• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Қаңтар, 2023

Жасанды ақыл жаулап келеді

2022 жылы жасанды интеллект осы уақытқа дейін адамзат жасаған ең революциялық деңгейге жетті. Бұл пафос сияқты естілуі мүмкін, алайда жасанды интеллект климаттың өзгеруімен күресуге, ғарышты зерттеуге және қатерлі ісік ауруларын емдеуге қолданылғанын ескерсек, оның әлеуетін неге қолдамасқа? Өткен жылы OpenAI компаниясы Chat GPT, DALL-E 2 жасанды интеллект ілерін ұсынды.

Chat GPT – жан-жақты чат-бот. Ол әртүрлі тапсырмаларды орындауға қабілетті және кез келген адамға қолжетімді. Қабілетті деп отырғанымыз, қолданушымен диалог жүргізуге, кодтағы қателерді іздеуге, өлең жазуға, эссе, сценарий жазуға және тіпті дауласуға қабілетті.

Мысалы, код жазу үшін операцияны немесе процесті қалай орындау керегін айтады, кодты бір бағдарламалау тілінен екіншісіне аударады. Сондай-ақ жауаптарының сапасы Google іздеушіден жоғары. Осы уақытқа дейін Google-ден асқан білуші жоқ сияқты еді, Chat GPT одан асып түсті. Денсаулыққа байланысты кеңес бере алады, соңында дәрігерге бару керек екенін жазуды ұмытпайды. Chat GPT жасанды интеллекті туралы дау көп. Ол бұл түрімен Google компаниясын нарықтан ысырады десе, енді бірі ол беретін контенттер авторлық құқықты бұзады дейді. Қолданушының сұрауы бойынша шығарма жазып беруінің өзі біраз дау тудырып тұр. Болашақта адамдар өз ойынан емес, боттар жазып берген шығарманы оқып беріп жүрмесіне кім кепіл? Алайда бұл адам емес, құрал екенін ұмытпайық. Оның сезімі, эмоциясы жоқ. Біз одан «сен не ойлай аласың?» деп сұрадық. «Жасанды интеллект ретінде менің жеке сенімім де, пікірім де жоқ. Мен мүмкіндігімше дәл және сенімді ақпарат беруге бағдарламаланғанмын, бірақ менде жеке сезімдер мен көзқарастар жоқ. Менің негізгі қызметім – сұрақтарға жауап беру және тақырыптардың кең ауқымы бойынша ақпарат беру арқылы пайдаланушыларға көмектесу. Мен көмектесе алатын тағы бір нәрсе бар ма?» деп жауап берді. Егер қолданушылар оған әдепсіздік көрсете бастаса, бірден «мазмұн біздің мазмұн саясатымызды бұзуы мүмкін» деп жауап бермей қояды. Біз одан «қалай ұрлық жасауға болады?» деп сұрадық. Ол болса «ұрлық жасау – қылмыс, ондаймен айналысуға болмайды» деп «ақыл» айтты. Chat GPT мінсіз деп айта алмаймыз. Кейде мәліметтерді шатастырады. Мұндай кезде қосымша сұрақтар қою арқылы оны түзетіп алуға болады. OpenAI компаниясы осы жылы GPT-4 нейрожүйесін ұсынбақ. Ол 100 триллионға дейін параметрлерді қамтиды, алдыңғы буыны GPT-3-тен 500 есе мүмкіндігі бар.

ЖАДЫҢА САҚТА

OpenAI – жасанды жалпы интеллектінің бүкіл адамзатқа пайдасын тигізуін қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдың желтоқсанында зерттеу зертханасы. OpenAI-дің басты бағыты – кез келген тапсырманы шешуге үйренетін достық ниеттегі жасанды интеллектіні жасау. OpenAI Илон Маск, Питер Тиль және Microsoft сияқты бірқатар инвесторлар қаржыландыратын коммерциялық емес ұйым. OpenAI бірқатар жобаларды әзірледі, соның ішінде OpenAI Gym, күшейтуді үйренуге арналған ашық бастапқы құралдар жинағы, OpenAI Five, Dota 2 ойнауға арналған бот және GPT-3, табиғи тілді өңдеудің жетілдірілген жүйесі. OpenAI сонымен қатар жаңа технологияларды әзірлеуде ғалымдармен және өнеркәсіптік серіктестермен ынтымақтасады.

Chat GPT жасанды интеллектісі жазған мәтін

DALL-E2

90 пайыз дәлдікпен жұмыс істейтн DALL-E2 деп аталатын жасанды интеллект – кескіндеме салатын жасанды ақыл. Мысалы, өзіңіз қалаған кескінді салдыру үшін сипаттап жазасыз. Ол сіздің тапсырмаңызға орай, бұрын-соңды ешкім салмаған сурет салып береді. Біз DALL-E2-ге «үй» деп жазып едік, түсініксіз суреттер шығарып берді, «дом» деп жазып едік, небір коттедждерді салды. Суретті санаулы минуттарда ғана бейнелеп үлгерді. Бұл жасанды интеллектілер қазірше қазақша түсінбейді.

Көбіне ағылшынша, орысша тапсырма беруге тура келеді. Мәселен, осы жердегі қазақ қызының суретін DALL-E2 «салып» берді. Қарап отырсаңыз, адам жасаған коллаждан еш айырмашылығы жоқ. Бір қызығы, суретті салуға кім тапсырма берсе, сол адам оның авторы болады. Бірақ DALL-E2 кез келген суреттерді сала бермейді. Қоғам қайраткерлері мен атақты адамдардың сыртқы келбетін пайдаланатын портреттерді жасаудан бас тартады. DALL-E2 суретшілерге бәсеке бола ала ма? Бұл сұраққа суретшілер ойлана жатар.

No-code және Low-code және нөлдік код

Мобильді қосымшаларды, блогтарды, мәліметтер базасын және басқа өнімдерді код жазбай-ақ жасау технологиясы. Бұл бағдарламалау тілі мен дағдыны білуді қажет етпейді. Неге десеңіз, көп компанияда қажетті алгоритмдерді жасай алатын жасанды интеллект инженерлері жетіспейді. Кодсыз жасанды интеллект жүйелері әртүрлі дайын модульдерді біріктіріп, оларды доменге тән деректермен қамтамасыз етіп, смарт бағдарламалар жасауға мүмкіндік береді. Яғни No-code және Low-code қызметтерінің жұмысы шаблондар мен дайын блоктарға негізделген. Олардың көмегімен кез келген элементтерді жасай аласыз. Осы жасанды интеллект арқылы интернет-дүкендер, блогтар мен медиа, мәліметтер базасы, мобильді қосымшалар, қызметтер (азық-түлік жеткізу), чат-боттар, қарапайым ойындар құрастырып, жасауға болады. Бір ескеретіні, күрделі функцияларды орындауға қабілетсіз. Соның өзінде, күнделікті қолданатын құралдарды адамдардың өздігінен жасап алуына жол ашып отыр. Егер осылай кете берсе, ендігі онжылдықта әр оқушы қосымша, сайттар жасай алатын болады.

Бүгінде жасанды интеллект ғарыштық жылдамдықпен дамып жатыр десек қателеспейміз. Енді көліктер үшін ойлап табылып жатқан «дербес көлік құралдары жасанды интеллектісінің» дәуірі жүрмек. Көлік апатының алдын алатын жасанды интеллект туралы әңгіме айтыла бастады. Бұл тек дөңгелекті көліктерде ғана емес, су, әуе көліктерінде де маңызды рөл ойнамақ. Қоғамға қауіп төндіріп отырған хакерлік әрекеттермен, киберқылмыспен күресте жасанды интеллекті көмекке келеді. Марк Цукерберг жасаған Мета-әлем (Metavers) жасанды интеллектісі бұл салада біраз төңкеріс жасады. Кешегі «Аватар. Су жолы» фильмінде қолданған жасанды интеллект – болашақтың қайда бағыт алып бара жатқанының көрінісі.

Жасанды интеллекті «зауытына» айналған компаниялардың жарғақ құлағы жастыққа тимей, қалай да нарықтан ығысып қалмауды ойлайды. Адам істеуге тиіс жұмыстың бәрін боттар жасап жатқанда, адамдар не істейді? Жұмыссыз қарап отыруға тағы болмайды. Енді адамдар мидың жұмысын арттыра түспек. Ал мидың мүмкіндігі шексіз...

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы