы санында қазақ халқының мифтерінен бастап, гректердің мифологиялық кейіпкерлері арқылы бүгінгі суперқаһармандардың генезисіне тоқталған едік. Сол мақаламызда «Монотеизм (бір құдайшылдық) кеш келген халықтардың мифологиясы бай келеді» дей келіп, түркілердің көк тәңірін ерте танығанын, сондықтан қазақы мифтің көмескіленіп қалғанын сөз еттік. Ол көмбелердің астарында ашылмаған небір дүниелер бар. Зерттей келе мені әсіресе таңғалдырғаны – түркілік айдаһар образы еді.

КҮЛТЕГІН АЙДАҺАРЫ

Былай қарағанда, түркілік таным мен айдаһардың қиылысар тұсы жоқтай көрінеді. Ал қазақтың жыланды қадір тұтатынын ойлап, жыланды айдаһардың прообразы десек, қисынға әбден келеді. Егер біздің мифологияға айдаһар қытай халқынан ауып келген болса, ол еліміздің шығысында көп танылған болар еді. Бірақ еліміздің батысында «Айдархан» және «Мардан» деген жерлердің бар екенін ескерсеңіз, айдаһар образының тұтас қазаққа ортақ екенін аңғарасыз. Және түркілік айдаһардың образын ашып беретін басты құжат бар, ол – Күлтегін ескерткіші. Біз бұл ескерткішті қазіргі қалпында көреміз. Жел мен жауынға мүжілген, бедерлері әбден ескірген. Бірақ оның жоғары жағындағы бір жағы қираған сопақша арканы қалпына келтірсек, астарынан бөрілі басты айдаһар жарқ етер еді. Бұл реконструкцияны тарихшы Қаржаубай Сартқожа жасап ғылымға ұсынды (1-суретке қараңыз).

Бұл сурет қолдан жасалды десеңіз, ойымызға екі нәрсе түседі. Біріншісі, үйге жылан кіргенде басына ақ құятынымыз. Екінші, Ер Төстік ертегісі (Жылан айдаһардың прообразы). Үйге кірген жыланның басына ақ құю дәстүрі – басқа халықтарда кездеспейтін құбылыс. Бұл біздің халықтың табиғатпен етене байланысын ғана емес, жыланды қадір тұтқанын да көресетер еді. Сонымен бірге қазақы түс жоруда жылан байлықтың, берекенің белгісі саналады.

Қазақ қасиет тұтқан жылан неге Ер Төстік ертегісінде алып құстың балапандарын жеуге ұмтылды? Бір қарағанда, біздің ертегілер мен жалпы фольклорда жыланның екі түрлі образы кездеседі. Бірі – ақыл мен байлық белгісі болса, екінші – зұлымдық образы. Бір образдың екі түрлі болуының астарында ислам діні жатыр. Өздеріңізге белгілі, ислам дінінде жылан зұлымдық пен жамандық арқалап жүреді. Соның кейпіне енген Ібіліс Хауа ананы азғырды. Нұх кемесіндегі тесікті бітетіп, ең тәтті қанды азыққа сұраған да жылан болатын. Осы түсініктердің келуімен қазақ ертегілері мен аңыздарындағы жыланның образы ауыса бастады. Зұлым кейіпке енді. Ислам діні біздің қасиет тұтқан жыланның келбетін көмескіледі.

АЙДАҺАР-ЖЫЛАН ТОТЕМІ

Тотем – тайпаның немесе белгілі бір халықтың өзіне туыс, тіпті өзінің бабасы санайтын жануары. Біз сонау ғұн заманынан бері қасқырды қасиет тұтып, Түрік қағанаты тұсында өзімізді сол жануардың ұрпағы санадық. Аюды пір тұтқан халықтар бар. Бұғыны да тотем санаған халықтарды білеміз. Жалпы тотемдік жануарға бір халықтар еліктейді, ал бір халықтар оны негізгі азығы болғаны үшін, кейбірі қорғаушы болғаны үшін тотем деңгейіне көтерген. Осы тұста арғы түркінің жыланды тотем тұтқанын алға тартқымыз келеді. Әрине, оның еті ем болса да, азық бола алмайды. Жыланға еліктеу тағы мүмкін нәрсе емес. Ал терісін пайдалануға келмейді. Онда біздің оны тотем санауымызға не түрткі болды?

Бұл туралы мифолог С.Қондыбай «бабалар жыланның қасиетін жоғары бағалады» дейді. Яғни оның аяғы жоқ, бірақ жүре алады. Терісін жаңарту арқылы қайта түлеп, жасара алады. Белгілі бір есепте, біздің халық жыланды мәңгіліктің символы деп қабылдады. Осы қасиетіне байланысты болса керек, қазақ мифологиясында Жылан Бапы хан образы бар. Мұндағы «бапы» сөзі – «баба», «арғы ата» деген мағына береді. Яғни қазақта «Бөрі баба», «Қыран баба» деген сөздер сақталмай, жалғыз «Жылан баба» деген тіркестің сақталуы – оның мәңгілік символы екенін аңғартады. Бабаларымыз мәңгілік деп санаған тағы бір нәрсе бар, ол – әруақ, оның арғы жағында рух. Яғни рух пен жылан (айдаһар) егіз ұғым болып шығады. Бұл туралы жыраулар ислам дәуірінде де жырлап кетті. «Орақ – Мамай» тарихи эпосында да Баба Түкті Шашты Әзиз әулие «Айдаһар ие» образында кездеседі:

Сол бір шаңның астында

Айдаһар – жылан жан көрді

Өгізхандай бұл қалмақ

Жыланды көзі көреді.

Келді де, жылан Орақтың

Беліне айдаһар – жылан оралды...

Міне, айдаһардың, оның прообразы жыланның рухпен егіздігі. Яғни қазақ, оның арғы жағындағы әруақ сыйлаған барша бабаларымыз жыланды бабалардың мәңгілік рухы деп, оны тотем деп көтерді. Бұл жырлардан бөлек, қазақ ертегілерінде анасы жылан немесе айдаһар болып келетін батырлар көптеп кездеседі. «Жылан қабақты жігіт» атты ертегіде тіпті бала жылан кейпінде дүниеге келетін. Мұның астарында ежелгі бабалар ізі жатыр.

«ЖЫЛАН ҚАЙЫС» ЫРЫМЫ

Ұрғашының жақсысы

Әбжыландай сумаңдап,

Боз жорғадай бұлғады, – дейді Бұқар жырау. Мұндағы әбжылан деген сөзді ғалымдар әртүрлі тарқатады. «Бас жылан», «арбаушы жылан» деген секілді. Бірақ «әб» сөзі су деген мағына береді парсы тілінен аударғанда. Яғни жырау әйел адамды су жыланына теңеп отыр. Су жыланы да сұсты, сумақай және шын арбаушы. Бірақ басқа жыланнан оның басты айырмашылығы – уы болмайды. Яғни адамды шағып, оған зиян келтірмек емес.

Жалпы жыланды әйел адаммен астастырудың астарында тағы біраз мәселе бар. Ол үшін біз жыланның кейінгі образы айдаһарға ауысамыз. Айдаһарды қазақ аждаһа деп те атайды. «Аж» және «даһа» деген сөздердің алғашқысы «ажа, әже» деген мағына береді дейді С.Қондыбай Қашқариге сүйене отырып. Ол «арғы, түп» деген сөз. Осы «аж, ажа, әже» деген сөздің бәрі әйелге қолданылады. Қазақта әлі күнге дейін абысын сөзінің жанында «ажын» сөзі қолданылмай ма? Осы әйел образын беретін сөзден орыстағы «жена» сөзі туындайтынын лингвистер айтып жүр. Екінші «даһа» сөзінің «дан, дах» деген секілді нұсқалары бар. Ол «көптік, көп туу» деген мағынаға жақын. Яғни аждаһа-жылан тек байлық пен көптіктің ғана емес, көп туудың да белгісі. Осы мифтің қазақ арасында сақталғаны болса керек, ер бала төрт жасқа толғанда «жылан қайыс» ырымын жасайды. «Темір ұстасы сауыт-сайман мен қару-жараққа арқасын, балаға бетін беріп, екі аяғын алшақ қойып тұрады. Содан баланы аяғының арасынан ары-бері екі рет өткізеді. Бірінші еңбектеп өткенде бала сауыт-сайманды киеді. Екінші өткенде бойына қаружарақ тағынады. Содан соң дархан екі алақанын отқа қақтап алады да, баланың бетін сипайды. Ырым осымен аяқталады. Кейде ырымның соңында балаға басқа ат қойылуы мүмкін». Балаға жаңа ат қойылуы деген сөз оның қайта тууы секілді. Мұндай ырымның жаңа туған сәбиге де жасалатын кезі болады. С.Қондыбай «бала тұрақтамаған келіншектің кезекті босанған баласын бірнеше әйел ауының ортасынан өткізіп барып кіндігін кесетінін» жазады. Ауының ортасынан өткізуді бұл тұста екі дүниенің ортасынан өткізу немесе баланы өзгенің иеленуі деп түсіндіруге болады. Бұл қазақтағы ырымның соңы Кенен Әзірбаевтың қызымен түйінделгендей. Ол кісіге де бала тұрақтамаған соң, жаңа туған қызын төрт кемпір мен бір шалдың ауының ортасынан өткізіп алып, есімін «Төрт кемпір, бір шал» деп қойған екен. Ақынның сол қызы арамызда жүр.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ТҮРКІ АЙДАҺАРЫНЫҢ АРАСЫ

Сонымен, қазақы тотем саналатын жылан көптіктің, көп туудың бастау көзі болса, одан дамып айдаһарға айналғанда – арғы рухтың кейпін киді. Қазақта жыланның айдаһарға айналуы жөнінде де миф бар. «Егер жылан адам көзіне екі ғасыр түспесе, оның қабағы екі елі болады. Егер бес ғасыр адам көзіне көрінбесе, ол айдаһарға айналады».

Түркілік мифология әлемді үш бөлікке бөледі. Жоғары, орта, төменгі. Төменгі әлемнің патшасы – жылан. Ер Төстік ертегісіндегі Жылан Бапы хан елін білесіз ғой. Қазақтың айдаһарды, оның прообразы жыланды рух кейпіне айналдыруында осы мән де жатса керек. Өйткені адамды жерге көмеміз. Яки төменгі әлемге кетеді. Ал ол жер бетіне тек жылан немесе айдаһар кейпінде ғана шығады. Қытай мен қазақы айдаһардың айырмасы не? Кімнен кім алды? Бұл сұраққа кеңінен жауап беруіміз керек. Оған мақала көлемі ырық бермесе де, бір тұжырымды айта кеткеніміз абзал.

Бірінші, тотемнің бәрі дерлік шынайы жануарлар болған. Тек кейіннен халық қиялы ол тотемді өзі тағы қасиетті санайтын басқа жануарлармен араластырады. Күлтегін ұстынтасындағы «бөрі басты айдаһар», мысалы. Ал оның арғы жағында «жылқы басты айдаһар» образы да болған. Мұны ғалымдар былай түсіндіреді. Белгілі бір жануар тайпа немесе халық өмірінен ерекше орын ала бастағанда, оны бұрынғы тотемдік жануармен байланыстырады. Түркілер жылқыны бірінші болып қолға үйретіп, оны баптап, ерекше құрмет тұта бастады. Сол үшін оны бұрынғы тотемі жыланмен, айдаһармен біріктірді. Түркі дәуірі тұсында біз айдаһарды бөрімен байланыстырдық.

Осы жерде қытайға айдаһар образының кірме екенін былай дәлелдеуге болады. Қытай халқында айдаһардың прообразы жылан туралы мифтер өте аз. Оның үстіне, олар жыланды тотем деп танымаған. Қытай мифологиясында айдаһар дәл айдаһар қалпында туа салғандай. Ежелгі жылнамалар мен тарихи деректерге көз жүгіртсек, қытайды көшпенділердің ғасырлар бойы басқарғанын, тіпті бұл халықтың басқарушы элитасының көбіне көшпенділер немесе көшпенділер мен басқа халықтардың арасынан өрбігендер екенін аңдаймыз. Яғни логикалық тұрғыда қытайға айдаһар тотемін, образын көшпенділер апарды деп болжам жасауға болады. Тек қытай халқы бұл образды діні мен діліне толық сіңіре алды. Біз исламға, Көк Тәңірге бет бұрдық.

ҚАЛА ГЕРБТЕРІНДЕГІ АЙДАҺАР

Ең қызығы, біздің көршілеріміздегі айдаһар биі де түркілердің арасында сақталған болатын. «Әлем халықтарының мифтері» атты энциклопедияда «башқұрт халқының ХХ ғасыр басына дейін айдаһар мейрамын тойлағаны» туралы жазылады. Осы тұста менің есіме Наполеонның «ақымақтығы» түседі. Өзіңіз ойлаңызшы, даңқты қолбасшы, мықты стратег адам ешбір жоспар мен алдын ала барлаусыз Ресей территориясына кіріп келер ме еді? Және ең сорақысы сол, Наполеон бұл ел аумағына қараша айында басып кірген. Тағы бір ақылға сыймайтын нәрсе, сол замандағы Ресейдің астанасы СанктПетербургке емес, Мәскеуге тура тартады. Кез келген қолбасшы елдің астанасын құлатып алып, сосын өзге мекендерін жауламай ма? Оның үстіне, Наполеон басып кірген Еуропа тарапына Мәскеуден гөрі Петербург әлдеқайда жақын еді ғой.

Бұл парадоксты орыс тарихшылары да мойындайды. Бірақ сыр білдірмек емес. Тек кейбір өтірік аулаушы тарихшылар ғана жылнамалар мен тарихи құжаттарды салыстыра отырып мынадай қорытынды шығарған: «Мәскеу Наполеон басып кірген жылдары орыс патшалығының қаласы болмаған. Ол түркілердің мекені, Алтын Орданың сарқыншағы, бірақ мықты бекініс қаласы болатын. Наполеон орыс патшалығына басып кірген жоқ, ол Мәскеуді Бірінші Александр патшаның басып алуына көмектесті». Әрине, адам ақылына сыймас нәрсе сияқты. Бірақ Мәскеу қаласының гербін көрсеңіз, осы айтылған болжамның бәріне сенер едіңіз (2-суретке қараңыз). Ат үстіндегі орыс батыры айдаһарды найзасымен шаншып тұр.

Айдаһар кім? Түркілер. Ол территорияда қытайлардың болуы мүмкін емес қой. Кім жақын? Қазан жақын. Ал Қазан қаласы – ежелден түркілердің, оның ішінде татарлардың, бүгінгі Татарстан Республикасының астанасы. ХХ ғасыр басына дейін айдаһар мейрамын тойлады делінетін башқұрттардың құдайы көршісі бұл қала. Енді сол Қазан қаласының гербіне назар салыңыз (3-суретте). Тағы да айдаһар шықты алдымыздан. Ойлаңызшы, бір қаланың халқы өзінің символы ретінде айдаһарды көрсетеді, ал оған көрші қала (Мәскеу мен Қазан арасы 816 шақырым) айдаһар шаншып тұрған батыр бейнесін өзіне герб етеді. Яғни екінші қаланың соңғы қожайындары ол қаланы айдаһарды қасиет тұтатын халықтан тартып алған. Адам логикасы басқа қандай шешім шығара алады?

Ескерту: Біз ешбір ұлт пен халықтың шамына тигіміз келмейді. Тек түркілік айдаһардың болғанын, ол арғы рух образы болғанын айтқымыз келді. Өзге халықтан тартып алу немесе осы образ арқылы өзгенің қаласын меншіктеуді мақсат тұтып отырғамыз жоқ.

Сонымен, қорыта келгенде түркінің өз айдаһары болған. Ол жыланның вариациясынан бастап, арғы рух деңгейіне дейін көтерілді. Сонымен бірге бізге өзге елден көшіп келмеді. Мифтегі мотивтер ауысуы – өзге халықтардың мәдени және әскери басымдығының әсерінен болатын құбылыс. Ал біз айдаһарды бүгінгі күнге дейін пір тұтушылардың қол астында болмаған елміз.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2022

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы