• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қаңтар, 2023

Мемлекетшіл адам. Ол кім?

«Мемлекетшілдік» деген ұғымды түсіну оңай әрі өте қиын. Өйткені ауқымы кең. Сондықтан оны қалай тәпсірлесеңіз, солай түсінуге немесе түсіндіруге болады. Осы тұста біз саясаттанушылар мен Қазнеттегі пікірлерді таразылай отырып, рационал пікір айтуға бел будық. Бір есептен, бұл ойларымыз да жеткіліксіз болуы ықтимал...

Сонымен, «мемлекетшілдік» турасында айтылған түрлі пікірлер мен тұжырымдарды топтастырғанда, олардың үш арнада тоғысарына көзіміз жетті. 

Бірінші. Мемлекеттік идеология мен биліктің саясатын қалтқысыз қолдай отырып, мемлекет мүддесі үшін жұмыс атқару.

Екінші. Саяси жүйе мен билікке көзқарасын ашық айтпай, не олар туралы мүлде ой қозғамай-ақ өзінің кәсібі мен жұмысын ақ-адал атқару. Бұл пікір бойынша «мемлекет мүддесі үшін» демесе де, адал қызметтің мемлекетке пайдасы тиерін айтып өткеніміз абзал.

Үшінші. Саяси белсенділік, мемлекеттегі әрбір өзгеріс әрбір азаматқа қатысты деп білу және биліктің дұрыс бастамасын қолдап, қателігін әшкерелеп, оны түзетуге тырысу. 

Бұл үш пікірге де ортақ жалпы критерийлер бар. Олар халқын және жерін сүю, оның болашағы үшін алаңдау және ұлттық құндылықтарды құрметтеу сияқты ойлардың айналасында тоғысады. Саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар үшінші пікір төңірегінде ортақ ойға ұйиды. Дегенмен ол үшінші пікірде алғашқы екеуінің де элементтері бар. Сондықтан алғашқы екі ұстаным бір жақты да, үшінші принцип толыққанды деп айта аламыз. 

Осы тұрғыда үшінші ұстанымдағы «мемлекетшіл» азаматтарды тәрбиелеудің өзіндік критерийлері бар. «Түркістан» газетіне берген сұқбатында саясаттанушы Әзімбай Ғали: «Мемлекет пен азамат арасында екі түрлі міндет пен борыш болады. Ол – әлеуметтік, саяси, экономикалық, жеке бастық міндеттер. Яғни мемлекет қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге азаматтың да мемлекет алдындағы өз борышы бар. Ол – мемлекетті қорғау, заңдарды бұзбау. Мемлекет рухани құндылықтардың сақтаушысы да болуға тиіс». Осы негізде мемлекетшілдіктің алғашқы критериі шығады.

Бірінші
Мемлекет пен азамат – екі тарап бір-бірінің алдында ашық және міндеттерін адал атқаруға тиіс.

Екінші 
Азаматтардың конституция бекіткен құқықтары қорғалуға тиіс. Сөз бостандығынан бастап азаматтардың білім алуы мен қызметіне дейінгі аралықта. Осы тұста екі ұшты пікір шығады. Ол туралы кейінірек.

Үшінші 
Мемлекет халқының денін құраушы, этникалық ұлттың мәдениеті мен құндылықтары бірінші орынға қойылып, өзге этностар өз мәдениетін сақтауға құқылы болуы шарт. Біздің жағдайда қазақ халқының мәдениеті мен құндылықтары өзге ұлттарды ұйыстырушы шаңырақ болуы керек.

Төртінші 
Бұл критерийді үшін-шінің жалғасы деуге болады. Ұлттық мүдденің қорғалуы. Өйткені ұлттық мүддесі қорғалмаған, «ұлттық борышы өтелмеген ұлт ешқашан мемлекетшіл-діктің деңгейіне көтеріле алмайды! Ұлтшылдық рухы жаншылған ұлтта мемлекетшілдік идеясы идеология-ның түп қазығы бола алмайды». Бұл отарлық езгіде болып, санасы әлі отарсызданып үлгермеген халықтар үшін өте маңызды.

Екінші критерий бойынша шетелде білім алуға байланысты мынадай мәселе бар. Дамыған елдерде оқыған жастар елге оралғысы келмейді. Оралған күннің өзінде уақытша, оқуға кетер кездегі талаптарды орындау үшін ғана келеді. Немесе кепілдікке қойылған мүлкі үшін... Бұған қарсы жауап айтушылар шетелде білім алғанның пайдасын алға тартады. Сонымен бірге өзге елде оқыған азаматтың елді дамытуға қосар үлесінің зор боларын да сөз етеді. Осы мәселеге байланысты АҚШ-тың Мичиган штаты университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген журналист Жолдас Өрісбаймен әңгімелестік.

– Жақсы маман болу үшін шетелде оқу маңызды ма?

– «Иә» әрі «жоқ». Меніңше, қазір жақсы маман болу үшін интернет мүмкіндігі жеткілікті. Ал шетелде оқу өзге ұлттардың көзқарасын танып, нетуоркинг жасау үшін маңызды. Ертеректе қаладағы медреседе сауат ашуға бай баласының ғана мүмкіндігі болды. Ал қазір ауылдағы кез келген қазақ баласы да ғылым биігіне шыға алады. Интернет бүгінгі бай мен кедей баласының жетістікке жету мүмкіндігін теңестіріп отыр. Мәселе – аса ауқымды ақпарат қорын тиімді пайдалануда. Ақпарат көлемі артқан сайын оны барынша тиімді игеру қиындаған. Топтың көбі әлеуметтік желі жетегінде кетіп жатса, аз бөлігі өз саласы бойынша біліктілігін түрлі онлайн курс әрі зерттеулермен шыңдауға фокус жасап отыр. Интернетті фокуссыз қолданатындар азайса, жақсы мамандар көбейері анық.

Ал шетелде оқуға келсек, ол ел тануға, түрлі ұлт өкілдерімен істес болып, жаңаша әдістермен ілім алуға орасан зор мүмкіндік береді. Мұның жақсы маман болып жетілуге әсері мол. Бірақ шетелдегі білім алу мүмкіндігі жақсы маман атануға кепіл бола алмайды.

Осы тұрғыда Instagram желісінде сауалнама жүргіздік. Жалпы сауалнамаға 3000-нан астам оқырман қатысты. Жас мөлшерлері 17-38 жас арасында. «Шетелде оқығыңыз келе ме?» деген сауалымызға «оқығым келеді» деп 85% оқырман жауап берген екен. Яғни біздің жастардың шетелде оқып, білім алуға деген құлшынысы өте жоғары. «Шетелде оқу – жақсы маман болудың кепілі бола алмайды» деген түсінік біздің санаға әлі толық сіңген жоқ.

– Жалпы шетелге шығу, біршама уақыт ол жақта өмір сүру немесе саяхат жасау қаншалықты маңызды? Не пайдасы бар?

– Адам бала кезінен өз ортасын танып, сондағы қимыл-әрекетті қайталап, тілін, дәстүрін және мәдениетін сіңіріп өседі. Ал сол ортаға ұқсамайтын жаңа коммьюнитиге тап бола қалса, оның санасындағы бірсарынды нейрон сигналдары жаңарады. Жаңа нейрондарға бұрын-соңды болмаған синапс бағыттары ашылады. Дендриттер өзгеше деректерді жинай бастайды. Бұл мидың жаңаша ойлауына ықпал етіп, креативтілігін дамыта түседі. Атам қазақ бостан-бос «көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» демеген. 

Нейроғалымдар арасында жаңа сезімдерге жетелейтін кез келген тәжірибенің ми үшін тиімді екені, оның функционалдылығын арттыратыны жайлы консенсус бар. Ал еш жаңа дүниені үйренбей, бірсарынды өмір салты депрессияға алып келетінін кез келген психолог мамандар растайды. Сол себепті де жылына кем дегенде бір рет өзге бір жаңа жерге демалысқа ұшу, уақытша қоныс аудару әрбірімізге керек-ақ.

Елімізде шетелге кетіп жұмыс істеп, табыс тауып жүрген азаматтар жетерлік. Әсіресе Оңтүстік Корея мен АҚШ-та. Жастар арасында да бұл тенденция жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр.

– Шетелге оқуға барып, жолын тауып қайтпай қалатынының себебі не? Оларды кінәлай аламыз ба? Жалпы кім кінәлі?

– Әр адам қайда өмір сүргісі келсе өз еркі. Оны бір жерге бекітіп, моральді міндеті екенін жеткізуге тырысу нағыз феодал-коммунистік (құлдық әрі коллективті ұғымда) көзқарас деп ойлаймын. Сіз «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқып, кейін қалуды ұйғарғандар жайлы айтқыңыз келген болар. Келісім бойынша, оларда да елге қайтпай, оқыған жерінде қалу құқығы бар. Тек оқуына мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны 10 пайыз үстемақысымен қайтаруы тиіс. Меніңше, бұл әділ шешім. Мұндай жағдайда ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Шетелде қалуды ұйғарған қазақ азаматы тәжірибесін ұлғайтып, кейін елге пайдасын тигізері анық.

Шетелде оқуға, жұмыс істеуге жастардың басым бөлігі бейіл. Ал елден мүлде кетіп қалу турасына келгенде де 24% жастар елді тастап кеткісі келетінін байқаймыз. Бұл ненің белгісі?

Оқуға кету мен біршама уақыт өзге елде жұмыс істеуді құптағанымызбен, елден мүлде кету турасында ауырлау статистикаға тап болып отырмыз. Мұндай қадамға маңызды себептерсіз екінің бірі көндіге бермейді. Осы статистикаларды көре отырып, Жолдас Өрісбайға төмендегідей сауал қойдық.

– Сіздің түсінігіңіздегі мемлекетшілдік деген сөз не мағына береді? 

– Мемлекетшіл деп ел тұтастығы үшін күресетін азаматты айтса керек. Бірақ оның ұғымы өте кең диапазонда қолданылады. Сондықтан бұрмалауға өте қолайлы ұғым. Мысалы, соңғы кездері ұлттық мүдде үшін бірігу идеясы мемлекетшілдікке жатқызылып жүр. Әсіресе, бүгінгі атқарушы билік геосаяси турбулентті кезеңде іштегі тартысты доғарып, көк ту астына бірігуге шақыруға көшті. Оған проүкіметтік белсенділер мен журналистер де үлес қосып жатқаны рас. Нақтырақ, негізгі нарратив қазіргі «қиын» кезеңде билікке сын айтпай, қолдауға шақырады. Асылы, ашық әрі әділ сайлау, билік тармақтарының арасындағы тежеу мен тепе-теңдік жүйесі енбей, билік халық үшін қызмет етпейді. Елін ойлайтын азаматтар қатарына осы саяси демократиялық процестерді енгізумен айналысатындарды жатқызар едім. Демек, нағыз мемлекетшіл деп атқарушы биліктің теріс жүрісін сынайтын, саяси позициясын асыра пайдаланатындарды әшкере ететін, әділдікті талап ететін, адам құқықтарының тапталмауын қадағалайтын саяси белсенділер мен журналистерді айтуымыз керек. Себебі, дәл солар елдің ілгерілеуіне негіз болады. 

Билік тармақтарына мониторинг жасау, оларды сынау арқылы біз олардың қызмет тиімділігін арттыра аламыз. Яғни сын айту билікті жаманатты ету емес, оның жұмыс тиімділігін арттыру болып саналады. Билікті өз ісіне жауапты ету арқылы непотистердің көмегімен келген біліксіз жалданбалы менеджерлерді үкіметтен шеттете аламыз. Міне, сол белсенділік мемлекетшілдік болары анық. Ал Алашордашылар секілді миссияны арқалағандай, сынсыз қолдауға үгіттеу нонсенс. Меніңше, Алашорда үкіметінің өкілдерін тым идеалдандырып жібергеніміздің кесірінен бүгінгі автократияның осы мемлекетшілдік идеясын бұрмалаған әдісіне тап келіп отырмыз.

Жоғарыдағы «шетелге мүлде кету» туралы статистика қабырғамызға батқанымен, оның уақытша екеніне тағы бір сауалнама жауабынан көзіміз жетеді. «Туған жер ме, әлде тойған жер ме?»

Тұтас қазақ тарихының дені соғыстан тұрады десек, соның 99 пайызы жерді қорғау үшін. Қазақ әдебиетіндегі қай-қай кітапты ашып қалсаңыз, ел мен жердің, тіл мен ділдің проблемасын көзіңіз шалады. Яки тұтас қазақ мәдениеті қазақы құндылықтарды қорғау мен сақтаудан тұратын секілді.

Мемлекетшіл азамат дегеніміз:

Барлық ойларды қорытындылай келгенде, «мемлекетшілдік» туралы мынадай қорытынды жасап, «мемлекетшіл» азаматтың бойындағы қасиеттерді санамалай аламыз. Міне, осы үлкен қасиеттер мен көзге еленбес кішкентай қасиеттерге дейін бойына жиған адамды нағыз мемлекетшіл азамат деп атай аламыз.

ел болашағына алаңдайтын;

мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды құрмет тұтатын;

жеріне, еліне және сол елден шығатын қазба байлықтар мен табиғи ресурстарға жаны ашитын;

билік саясатын рационал саралай отырып, дұрысын қолдап, қатесін көріп, оны түзетуге тырысатын;

қызметі мен кәсібін адал атқаратын;

күнделікті тұрмыста отандық өнімдерге басымдық беріп, мүмкіндігінше сол өнімдерді қолданатын;

білімі мен еңбегін (қай елден алғаны маңызды емес) өз мемлекетінің игілігіне жұмсауға тырысатын азамат.

Жауаптан байқағанымыздай, жастардың басым бөлігі «туған жердің» маңызды екенін мойындайды. Яғни мүлде кеткісі келетіндердің өзі түптің-түбі елге, туған жеріне оралғысы келеді. Өйткені қазақ табиғатынан романтикаға жақын халық емес пе? Ал романтик халықтардың табиғатындағы ең ұлы романтика – Отанға оралу. Оның үстіне қазақ халқы соңғы 300 жылда өз жерінде өзін жат сезінгенін ескерсек, билігі мен жері өз қолына нағыз тиген шақта Отанынан мүлде кете алмас. Біз тұрмысымызбен емес, тұтас рухымызбен осы жерге, осы халыққа байланғандаймыз.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы