• Спорт жұлдыздары
  • 20 Қаңтар, 2023

«Комментатор кінәлі...»

Төрткүл дүние көз тіккен футболдан әлем чемпионаты көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. 2022 жылға тұспа-тұс келген тарихтағы XX әлем чемпионаты ел есінде қызықты оқиғалар, әсерлі сәттер мен ұмытылмас естеліктер арқылы қалғаны анық. Әсіресе, Қатардағы кезекті мундиальдің көркін кіргізген комментаторлар болды. Бір айға созылған дүбірлі доп додасында қызмет еткен комментаторлардың сөздері әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыланып жатыр. Осы орайда, комментаторлар мен әлем чемпионатының ерекшеліктері туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Тікелей эфирде қазақ тілінде комментаторлық қызмет атқарған әр азаматтың өзіндік сүрлеуі, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбалары байқалады. Әр комментатордың өз артықшылығы, өз фишкасы бар. Мысалы, Уәлихан Қосанбай баппен отырып баяндауымен ерекшеленсе, Ермұхамед Мәулен тапқырлығымен, суырыпсалмалығымен ерекшеленеді. Жандос Байділдәнің эмоциясы мен талдауы жақсы ұштасып, ойынға басқаша қарауға итермелейді. Руслан Бақытжан әріден тартып, кешегі қаһармандар мен бүгінгі үздіктерді жақсы шендестіреді. Кей комментаторлар статистиканы ойнатып, керек кезде орнымен айтып отырады.

Жә, біздің айтпағымыз бұл емес. Қазір ерінбеген адамның бәрі спорт комментаторларын сынайтын болды. Бәрі шетінен білгіш, бәрі комментатор-лардың қатесін көргіш. Бір футболшының атынан қателескен комментаторды ата жауындай көріп, жеті атасынан тартып балағаттап отыратындар да жетеді. Тіпті, ара-арасында сөз бұзылса да кешірмей, «халық жауы» көріп, қарадай шүйлігеді. Расында, сын түзелмей, мін түзелмейді.

Дегенмен сынның сындарлы болуы да маңызды. Бірақ қазақ аудиториясының комментаторларды сынау мәдениеті төмендеу екені байқалады. Әрине, барлығына бірдей күйе жағудан аулақпыз. Десек те, «QazSport» арнасы Инстаграмдағы ресми парақшасына салған әлем чемпионатының ақтық ойнын жүргізетін комментаторларды жөн-жоқсыз сынаған, жазған пікірлерден көруге болады. Zhazylbek08 есімді оқырман: «Ой мына қаздар күлдірте алмайды, гол соқса болды шыңғырып кетеді» десе, Сырымбек Өтегенов есімді оқырман: «Футболдан тарих айтпай, матч жүргізсеңіз жақсы болар еді, миды ашытпай. Кімнің қанша гол салғаны маңызды емес шығар» деген ақылға қонымсыз пікірді қандай мақсатпен айтқанын білмесе керек. Мұндай қасаң ой-пікірлі «диван сарапшылары» комментаторларды жерден алып, жерге салғаннан не ұтады?

Тіпті кейбір жастар комментаторлардың әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына адамның аузы бармайтын сөздер жазып, балағаттап, жеңіліп қалған құрамалар үшін кінәлап, тәрбиесіздік көрсетті. Мұндай әдет олардың өзін ғана емес, ата-анасын, мектебін, жүрген ортасын тым нашар етіп көрсететінін ұғар ма екен? Өмір олар үшін жаңа басталды. Кімнің алдынан не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бүгін сынаған бала ертең өзі сондай сынға тап болса, көтере ала ма, әлде елдің бәрімен ұрсысып қадірін кетіре ме? Адамдықтың бір атауы – сабыр, осыны есте ұстасақ жақсы болар еді.

Ел алдына шығып, сөз тиегін ағытқан соң, үлкен жауапкершілік жүктелетінін комментаторлар да жақсы түсінеді. «QazSport» телеарнасы ашылған кезден бастап қана елімізде комментатор деген мамандық толықтай күш ала бастағанын ескерсек, қателерін көздеріне шұқи бермей, тілеулес бола білуіміз керек. «Ит мініп, ирек қамшылап» жүрген комментаторлардың ізденісін, кәсіби біліктілігінің артқанын байқаймыз. Бұл мамандық елімізде енді өз орнын тауып, бірте-бірте алға ілгерілеп келе жатыр.

Сөзімізді растау үшін жанкүйер қауымның комментаторлар туралы пікірлерін сұрап білдік. Жезқазған «Білім-Инновация» лицей-интернатының директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абылай Әбіләзім дүбірлі доп додасында қызмет еткен комментаторлардың ешқайсысын бөліп-жармай, барлығын құрметтейтінін атап өтті.

– Әлем чемпионатын көрермендерге қызықты ету үшін еңбек еткен комментаторлар қауымын сынап-мінеуден аулақпыз. Керісінше, құлақтың құрышын қандырып, матчтың мәнін кіргізген комментаторларға дән риза болдық. Ешкімнің атын атап, түсін түстегім келмейді. Десек те әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жанкүйерлердің көңілін көтерген Ермұхамед Мәулен мен Ерсін Еріктің есімі жадымда жатталып қалыпты. Тақырыпты терең қаузаған комментаторлар бәрін жаңғақтай шағып, жіліктеп, саралап айтып отырды. Ермұхамедтің шындықты әзілмен жеткізіп, еліміздегі кейбір өзекті мәселелерді көтеруі көңілімізден шықты. Жалпы комментаторлардың ішінде ой-өрістері кең, ішкі жан дүниелері бай жандар жетеді. Тек сол комментаторлар эфирде таза қазақ тілінде жүргізсе деген ұсынысымыз да бар», – дейді Абылай мырза.

«Qazaqstan» және «QazSport» арналарында көрсетілген матчтарды жібермей қадағалаған Алматы қаласындағы Абай атындағы РММИ-дің 10-сынып оқушысы Дамир Мүсәпірқұл комментаторлар көңілінен шыққанын айтты.

– Осы теңбіл доп додасында эфир тізгінін ұстаған Ермұхамед Мәулен мен Әлімжан Асқардың жүргізген ойындары өте қызықты болды. Яғни сөздері сылдыр су болған жоқ. Адам құлағына жағымды дауыстары және керемет эмоциялары көңіл күйімізді көтеріп отырды. Кейбір матчтар іш пыстырарлық болғанда, осы комментаторлар тапқырлығының арқасында әзіл сөз айтып, ойынды қызықты ете түсті. Мысалы, Португалия – Марокко кездесуі аяқталар тұста Әлімжан Асқардың: «Роналду көз жасын тыя алмай,  бұл әлемге сыя алмай,  әлем чемпионатынан сый алмай кетіп барады», – деген сөздері өте ұтымды болды. Ал  Ермұхамед Мәуленнің: «Иығымен пас беріп, шашымен гол соққан, шашасына шаң жұқпаған Роналду», «Бұлбұл құстың сайрағаны әдемі,  Бруноның пас бергені әдемі». «Перейру гол соқты, Роналду оған қол соқты», – деген тіркестері көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады», – дейді Дамир.

Түркістан облысы, Келес ауданы, Ұшқын ауылы, Тоқаш Бердияров атындағы жалпы орта мектеп директорының  оқу ісі жөніндегі орынбасары Жаппарәлі Әбішев коммента-торлардың деңгейі де, кәсібилігі де өскенін айтып, көңілі толатынын да жасырмады.

– Төртжылдықтың басты додасы саналатын теңбіл доп дүрмегін 90-жылдардан бері көріп келемін. Бұрын Амангелді Сейітханның өнеріне таңдай қағып, құлағымыздың құрышы қанатын. Қою қоңыр даусымен, эфирдегі эмоциясымен тыңдаушыны еріксіз өзіне тартатын.  Сөз құдіретін түсініп, тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып жүргізген комментаторды қазір қатты сағынамыз.

Қазіргі жас комментатор-лардың кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде деуге толық негіз бар. Бұрынғыдай, бірді айтып, бірге кететін, сөйлеген сөзі мен футболшылардың алаңдағы іс-қимылы өзара қабыспай жататындай жағдайға жеткізбейді. Футболды жүргізетін комментаторлардың барлығы футболдың қыр-сырын, ережелерін төрешілердей бес саусақтай, бүге-шігесіне дейін біледі.  Әр ойыншының алаңдағы орны, қимылы, атқарар жұмысы, ойнар рөлін дөп басып көрерменге жеткізуге тырысады. Мысалы, Уәлихан Қосанбай футболшылардың техникалық, тактикалық, функционалдық, физикалық, психологиялық дайындықтарын саралап айтып отырады. Осы әлем чемпионатында қызмет еткен комментаторларға шығармашылық табыс тілей отырып, алғыс айтқым келеді, – дейді Жаппарәлі мырза.

Қатардағы қызықтар

Қатардағы дүбірлі доп додасын тарихтағы ең үздік әлем чемпионатының қатарына қосуға болады. Әсіресе, финалдық ойынның жанкүйерлердің жадында ұзақ уақытқа қалатыны анық. 2022 жылғы доданың қызықты деректері мен дәйектеріне де тоқталып өтуді жөн көрдік. 
* Қатар футболдан әлем чемпионатын қабылдаған алғашқы мұсылман елі атанды. Бұл дода тарихтағы ең қымбат турнир болды. Оған Қатар 220 млрд доллар жұмсады.
* Қатардағы әлем біріншілігіне алғаш рет үш әйел төреші ретінде шақырылды. Солардың ішінде франциялық Стефани Праппар әлем чемпионаттарының матчында алаңда қазылық жасаған алғашқы әйел төреші атанды.
* Қатарда Криштиану Роналду қатарынан бесінші дүниежүзілік доп додасында мергендік танытқан жалғыз футболшы атанса, Лионель Месси Аргентина құрамасы сапында төрт әлем біріншілігінде гол соққан алғашқы футболшы (2006, 2014, 2018 және 2022 жылдары) болды.
* Қатардағы мундиальда 44 жылдан бері алғаш рет «Алтын доп» иегері қатыспады. «Алтын доп» иегері франциялық шабуылшы Кәрім Бензема биылғы әлем чемпионатының алдында жарақат алып, байрақты бәсекеден шет қалған еді. Соңғы рет әлем чемпионаты «Алтын доп» иесінсіз 1978 жылы өткен болатын.
* Қатардағы әлем чемпионатының финалында Килиан Мбаппе хет-трик жасаған екінші футболшы атанды. Джеффри Херст 1966 жылғы финалда ФРГ құрамасына қарсы ойында хет-триктің авторы атанып, сол жолы Англия әзірге жалғыз мәрте чемпион болған еді.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

199 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы